Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:46, 06 Наурыз 2020

Назарбаев туралы мақала жазған журналист әлеуметтік араздық қоздырды деген күдікке ілінді

None
None

"Жас Алаш" газетінің бұрынғы тілшісі Асхат Асанның үстінен "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы 6 наурызда.

Газеттің биылғы №12 санында "Экс-президентті іздеп, Интерполға жүгінетін күн туса..." атты мақала жарияланғаннан кейін іс қозғалған.

"Бұл мақала жарық көргеннен кейін журналисті Қылмыстық кодекстің 174-бабы "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша айыптады. Бұл мақала газетке қысқа уақыт аралығында Инга Иманбай бас редактор болған кезде жарияланды. Асхат Асанның айтуынша, астанадан іссапармен келген тергеуші сұрақ-жауап кезінде Инга Иманбайдың мақалаға қосқан үлесі туралы түрлі сұрақтар қойған" делінген Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының сайтында.

Қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат бір-екі күн бұрын белгілі болды. Содан бері Асхат Асан Медеу аудандық полициясына екі рет шақыртылған.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол айыптауларды жоққа шығарып, істі журналистік қызметімен байланыстырды.

Ал бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілі "мерекеге байланысты қызметкерлердің бәрі арнайы шарада екенін, өзінің сұрақтарға жауап бере алмайтынын" айтты.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының дерегінше, 24 ақпанда құрылтайшылардың қысымына байланысты "Жас Алаштың" бас редакторы Инга Иманбай қызметінен кеткен. Ізінше газеттен тағы үш журналист Ырысбек Дәбей, Асхат Асан және Есдәулет Қызырбекұлы жұмысынан кеткен.

Оқи отырыңыз:"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай "билік қысымымен" қызметінен кеткенін мәлімдеді

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының жазуынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шамамен отыз жылға созылған режимі тұсында президент туралы сыни мақалалар жарияланғаннан кейін "ар-намысқа тию және қорлау" бабы бойынша бірнеше адамның үстінен іс қозғалған, олардың арасында журналистер де бар. Бірнеше адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айрылған.

"Қазір Назарбаев ресми түрде қызметінен кеткен кезде Қылмыстық кодексте тағы бір "саяси" бап — "Қазақстанның тұңғыш президенті — елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғу" (373-бап) бабы қалды. Бұл жерде де Назарбаевты сынаушыларды бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған" делінген сайтта.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрайды.

20 желтоқсанда Ұлттық кеңестің жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" бабын ізгілендірілетінін мәлімдеді. Бірақ Тоқаев бұл баптың Қылмыстық кодекстен алынатыны жайлы айтпады.

Қазақстанда соңғы екі жылда "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" бабымен ондаған адам сотталған.

Тегтер: