Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 28 Қараша 2023

«Кеңгір су қоймасы жер суаруға ғана жарайды»

Нариман Қыпшақбаев
Фото: Жас Алаш

Біз су қойманың осындай дәрежеге жететінін әуелден білдік. «Жезқазғанға ауыз суды Кеңгір су қоймасынан емес, Жезді су қоймасынан алыңдар» деп ұсынғанбыз. 50-70 шақырым жерде таза су болатын.

Сол су қоймасының суын пайдаланыңдар деп баяғыда айттық. Ол кездегі шенеуніктер бүгінді ойлады, ертеңді ойлаған жоқ. Ешкім тыңдамады. Су шаруашылығында қаншама жылдан бері жұмыс істеген маман ретінде айтайын, Жезқазғанға суды тек сол Жездіден алу керек. Неге?! Себебі Кеңгір су қоймасы қаланың ішінде орналасқан. Қоқыстың бәрі соған тасталады. Бір жағынан ластанып жатыр, екінші жағынан содан халыққа су беріп отыр. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алып, қашу керек еді. Бұл біздің су шаруашылығы құзырына жатпайтын, бірақ таза су тауып беру міндетіміз еді. Сондықтан шырылдап айттық, ұсындық, тыңдамады. Міне, ақыры айналып осы жағдайға тап келді. Ешкімнің ештеңесі кетпейді, бірақ халық зардабын тартып отыр. Қазір де кеш емес, сол нұсқаға көшу керек деп ойлаймын. Кеңгір су қоймасы тек жер суаруға ғана жарайды. Бұл мәселе жабулы қазан күйінше қалып кетпей көтеріліп, талқылануы керек. Қаланың ортасында орналасқан су қоймасынан ауыз су алуға болмайды. Кезінде бұл Кеңгір су қоймасы мыс зауытына арналып салынған. Зауытқа да су керек қой. Бірақ кейіннен ол суымыз ауыз суына айналды. Енді халық су сарғайып кетті деп зар жылап отыр.

Бұл су қоймасын иесі басынан қадағалау керек еді. Осы дәрежеге жеткізбеу үшін тазалап тұру қажет болатын. Енді мүлде тазалауға келмейді, тазалаймыз деген бос сөз. Күнде ластанып жатқан су қоймасын 30 жыл өткесін тазалау мүмкін емес. Сондықтан баяғыда айттық дедім ғой. Әкім бір күндік. Бүгін келді, ертең басқа жерге ауысып кетіп жатады. Ертең не болады дегенді ойламайды. Бәрін оңайлатқысы келеді. Қызылорда жағында жерасты таза су да бар. Бірақ оны жеткізу қиын болар, біраз жер. Ал жаңа айтып өткен Жезді су қоймасы жақын. 60 шақырым деген не, бір жылда су тартуға болады. Кеңгір су қоймасына дейін тартып әкелу керек те, сол жердегі насосты алып тастап, жаңасын орнату керек болды.

Жергілікті шенеуніктер басынан бастап талапшыл болса, осы күнде халық сары су ішіп отырмайтын еді. Бірақ қазір барлығының басы айналып қалған, бірін-бірі тыңдамайды. Фильтрмен тазалап іше береміз деп ойлайтын шығар. Бірақ фильтрге тазаланатын су бар, тазаланбайтын су бар екенін естен шығармау қажет. Лас-қоқыстың бәрі қалада ғой, соның неше түрі суға түседі. Ауыз су мәселесінің жөні мүлде бөлек. Ауыз су деген қаладан алыста, адам аяғы баспайтын, мал бармайтын жерде болуы керек. Оның сыртын қоршап, әскери нысан сияқты ешкімді жолатпау өте маңызды.