Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:16, 30 Мамыр 2024

Назарбаевтың «Болашағы» бұлыңғырланып барады

Болашақ
Фото: Жас Алаш коллаж

Валерия Гавриленко 2016 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған. Ол Ұлыбританияның Ливерпуль университетінде «Стратегиялық коммуникация» мамандығы бойынша магистратурада оқыды. 

Келісімшарт бойынша оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралып, жұмыс істеуі керек еді. Бірақ бұл міндетін орындамай, Англияға қайта кетіп қалған. Кетерінде екі пәтерін кепілдіктен шығарып, сатып жіберген. Енді оқуға кеткен шығынды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Валерия Гавриленкоға кепіл болған әріптестері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан өндіріп алмақ. Шығын сомасы 30 млн теңгеге жуық. 

Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьева «24 KZ» телеарнасында Валерия Гавриленкомен әріптес болған. 2016 жылы Валерия «Болашақ» стипендиясын жеңіп алады. Сосын екеуіне келіп: «Астана мен Петропавлдағы екі үйімді кепілге қойдым, енді маған «гарант» болыңдаршы, сендерге төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Қайтып келемін», – дейді. Мақпал мен Наталья әріптесін қолдайық деп, кепіл болуға келіскен. Бірақ 2019 жылы Валерия елге оралып, екі пәтерін кепілден шығарып сатып, Англияға қайта кетіп қалған. «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен түзілген келісімшартты орындамаған.

Мақпал Дәрібаева: Гарант болған ақшаны төлейміз

«Қазір сот болып жатыр, соттағы құжатта ешқандай пәтер болмағандай. Негізі екі пәтер кепілге қойылды, ар жағында жетпей тұрған 6 миллиондай қаржыға ғана біз кепіл болған едік. 2019 жылы мамыр айында сол кездегі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма президенті Жанболат Мелдешов қол қойған құжатпен Валерия екі үйін кепілден шығарып алған. Сөйтіп, көп ұзамай пәтерлерін сатып, Лондонға кетіп қалған. Біз екі үйдің кепілден шығарылғанын, Валерияның кетіп қалғанын білмедік. Үйді кепілден шығарғанда да орталық хабарласпады. Біз кепіл болғандықтан бірауыз ақпарат беру керек еді. Қысқасын айтқанда, «Болашақ» тарабы В.Гавриленконың қашып кетуіне барлық жағдайды жасап берген. Біздің пайымдауымызша, сол кездегі «Болашақтың» қызметкерлері лауазымдарын асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол берген», – дейді Мақпал Дәрібаева.

Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева
Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева

2021 жылы сот екі журналиске хабарласа бастаған. Алғашында тек Валерияны жауапқа тартқан. Наталья мен Мақпал үшінші тарап ретінде сотқа қатысқан. Сол сотта Валерия Гавриленко жеңіліп қалған. Сондықтан барлық шығынды өзі өтеуі керек болған.

«Бірақ 2024 жылы кезекті сот барысында ешқандай шығын өтелмегенін айтып, бізді де жауапқа тартты. Біз орталықтан осы уақытқа дейін неге екі пәтерді кепілге қайтармағанын сұрадық. Орталық 5 жыл бойы тиісті органдарға өтініш жазып қана отырған. Нақты іс-әрекет жасамаған. Бұл біздің ғана басымыздан өтіп жатқан жағдай емес. Басқа гарант иелеріне де кепілдегі үйлерін қайтарып берген. Біз тиісті жерлерге айтып жатырмыз. Лауазымын асыра пайдаланып, үйді кепілден шығарған орталық қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалмаған. Енді бұлар Валерияның оқуына кеткен барлық шығын – 30 млн-ға жуық ақшаны бізге төлеуге міндеттемекші. Наталья екеуміз жауапкершіліктен қашпаймыз. Басты талабымыз, кеткен шығынды комиссия арқылы есептеп, одан екі пәтердің ақшасын алып тастасын. Қалған 6-7 млн теңгені төлейміз. Орталық мұнымен келіспейді, өздерінің былығын да бізге артып қойып, барлық шығынды бізден өндіріп алмақшы. Осы әділетті ме? «Болашақ» өз заңсыздығын өздері шешсін. Не үшін оған жауап беруіміз керек?!», – дейді М.Дәрібаева.

Наталья Воробьева: «Болашақтың» ішкі былығына жауап беруге міндетті емеспіз

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы біздің конституциялық құқықтарымызды бұзып отыр. Әріптесім Мақпал айтқандай, өзгелердің заңсыздығына біз неге жауап беруіміз керек? Орталық өздері кепілден пәтерді шығарып алып, 2021 жылы өз құжатын заңсыз деп танып, В.Гавриленконы шәкіртақыдан айырды. Ал кейіннен оған оқуға кеткен шығынды өтеуді талап етеді. Бірақ Валерия елде жоқ. Шығынды өндіру керек болғасын орталық бізге негізсіз талап қойып отыр. 2019 жылдан бері бес жыл өтті. Бірақ бес жыл бойына қылмыскерлер анықталмады, қылмыстық іс қозғалмады. «Болашақ» орталығы болып жатқан оқиғадан өз кінәсін көрмей отыр ма? Біз орталықтың ішкі былығына жауап беруге міндетті емеспіз. Неліктен ар-намысы бар азаматтар, «Болашақта» болып жатқан озбырлық пен жемқорлық кесірінен жапа шегіп, 30 млн төлеуі керек? Неге олар шығынды өзгенің мойнына оңай іліп қоя салады?».

Валерия Гавриленко
Валерия Гавриленко

Валерия Гавриленко қазір екі әріптесімен байланысқа шықпайды. Хабарласса телефон тұтқасын көтермейді, әлеуметтік желілерде оларды бұғаттап тастаған. Әріптестерінің айтуынша, ол қазір Лондонда брокер болып жұмыс істейді. 2019 жылдан бері Қазақстанға оралмаған, 2026 жылы паспортының мерзімі аяқталады, сол кезде бір-ақ келуі мүмкін.

Қазір Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева бұл істі көтеріп, БАҚ беттеріне шыға бастағаннан кейін ғана Валерия ісіне билік назар аударып жатыр. Астана қаласының прокуратурасы Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева жолдаған арызды құрамында қылмыстық іс жоқ деп жауып тастаған. Содан кейін екі журналист президенттен көмек сұрап, үндеу жолдаған.

«Біз ешқандай жауапкершіліктен қашпаймыз. Осы елдеміз. Президенттен көмек сұрадық, прокуратура, антикорға арыз жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз. Жанайқайымыз – «Болашақ» бағдарламасындағы жемқорлық пен былық. Біз олардың екі пәтерді заңсыз кепілден шығарып тастағанына жауап бермейміз. Кепіл боларда екі пәтердің барын біліп қана келісім бердік», – дейді екі журналист.

Айжан Тәшенова
Айжан Тәшенова

Айжан Тәшенова, адвокат: Олар шығынды екі есе етіп өндіріп алғысы келіп отырған сияқты

Наталья мен Мақпалдың адвокаты Айжан Тәшенованың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының қорғаушысы сотқа жүгінген кезде Валерияның келісімшартты орындамай жатқанын, осы уақытқа дейін тек 200 мың теңге төлегенін айтқан. Сот адвокаттың сөзіне сеніп, Мақпал мен Натальяға кеткен шығынды қайтаруды міндеттеп отыр. Бірақ сот барысында В.Гавриленконың ай сайын 100 мың теңге төлеп жатқаны анықталған. Қазір 1,1 млн теңге шығын өндірілген. Демек, соттың адвокаттың сөзіне сеніп, шешім шығаруы негізсіз. Себебі Валерия міндетінен жалтарып отырған жоқ. Аз да болса төлеп жатыр. Бір жағынан ол жауапкершілікке тартылудан қорқатын сияқты. Сондықтан заң бұзған болып саналмайды.

«Болашақ» осы былықтың бәрін өздері ұйымдастырды. Енді оқудың шығынын Наталья мен Мақпалдан өндіріп алмақшы. Мен бұлай емес деп үміттенемін. Бірақ болып жатқан жағдайға қарап отырсақ осыған ұқсайды. Бұл алдын ала жоспарланған жүйе ме дейсің. Орталықтағылар «біз кепілде тұрған пәтерді шығарамыз да, кейіннен алдап-сулап, гаранттағылардан ақшаны өндіріп аламыз» деген сияқты болып көрінеді. Орталықтың Валерия, Наталья және Мақпалды сотқа беруі негізсіз. Олар Валериядан да, Наталья мен Мақпалдан да ақша талап етіп, түптеп келгенде оқуға кеткен шығын шамамен 28 млн емес, екі есе ақша өндіріп алғысы келіп отырған сияқты. Азаматтық кодекстің ережесіне сәйкес кепілгерлер негізгі борышкер міндетін орындағанға дейін жауапты. 2022 жылы аталған міндеттемелер сот шешіміне ауысқандықтан, шарт өз күшін тоқтатты. Енді Гавриленконың міндеттемесі келісімшарт бойынша емес, соттың шешіміне байланысты. Меніңше, гарант болғандарға қазір талап қою дұрыс емес», – дейді қорғаушы.

Досым Сатпаев
Досым Сатпаев

Досым Сәтпаев: «Болашақ» бағдарламасы авторитарлық жүйеде дұрыс жұмыс істемейді

Ал танымал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, әуелден бұл бағдарламаның ашылуы қателік болған. Себебі көпшілік «Болашақты» шетелге шығып, сол жақта қалып, елге оралмау мүмкіндігі деп қараған. Ал елге қайтып келгендердің өзі не шетелдік, я ұлттық компанияға жұмысқа тұруға тырысқан. Аймақтарға барғысы келетіндер, жалпы Қазақстанда ұзақ уақытқа қалғысы келетіндер аз.

«Болашақ» ашылғалы бері сынға ұшырап келе жатыр. Бұл жерде билік қателікке ұрынды. Яғни олар осы бағдарламаға басымдық беріп, еліміздің білім беру жүйесін құртты. Ал жастарымыздың 90 пайызы Қазақстанда оқиды. Кез келген жастың шетелге шығып, білім алуына мүмкіндік жоқ. Меніңше, «Болашаққа» басымдық бермей, Сингапур мен Оңтүстік Корея сияқты еліміздегі университеттер мен институттарға артықшылық беру керек еді. Жастар «Болашақ» бағдарламасымен қарапайым салық төлеушілердің есебінен оқиды. Бірақ содан Қазақстанға пайда болды ма? Мысалы, Бишімбаевтарды алайық. Олардың көбісі жемқорлықпен айналысқанын, мүлде тиімсіз басқарушылар болғанын көріп отырмыз. Осылайша, «Болашақ» бағдарламасы қазақтың білім саласын құртқанымен қатар, елді дамытуға үлес қосатын жастарды да дайындай алмады. Қазіргі жағдайда пәтерлердің қалай кепілдіктен шығып кеткенін құқық қорғау органдардан сұрау керек. «Болашақтан» гөрі аймақтардағы білім ордаларын дамыту керек деп есептеймін. Қысқасын айтқанда, «Болашақтан» пайда жоқ. Ел дамуына да, экономиканың жақсаруына да түрткі болғанын көрмедім. Алғашында «Болашақ» түлектері жаңа элита болады деп саналды. Бірақ «Болашақ» бағдарламасы олай болмай шықты. Немесе бұл бағдарлама авторитарлық жүйеде дұрыс жұмыс істемейді. Айталық, «Болашақпен» оқығандар шын мәнінде елдің дамуына үлес қосамыз деп құлшынып келді. Бірақ Қазақстанда қабілет пен адалдық емес, әлі де бюрократия үстемдік ететінін көргеннен кейін олардың басым бөлігі бұл жүйеден қудаланды, қалғаны соған бейімделуге мәжбүр болды. Жаңа айтып өткенімдей, Сингапур мен Оңтүстік Кореяның үлгісін алғанымызда жастарымыз елге пайдасын тигізер еді. Бірақ мына жүйеде шетелде оқып келгендер білікті маман емес, реформаларға қабілетсіз қандай да бір зомбиге айналды».

 «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова ішкі істер министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне хат жолдап, Ұлыбританияның тиісті органдарымен де жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Міндетін орындамаған студент Валерия Гавриленко алдағы уақытта елге қайтарылады.

«Қызметтік тергеу нәтижесінде 2019 жылдың 13 мамырында орталықтың бұрынғы президенті Мелдешов Ж., вице-президенті Алпысбай М., заң департаментінің басшысы Шарамбаев А. тарапынан стипендиаттың барлық міндеттемесін толық орындауына байланысты жылжымайтын мүлік кепілінен босату туралы хабарлама берілгені анықталды. Аталған фактілер бойынша тиісті органдарға орталықтың бұрынғы лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдау және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту үшін бірнеше рет өтініш жолданды», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы».

Осылайша, Гавриленко ісінен кейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» шетелде заңсыз жүрген стипендиаттарға қатысты тексеруді бастаған. Сәуір айында орталық ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігіне Гавриленконың нақты орналасқан жерін анықтау үшін хат жолдаған.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ негізгі акционері ғылым және жоғары білім министрлігі пәтерлерін гарантқа қойып, аузы күйген Дәрібаева мен Воробьеваның жағдайы туралы әлі тіс жарған жоқ. Ал бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов бұл шуды желеу етіп, «Болашақ» бағдарламасын жауып тастауға қарсы екенін айтқан.

«Бұл кейс «Болашақ» бағдарламасының жабылуына әкелмеу керек. Қаншама жағдайы төмен отбасыларының балалары осы бағдарлама арқылы арманына жетті. Әлемнің үздік оқу орындарында оқыды», – депті Аймағамбетов.

Былтыр сенат депутаты Андрей Лукин «шетелге шығатын, сонда қалып қоюға тырысатын оқу туризміне айналған бағдарлама» деп сынаған. 1993 жылы экс-президент Назарбаевтың бастамасымен құрылған орталықтың күні еңкея бастады ма кім білсін, соңғы кездері бұл тарапта әңгіме өршіп тұр. Бағдарламаға қатысты шу шықса министр Саясат Нұрбек те үнсіз қалатынды шығарып жүр. Басқасы-басқа, 2010-13 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болған министр Нұрбектің осы жолы бір үн қататын жөні бар еді. Гаранттар күйіп кеткен бұл оқиғаға қатысты тіс жармағанына қарағанда бұл бағдарламаның болашағына министр де гарант бола алмайтын сияқты...

Тұрсынбек БАШАР