Назарбаев енді «Құрметті сенатор» емес
Қазақстан Республикасында енді «Құрметті сенатор» атағы ешкімге берілмейді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.
«3 апта бұрын Сенаттың регламентіне тиісті өзгеріс енгізілді. Соның аясында біз «Құрметті сенатор» атағын регламенттен алып тастадық. Енді бізде ондай институт жоқ. 2022 жылы өткен референдумда бүкіл халық қолдап, Конституциядан Елбасына қатысты нормалар алынды. Ертең Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заң күшін жояды», — деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере олтырып.
Әшімбаевтың айтуынша, бұған дейін «Құрметті сенатор» атағы бір ғана адамға берілген – ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев еді.
«Енді заңдарда «Құрметті сенатор» деген атақ жоқ. Оны бірден айтайын. Кезінде Сенат регламентіне осы өзгеріс енгізілген болатын. Осы регламентті қарап өзгерткенде «Құрметті сенатор» атағын алып тастадық. Енді мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені, қазір бізде ондай құқықтық негіз жоқ, оны алып тастадық», — деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесі 2019 жылдың 6 маусымында берілген еді.