Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 26 Наурыз 2024

Наурызнамадан кейінгі ой

наурыз
Фото:

Амал мерекесі – Көрісу күнінен басталған Наурызнама он күнге созылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып өтті.

 Жаңарған әз-Наурыздың әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып, соның аясында түрлі іс-шаралар өтті. Дегенмен осындай жаңашылдыққа қатысты сан түрлі сауалдар да туындап жатыр.

Амал мерекесі – тіршілік салты

Наурызнамаға байланысты қойылған сұрақтың бірі – Амал мерекесінің атауы болды. Көрісу күнін әдетте еліміздің Батыс өңірлері тойлайды. Жастар үлкендердің үйіне сәлем бере барып, бір-бірін құттықтайтыны белгілі. Маңғыстауда осы күні Отпан тауға жиналып, дүркіретіп тойлайды.

Сын айтушылардың кейбірі еліміздің біраз өңірінде кісі өлімінде ғана көрісетінін, бұрын оны тойламағанын алға тартады. Этнограф ғалымдар мұндай пікірмен келіспейді. Ғалым, филология ғылымының кандидаты Базарбек Атығай кісі қаза болғандағы көрісу – өлім ғұрпы емес, тіршілік салты екеніне назар аударады.

«Көрісу – тірінің дидарын көріп, көңіл айту. Яғни қазаның үстінде де, қайғылы кезде де сенімен біргемін, ешқайда тастап кетпеймін деген ниет. Абай «Жазғытұры» өлеңінде «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жазады. Сондықтан бұл өлімге ғана байланысты емес. Жалпы, қар еріп, күн мен түн теңесер тұста көрісу дәстүрі, этнографтарға сүйенсек, барлық өңірде болған. Ары-беріден соң, жалғыз қазаққа ғана емес, исі көшпенді халықтарға тән салт. Бұл дәстүрді арабша ай атымен Амал күні деп, функционалды семантика категориясына сай Көрісу күні деп бағзы лепеске бағып, Ұлыстың ұлы күні деп, жаңаша Наурыз мерекесі деп әр қалай атасаңыз да, сайып келгенде, түбі бір», – дейді Б.Атығай.

Осы орайда, мына нәрсені айта кеткен жөн. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыз айы басталғанда Тоқты шоқжұлдызы туады. Парсыларда наурызды «Хамал» деп атағаны себепті Амал мерекесі деп аталып кеткен. Сол себепті қазақ халқы наурыз айы кіргеннен бастап, күн мен түн теңелгенге дейін Наурызнама мейрамын тойлаған. Өздеріңіз білесіздер, өткен ғасырда бүкіл әлем Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне ауысып, күнтізбе 13 күнге жылжыды. Соған байланысты Амал мерекесі де басқа күнге ауысқаны түсінікті. Бұл сөзімізге Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ Наурызнама тойлайтын еді. Ол 8-9 күнге созылатын» деп жазғаны дәлел.

Демек, Наурыз мейрамын 14 наурыздан бастап тойлау Батыс өңірлеріне ғана тән дәстүр деп қарастыру қате. Маңғыстаулық өлкетанушы Алқажан Еділхан да осы пікірді құптайды. Амал мерекесін кезіндегі ел көсемдері қазақ жазирасында бытырай қоныстанған халықтың ынтымағын сетінетпей, бірлігін мызғытпай ұстап тұру үшін айналымға енгізгенін алға тартады.

«Ескіше жыл санауда көктемнің басы ай жаңарған кезге сәйкес келеді. Кейін Ресей патшалығының қарамағында болған кезде Григориан күнтізбесін қабылдадық. Ол күнтізбе бойынша көктем туып, ай жаңаратын күн 14 наурызға дөп келді. Амал мерекесінің қазір, 14 наурызда тойланатыны содан», – дейді этнограф.

наурызнама

Діни астары жоқ

Кейбіреулер Наурыз мейрамын он күн тойлаудың астарынан діни және саяси себеп іздеп әлек. Бірақ тарихи деректер де, ғалымдар да мұны жоққа шығарады. Мәселен, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурызы күнгі санына «Наурыз туралы» деген тақырыпта шағын мақала жариялап, онда «22 март – Наурыз мейрамы. Мұны Күншығыс халқы тегіс мейрам етіп өткізу салты болған. Коммунист жолдастар «дін мейрамы» деп сопысынып, жақтырмайды. Олай емес. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам» деп жазады.

Базарбек Атығайдың айтуынша, Наурыздың саяси астары, діни сипаты жоқ. Ата-бабаларымыздың биосфералық, космогониялық дүниетанымынан туындаған, Иран мен Тұран мәдениетінің синтезделуінен шыққан халықтық, демократиялық мереке деп есептейді.

Жалпы, Наурызды тойлауға Алаш қайраткерлерінің сіңірген еңбегін айта кеткен жөн. Түркістан Республикасы атқарушы комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы Наурыз мерекесін атап өту жөнінде бұйрық шығарған.

Сол секілді жазушы Бейімбет Майлин 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 22 наурыз күнгі санына: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самарқан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл» деп, жырмен шашу жолдаған.

наурызнама

Наурызнама – жаңғырған дәстүр

Биыл бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасына, соның аясында белгіленген күндерге тосын қарағандарды әлеуметтік желілерден көзіміз шалып қалды. Ұлыстың ұлы күнін жаңаша тойлаудың мақсаты – мерекеге тың серпін беру. Бұған дейін әркім өз білгенінше мерекелеп келді. Енді, соның бәрінің басын біріктіріп, ортақ мейрамға айналдыруға бағытталған ниет.

Филология ғылымының докторы, алаштанушы ғалым, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Наурызнама» атауының таңдалуы бекер емес деп есептейді. Оның айтуынша, «нама» сөзі хат, хатқа түскен, жинақталған деген ұғымды білдіреді. Ал Базарбек Атығай «Наурызнама» тек той тойлау ғана емесіне екпін береді. Яғни бұған дейін атқарып жүрген игі істерді жалғастыруды насихаттау, соған ерекше мағына беру. «Наурыз – қарын тойдыратын мереке емес» деген ғалым кейінгі жылдары Ұлыстың ұлы күнін тойлау кезінде қалыптасқан таптаурын дүниені жаңғырту екенін алға тартады.

«Наурызнама» аясында жаңа логотип қабылданғаны белгілі. Онда үш қызғалдақ бейнеленген. Кей сыншы логотипте қызғалдақ емес, бәйшешек қолдану қажет деген сыңайда пікір білдіріпті. Осы орайда, логотипте қолданылған элементтердің ерекшелігі мен ғалымдардың пікіріне назар аударсақ.

Дихан Қамзабекұлы Наурыздың нышаны қарапайымдылығымен ерекше екеніне назар аударады. Сондай-ақ үш қызғалдақтың қолданылуын қазақ халқының «үш» санын қасиетті санап, оның символдық деңгейге көтерілгенін айтады.

«Әсемдікке де, адамның көңіл күйіне байланысты айтылатын өсімдіктер арасынан ерекше аталатыны – қызғалдақ. Бұған дейін бәйшешек Наурыздың символы ретінде, қардың астынан бірінші шығатын гүл ретінде жиі айтылып келді ғой. Алайда Қазақстанның біраз бөлігі бәйшешекті қабылдай алмайды. Қызғалдақ – баршаға ортақ», – дейді Д.Қамзабекұлы.

Қызғалдақты таңдаудың тағы бір себебі мынада. Қазақстан – байлық пен биліктің символы саналатын қызғалдақтың отаны. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген факт. Тіпті әлемнің басқа бөлігінде кездеспейтін кей түрі тек біздің далада ғана өседі. Логотипте үш қызғалдақтың қатар бейнеленуі – қазақ халқының ұғымында үш санының киелі екенімен байланысты. Олардың әр түспен көмкерілуі де терең мағынаға ие. Бұл – еліміздің кешегісі, бүгіні мен болашағын бейнелеп, тіршіліксіз үздіксіз даму сипатын меңзейтін ерекше символ.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ

Тегтер: