Назарбаевтың немере інісі мемлекеттен 50 млрд теңгеден астам активтерді жымқырған

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке 50 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылғанын мәлімдеді.
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қ.Сатыбалдыдан кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.
Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер қайтарылды.
Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар, делінген прокуратура хабарламасында.
Сатыбалдыдан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды.
Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды.
Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды.
Жалпы сомасы 33 млрд теңгені құрайтын Қ.Сатыбалды мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.
Оларға: Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла; Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер; құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік; құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады.
Басқа істерді ескере отырып, Қ.Сатыбалды 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарған.
Айта кетейік, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қ. Сатыбалды және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд АҚШ долларынан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылғанын айтқан.