Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:20, 08 Сәуір 2025

Науқаншылдықтан нақты іске көшетін кез келді

Қуандық Түменбай
Фото: ашық дереккөз

Қазақ тілінің мәселесі бізде өмірі бітпейтін науқандық мәселеге айналды. Күзде «алтын орақ» деп аталатын егін жинау науқаны болады.

 Бұл науқан үш айда аяқталады. Осы аралықта астық жиналып бітеді. Одан соң ел-жұрт жон арқасын кеңге салып демалады. Ал біздің қазақ тілі деп аталатын науқан өмірі бітпейді. Мұның себебі, менің ойымша, біз ауызбен айтамыз, қолмен істемейміз. Енді ойымды нақтылау үшін бір-екі мысал айтайын. Әлі күнге дейін азық-түлік дүкендерінің алдында «нан-хлеб» деп жазулы тұрады. Осындағы «хлебтің» не керегі бар. Иә, сіз Тіл туралы Заң бойынша «орыс тілі ұлтаралық тіл» деп айтуыңыз мүмкін. Оған таласым жоқ. Алайда өзге ұлттардың дәл осы нанның хлеб екенін білетін уақыт жетті. Сосын әдетте қоғамдық көлікте келе жатсаң «келесі аялдама Абай даңғылы» дейді де іле- шала соның орысшасын айтады. Мұның не қажеттілігі бар? Басқаны түсінбесе де «Абай даңғылы» деген сөзді өзге ұлттар анық түсінеді. Міне, көрдіңіз бе, осындай кішігірім істерден бастап сөзден іске көшуіміз тиіс. Ал біз әдетте «қазақша сөйлейік» деп айтамыз да, оны істемейміз. Үлкен жиналыстардың көбі қазақша басталады да, ары қарай орысша жалғасады. Тіпті таяуда ғана өткен Ұлттық құрылтайымыздың өзі қазақша басталды да, ортасынан ауа бере орысшаға ұласты. Осындай дүниелерді бір ізге келтірмей, мұнан ешқандай нәтиже шықпайды. Мен қазір Алматының іргесінде «Еркін» дейтін ауылда тұрамын. Мұнда орыс-қазақ, басқа да ұлттар аралас өмір сүреді. Алғаш келгенімде орыс балаларға: «Сендер неге амандаспайсыңдар, үлкен кісіге сәлем бермейсіңдер ме?» деп үнемі айтып жүрдім. Біраз уақыттан кейін балалар мені көрсе қазақша амандасатын болды. Сөйтіп мен балалардың құлағын ақырындап қазақшаға үйреттім. Егер сөзді іске айналдыра алмасақ, осы кейпімізден өзгере алмаймыз. Ол үшін іске ең әуелі мемлекет көшуі қажет. Билік тізгініндегі азаматтар күнделікті жиналысын, іс қағазын қазақ тілінде жүргізсе бәрі соған қара тартып, ақырындап қазақшаға көшеді.

Кешеден бері «Магнум» сауда үйіне байланысты, қазақ тілі туралы айтылып жатқан даудың тамыры мен жоғарыда сөз еткен дүниелермен сабақтасып, тамырласып жатыр. Шынын айтқанда, басқа ұлттар қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдамайды. Тіпті «өздерің неге сөйлемейсіңдер» деп өре түрегеледі. Әрине, бұл оқиға қазақ тілін кемсіту. Сондықтан бұған қатысты адамдарды Тіл туралы заңға сүйене отырып жазалау қажет. Өз мәртебемізді өзіміз көтермесек, ешкім бізді көтермейді. Ең дұрысы, мұндайда заңға жүгіну қажет. Заң бәрімізге ортақ. Тілімізді қорлаған, кемсіткен азаматтар заңдық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл ең әуелі басқаларға сабақ болады. Мұндай жағдай азаяды. Тіліміздің қадір-қасиетін қорғайтын заң бар екенін азаматтар түсінсе, заңсыздықтарға бармайды. Әдетте бізде осындай бір елдікке, тілге қатысты даулы оқиғалардан соң жауапты тұлғалар кешірім сұрап, қателескенін, артық кеткенін айтып, қазақша сөйлеп құтылып кетеді. Егер адамдар осылай кешірім сұрап, жауапкершіліктен жалтара берсе, заң қайда қалды? Бірақ бізде жұмыс істемейтін заңдар көп, соның бірі – Тіл туралы заң. Сосын тағы бір мәселе – «қазақ тілінде сөйлейік» десең, Мәскеудің қабағына қарап отырмыз дейді. Айналайын-ау, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асқан жоқ па?! Енді қашанғы айналамызға жалтақтай береміз. Сондықтан нақты іске көшу қажет.

Қуандық Түменбай, жазушы