Назарбаев: Тоқаевты таңдадым, бұл шешімім өзгермейді
Дауыс бергеннен кейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі саяси реформалар жөнінде пікір білдірді. Ол осыдан жеті жыл бұрын Мемлекет басшысы өкілеттігін өз еркімен тапсырғанын еске салды.
Айтуынша, бұл қадам елдегі тұрақты даму мен билік сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
«Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін.
Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор.
Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.