Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:25

«Назарбаевтың әмиянынан» түсіп қалған «31»-ді қағып алған кім?

31 арна
Фото: Коллаж Ulysmedia

Енді құрамына «31 арна» мен Informburo.kz порталы кіретін «31» медиахолдингі Болат Өтемұратовқа тиесілі емес.

 «Верный капитал» компаниясы бұл туралы ресми сайтында жазды. Онда Қазақстанда ірі медиаактивті бірінші рет үкіметтік емес ұйым иемденіп отырғаны да айтылған. Сонымен, атышулы «31» арнаның жаңа иесі – «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры.

Осыған дейін медиахолдингке иелік еткен «Верный капитал» компаниясының директоры Айдан Ақанов 2023 жылы серіктестері «СТС медиа» компаниясы кеткелі активтерді алып, ары қарай жұмыс істейтін мекеме іздегендерін айтты. Ал жаңа серіктестері әртүрлі жобалар мен қауіпсіздік шараларына, мектептегі тегін астың, жолды жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауға, тегін заңнамалық қызметтер көрсетуге бағытталған қоғамдық қор. ҚР бойынша оның 5 мың мүшесі бар. Ашық дереккөздерге сенсек, 2022 жылы құрылған. Ал қор директоры – журналист Дана Рысмұхамедова. Құрылтайшылардың арасында тағы «31 арна», «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Алматы» арналарын басқарған Нұржан Жалауқызы мен қордың баспасөз хатшысы Гүлжан Марқабаева да бар. Бұл тарап арнаны ары қарай дамытып, ашықтық пен демократизацияны негізге алатындарын мәлімдеген.

Осы жаңалыққа қатысты әртүрлі пікірлер де айтылып үлгерген. Мәселен, «Верный капиталдан» «Әділдік және Өркендеуге» тек аталған медиахолдинг қана емес, БАҚ-та жарнама орналастырумен айналысатын «Реклама и Маркетинг» пен «Инфополис» жарнама агенттігі, кино, видеофильмдер, телевизиялық бағдарламаларды тарататын «Прим» ЖШС да өткен. Әрі осы келісімдердің ешқайсысының бағасы көрсетілмеген. Халық бұл қоғамдық қордың заңды мекенжайы Ақордадан 500 метр жерде екенін де қызу талқыға салуда. Яғни бұл бағасы жасырын «сауданың» артында Ақорда тұр, Өтемұратов, былайша айтқанда, сатып емес, беріп құтылған деген месседж жатыр. Жалпы, «Әділдік және Өркендеу» сынды қоғамдық қорлар өздерінің экономикалық мәселелері туралы есеп бермейді, ашып көрсетпейді. Оның ішінде мүшелерден келген қаржы, кәсіпкерлердің қолдауы, мемлекеттік гранттар мен тапсырыстар, тендерлер де болуы ықтимал. Соған қарамастан, үкіметтік емес ұйым ретінде салықтардың бірқатар түрінен босатылады.

«31» медиахолдингінің директоры болса, ақпараттық, редакциялық саясатымыз өзгермейді, кадрлық ауыс-түйістер болмайды, бұрынғы жоспарлар бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз дейді.

Еске сала кетейік, «31» арна 1993 жылдан бері хабар тарата бастады. Негізін қалаушы – кәсіпкер Арманжан Байтасов. Арада бір жыл өткенде «Радио 31» радиостанциясы қатарға қосылды. Кейіннен, 2015 жылы арнадағы «Информбюро» бағдарламасы мен Informburo.kz мультимедиялық ақпараттық-сараптамалық порталы серіктес ретінде жұмыс істеді. Өткен жылы «Информбюроның» телевизиялық және интернет-редакциялары бірігіп, «31» медиахолдингінің құрамында жұмыс істей бастады. Бір кездері Назарбаевты ашық сынамаса да, әлеуметтік мәселелерді батыл көтеретін арна ретінде сұранысқа ие болған «31 арна» неге бір қолдан екіншісіне өткені белгісіз. Әлеуметтік желі қолданушылары: «Қорда да, Жалауқызында да ондай ірі сома жоқ екені анық. Өтемұратовтың медиа активін қинап тартып алған сияқты. Әйтпесе, «31» де, «Имформбюро» да кәсіпкер үшін мықты қорғаныс құралы еді», «Ақордаға жақын адамдардың сатып алғаны анық, «госканалдар» көбейіп жатыр» деген пікірлерімен бөлісіпті.

Жалпы, соңғы уақытта ірілі-ұсақты сайттар мен баспасөздер біртіндеп «белгісіз біреулерге» сатылып жатқаны, олардың да соңы үлкен үйге барып тірелетіні жиі айтылып жүр. Сірә, Ақорда жақ қарсыластарына саяси алаң болуы мүмкін деген барлық БАҚ атаулыны бір қолға – өз қолына шоғырландырып жатқан сияқты. «31»-дің белгісіз жағдайда ақшасы жоқ адамдардың қолына өтуі «Нұрсұлтан Назарбаевтың әмияны» атанған Өтемұратовтан да қауқар кете бастағанын көрсететін сияқты. «Жас Алаш» бұл сауда туралы алдағы нөмірлерде тереңірек зерттеп көреді.

Баян МҰРАТБЕК

Тегтер: