Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 03 Қазан 2024

Нәлібаев көрмей жүрген өткелдер – 3

1

Қызылордада мүгедектігі бар азаматтарға арналған инфрақұрылым мәселелері әлі күнге дұрыс шешілмеген.

 Мәселен, жеке секторлардағы пандустардың көбісі стандартқа сай емес, ал көше үстінен өтетін жүргіншілерге арналған көпірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған жеделсатылардың жұмыс істемейтіні тағы бар. Аты бар да, заты жоқ жеделсатылар (подъёмник для инвалидов) мүгедек жандардың қитығына тиіп болған.

Қызылорда қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған көтеру сатысы бар көпірлер саны – үшеу. Соның бірі, былтыр «Әр тиыны сұраулы» Нәлібаев көрмей жүрген өткелдер» деген тақырыппен жазылған көпір. Оның жеделсатысы әлі қолданысқа берілмеген. Оның пайдалануға қашан берілетіні белгісіз. Өткен жылы бюджеттен 268,1 миллион теңгеге жасалған көпірдің жеделсатысы техникалық заттар таситын лифт секілді, іші тар әрі бір жағы бағана қабырғасымен бойлай көтеріледі.

Осындай олқылығы көп жеделсатыны мүмкіндігі шектеулі азаматтың бірі Сәкен Алдашбаев ешқандай талапқа сай емес дейді.

«Осы жеделсатылардың кілті тек арбаға таңылған адамдарға ғана беріледі. Яғни бірінші топтағы мүгедектерге. Ал екінші, үшінші топтағы мүгедектерге бұл қолжетімсіз. Сондай-ақ басқа қалалардан, аудандардан келетін ерекше жандарға да қызмет көрсете алмайды», – дейді.

Мұндай нысанды кім және қалай қабылдап алғанына наразы Сәкен жеделсатыларды адам өміріне қауіпті деп есептейді.

«Бұл жеделсатылар мүгедектердің өміріне өте қауіпті. Ішін көрсеңіз, лифт көтерілген уақытта қабырғалары қолды жарақаттауы мүмкін. Іші тар болғанда да, тек арбадағы жаннан басқа ешкім сыймайды. Ал мүмкіндігі шектеулі жанның жанында көмекшісі болуы керек. Ол ескерілмеген. Көпірді қалай қабылдап алғанын білмедім. Лифтіні қауіпсіз ету керек. Содан кейін басқа мүгедектер мен қарт кісілерге қолжетімді етуді қарастыру қажет. Десе де, ең маңыздысы – бұған дейінгі қателіктер үшін кім жауап береді? Мүгедектерге қолайсыз болған, олар пайдалануға жарамаған жеделсаты қайта жөнделе ме? Мұны қабылдап алған адамдарға ескерту беру немесе қызметіне сәйкес еместігі жайлы жауапкершілігін қарау керек. Жеделсатыға кеткен қаржыны кім өтейді? Меніңше, нысанды тексермеу, қателік жіберген адамдарға осыны түзеттірмеу – сыбайлас жемқорлықтың бір сипаты».

Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы да бұл лифтілердің өз міндетін толық орындап тұрмағанын айтады.

«Негізі жеделсаты тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, егде кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге, бесік арбамен, велосипедпен баласын серуендетуге шыққан аналар мен жарақат алып, жүріп-тұруы қиындаған азаматтарға да керек», – деді.

Мақала дайындау барысында осы көпірлерді балансына алған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, жөні түзу мәлімет ала алмадық. Алдағы уақытта осы жазылған ұсыныс-ескертпелерге өз уәждерін қосар деп ойлаймыз.

Жергілікті билік тапсырушы мекеменің жауапкершілігін қарау керек. Нысанның толыққанды жұмыс істемей жатқанына жыл толғанымен, жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар неге қабылданбаған? Осы мәселе бойынша қандай тексерулер жүргізілді? Жобаны іске асыру барысында мүгедектігі бар жандардың қандай ережелері мен стандарттары сақталмады, жауапты тұлғалар нысанды қабылдау кезінде қандай қателіктер жіберді? Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу немесе жоба барысында кеткен олқылықтарды жоюға көмектесер еді.

Осы мәселеге орай «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңнамасына сәйкес, мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, келесі нысандарды стандарттарға бейімдеп салар, бәлкім.

Өйткені бұл мәселеде мүмкіндігі шектеулі жандардың инфрақұрылымдық нысандарды пайдалану құқығы және олардың толыққанды өмір сүру үшін қоғамның қолжетімділігін қамтамасыз етуді, қажеттіліктерін ескермеген билік оларды кемсітіп отырған жоқ па деген ой келеді.

Басқа қалаларда, елдерде мұндай инфрақұрылымдық нысандар қалай жасалып жатыр, озық тәжірибелерінен үлгі алса, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсатыларды тиімді және қауіпсіз пайдалану үшін қандай да инновациялық шешімдерін табу ерекше жандарға арнаған үлкен қолдау болары сөзсіз. Және жеделсатылардың қауіпсіздігін ретке келтіріп, неге жаппай қолданысқа бермеске? Өйткені мүгедектігі бар жандардан бөлек, сөмкесі ауыр, белі майысқан бастауыш мектеп балалары 5-10 метрлік биік көпірге мықшыңдап көтерілудің өзіне көп күш жұмсайды. Осы және өзге де ұсыныстардан жергілікті билік тиімді шешім шығарады деп ойлаймыз.

P.S. Жеделсатының дұрыс жұмыс істемейтініне күйіп кеткен біреу болса керек, есік тұтқасына жергілікті билікке ескерту жазып кетіпті. «Лифт неге қосылмайды! Қосыңдар, қалай өтеміз мүгедектер?». Бұл облыстағы 33 мың мүгедектігі бар жанның бірінің ғана айғайы емес, қоғамның дауысы деп қабылдаған жөн шығар. Қалалық әкімдік енді еститін шығар деп үміттенеміз.

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда қаласы

Тегтер: