Назарбаевсыз бес жыл. Экс-президент биліктен кеткелі не өзгерді
19 наурызда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке сот үкімі шықты.
Оған Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Бірақ Қаңтар оқиғасынан 2 жыл 2 ай өткенде сот алдына келген 8 жыл шартты жаза ғана арқалады. Ауыр қылмыстық іс бойынша айып тағылған экс-шендінің шартты жазамен құтылғанына апам да аң-таң, мен де аң-таң.
Әбіштің тіке бастығы Кәрім Мәсімов пен өзге саптастары 2022 жылы қаңтарда ұсталып, көп өтпей ұзақ жылға сотталған. Оларды мемлекеттік төңкеріс жасағысы келді деп айыптады. Ал Самат Сатыбалдыұлы сотқа куәгер ретінде де барған жоқ. Бар болғаны қызметімен қоштасты. Сол кезде жұрт Ұлттық қауіпсіздік комитеті төңкеріс жасауға ұмтылса, мекеменің бірінші орынбасары қалай бостандықта жүр деп таңғалған. Бірақ тергеу органдары логика, қисын дегенді қайырып қойып, ҰҚК басшыларының бәрі сатқын, тек Самат Әбіш сүттен ақ, судан таза деп шешті.
Бірақ билік осы бір адам сенбес өтірігінен өзі де тіксінген сияқты, кеш болса да Назарбаевтың немере інісін тергеуге шақырды. Алдымен куәгер деді, кейін айыпкер деді. Әйтеуір, бір жарым жыл созып жүріп, Сатыбалдыұлын сот алдына әкелді. Оған ресми айып тағуға Руслан Ысқақов есімді бұрынғы ҰҚК қызметкері себеп болды. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Самат Әбіш бұйрық бергенін айтыпты. Бұл әңгіменің ашыққа шыққанына да 6 ай болды. Былтыр қыркүйекте Әбіш ісін арнайы прокурорлар тергеп жатқаны белгілі болған. Айып ауыр, дәлел бар. Осыған қарап жұрт Самат Әбіш ағасы Қайрат Сатыбалдының соңынан темір торға қамалады деп ойлаған. Бірақ билік экс-президенттің «ерке» інісін тағы кешірді. 8 жыл шартты жаза деген Қазақстан тарихында болмаған, тіпті мұнша ұзақ мерзімге шартты жаза кесу ақылға қонбайтын іс сияқты.
Назарбаевсыз 5 жыл.
Ең қызығы, Самат Әбіш сотынан тура 5 жыл бұрын, 2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев күтпеген жерден президентіктен кетті. Осыдан 5 жыл бұрын Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш сот алдына келеді десе, көп ешкім сенбес еді. Тіпті кей сарапшы Назарбаев Самат Әбішті көп көзіне көрсетпей, көмескіде баптап отыр, болашақ президент осы деп жүрген. Бірақ замана желі Әбішті де, Байбекті де биікке көтеріп барып, төменге бір-ақ тастады. Енді олардың қайтадан саяси карьера жасауы қиындау. Бірақ бүгінгі билік ауызынан тастамайтын «Жаңа Қазақстан» бірден орнай қалған жоқ, ортада бұралаң жылдар болды. Тіпті елде қос билік орнап, жағымпаз шенділер Ақорда мен «кітапхана» арасында теңселіп, екі кеменің құйрығын ұстағандай күй кешкені кеше ғана.
Назарбаев «тақтан түскенде» 1989 жылдан бері бірінші басшының ауысқанын көрмеген халықтың көңілінде «Назарбаев шынымен кетті ме» деген күмән мен «жеттік-ау осы күнге» деген шаттық қатар көлбеңдеп тұрды. Енді елде демократия орнар деген үкілі үміт әр кәллада оянғаны анық.
Бірақ Кеңес одағы тарағанда коммунист тонын теріс айналдырып кие салып, тәуелсіз елге президент атанған әккі Назарбаев аттан түссе де, үзеңгіден түспеді. Ол КСРО кезіндегі коммунистік партия сияқты биліктің бар тармағын иемденіп алған «Нұр Отан» партиясының төрғасы қызметінде қалды. Қауіпсіздік кеңесін де өзі басқарды. Ол аздай, 2019 жылы қазанда «негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар қауіпсіздік кеңесінің келісімі бойынша тағайындалады» деген заң шыққан. Ол бойынша президент ҰҚК төрағасын, сыртқы барлау қызметінің жетекшісін, бас прокурорды, ұлттық банк төрағасын, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлерді, президент әкімшілігінің жетекшісін қауіпсіздік кеңесінің келісімімен тағайындауға тиіс болды.
Осының бәрі Назарбаевтың не ойлағанын анық көрсетті. Ол алдыға екі қадам жүру үшін артқа бір қадам шегінген болатын. Бірақ Назарбаев саясатта тосынсыйлар болатынын естен шығарып алған сияқты. Ақорданың «Кітапханаға» кіріптар болып отыра бермесі анық еді. Олар да өз алдына жүріс жасай бастаған. Бұл тартыс 2022 жылғы қаңтарға дейін жалғасты. Ел тарихындағы осы уақытты билікке таластағы «ит жығыс кезең» деуге болады. Бұл аралықта саяси сахнада еш өзгеріс болған жоқ, тұңғыш президенттің «сарабдал саясаты» мен «сара жолы» жалғасын тапты. Әлеуметтік-экономикалық салада да реформа жасала қойған жоқ. «Ескі Қазақстанның» күркілдек пойызы көне сүрдекпен жүріп жатты.
Бірақ құлаққа жағымды естілетін «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет», «халық үніне құлақ асатын мемлекет» сынды ұрандар шыға бастады. «Елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформа жасау мүмкін емес» деген концепция Назарбаевтың «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымына қарсы шыққандай көрінген. Дегенмен мұның көбі жүзеге асқан жоқ. Митинг өткізу жолын жеңілдету, құқық қорғау саласын реформалау сынды жоспарлар сөз күйінде қалды. Шикізатқа байланған экономиканы әртараптандыру идеясының орындалғанын да көрген жоқпыз.
Билікке жаңа кадрлар келген жоқ. Үкіметті Асқар Мамин, Әлихан Смайылов сынды Назарбаевтың «шекпенінен шыққан» адамдар басқарды. Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов, Бердібек Сапарбаев, Даниал Ахметов, Дариға Назарбаева сияқты «көнекөздер» де аттан түспеді. Тіпті 2021 жылдың аяғына дейін Қазақстанда билік ауысқаны аса білінбейтін.
Қаңтар оқиғасы ойын ережесін өзгертті
2022 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы оқиға болып, кемі 238 адам көз жұмды. Батыс жұртының қымбатшылыққа қарсы наразылығы тұтас ел көлеміндегі ереуілге ұласып, соңы орны толмас трагедияға ұрындырды. Қанды қаңтар жарасы әлі жазылған жоқ, оққа ұшқан бейбіт тұрғындар және полиция азаптаған, жазықсыз сотталған адамдарға қатысты әлі әділ баға берілмеді.
Билік әу баста Қаңтар оқиғасына шеттен кірген терористерді, арандатушыларды айтыптаған. Бірақ кейін трагедияға елдегі қос билік себеп болғанын ресми мойындады. Олар елде президент пен қауіпсіздік кеңесінің төрғасы қатар қызмет атқарып, билікте қатаң текетірес туды, бұл Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды деп санайды.
Осы жерде «ескі Қазақстанның» еркелеріне «жаңа Қазақстанның» қай жұмысы ұнамады деген сұрақ туындайды. Билікте аса үлкен өзгеріс болған жоқ, мемлекет байлығының үлкен үлесін бауырына басқан олигархтардың жолын ешкім кеспеді, Назарбаев әлуетінің мұртын балта шапқан жоқ. Ендеше олар неге билікті басып алуға ұмтылды? Сарапшылар Назарбаев билік транзиті өзі ойлағандай жүріп жатпағанын аңғарғанын айтады. Яғни, ол ертерек қамданбаса, өзінің нағыз мұрагері «таққа» отыра алмайтынын байқаған. Сол үшін өзі жасаған жоспарды өзі бұзуға тырысқан болуы мүмкін.
Қаңтар оқиғасынан кейін саяси сахнада біршама өзгеріс болғанын елдің бәрі көріп отыр. Кем дегенде көне әулеттің өкілдері қолындағы майлы жіліктен айырыла бастады. Ең алдымен Назарбаевтың өзі мәңгілік басқармақ болған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті, елбасы статусы мен тұңғыш президент ретіндегі артықшылықтарынан айырылды. 30 жыл бойы ерінбей жинаған атақ-дәрежелері біртіндеп кеміп жатыр, бірақ әлі біткен жоқ. Жақында ҰҚК Назарбаевты енді қорғамайтыны белгілі болды.
Назарбаевтың жақын туыстары да биліктен кетті. Үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі креслосын босатса, күйеу балалары экономикалық сектордағы ірі лауазымдарын қайтарып берді. Кенже қызы Әлия Назарбаева да лоббилік компанияларынан айырылды. Немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталып, мемлекетке миллиардтаған ақша қайтарды. Мәсімов, Мамин сияқты үзеңгілес жолдастары жарға жығылды.
Бірақ «әулетке» тікелей қатысы бар тұлғаларға жаңа Қазақстанның қазірше тісі батпайтын сияқты. Ауыр айып тағылған Самат Әбіштің шартты жазамен құтылғаны соның дәлелі. Билік «Кенже қызды» да көп кешірді. Оған тиесілі «ӨКМ операторы» ісінде вице-министрден тартып, іске қатысы бар адамдардың бәрін соттап, Назарбаеваны ғана ақтап алды. Соған қарағанда Самат Әбіш пен Әлия Назарбаева «ерекше қорғауда» сияқты.
Шетелдік БАҚ Әбішті аман алып қалуға Ресей басшысы Владимир Путин атсалысты деп жазып жатыр. Былтыр желтоқсанда Назарбаев Мәскеуге барып, Путинмен жолыққан. Сол кездесуде ол немере інісіне араша сұрапты-мыс. Мұның шын-өтірігі белгісіз, бірақ Әбіш және Ә.Назарбаева ісінде билік дәлізінде «сауда» жүргені анық дейді сарапшылар.
Билік маңындағылар ауыл-аудан әкімдерін сайлау мен мәжіліске бірмандатты округтан депутат алуды саяси саладағы үлкен өзгеріс ретінде атап жүр. Олар 2023 жылы мәжіліске 6 партия өткенін де демократияның нышаны деп біледі. Бірақ мандат алған партиялардың бәрі «Аманатты» аға тұтатынын халық көріп отыр. Президент ықпалын шектеп, парламенттік республика құру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылып жатқан жоқ.
Елде президент ауысқаннан бері үкімет үш рет тарады. Бұл үкімет жұмысына берілген өте төмен баға. Ел экономикасы әлі шикзатқа тәуелді, өндіріс орындарын ашып, шаруашылықты шалқыту қолдан келер емес. Халықтың әлеуметтік жағдайы қиындап бара жатқаны көрініп тұр, шарықтаған зат бағасы елде кедейлер санын көбейтіп жіберді. Мысалы, ресми статистика бойынша 2019 жылы халықтың 4,3 пайызы кедейлік шегінде тұрған, биыл бұл көрсеткіш 5,1 пайызға жетті. 5 жыл бұрын елде 173 мың жұмыссыз адам болса, қазір 265 мың тұрғын екі қолға бір күрек таппай жүр. Ресми статистиканың өзі халық тұрмысы төмендеп бара жатқанын көрсетіп отыр.
Назарбаев сөз жүзінде көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын айтқанымен, шын мәнінде Ресейге жалтақ басшы болды. Оның 30 жыл бойы Кремльге қарап бой түзегенін екінің бірі біледі. Тіпті елді Ресейге кіндігінен байлап беретін Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сынды одақтар құруға мұрындық болды. Әрине, қазір де Ресейден іргемізді аулақ сала алған жоқпыз. Бұл мүмкін де емес шығар. Есесіне Қытаймен қатым-қатынас нығая түсті. Шығыстағы көршімізбен визасыз режим жүзеге асқаны соның дәлелі. Мамандар екі елмен байланысымыз тең деңгейде болғаны бізге тиімді екенін айтады, өйткені Бейжің мен Мәскеу бір-бірін тежеп, Астананың жұмысын жеңілдетуі мүмкін.
Сондай-ақ, қазіргі билік қазақ мұнайын Еуропа елдеріне экспорттаудың жаңа жолын іздеп жатыр. Соның бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Қазақстан 2030 жылға дейін аталған жолмен жылына 500 мың контейнер тасымалдауды жоспарлап отыр. Бірақ Еуропаға апарар төте жол салу үшін де Ресейдің рұқсаты керек екені түсінікті, бұл мәселе қалай шешілетіні әзірге белгісіз.
Мәди Ханафия, саясаттанушы:
«Жаңа Қазақстан» халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ел экономикасын оң бағытқа бұратын оңай жол таба алмай отыр. Жұртты жаңа ел құрып жатқанына сендіру үшін аракідік ескі Қазақстан өкілдеріне «тиісіп» қояды. Сондай-ақ, олигархтардан ақша қайтарып жатырмыз деп мақтанады. Былтыр Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған. Бірақ ол кімдерді тексеріп, кімдерден ақша қайтаратыны нақты емес. Соған қарағанда мұның бәрі көп көңіліне үміт сыйлап, назарын аудару үшін ғана айтылатын сияқты.
«Биліктің басқару стилі өзгерген жоқ, бізде әлі супер президенттік жүйе сақталып тұр. Парламентте косметикалық өзгеріс болғаны рас. Мысалы, мәжіліске көп партия өтті, мандат алуға мүмкіндік беретін дауыс шегін 7 пайыздан 5 пайызға түсірді. Ауыл әкімдерін сайлау да оң бағытта жасалған кішігірім қадам. Бірақ парламентте әлі бір партия басым болып отыр. Сондай-ақ, митинг өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алу керек. Саяси тұтқындар әлі бар, оппозициялық көзқарастағы адамдарды қуғындау да тоқтамады. Билік әлі сын көтере алмайды.
Бірақ қоғамның даму эволюциясы байқалады. 2019 жылмен салыстырғанда адамдар көзқарасын ашық айтып, жиналыстарға қатысуға белсенді бола түсті. Болып жатқан істерге бейжай қарамай, наразылық танытып, петиция жариялайды. Мұның бәрі азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатақанын көрсетеді. Сондай-ақ, жастардың саяси белсенділігі артып келеді. Кейінгі сайлауларда бақылаушы көп болды, олар сайлаудағы заңсыз әрекеттерге қарсы шығып, айыптап жүр. Сайлауға қатысып, балама кандидатқа дауыс беруге немесе бәріне қарсымын деген тармақты таңдауға ынта танытатындар көбейді.
Кейінгі жылдары елде инфляция артып барады, кредит алатын адам көбейді. Менің ойымша, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлады немесе бұрынғыдан жақсарған жоқ».
Қуаныш Қаппас