Нариман Құрбанов: Ең биік тұғырды көздемесең, спортпен айналысу керек емес
2000 жылғы Сидней олимпиадасында отандасымыз Сергей Федорченко қол тіреп секіру бағдарламасында бесінші орын алды.
Спорттық гимнасттарымыздың олимпиадалардағы ең жоғары нәтижесі осы еді. Париж олимпиадасында Нариман Құрбанов ат бағдарламасында күміс жүлде иеленіп, ел спортының жаңа жеңісін тіркеді. Алаңдағы бекзат өнерімен ғана емес, тәрбиесімен, эмоциясын тежей білетін байсалдылығымен ел көңілінен шыққан спортшы «Жас Алаш» газетінің оқырмандарына Париждегі жеңісі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– «Олимпиадада Қазақстан қоржынында спорттық гимнастикадан жүлде болады» деген сөзді негізінен мамандар ғана айтып жүрді. Бұл спорт түрінен Парижге кім аттанғанынан қарапайым жанкүйерлердің аса хабары да болған жоқ. Өзің, бапкерлер құрамы әуел бастан жүлделі орынға ие бола алатыныңа сендіңдер ме? Сенген болсаңдар, оның негізі, іргетасы қандай болды?
– Иә, біздің елде спорттық гимнастика аса танымал емес. Олимпиада жүлдесіне таласуға мүмкіндігіміз бар екенін былай қойғанда елімізде мұндай спорт түрінің бары мен жоғына алаңдайтындар да саусақпен санарлық. Өткен жылы Азия ойындарында жеңіп алған қола жүлдем, Милад Кәримидің әлем чемпионатындағы жүлдесі, Универсиададағы күміс жүлделерім, Азия чемпионатында биыл Милад екеуміздің де сәтті өнер көрсеткеніміз олимпиада жүлдесіне де таласа алатынымыздың алғышарты болды. Өйткені осы турнирлердің бәріне әлемнің үздік гимнасттары қатысты. Біз қарсыластарымыздың да, өзіміздің де бағаларымызды жақсы білдік. Қолымыздан келетіннің бәрін істесек, барлық жаттығуды талапқа сай орындай білсек, олимпиада жүлдесін иеленуге міндетті түрде мүмкіндік туатынына сенімді болдық.
– Олимпиада жолдамасына Доһада (Қатар) өткен әлем кубогы кезеңінде ғана қол жеткіздің. «Парижге жолым түспей қалады» деген қорқыныш болды ма?
– Әрине, әлемнің үздік гимнасттарымен бірге әлем кубогының төрт кезеңінде бірдей күш сынасып, жолдамаға ұзақ күш жұмсау аса ауыр соқты. Алғашқы екі кезеңнен кейін жалпы есепте екінші болып келе жаттым, бірақ қателік жіберсем, қарсыластарымның қуып жетуі мүмкін екенін түсініп жүрдім. Мұны уайымдағаным да рас, дегенмен бәріне қол сілтеп, сырт айналып кеткен кезім болған емес. Қатардағы кезеңнің өте күрделі болатыны белгілі еді. Тіпті ондағы күрес олимпиададағы бәсекеден де күшті болады деп барымды салдым. Шынында да солай болып шықты. Сондықтан олимпиада жолдамасына осындай тартыс барысында қол жеткізуім мені шыңдай түсті деуге болады.
– Жоғарыда өзің де айтып өттің, Универсиадаларда, Ислам бірлігі ойындарында күміс жүлделер иелендің, Азиададан қола жүлде бұйырды. Одан кейін екі рет Азия чемпионатында топ жардың. Олимпиада тұғырына асықпай, барлық өткелектен өтіп жеткендейсің.
– Токио олимпиадасына жолдама ала алмағаннан кейін мен жаттығу бағдарламасын өзгерттім. Сөйтіп, нәтижелерді біртіндеп, жылдан жылға жақсарта түстім. Әуелі бір жылда әлем кубогының бір кезеңін жеңіп алдым, содан кейін мұндай табыстарым жалқы емес, екі-екіден, үш-үштен болып, жүйелене түсті. Олимпиадаға дейін жеңдім де, жеңілдім де. Демек, Париж төрінде барлық тәжірибемді бір арнаға тоғыстыра алғандаймын. Өзім де соған қуанамын.
– Парижге барар жолда жеке бапкерің, әкең Хусанжан аға екеуіңде нақты жоспар болды ма? Олимпиада чемпионы Макс Уитлоктан (Ұлыбитания) басқа кімді басты қарсылас санадыңдар?
– Олимпиадаға дайындық барысында нақты жоспарымыз болды демес едім. Өйткені мен жағдайға орай әрекет еткенді жақсы көремін. Мамыр айында өткен Азия чемпионатынан кейін бір апта демалдым да, екі айдай бабымды реттедім. Әуелде «дұрыс істемедім бе?» деген қорқыныш та болды, дегенмен бәрінің ретті де нақты болғанын Париж бәсекесі дәлелдеп берді. Біз олимпиадаға керемет бабымызбен бардық. Уитлоктан бөлек, Рис Маккленаганды (Ирландия), Стивен Недорощикті (АҚШ), финалға жолдама ала алмай қалған Ахмад Әбу әл-Соудты (Иордания) басты қарсылас санадық. Жалпы, бұл тұрғыда аса қателесе қойғанымыз жоқ. Париж төрінде әл-Соудтан басқамыз 1-4 орындарды бөлістік.
– Парижде іріктеу кезеңі 27 шілдеде өтті. Сен 6-көрсеткішпен финалға өттің. 15.000 деген ұпай көңіліңнен шықты ма?
– Іріктеуден кейін жаттығуды көңілімдегідей толық орындап шықпағаныма, жоғары ұпай алмағаныма аздап ренжідім. Дегенмен жинаған ұпайым финалға шығуыма жеткілікті болды. Шындығында, іріктеу кезеңінде оқиғаның солай өрбігені өзім үшін жақсы болғанын кейін сезіндім. Мен финалға бірінші көрсеткішпен шықсам, ол жайт маған психологиялық тұрғыда ауыр соғуы мүмкін еді. Сөйтіп, босаңсып кетуім де ықтимал болатын. Мен алтыншы нәтиже көрсеттім. Ешкім назар аудара қойған жоқ, қысым болмады. Сөйтіп, финалда еркін өнер көрсетуге жағдай жасалды десем де болады.
– Іріктеу кезеңі мен финал арасы бір апта болды. Көп күтуге тура келді ғой, шаршап кетпедің бе?
– Иә, уақыт өтпей, бір орында тұрып алғандай көрінді. Дегенмен осының бәрі оңай соқпайтынын күнібұрын білдім. Сондықтан бұл уақытты жаттығу кезеңі ретінде қабылдадым да, күнделікті белгіленген уақытта денемді қыздырып, жаттығуымды жасап, жұмысымды істеп қайтып отырдым.
– Маккленаган іріктеуде де үздік нәтиже көрсетті. Оның осынша тұрақты өнер көрсететінін күтуге болар ма еді?
– Ирланд гимнасты аса таңғалдыра қойған жоқ. Өйткені ол бұған дейін екі әлем чемпионатында дара шыққан. Екі дүркін Еуропа чемпионы деген атағы және бар. Оның ең жауапты сәттерде комбинацияларды мүлтіксіз жасай алатынына еш күмәнім болмады. Рис финалда қателеседі деген ой мүлде болған жоқ. Ол өз деңгейінде өте жақсы өнер көрсетті.
– Финалда сен ортаға бірінші болып шықтың. Спортшылардың рет саны қалай анықталады, жалпы?
– Олимпиялық ойындар басталмас бұрын жеребе тартылады. Онда іріктеуде, шығып жатса, финалда қандай ретпен өнер көрсететінің анықталып қояды. Сондықтан мұны қалыпты жеребе деген дұрыс.
– Бірінші болып ортаға шығудың қиындығы туралы аз әңгіме айтылған жоқ. Сен басыңдағы артық ойдың бәрінен арылғаныңды айттың. Ондай күйге қалай қол жеткізе алдың?
– Бірінші ғана емес, жалпы қай ретпен болса да өнер көрсету қиын. Өйткені әрқайсысының өз күрмеуі бар. Мен жеңілген сәттерімдегі бар тәжірибемді жинап, сондай қателік жасамауды ойша қатты пысықтадым. Өнеріңнің соңғы жағына қарай басыңды іске қосып, сәл-сәл ғана қалғанын ойлай бастасаң, қол-аяғың дірілдеп кетуі де мүмкін. Сондықтан ештеңе ойламадым, денеме өзінің үйреншікті машығын еркін атқарып шығуына толық мүмкіндік бердім. Солай істей алғаныма қатты қуандым.
– Өзіңнің негізгі The Kurbanov деп аталатын элементіңді финалда қаншалық таза орындай алдың? Оның ерекшелігі неде?
– Мен оны финалда өте жақсы, тіпті мүлтіксіз орындап шықтым. Әдетте оны орындауға кіріскенде денем сәл майысып, біраз ұпайдан айырылатынмын. Бұл жолы бәрі тап-таза болды. Оның ерекшелігі – ат снарядының өн бойынан толық аттап, өзің көре алмасаң да, қолдарыңды екі тұтқаның сыртына қою, жолай атқа денеңді тигізбеу, соңында тіреп тұрған қолыңда денеңді тік ұстап қалу. Бұл өте ауыр элемент. Қазір өзімнен басқа ешкім бұл элементті орындамайды.
– Төрешілер өнеріңді 15.433 ұпаймен бағалады. Бұл өте жақсы нәтиже болды. Іштей енді кімнен қауіптендің? Кім осы нәтижені жақсарта алар еді?
– Финалда шындығында менен тек Маккленаган оза алады деп санадым. Дегенмен онда барлығы төрешілерге байланысты. Ал британиялық Уитлок комбинацияны таза орындаса, менен асып кетуі де мүмкін еді. Недорощик қолынан келгенінің бәрін істеді, бірақ ол күрделендірілген комбинацияға тәуекел еткен жоқ. Соңғы кезекпен ортаға шыққан Хур Вуң (Оңтүстік Корея) аттан құлап қалмағанда, төрешілер қандай баға қояр еді, кім білсін...
– Дәл осы Вуң өнер көрсететін кезде бетіңе орамал жауып алып, тым-тырыс жатқаныңды бірнеше рет көрсетті. Осы сәтті бір жаңғыртайықшы.
– Вуң ғана қалған кезде мен қандай бір медальдің уысымда екенін жақсы сезіндім. Әрине, екінші орында қала бергім келді. Корей гимнасты өте жақсы бастады. Мен оны бұрыннан мықты қарсылас санайтынмын. Сондықтан бәрін ретті орындай алса, оның менен озуға мүмкіндігі сөзсіз болар еді. Комбинация ортасына дейін ол қатесіз келе жатты. Ол құлаған кезде кеудемді кере бір демалып алдым. Күмістің енді менен ешқайда кетпейтініне сендім. Сөйтіп, жаным бірден жадырады.
– Күміс жүлдегер атанғаның белгілі болғанда, өзіңнің әлі толық сезінбегенің байқалды. Хусанжан аға қуанып, қолын көкке көтеріп шаттана бастағанда ғана қосылдың.
– Жалпы, өз басым аса эмоциялы адам емеспін. Олимпиада жүлдесін жеңіп алдым десем де, оған барынша сабырлы қарауға тырыстым. Корей жігітінің финалдағы ұпайын табло толық көрсетпей тұрғанда, оған құрмет ретінде де тойлай бастауға хақым жоқ екенін түсініп тұрдым. Ұпайлар көрсетілгенде эмоцияны ұстап тұру қиын болды. Көк туымызды алып, қуаныштан бәріне көрсете бастағанымды білем. Басым да, көзімнің алды да мұнарланып кетті. Тіпті қайда жүргенімді түсінуден қалдым десем де артық емес.
– Париж олимпиадасының күмісін сенің ұзақ жылға созылған жанқиярлық еңбегіңнің, көп адам түсіне бермейтін тәуекеліңнің, көп қызығынан саналы түрде бас тартқан жастығыңның өтеуі деуге бола ма? Балалық шағыңда олимпиада тұғырында тұрғаныңды елестететін бе едің?
– Балалық шақта олимпиялық ойындар туралы тәтті ойларға берілген емеспін. «Олимпиадаға барамын, жүлде жеңіп аламын» деген аңсар да болды деп өтірік айта алмаймын. Әкем осы жолға салып, жаттығуға жұмсағандықтан да машығымды арттыра бердім. Кәмелеттік жасқа жеткен соң ғана мақсатсыз жүре беруге болмайтынын түйсіндім. Спортта жүріп, алдыңа ең биік мақсат қоймасаң, бәрі де бекер. Жиырма жыл бойы үздіксіз, демалыссыз гимнастикамен айналысып келемін. Күніне кем дегенде екі-үш жаттығу жасаймын. Осының барлығы, шынында да, өтелді. Төккен терім, төгілген жасым, алған жарақатым – осы жиырма жылда бастан кешкен барлық қиындығым олимпиада тұғырында тұрғанда бал болып көрінді. Демек, ештеңе де бекер емес.
– Қазақстан халқы сені өте жақсы қарсы алды. Қазір ел ықыласына шомылып жүрсің. Елде көрген құрмет күткеніңнен де асып түсті ме?
– Иә, мен күткеннен әлдеқайда керемет болды. «Елге келемін, біраз жанкүйерлер, сосын туыстарым қарсы алады, содан кейін бірнеше сұхбат беріп, өз шаруаммен айналысам» деп ойлап едім. Қайдан! Телефоныма келген қоңырауда есеп жоқ, қолдап жатқандар қаншама! Кездескісі келетіндер де аз емес. Күн сайын жұмыстың көбейгені сонша, тіпті түбі көрінер емес. Бір жағынан, осының бәрі жақсы. Бірақ кәдімгідей шаршатады екен. Мен осынша ықыласқа үйренбегенмін. Кішкене демалғым келеді, бірақ әзірше қолым босамай тұр.
– Енді қандай жоспар бар? 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасы туралы қазірден ойлану ерте емес шығар?
– Қазір сәл демалып аламын. Содан кейін тағы төрт жыл аянбай еңбек етуге болады. Ең бастысы, ең жоғары мақсат қойып, соған аянбай ұмтылу керек.
Сұхбаттасқан
Есей Жеңісұлы