Назарбаевтар әулеті «Қайрат» пен «Реал» матчына келуі мүмкін
30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойынды Қазақстанның экс-президентінің отбасы мүшелері де тамашалауы ықтимал.
Бұл туралы Ertenmedia Telegram-арнасы хабарлады.
Арна дерегінше, экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева тамыз айының соңында елге келген. Сондай-ақ, Әлия Назарбаеваның да Қазақстанда жүргені айтылса, Нұрәлі Әлиевтің жақын күндері елге оралатыны жазылған.
Айта кетсек, «Қайрат» футбол клубының иесі – Дариға Назарбаеваның құдасы, белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев.
«Қайрат» Шотландияның «Селтигін» жеңіп, Чемпиондар лигасына жолдама алды. Бұл жеңіс қазақстандық клубтың ғана емес, жалпы ел футболының УЕФА рейтингінде көтерілуіне ықпал етті. Ал Лиссабонда ЧЛ-дағы «Спортингке» қарсы алғашқы матчында ұтылып қалды.
Бірінші таймда «Қайрат» қақпасына пенальти белгіленді. Алайда жас қақпашы Шерхан Қалмұрза допты сәтті қайтарып, командасын үлкен қауіптен құтқарды. Дегенмен тайм соңына қарай алаң иелері есепті ашып үлгерді.
Екінші таймның 66-шы минутына дейін алматылық футболшылар тартысты ойын көрсетті. Сәтбаев пен Жоржина бірнеше рет гол соғуға мүмкіндік алғанымен, мүмкіндікті мүлт жіберді. Осыдан кейін «Спортинг» небәрі 15 минуттың ішінде үш гол соғып, есепті ұлғайтты.
Соған қарамастан «Қайрат» табандылық танытып, 86-шы минутта есеп айырмасын қысқартты. Ойын 4:1 есебімен португалиялық клубтың пайдасына аяқталды.
"Қайрат пен "Реал Мадрид" 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда кездеседі