Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:14

НАТО Балтық теңізі жағалауында десант түсіру жаттығуын өткізуде

1
Фото: Dursun Aydemir/Anadolu Agency/IMAGO

Киль қаласының маңындағы Путлос полигонында Солтүстік Атлантика альянсының шамамен 3000 әскери қызметшісі жағалауға десант түсіру бойынша оқу-жаттығу өткізді.

Германияның қорғаныс министрі бұл маневрлерді өңірдегі «драмалық шиеленіс» жағдайында дайындық деп атады.

Германияның солтүстігінде, Кильге жақын орналасқан Путлос полигонында 18 ақпан, сәрсенбі күні НАТО әскері Балтық теңізі жағалауына десант түсіру операциясын пысықтады. Амфибиялық операцияға Испания мен Түркиядан 250 әскери қызметші қатысып, олар авиация мен флоттың қолдауымен жағалауға шығарылды. Операцияны неміс генералы Инго Герхарц басқарды.

Жаттығу барысын Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус бақылап отырды. Оның айтуынша, дәл Балтық теңізі аймағында қауіпсіздік жағдайы «айтарлықтай күрделене түскен». Писториус Ресей тарапынан гибридтік қауіп-қатерлер туындап отырғанын атап өтті. Министрдің пікірінше, мұндай жаттығулар альянстың бірлігі мен жауынгерлік дайындығын, сондай-ақ Ресейді тежеу бағытындағы нақты ұстанымын көрсетеді.

Операцияға 15 кеме жұмылдырылды. Алдымен Бундесвердің екі Eurofighter жойғыш ұшағы жағалау үстінен ұшып өтті. Одан кейін бес испаниялық жауынгерлік сүңгуір жағалауға жетті. Негізгі кезеңде жауынгерлік тікұшақтардың қолдауымен сегіз түркиялық Zaha амфибиялық машинасы жағалауға шықты. Сол тікұшақтардан испаниялық арнайы бөлімше десант ретінде түсірілді.

Бундесвердің Бас инспекторы Карстен Бройер Ресей тарапынан келетін қауіптің нақты екенін мәлімдеп, Мәскеу өз әскерін батыс бағытта қайта бейімдеуді жалғастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жаттығулар дипломатиялық тұрғыдан да маңызды – олар күш пен бірлікті паш етеді.

Қаңтардан наурызға дейін өтіп жатқан НАТО-ның Steadfast Dart 2026 маневрлеріне бұл жолы америкалық әскери қызметшілер қатыспауда. Қорғаныс министрі Писториус бұл жағдайды трансатлантикалық қатынастардағы шиеленіспен байланыстыру болжамдарын жоққа шығарып, АҚШ күштерінің қатыспауын «қалыпты ротация» деп атады.

Путлостағы жаттығулар бірнеше елде өтіп жатқан Steadfast Dart 2026 аясындағы маневрлердің бір бөлігі саналады. Оған 11 еуропалық елден шамамен 10 мың әскери қызметші қатысуда. Германия бұл жаттығуларға 7300 сарбаз бен офицер жіберген.

Steadfast Dart 2026 жаттығуларының негізгі мақсаты — альянс аумағында әскерді қаншалықты жылдам орналастыруға болатынын тексеру. 

Тегтер: