Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 01 Маусым 2022

Нар тұлғалы Наурызбаев

None
None

Ұлт тарихын ұлықтау – ұрпаққа аманат. Ал Түркістандық тұлғалардың талайлы тағдырын танып білу – тасада қалған түйткілді тақырыптардың бірі.

Олай болса, Алаш оқығандарының рухани мұрасын зерттеп-зерделеуде Түркістан өңірінде туып-өскен, «қарағай тамырлы қазақ» үшін қыруар іс атқарған айтулы азаматтарды да елеусіз қалдырмауымыз керек. Біз өнегелі өмір белестеріне жіті үңіліп отырған Мырза Наурызбайұлы большевиктік биліктің сойылын соқса да, ұлт қамын ұмыт қалдырмаған ұлық тұлға. Қазаққа қадірлі адам.

Жалпы Алаш зиялыларын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында біріктіріп, батыл қадамға жетелеген тарихи оқиғаның бірі 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі болды  десек, артық айтқандық болмас. Осы келелі кеңеске  қатысқандар  арасында Орта Азия мен Қазақстанды межелеу ісі бойынша Бұхара кеңестік халық республикасы атынан қатысқан Мырза Наурызбайұлы 1900 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, №13 ауылында дүние есігін ашқан екен. Жалпы ұлтына мырзалық танытқан намысты Наурызбайұлының  қайраткерлік қызметі  Түркістан Республикасынан бөлек Бұхарамен де байланысты болғаны баршаға мәлім. Яғни  1921-1922 жылдары Бұхарада іс жүргізуші, 1922-1924 жылдары Орталық Қазақ бөлімінің меңгерушісі және Бұхара Орталық атқару комитеті Төралқасының мүшесі, 1924-1925 жылдары Жұмысшы жер-орман ұйымдастыру бюросының төрағасы, т.б. түрлі қызметтердің тізгінін ұстаған Наурызбайдың Мырзасын шалт кетіп, шалдуарлық танытпай, ақ сөйлеп, ардан аттамаса да, адалдығына шек келтірген кейбір ауылдасы артынан домалақ арызды қарша боратып, күстәналауын қоймапты. Бір туғандарының бұл қылығына назалы болған қаламгер де біздіңше амалының жоқтығынан Қырғызстан асып, әліптің артын баққан сыңайлы. Алайда «Аққа Құдай жақ» дегендей, Самарқан түзем гимназиясында тәлім алып, бармақтай бала кезінің өзінде-ақ мектеп-медреседе мұсылманша тіл сындырып, ескіше хат таныған, 1920-шы жылдары еселі еңбегі мен ел таңдауының арқасында Бұхара Республикасының үкімет төрағасының орынбасары лауазымына дейін қызмет баспалдағымен көтерілген Мырза Наурызбайұлының ғұмыр-дариясындағы кейбір даулы мәселелерге де нүкте қойып, ақиқатын айтатын сәт келген сияқты.

   Шындығында  Алаш зиялыларымен етене араласып, Бұқарада қазақ  облысының ашылуына түрткі болған, Қазақстан мен Түркістаннан білім саласын биікке көтеруді көздеп, ұлттық кадрларды көптеп тартқан, жергілікті билікті де ұлттық мүддеге жұмыс істеуге жұмылдырған, «қасақана өзбек болып жазылып кеткендерді қазақ қылу» мәселесін биік мінберден қайта-қайта көтерген  Мырза төре тегін адам емес.

     Тіпті өз қолымен толтырылған өмірбаянында ол: «1929-1932 жылы Орталық Азия мақта-ирригация институтында оқып, 4-курста туберкулез болып шығып қалдым. 1932-1935 жылдары Түркістанда агроном, жер бөлімі, 1935 жылы Жер халкомының шешімімен Қырғызстанның Жалалабадына агроном-жоспарлаушысы басшысы қызметін атқардым. 1943-1949 жылдары Қырғыз КСР Мемлекеттік бақылау саласында жауапты қызметтер істедім. 1949-1953 жылдары КСРО Мемлекеттік бақылау органы Қырғызстан тобында «ІІ дәрежелі мемлекеттік бақылаушы» болдым...»,- деп жазыпты. Байыппен үңілсек, 1929-1930 жылдары Мойынқұм және Түлкібас аудандық атқару комитетін басқарып жүрген тұста негізсіз шағымнан партиядан шығарылып, қызметтен босаған, Бұхарада 1,5 жыл абақтыға жабылып, қазақ пен қырғыз жайылымдарын үйлестіретін Жайлау комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде де жалалы болып, «таптық тұрғыдан мәселені шеше алмаған» Алаш арысының өмір сүрлеуі де сын-сынаққа, өрлеу мен құлдырауға толы болды. Қысқаша ғана қайырсақ, Алаштың азаттығын көксеген арыстар бірінен соң бірі тегіс тұтқындала бастағанда 1929 жылы Өзбекстанға өтіп кетіп, саяси репрессия белең алған тұста 1937 жылы Қырғызстанға кетіп бой тасалай тұруға мәжбүр болған Мырзаның күштеп құлатылған Бұхара халық республикасын көтеруге де қосқан үлесі аз емес. Ал араға жылдар салып, 1953 жылы Оңтүстік Қазақстанға оралып, екі жылдай Киров ауданының Фрунзе кеңшарының директоры болған, Ленин аудандық тұтыну кооперациясының басшысы қызметінде жүріп, 1963 жылы зейнеткерлікке шыққан М.Наурызбайұлы  1978 жылы өмірден озды.

    Жалпы Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған М.Наурызбайұлының  жеке текті құжаттарын саралай келе  санаға түйгеніміз, Наурызбайұлына «налалы» жұрттың арыз-шағымының өзі бір атанға жүк боларлықтай екен.

     Алайда, сол арыздың бәрін ақиқат деп қабылдау да қисынға келмес. Өйткені біз білетін біртуардың бұлайша бұра тартып, бұқараны жылатуы мүмкін емес сияқты. Сол себепті де оның бәріне түгелдеп тоқталмастан, тек біреуінің ғана толық мәтінін келтіре кетуді құп көріп отырмыз.

         Яғни, «Қазақстан өлкелік партия комитетінің контрольный комиссиясына»  ұсынылған,  «коммунист партиясын алдап, қылығы мен былығын бүркеп келген» Наурызбайдың Мырзатөресі туралы бір мақала-арыздың мазмұны мынадай екен:

         «… Наурызбайұлы Мырза — Қызылқұм ауданына қарасты 13-ауылдың қарашаңырағы мол, Үсен деген әруақты атаның тобынан шыққан қатардағы қадірлі азаматтың бірі. Әкесі Наурызбай белгілі бай болған адам. Қызылқұмда «Тобықты Наурызбай» десең білмейтін кісі жоқ. Кешегі Николай заманында осы Үсен атамның тобынан озған Қызылқұмда ешкім болмаған. Үйткені, бай да, батыр да, би де, болыс та, осы атаның тобынан шығып, бұлардың бетіне қарағандардың алды өліп, артының малдары таланып кеткен. Бұл дәурендердің басынан өткендігін Мырзатөренің өзі де жақсы біледі.

                   Мырзатөреңіз әкесі Наурызбайдың дүрілдеп тұрған кезінде «приставтың» тілмәш Қалдыбек деген құдасының нұсқауымен Самарқан қаласындағы 1-басқыш орыс школына оқуға барған, сол мектептен шұнтақ білімді, шолқа етекті тілмаш боп шыққан. Сүйтіп жүргенде ел шаруасы «жылан жылғы жұтқа» кездесіп, көппен қатар Мырзаның әкесі Наурызбай байдың да малы жұтап қалады. Мырза төре жұттың лаңымен кедей боп жүргенде 1917 жылы Кеңес үкіметі орнап, саясат екінші түрге түседі. Сонда да болса 1922 жылға дейін жөнді қызметке жегіле алмай келіп, құдайдың құдіретімен 1922 жылы бірденнен бақ қонып, қыдыр құрдас бола бастайды.

         Бақ қонғанда, Жызақ үйездік ақша бөлімі атынан шаруа салығы туралы «Көктөбе», «Пістелітау» болысының мал есебін алуға полнамошын болады. Әрине, ол кездегі полнамошындардың көбінің ойлағаны қалта қамы болатын. Бұл азамат та солардың жолын қуып, қабағынан қар жауып, ел аралайды. Шаруалардың 10 қойын 100 қойға, жүзін мың қойға өсіріп жазам деп құқайлап бара жатқан соң, елдің орташалары мен кедейлері тегіс жиналып, пәледен қайтсе құтылатындық шарасын қарану мен тілін білетін біреуді сөйлестіріп қараса, Төре: «Ел менің жайымды біліп, яғни, «пара» берсе, менің де елдің жайын біліп, жайлы болуым оңай»,- деп, пара алса қоятындығын айтады. Талып тұрған жұрт мұнысын есту барысында жиналып, кеңесіп жіберіп, жұрт болып ортасынан бір көкпаршыл торықасқа ат пен ауырлығы алты пұт келетін дәу бір кілем және бес жүз сом ақша Мырза төренің парасына беріледі. Бұларды Мырза төре қақшып алып, уәдесі бойынша жұртқа жайлы болып, әлгі атты мініп, кілемді артып жүргенін көзімізбен көрдік. Кілем осы күнде үйінде тұр. Атты 1923-1924 жылдары Қараспан ауданына қарасты Әбдікөр деген қарасирақ 40 қозылы қойға, яғни, 80 қойға сатқанын да анық білеміз. Содан әкелген малды Қызылқұм елінің 11, 12, 13, 14-ауылдары біледі. Немесе атты алған Әбдікөрдің өзінен сұралса да анықталады.

         1923 жылы Мырзатөре Серғазыұлының беделінен пайдаланып, Бұқара республикасындағы қазақ ұлты атынан өкіл ретінде іске жегіледі. Бұл орында болса туралықпен үкімет ісін атқарудың орнына және білімнен шет жатқан еңбекші қазақ ауылдарының балаларын оқуға тартып, оларды мәдениеттестірудің орнына бір түрлі айуандық қылықтармен қара басының қамын ойлап, қорасын толтырып мал, қалтасын толтырып ақша жинау қамына кірісіп, Баймантапты Тасқұдық, Аютерек деген жердегі елдерге шаруа салығы туралы уәкіл болып шығып, қойға шапқан қасқырдай 20 жігіт милиция мен өзі елді тас-талқан қып еріксіз түрде халықты талауға кірісіп, өзінше айрықша зекет жинап, ел кедейлерін қойша қамап, малдарын, пұлдарын тартып алып, қалтасына қамба ғып жия берген. Екінші жағынан жиған малдарын еліндегі ағаларын шақырып, ағалары арқылы елге асырып, қорасына құя берген.

         Мырза төренің Бұқарада жүріп ағалары арқылы үйіне асырған малдары 1924 жылы көктем кезінде Төлеген деген ағасын шақырып алып, ол арқылы екі түйе жүгі мата мен ауырлығы төрт пұттан келетін 4 кілем және ұзындығы адам бойы келетін төрт мыс көзені қосып үйіне жібереді.

         Үшінші ретте Мырзаның өзі Бұқара үкіметінен қашып, Қарақалпақ облысына өтерінде, 1924 жылы күзде Тілеш деген ағасын қасына ертіп, сол жақтан екі жүздей қой алып берген. Оны да Тілеш айдап әкеліп, Мырзаның еншілес ағасы Керімнің қорасына қосты. Қысқасын айтқанда, жыланнан жұтап шыққан Наурызбай әулеті орақ орып жұмыс қылмастан, салдарлы үш ауыл болып отыр. Әрине, осынша малды қайдан тапты деп отырсыздар, бұл малдардың барлығы да параға келген мал екенінде тіпті де күмән жоқ. Егер осы малдардың барлығын параның малы екендігін Қызылқұм елі тегіс біледі десем де өтірікші болмаймын.

    Ендігі сөзді Мырзаның жоғарыда айтылған қылықтарының аяғы не болғандығын айтқанда былай: Қарақалпақ облысында қашып жүрген жерінен баяғы тергеуші 20 милиционермен барып ұстайды. Ісін анықтағаннан соң Мырза төрені қылмысты тауып, сол арада тұтқын үйіне жібереді. Тұтқынында бір жарым ай отырған соң барып Серғазыұлының жәрдемімен кепілге шығады. Осы туралы болынған істер ерікті Канмық ауданының халық тергеушісінің қолында бар екенін де көргеніміз бар. Сол іспен бірге тігілген Мырза төренің сүгіреті де бар екен. Егер бұл істердің керегі болған күнде Өзбекстанның жоғарғы сот орындары мен тергеу орындарынан сұралса табылуға мүмкін. Сүйтіп жүргенде 1924 жылдың күзіне қарай ұлт республикалары құрылып, Өзбекстан, Қазақстан болып айырым республикаларға бөлініп кеткен соң Мырза төре баяғы қашқан бойынша қашып, қылмысын жасырған күйінде арбасы сынбай, өгізі өлмей, осы күнге дейін аман-сау келе жатыр.

                   Жоғарыдағы ұнамсыздық түрлерді сөйлеп, қорыта келгенде, бұл Наурызбайұлы азамат коммунист партиясының шын мүшесі болса, яки, болмақшы болса, жоғарыда көрсетілген сорақылық мінездері мен қылмыстарын мойнына алып, партия жолынан қателесіп кеткендік жағдайларын қалдырмай айтып, өткен қателеріне кешірім сұрап, партия алдында бұдан былай тура жүріп, тура тұруға коммунистік жүрегімен шын уәдесін берген шығар, яки беретін шығар. Егер әлде де осы қылмыстары мен сорақылық мінездерін жасырып, өзін партия орындарына аппақ көрсетіп жүрген болса, мұндай коммунисті партия қатарынан аластау керек.

     Мұндайлар коммунист мүшесі емес, тілін шығарып, тісін жасырғыш ішмерезіңнің өзі. Бұл секілді оңбағандардың жұмысшы, қара шаруа пролетариат кедейлеріне зиянынан басқа келтірер пайдасы жоқ.

      Осы жоғарыда көрсетілген қылықтарын Наурызбайұлы мойнына алмай танатын болса, ол кезде ашық түрде кірісіп, еңбекшілер әлеуметі алдында мойнына қойып беруге таярлығымызды білдіреміз.

         Ел еңбекшілері атынан: «Батырақ». 27.08.1929 ж.».

         Сөз жоқ, біздіңше, «Батырақ» атын жамылып, ұлт жоқшысына тасадан тас атып қалуды көксегендер кезінде өз мақсаттарына да біршама жеткен сияқты. Дегенмен ұшы-қиыры жоқ бұл жаладан нар тұлғалы Наурызбайұлын арашалап алу да азат елдің тарихын зерделеп жүргендердің басты парызына айналса, шындықтың шырағданы қайта жанатыны да күмән тудырмайды. Өйткені мұрағаттағы Мырза туралы біржақты қаралау құжаттарын ақтарып, абдырап қалған бүгінгі жас талап зерттеушіге бұқара қамын бәрінен жоғары қойған қайраткердің шынайы болмысын таныту, қайраткердің бар қырын ашып көрсету маңызды. Бұл тарапта арда туған арысымыздың «Ақ жол» беттерінде хатталып қалған мәні жоғалмаған мақалаларын қайта бір ақтарып шығу да артықтық етпейді.

         Жалпы Наурызбайұлының қаламынан туған дүниелер өзектілігімен ерекшеленеді. Әсіресе, оқу-ағарту турасындағы толғамдары тұщымды-ақ. Айталық, Бұхара орталық атқару комитеті жанындағы қазақ бөлімін  басқарып жүргенде баспасөз бетін көрген «Бұхара топырағындағы қазақ жайынан»  мақаласында ол білім саласындағы былықтарды бүркемелемей, былайша жайып салады:

         «Бұхара республикасындағы жалпы қазақтың саны 375 мың делініп жүр. Бұлардың қазақ екенін біліп, қазақ әдеттерін қолданып, қазақтығын жоймағандары қалалардан тысқары көшіп-қонып, мал шаруасымен байланысы барлары десек болады. Қалғандары қазақтығын жоғалтқан. «Шын қазақпын» деп жүргендердің саны 190 мыңнан артпайды. Бұлар кешегі Бұхара әмірі заманында қазақтығын жасырып, өзбек я тәжікбіз деп, сәлде орап, ұзын шапан киіп, әдет-ғұрпын жоғалта бастаған. Кейінірек келе қатын-қыздарының бетін «пәренжімен» жауып, қазақтықтан мүлде айырылғанын көріп отырмыз». Яғни, Кермене уаллаятындағы 18 мың түтін найманның өзбекке айналып, ұлттық келбетінен қол үзгіп бара жатқанын ашына жазып, ол аз десеңіз осы аймақтағы 2 мың үйлі қыпшақ, қоңырат, жалайырлардың да қазақтықтан жеріне бастағанына жаны күйген қаламгердің қарақан басының ғана қамын ойлап, жоғарыдағы арызда көрсетілгендей, қу құлқыны үшін қазақ қамын, ұлт мұратын параға айырбастауы ақиқат болуы әсте мүмкін емес. Себебі қиыр шеттегі ат төбеліндей аз қазақтың ұлттық болмысын  жоғалтқанына нала болған қайраткердің арамға қолын былғап, ауылдағы мәселені ауызбастырықпен  шешіп, жоғарыдағы арызда айтылғандай ел ішіне ылаң салуы да мүмкін еместей көрінеді. Себебі қашанда елдің көзі мен құлағына айналған  «Ақ жол» секілді айбарлы басылым ондай ауызбастырыққа арын сатқан адамды асыра дәріптеп, әр мақаласын сүйіншілеп жариялап отырмас еді ғой. Одан бөлек Наурызбайұлы көтерген мәселелер де байыппен үңілсеңіз, сол кезеңде күйіп тұрған тақырыптардың бірі болатын. Олай дейтініміз, 20 мың қазақтың ішінен қазақпыз деп отырған 1 мың 200 үй үшін жоғарыға дембіл-дембіл хат жолдап, Бұхарадағы қазақ бөлімінің басқармасынан қазаққа қалтқысыз қызмет ететін кісі жіберуді сұранған Наурызбайұлы сол өңірде өзбектендіру саясатының тым ерте басталғандығын тап басып танып, ұлтаралық қатынастың ушығуының алдын алу үшін жан аямай жұмыс жүргізгендігін айғақтай түседі. Жұрт қамы деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Түркістанның текті тұлғасы келесі бір «Бұхарадағы қазақтардың  ахуалы» атты сүбелі еңбегінде:«Бұхарада 375 000 қазақ бар. Бұларды ескеріп білген ешкім жоқ. Ахуалдарымен танысып, жәрдем қолын созайын деген ешкім көрінбейді.

         Өзгерістің өзі де, иісі де барған жоқ. Бұған себеп болған нәрсе, олардың арасында қазақ қызметкерлерінің жоқтығы.

         Бәрі де Бұхара қазақтарын білмейді, ескермейді. Егер жігерлі қызметкерлер болып, халықты үгіт-насихатқа байытып, өзгеріс туралы, өнер-білім туралы рух туғызса, Бұхара қазақтары бұл күйде болмас еді. Түсінген болар еді. Кім екенін таныған болар еді.

         Хүкімет жағынан да істеп жатқан іс шамалы. Халық қараңғы, езілген. Хүкіметтің керегін білмейді. Хүкімет ескермейді, қызметкерлер жібермейді. Ешкім «Мен істейін» деп өзі келмейді. Бұхарада қазақ қызметкерлері жоқ деуге боларлық. Кіндіктен келмесе, болмайды»,-деп қазағы жоқ мекеменің қазаққа қорған болып жарытпайтындығын жаңа үкіметтің жадына салады. Осылайша «Ақ жолда» жергілікті жұрттың «жанайқайын» ұдайы жеткізіп отырған Мырза Наурызбайұлы көп ұзамай газеттің арнайы тілшісі атанып, аймақтағы Алаш үшін жеткізуді жалғастыра береді.

         Ал тағы бір толғамды дүниесінде: «Бұқара республикасы мен Түркістан республикасына қарасты Амудария облысы шекарасында кіре қыстап, шыға жайлап күнелтіп жүрген қазақ бар. Бұлардың қай республика қарағандығы әлі күнге белгіленбеген. Сондықтан бұлардан бүгін Бұқара хүкіметі салық алып, өзінің тиісті бұйрығын беріп кетсе, ертең Амудария хүкіметі келіп және салық алып, ол да өз бұйрығын береді. Сөйтіп, бұлар екі жақтан да таланып отыр.

         Бұл сорлыларда аттан ат, түйеден түйе қалған емес. Бір күн Бұқара адамдары келіп, көлік мінсе, екінші күні Амудария адамдары мінеді.

         Далада жатқан аңқау елдің үстіне кімде-кім 5 мылтықпен келсе, сол әкім, қазақ іс жөнін білмегендіктен, сөз айтуға қорқады.

         Бұлар «Біз қай республикаға қараймыз?» деп Бұқара хүкіметіне күнде арыз бергенмен, ол арыздар қаралып, шара көрілген емес.

         Бұлар екі жақтан желпініп, құрып кетпес үшін екі республикадан комиссия шығып, жер жағдайын белгілеуі керек-ақ.

Түркістан республикасының хүкімет адамдары ескерсе тәуір болар еді»,-деп, қандай жағдайда да келер күннен үміт үзуге болмайтындығын айтып, бодан жұртына басу айтса, Бұхарадағы қазақ кіндік бөлімінің басшысы болған шағында  Орта Азияны ұлт шекаралығына қарай бөлу  мәселесіне орай «Ақ жолға» сұхбат та беріпті. Осынау сұхбатында ол тағы да мәселені төтесінен қойып: «Қазақтың көпшілігі егіншілік, мал шаруашылығымен тіршілік етсе, өзбек сауда, тоқымашылық (бөз тоқиды), бау асырау, диқаншылықпен тіршілік етеді. Әрине, бұл екі түрлі кәсіптің бір-бірлеріне байланысы күшті. Сондықтан Қазақстан өзінде жоқ нәрселерді шеттен алуға тиіс. Шеттің Қазақстаннан алуына керек;

         Түркістан аймағында отырған қазақтар Орта Азиядағы әр түрлі қиыр-шет ұлттардың арасында болғандықтан, көпшілік алған жерлеріндегілері болмаса, көбі өз тілін, салтын жоғалтып барады. Өзбекстанның ішінде қалсақ та, айрықша автономиялы облыс болуымыз әр жағынан қарағанда өте керек»,-деп түбі бір түркітілдес халықтардың шегарасын шегендеуде шу шықпауын қалап, бар тарапты тыныштыққа үндейтін орынды пікірді ортаға салады.

                  Ендеше біз де ақиқаттан алыс кетпей, әлділердің әмірі жүріп тұрған шақта әділеттің темірқазығы болған тұлғаны тануда теріс пікірге бойсынбауымыз керек-ақ. Себебі саналы ғұмырында сағы сынбай, атажұрттан жырақтағы елдің мұң-мұқтажын мойнына артып, тағдыр теперіштерін еш мойымай көтерген, жаутаңкөз халықтың жел жағына пана болған, алдыңғы буын Алаштықтардың Түркістандағы  басты тірегіне айналған, ағаларының қамқор алақанының шарапатын көрген жанды «жемқор болды» деп жазғыра айыптаудың артық екендігін де ақылға салып түйсінгеніміз дұрыс. Демек адалдық жүрген жерде адамдықтың да бірге жүретінін қаперімізден шығармай, елге тұтқа болған Мырза Наурызбайұлы сияқты тұлғаларымызға қатысты мұрағат құжаттарын пайдаланғанда аса мұқият болғанымыз жөн. Яғни  өз мүддесі емес,  ұлт мүддесін көздеген Мырза Науызбайұлы туралы жазылар еңбек болашақтың еншісінде. Олай болса, тұлғалар жасайтын тарихымыздың «ақтаңдақтарын» тану үдерісі де жалғаса беруі тиіс. Сонда ғана мәлім де беймәлім тұлғалардың тұғыры биіктеп, мәртебесі аспандай түсетін болады.

Ғалым Қасымхан,

Асан Үсіпов, М.Әуезов атындағы ОҚУ,

Жоғары оқу орнына дейінгі

дайындық орталығының

аға оқытушылар

Тегтер: