Назарбаев пен Шабдардың сатылымға қойған үйлері
Осы аптада экс-президенттің інісі Болат Назарбаев пен антикорда ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған Нұрлан Шабдардың үйлері сатылымға шығарылғаны белгілі болды.
Болат Назарбаевтың қымбат пәтері Нью-Йоркте орналасқан. Ал антикор басшысының үйі – Алматыда. Екеуінің де бағасы арзан емес. Назарбаевтың пәтері 2 млн долларға, Шабдардың сарайы 4,2 млн долларға бағаланған.
Нью-Йорктегі пәтер
Нью-Йоркте экс-президенттің інісі, марқұм Болат Назарбаевтың меншігіндегі элиталы пәтер сатылымға шықты. Манхэттендегі жылжымайтын мүліктің құны шамамен 2 миллион долларға бағаланған. Сату туралы хабарландыру америкалық StreetEasy сайтында жарияланған.
164 шаршы метрлі кең пәтерде үш жатын және екі ванна бөлмесі бар. Манхэттенде орналасқан зәулім үйдің ішіндегі Bosch, Miele және Subzero брендтерінің заттары көз тартады. 2006 жылы бұл үйлерді актер Микки Рурк пен супермодель Наоми Кэмпбелл де сатып алған. Ал 2007 жылы Болат Назарбаев оларға көрші болған. Пентхаус Болат Назарбаевтың өгей ұлы Даниярдың атына тіркелген. Дәл осы ғимараттағы тағы бір пәтер де оның атына тіркелген, оны Данияр 2011 жылы 940 мың долларға сатпақшы болған, бірақ кейіннен Болат Назарбаев бұл мүлікті қайтарып алған.
Даниярдың анасы Майра Құрманғалиева Болат Назарбаевпен ажырасқан кезде күйеуінен байлығының жартысын, соның ішінде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлкін талап еткен. Ал 2011 жылы Құрманғалиеваға алаяқтық және адам ұрлау бойынша айып тағылып, Қазақстанда іздеу жарияланды. Болат Назарбаев та өгей ұлы мен бұрынғы әйелі өзінен бірнеше миллион доллар ұрлады деп айыптап, Нью-Йорктегі сотқа арыз берген. Екеуінің арасындағы сот процесі бірнеше жылға созылды. Нәтижесінде, Болат Назарбаев Құрманғалиева мен оның ұлына Нью-Джерсидегі құны 20 миллион долларлық зәулім үйін берді. Есесіне, олар Майами мен Нью-Йорктегі пәтерлерге деген шағымынан бас тартқан. Сөйтіп Назарбаев Флоридадағы жылжымайтын мүлкін 1,4 миллион долларға сатқан. 2016 жылы Болат Назарбаев осы пентхаусты өзінің жеке коллекторлық агенттігін және басқа да бірқатар шағын фирмаларды басқарған көмекшісі Батыржан Ахметовтың атына өткізген. Нью-Йорк жылжымайтын мүлік тізіміне қарағанда, Ахметов осы күнге дейін бұл активтің иесі. Пәтерді былтыр Болат Назарбаевтың өзі сатуға шешім қабылдаған.
Алматыдағы зәулім үй
Антикор басшысының экс-орынбасары, осы департаменттің Ақтөбе облысы бойынша бұрынғы басшысы Нұрлан Шабдардың әйелі Меруерт Қисамиева Алматыдағы Достық даңғылы бойындағы зәулім үйді сатуға қойды. Хабарландыру krisha сайтында жарияланған. Вилла Alem Luxor элиталық коттедж қалашығында орналасқан. Үйдің жалпы ауданы 1100 м²-ден астам, жері 22 сотық. Пәтердің бірінші қабатында ас үй, қонақ бөлмесі, кеңсе, бірнеше қонақ бөлмелері, бассейні бар. Екінші қабатта жатын бөлме, жеке жуынатын бөлме, бірнеше балалар бөлмесі бар. Жертөледе екі көлікке арналған гараж, демалыс бөлмесі және кір жуатын бөлме бар. Нұрлан Шабдарға тиесілі сарай элиталық ауданда орналасқан.
«Выход к морю» телеграм каналының жазуынша, Шабдарбаевтар үйінен бірнеше минуттық жерде экс-президент Назарбаев пен оның отбасының резиденциясы орналасқан.
Нұрлан Шабдардың әкесі Амангелді Шабдарбаев бір кездері Ұлттық қауіпсіздік комитетін және Республикалық гвардияны басқарған. Бұдан бөлек, Жоғарғы сот төрағасының, кейін премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін де атқарған. Ал Нұрлан Шабдар еңбек жолының 12 жылын жемқор шенеуніктермен күресуге арнаған. Алматыдағы жылжымайтын мүлік Нұрлан Шабдардың жалғыз баспанасы емес. Оның да көптеген шенеуніктер сияқты шетелде зәулім сарайлары бар. Мысалы, Болгариядағы Green Life Beach Resort кешенінде оған тиесілі таунхаус бар.