Нариман Қыпшақбаев, экс-министр: Қалтамда қанша ақша бар екенін білмеймін, ал суды күнде есептеп отырам
«Жас Алашқа» шыққан экс-министр Нариман Қыпшақбаевтың сұхбатынан кейін қоғамда біраз талқылау болды.
Жаңа су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Енді «жаңа министрлік немен айналысу керек?» деген сұрақтардың жауабын білу мақсатында тағы да гидротехниктің есігін қағып тұрмыз. Жүрек аздап қобалжулы. Өзіме «өткен жолғыдай үстелді дүңк еткізіп соғып қалса дайын бол. «Кімдер ұрлады, неге жеріміз азайып қалды?!» деп қадалып сұраса, ыңғайсызданба, сенің кінәң жоқ» деп қоямын...
***
«Әй, бала тағы келдің бе?» – деп қарсы алды.
– «Жас Алашты» бәрі оқыды ғой...
– Әй, оқыттыру керек, дұрыс!
Бұл жолы көңіл күйі жақсы екен, бірақ шаршаудың табы білінеді. Әлдекіммен телефонмен сөйлесіп, сол жерде іркіп қалған сөздері болу керек, мен кірген бойда сөйлеп кетті.
***
Су жағынан елім қор боп бара жатыр. Жылағым келеді...
Кеше ғана Жамбылдың алты ауданында төтенше жағдай болды. Егістіктер күйіп кетті. 65 жыл болды су саласында жүргеніме, өзім су маманымын, өзім Қазақстанда су саласында істедім, бірақ мұндайды естігем де, көргем де жоқ. Таңғалам… «Міне, осыны қалай жөндеу керек. Мынадайға қалай тосқауыл қою керек» деген мәселелер алдымызда тұр.
Atameken Business (Атамекен Бизнес) деген телеканалда осы мәселе бойынша, яғни министрлік құру бойынша мамандарды жинапты. Үйде көріп отырып жынданып кете жаздадым. Ылғи сауатсыздарды, ылғи білімсіздерді, Қазақстанды жарға жығатындарды, депутаттан бастап жинап алыпты. Егер сол жерде болсам: «әй, білмейтін болсаң неге келіп тұрсың?!» деп тура жұдырықтасатын едім. Жылағым келеді...
Маған түк те керегі жоқ. Қызметің де керек емес. Су жағынан елім қор боп бара жатыр.
Жамбылдағы су мәселесін шеше алмаған, Жамбылды шоңқитып кеткен жігітті су министрлігіне әкелді. Ол жігітті жаман деп отырғаным жоқ. Білмеймін де, көрмегенмін де! Бірақ адамда принцип болу керек қой. Әй, елдің алдында не айтамыз?! Ана жерде ештеңе шығармаған, енді кеп бүкіл судың тізгінін ұстайды? Бұл қалай?! Әрі қарай не болады? Мені қазіргі істері қатты алаңдатады. Айтпағым, бұрыннан келе жатқан, жер жүзінің тәжірибесін көрген, оқыған-тоқыған адамды қою керек емес пе?
Қазір көршілеріміз – Өзбекстан, Қытай, Ресей. Олардың істеп отырғанын күнде көріп отырмыз. Біліп отырғаннан соң да айтамыз. Министрлік құрылғанына қуаныштымын, құттықтаймыз. Өйткені су елдің өзегі. Оны мен су маманы болғасын айтып отырғам жоқ. Дұрысы – сол. Үші күні хабарлады. Мен төрті күні осы министрлік немен айналысу керек?» деп 12 мәселені көтердім. Мәселе жұмыс. Жұмыс болғанда тек қана республикалық деңгейде жүргізілетін жұмыс. Облыстық, аудандық, бассейндік емес, тек республика! Оны жазып, сыртқы істер министрлігіне, қазіргі құрылып жатқан министрліктегі мамандарға бердім. Су ресурстары және ирригация министрлігінің негізгі міндеті, негізгі жауапкершілігі, негізгі құқығын үкіметтің қаулысымен бекітіп алу керек. Себебі министр барып, осындай шаруаны талап етем десе кез келген орган «қандай негізде талап етесің» деп айтады. Сол кезде қаулыны көрсетесің. Судың ресурсы біреу-ақ, оны пайдаланатындар көп. Бәрі пайдаланады. Оны басынан аяғына дейін жазып та бердім.
Суға шектеу қою керек
Біріншіден, Қазақстанның су ресурсы бар ғой, яғни тұщы су ресурсы, соған иелік ету, сақтау, қорғау, дұрыс іске жұмсау керек.
Екіншіден, Тоқаевтың өзі айтты: «Бас-басыңа суды жүргізбеңдер, біреуің орталықтан басқарыңдар» деді. Мен де уақытында солай қызмет істегем. Солай жазылған үкіметтің қаулысында. Бұл мәселе бүгіннің өзінде өзекті. Кез келген министрлік, мемлекеттік мекеме сумен айналысады, су бәріне керек. Сондықтан барлығы су ресурстары министрілігімен ақылдасу, оның ұлықсатынсыз ештеңе жасалмауы керек.
Үшіншіден, су шектеулі деп айттым ғой өткенде. Осы шектеулілік жалғаса береді. Өйткені су ресурсы тұрақты, ал сұраныс артып отырады. Халық, өндіріс өседі. Сонда суға түсетін ауыртпалық күн сайын арта береді. Осы кезде лимитті қойып, суға бақылау орнатамыз. «Әй, осыдан басқа су жоқ, бүгін осыншама, ертең оны 5 пайызға азайтамын» деу керек кез келген су сұрағанға. Себебі бізде осыдан басқа су жоқ. Керек болса шектеу қою керек. Судың да сұрауы бар ғой. Мысалы, қазір жер суарамыз. Каналдың, өзеннің суы тоқтамайды, оны жауып-ашу өте қиын. Шаруа қожалықтары не істейді? Күндіз жер суарады. Түнде канал сол ашық күйінде қалады. Судың бәрі сай-салаға, сор-батпаққа кетеді. Әй, 50 пайыз суды шектеуге болады ғой. Совет өкіметінің тұсында сырты шыны жанармаймен жанатын шам болатын. Шаруаларға бір қолына кетпен беріп, бір қолына сол шамды беріп, түнде суартатынбыз. Өйткені су жетпейді. Оны мысалы үшін, түсінсін деп айтып отырмын.
Қалтаңдағы ақшаңды да есептейсің ғой, су одан да қымбат
Төртіншіден, суды жоспарлау керек. Бар суды қайда жұмсап жатырмыз? Қалай жұмсау керек? Совет өкіметін жазғырғанда «құдай ұрған үкімет болды, олар жоспарлаумен айналысты» деп жоспарды құртты. Қалай жоспарсыз жұмыс істеуге болады?! Мысалы, суды пайдалану және қорғау жөніндегі кешенді жоба жасайық. Оны 15-20 жылға жоспарлайды, кейін үкімет бекітеді. Ол жобаның ішінде республика бойынша қандай үлкен нысандар салынады, қандай нысандарды қалыпқа келтіреді, қандай нысандар бүгінгі талапқа сай қайта жөндеуден өтеді деген мәселелер қаралады. Сондай мәселелер облыстық, аудандық деңгейде жасалады. Міне, жоспар. Соның барлығымен жаңадан құрылып жатқан министрлік айналысуы керек. Содан кейін «хозяйственный баланс» деген болады. Оны әр өзен, канал, облыс, аудан бойынша жасап отыру қажет.
Бесіншіден, су есебі деген болады. Жылдың аяғында әр су пайдаланушы есеп беруі керек. Қазір қолында суды пайдалануға рұқсаты бар 16-20 мың су пайдаланушылар бар екен. Олар суды не үшін алғанын, қалай пайдаланғанын айтуы керек. Қазір осындай есеп жоқ. Кім не алып жатыр, қайда алып жатыр белгісіз. Әй, мынау қалтаңдағы ақшаңды да есептейсің ғой. Су одан да қымбат.
Алтыншыдан, ғылыми-техникалық прогрестен қалмау керек. Әр 3 жыл сайын 22 наурыз су ресурстары күні. Соған әлемнің түкпір-түкпірінен су мамандары «қандай мәселелер бар?» деп бас қосады. Жаңалықтар айтылады, әр мемлекет су қиындығынан қалай шығып жатыр деген мәселе көтеріледі. Біреу соны қарап, тәжірибе алмасу деген болуы керек қой. Соны алып келіп, Қазақстанға пайдалану керек қой. Осы іспен қазіргі құрылып жатқан министрлік айналысады.
Жетіншіден, маман мәселесі. Мамандарды дайындау керек. Оларды қалай дайындаймыз, не оқуы керек, қандай мәселеге назар аудару керек дегендерді осы министрлік шешуі қажет.
Сегізіншіден, су шаруашылығы кешені деген болады. Бүгінде жақсы болсын, жаман болсын 20 миллион халық су алып жатыр. Сол үшін жасалған су қоймасы, канал, су құбыры, т.б. істеп тұр. Сонымен, кешендер жаңа құрылған министрлік қолында, ал өзен үкіметтің қолында. Сол суды пайдаланушыға жеткізу үкіметтің мойнында. Сондықтан су кешендері тоқтаусыз істеп тұруға тиіс. Олар дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін қарау керек, жөндеу керек. Оны автоматтандыру қажет. Бұрынғыдай атқа мініп, каналды ашып келейін, жауып келейін деген жарамайды. 2 сағат барасың, 2 сағат келесің, сонда бәрі күйіп кетеді. Қазір олай жұмыс істеуге болмайды, алыста отырып батырманы басатындай жағдай жасау керек. Сол арқылы Қызылордаға қанша су кетіп жатыр, Түркістанға немесе Жамбылға қанша кетіп жатқанын, бәрін біліп отырасың.
Тоғызыншыдан, су пайдалану мәселесі. Мысал үшін бір ғана Алматы қаласын алайықшы. Бұл қала жылына 250-300 миллион текше метр су алады. Соның лас суы қаладан шығады. Қала секундына 11-14 текше метр су алып, 6-7 текше метр лас су шығарады. Оны механикалық, химиялық, биологиялық түрде тазалау керек. Оны егістік суаруға, зауыттарға пайдалануға болады. Әйтпесе, текке кетіп жатыр. Біздің есептеу бойынша, Сорбұлақтың маңайына (лас су жиналған көл) 100 мың халқы бар аудан құруға болады. Ондай ұсыныс жасадық та. Сол сияқты, Астана, Семей, Қарағанды, Өскемен сияқты қалаларымызда лас су текке кетіп жатыр.
Оныншыдан, зауыттардағы су. Зауыттарда таза суды пайдаланады да, ластанған соң ағызып жібереді. Барлық қаламызда солай. «Әй, батыр, суды ластадың, енді суыңды тазала да, қайтадан пайдалан. Мен анау таза суды тоқтатамын. Өйткені су халыққа жетпей жатыр» деп айту керек қой. «Водооборот» деген бар. Суды айналдыра бер, айналдыра бер. Техникалық мақсатта бұлай істеуге болады.
Он біріншіден, мемлекеттік су қарым-қатынасы деген бар. Жайықтан су алу бойынша Ресеймен келістік қой. Жайықтан алған суды бірінші Батыс Қазақстан облысы, содан кейін Атырау облысы алады. Ресейден келген суды Батыс Қазақстан алғысы келеді. Ал алды, Атырауды не істейміз? Осы екі арада заң, тәртіп болуы керек. Қазір ауыл мен ауыл суға қырқысып жатыр. Осының бәрі мына министрліктің жұмысы. Бұл министрліктің айтқаны заң. Ол қалай айтады, солай болады.
Қырғыздар «Қазақтар суға жарымай отыр екен, өз үлесімізді берейік» дей ме?
Он екіншіден, Қазақстанның тұщы суының жартысы шетелден келеді. Мұны «мемлекетаралық су қарым-қатынасы» деп атаймыз. Жаңа айттым ғой, теледидарға шығып аузына келгенін айтып жатыр. Осы сұрақты қойыпты, бір қыз сөйледі. Қайдан тауып алғанын білмеймін, депутаты да түк білмейді. Екеуміздің газетке жазғанымыз жұртқа резонанс туғызды. Ал ана бағдарламаны көріп шалқамнан түстім. Айтпағым – мемлекетаралық су қатынасы деген өзен ортақ, оның суын пайдалану құқығымыз бәрімізге бірдей. Теледидардан сөйлегенде «біздегі су мәселесі – көрші мемлекеттерден су алу қиындығы» дейді. Маман ретінде мен түсінбеймін! Өйткені сол үлесті анықтауға Қазақстан атынан қол қойған министр – Мен! «Ол үлес Совет өкіметі уақытында анықталған, өзгерту керек» дейді. Әй, тоқта! Мысалы, Шу-Таластағы үлесімізді өзгертейік. Қырғыздар қазірдің өзінде су бермей отыр. Өзгертсек: «Қазақтар суға жарымай отыр екен, өз үлесімізді берейік» дей ме? Түк бермейтін жағдайға жеткізгісі келеді. Осы жерде баса айтам! Әлемде 350-400 мемлекетаралық өзен бар. Соның қарым-қатынасы 100 жылдың сыртында қол қойылған. Оның бір үтір-нүктесі, бір сөзі де өзгермейді! Канада мен Американың арасына бардым. 1902 жылы қол қойылған келісім бар. Өзгертуге болмайды! Шекараны бекітеміз, ол өзгермейді ғой. Судың үлесі де сол, өзгермейді! Сондықтан жаңа теледидардағылар «біз мемлекетаралық суға тәуелдіміз» дейді. Біз келістік қой. Тең құқығымыз бар. Қалай біз мүсәпір боп қалдық?
Су мәселесі енді оңайланбайды
Суға деген келісім бір-ақ рет болады. Оны өзгерту қауіпті. Мен өзгертемін дегендерге қарсымын! Мысалы, Талас өзенінің бірінші келісіміне 1940 жылы қол қойылған. Соны біз 1983 жылы өзгерттік. Неге? Өйткені 1940 жылы Таластың Үрмеарал, Үшқоша дейтін екі саласы мен арнасының суы ғана есептелген. Қалған толып жатқан салалардың суы есептелмеген. «Біз, жоқ. Қанша Қазақстаннан құяды, қанша Қырғыздан құяды барлығын есептейміз» дедік. Сөйтіп, 1983 жылы өзгерттік. Енді келіп «ой, бұл совет кезінен қалған келісім» дейді. Әй, жаңаша саған ешкім су бермейді. Сондықтан біз келісім бойынша мемлекетаралық ұйым құрдық. Оған Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан кіреді. Сол ұйымдар келісілген тәртіпті орындап отыруы қажет. Суы аз жыл, суы көп жыл болса, соған сәйкес бәрі жасалған. Енді сол бойынша су бөлінуге Қазақстан назар аударып отырған жоқ. Министрлікке келіп, кетіп жатқандар сол ұйымдар не істеп жатыр дегенді де білмейді. Сондықтан мемлекетаралық келісімнің орындалуын Қазақстан қадағалауы керек. Қадағалайтын мекеме кеше ғана туды.
Мен 1995 жылы кеттім, мен кеткесін бәрін құртты. 28 жыл өтіпті. Енді қуанып отырмын, бәрін дұрыс жолға салса құба-құп. Тағы қайталап айтамын, судың мәселесі оңайланбайды. Қиындай береді. Осыны білетін, жанын беріп істейтін жастарды дайындау керек. Қытайдың, Өзбекстанның тәжірибесін көріп отырмыз. Осындай жолмен бердім ұсынысымды. Бірақ түсінбей жатыр. Ертең су мамандарын жинаймын. Президентке немесе премьерге ұсыныс жасайтын ойымыз бар.
Мен көтеріп отырған үлкен мәселенің бірі – судың барлығы облыс, аудандарда. Өйткені жер де, су да, канал да – барлығы ауылда. Қазақстан аудандық, облыстық су мекемелерін жауып, бәрін Астанаға жинап алды. Әй, қастандық қой! Міне, содан кейін Жамбылдағы жағдайға жетіп отырмыз. Жамбылдағы сушыларды көтеріп: «ауру қайдан келді, диагнозы қалай, анықтайық?!» деп жатырмын. Ол қырғызбен дауласу емес. Тек қырғыздармен келісілген тәртіптің орындалуы жайында. Ал орындалмай отырған себебі, менің түйгенім бойынша, Қазақстанның кінәсі. Өйткені елімізде Жамбыл облысында облыстық су мекемесі, аудандық су мекемесі жоқ. Күнде суды қадағалайтын маман тағы жоқ. Сосын иесіз жерде халық қиын жағдайға ұшырайды.
Енді мынадай қателік жібердік. Уақытты артқа қайтара алмаймыз. Мейлі, енді келешекті ойлайық. Болашақта суды үнемдеу жолы, суды сақтау жолы деген мәселелер бар. Оны тағы жаңа құрылған министрлік жүргізеді. Сондықтан қазіргі жағдайда құрылған министрлікті бір жолға салып жіберсек біраз жұмыс бітер еді. Президенттің айтқан сөзімен ғана істеп отырмыз. Ал мына үкіметтен бастап депутаттарға дейін «талқыладық, Жамбылдың жағдайын білеміз» деп қарап отыр. Облыстағы мына жігітті қандай логикамен басшылыққа әкелді. Орнынан алып тастамайық жарайды. Тым болмаса ары қарай қате жібермейік. Оның орынбасары, аппаратта тұрған мамандары қандай іспен айналасу керек деген мәселені орын-орынға қою керек. Істеп отырған істерін қадағалап отырмын. Теріс жолмен кетіп бара жатыр. Менде «әй, ана экологиядан неге су шаруашылығын алып бөлек құрдық, егер сол жолмен жүретін болсақ?» деген сұрақ туып отыр. Ақыры өзгеріс болмайды екен, одан да қайтадан экологияға қоса салайық.
Суға берген ақшаның бәрін «Қазсушар» алып жатыр
Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсы деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан ұсынысым – министрлік құрған кезде ойланыңдар дегенмін. Жоғарғы жақта комитет деген бар, 50-60 адам отыр. Трансшекаралық өзендер басқармасы деген бар, аппаратта он шақты маман жұмыс істейді. Сол 60-70 адамды аппаратқа кіргізу керек. Осылайша, комитет пен департаментті жоямыз. Екінші, «Қазсушар» бар. Жер, су, канал, жеке шаруашылық қожалықтары ауылда ғой. Соның барлығына су беріп отырған облыстық, аудандық су мекемелері бар еді, жаңа айтып өткенімдей, қазір жоқ. Суға берген ақшаның барлығын «Қазсушар» алып, өзінің кеңсесіне, астына мінетін көлігіне, жалақысына төлеп отыр. Бірақ жұмыс ана жақта. Сондықтан «Қазсушар» мамандарын облысқа қайыру керек. Су құрылысы деген болады, келешекте құрылатын үлкен нысандарды жобалайды. Соңғы институтты құртты деп өткенде де айттым. Қазір Қазақстанда бір платина салатын, бір жұмысты жобалайтын институт жоқ. Кім жасайды, өзбектер ма, болмаса Ресей жасап бере ме?! Ал Қазақстан неге жасамайды? Міне, қазір қасымызға келді ғой. Айбек деген жігіт. Осыларды қуды ғой. Жобалаумен айналысатын мамандар – осы. Жылда үкіметтік су қоймасын, тағы басқасын салыңдар деп бөлетін ақшаны «Қазсушар» алады. Ал олар дайын облыстық мекемені құртып, соның ақшасына мәз боп көшеде жүр.
Шардарадағы су қоймасына қатысты айтайын. «Су мол келіп жатса жіберетін жеріміз жоқ, өзбектер екі дамба тұрғызып алды» деп жатырмыз. Егер мен министр боп тұрғанымда өзбектерге салғызбас едім. «Арнасайға су мол болған жылы 30 миллиард суды жібердік. Неге бітейсің?!» дер едім. Арнасайды Өзбекстанға Қазақстан берді ғой. Сонда «бергендегі мақсатымыз – Қазақстанға қысым, иттік жасау үшін емес қой» деп айтатын бір қазақ болу керек қой мына сушылардың арасында. Әбішев (Ислам Әбішев – ред.) ақылсынбасын. Соның тұсында болды осының барлығы. Егер 1969 жылғыдай су келетін болса, бәрібір суды біз Арнасайға жібереміз. Өзбектердің тұрғызған дамбасын тілмен жалағандай алып кетеді.
Ондай апат 100 жылда бір рет қайталануы мүмкін. Қайталанса, біз тағы да Арнасайға жібереміз. Қауіпті жағдайға жеткізбей жұмыс істеуге бірлік керек.
Қытайлар «неге басшылықты өзгерте бересіңдер?» деп сұрайды
Енді Шығыс Қазақстанды айтайық. Су келісімі бар. 24 өзен анықталды. Ортақ өзендер дегенге қол қойдық. Әр өзеннен әр мемлекеттің үлесі қанша дегенді анықтадық. Іледе Қазақстанның үлесі және Қытайдың үлесі қанша? Сол сияқты Қорғас, Тасты, Ақшоқы, Үлкен Ұластан қанша дегендерді белгіледік. Әңгімеміз дұрыс. Мемлекеттігі 2300 жыл болған Қытай мына Өзбекстан немесе Қазақстан сияқты емес, көп нәрсені біледі. Маман ретінде маған олармен сөйлескен оңай. Анықтап, келісімге келіп жатқанда 2 жылдық ауру келді. Мына министрлік соны жандандыру керек. Оған министрдің өзі баруы қажет. Өйткені Қытайдың өздері келіп отыр. Жанындағы көмекшілерін өзгертпейді. Бізде бір күні министр, бір күні орынбасары басқа кезде экология министрі барады. Қытайлар: «неге өзгерте бересіңдер?» деп сұрайды.
Қытайды айтып қалдық, аяғына дейін жеткізейін. Кеше біреуі сөйлеп жатыр, «Ертістің суы құрыды» дейді. Ертістің суының мөлшері Семейден есептегенде орта есеппен 33 миллиард. Семейден кейін Ресейдің Тоболский деген қаласына дейін оған ешқандай су келіп құймайды. Барлық Бұқтырма, Күршім сияқты өзендер біздің жерде, сосын Қытайда. Осы 33 миллиардтың Қытайдан келетін үлесі – 9,5 млрд қана. Қалғаны өзімізде пайда болады. Ол үшін Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі деген су қоймаларын салдық. Оның кілті бізде. Енді осы суды реттейтін энергетиктер, жүк кемелерін өткізетіндер ашып-жаба береді. Сондықтан мына министрлік үш су қоймасын Ресеймен келісе отырып жұмыс істеу кестесін құрып, әр секунд, сағат сайын, күн сайын, ай сайын есептеп шығарып отыру керек. Қазір қыста суда жіберіп, жазда су жоқ деп айғай салады. Әй, қыста жібермей тұрып ойлану керек қой. Жоқ, керісінше істейді. Ертістің суы құрыған жоқ, оны рәсуа етіп отырған Қазақстан.
Маман дайындау мәселесін де ұмытпау керек. Биыл су факультетіне бір студент түспеді. Кім істеп отыр осыны? Тағы өзіміз. Ертең су мамандарын жинайын деп отырмын. Масқара ғой мынау. Техникалық университетке бір бандит барды. Оны құртты. Қазақ ұлттық аграрлық университетіне де бір бала келмеді. Неге десең, тәртібін өзгертіп жіберген. Оны көрген балалар «біз мынадай жерде оқымаймыз» деп кетіп қалған. Мына институтты да құртты. Сатып жіберді. Әуелі бұл жерде 2 мың маман жұмыс істеген. Облыстарда филиалдары болды. Қазақстандағы үлкен су қоймалары, бөгеттерін осы институт жобалаған болатын. Соны қулар кооперативке айналдырып, сатты да жіберді. Енді мына ғимаратына көз алартып отыр.
P.S. Әңгімеміз осы жерге келгенде үзілді. Экс-министр «мыналарыңнан бірдеңе шыға ма?» деп айтқан жоқ. Үстелді де тарсылдатып ұрмады. Қазақстанның есебінен қалтасын қампайтқандардың есебін де сұрамады. Қоштасарда «әй, адам дегенде есеп болу керек қой. Мен қалтамда қанша ақшам бар екенін білмеймін, бірақ суды күнде есептеп отырамын» деп қалды. Бәлкім, өз мамандығың арқылы Қазақстанды сүю деген осы шығар.