Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:24, 10 Маусым 2022

Не істеп жіберді-ей? Ұқпай қалдық!

None
None

Шынымен де. Конституция бойынша референдумды жабылып-жанталасып жүріп өткізіп тынды.

Біз бұрын ойлап келсек, референдум ұғымында ел басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін, ұлт пен халыққа, ел мен жерге қатысты айрықша маңызы бар мәселелерді халықтан сұрау салып жатыр деп. Мәселен, «Президенттік биліктен бас тартып, енді парламенттік республикаға айналайық па?» деген сұрақ болғанда ғой! Халық «иә» немесе «жоқ» деп қана жауабын берсе, ә?

Мына референдумға бас салып бірден 56 түзетуді тығып жіберді. Өңкей өзгерістер мен түзетулер, толықтырулар.   

Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, президенттің партияға мүше болуына тыйым салу сияқты кей түзетулер онсыз да қолданыстағы заңдармен реттелетін дүние еді. Бір мандатты округтер бойынша сайлау, конституциялық кеңес сияқты енді бір түзетулер бұрынғы конституцияда болған. Бар-жоғы бұрынғы нормаларымызға қайтып келіппіз.

Қазіргі қолданыстағы заңнамаларымызға сәйкес, бұл түзетулердің барлығын парламент арқылы-ақ қабылдауға болар еді, референдум деп елді шулатпай, ақша шашпай. Оның үстіне, бұлардың бәрі қоғам тарапынан бәзбір қарсылық шақырмайтын жай түзетулер болса. Ендеше, референдум өткізуге не жорық болды? Референдумды жақтаушылар бұл түзетулердің басты мақсаты – Конституциядан тұңғыш президент – елбасының мәртебесін алып тастау деп санайды.

– Тұңғыш президенттің жақын туыстары араласқан қаңтар оқиғаларынан кейін «тұңғышымыздың» есімін Конституциядан алып тастауды қоғам құптағаны анық, бұл түзетуге қатысты ешкім ештеңе демейді. Содан болар, біреулер үшін бұл референдум Назарбаев дәуірімен ресми қоштасу сияқты көрінеді. Бірақ «тұңғыштың» өзі биліктен кеткенін, екі жылдан бері жай ғана зейнеткер болып жүргенін өз аузымен айтып еді. Ендеше, референдум не үшін өтті? Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай түзетулер қажет екенін халыққа түсіндіріп, парламентке жүгінсе, депутаттар қысқа мерзім ішінде қажетті түзетулерді қабылдай алар еді ғой? Мұндай қадамды ел халқының басым бөлігі құптап, қолдар еді. Бұл түзетулер халық еш мәжбүрлеусіз-ақ өздігінен қолдайтын нәрселер болса, мұның бәрін референдумге айналдырмай-ақ, 16 миллиард теңгені үнемдеп қалуға болар еді. Ресми тұлғаларымыз бен солардың маңайынан шықпайтын, пропагандамен айналысатын саясаттанушыларымыз бұл референдумнан кейін суперпрезиденттік модельден жай президенттік модельге түпкілікті ойысамыз дескен. Бірақ тура осы айтқандары болмай шықты. Өйткені бұл түзетулердің ешбірі президент өкілеттігіне тиіспейді. Біздің еліміз тура бұрынғыдай суперпрезиденттік билік формасында қала берді. Сенбесеңіз, Конституциядағы «Президент» деген тармақты қараңыз, президенттің өкілеттіктері ешбір өзгеріссіз дерлік, сақталып қалды. Маңызды мемлекеттік органдардың барлық басшыларын президент тікелей де жанамалай да тағайындайды. Тек мәжіліс төрағасын депутаттар сайлайды. Салыстыра кетсек, біздің президентпен салыстырғанда, Ресей президентінің өкілеттіктері анағұрлым шектеулі. Міне, басты сұрағымыздың жауабы осы жерде жатыр. Бұл референдум – біздегі суперпрезиденттік өкілеттіктерді сақтап қалу деген жалғыз мақсатпен өткізілді. Өйткені суперпрезиденттік өкілеттіктің сақталуына президентіміздің маңайындағы тұлғалар өте мүдделі. Референдум соларға керек болды, бұрынғыдай тасада отырып, ел тағдырын шеше беруі үшін. Суперпрезиденттік басқару формасында барлық мемлекеттік құрылымдар, әсіресе күштік құрылымдар ең алдымен президент пен оның айналасының мүддесін қорғауға бағытталады. Қаралы қаңтар оқиғасы бұған біздің көзімізді әбден жеткізді. Суперпрезиденттік елдерде билік демократия туралы көп ертегі айтады, бірақ іс жүзінде бұл бағытта еш әрекет жасамайды. Отыз жылда біз бұған да куә болғанбыз. Қиналған халықтың қыңсылын еститін құлағы бар қазіргі мемлекетіміз ғой, бір кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып жіберген, бірақ онысының қазір мүлдем үні шықпай қалды. Партиялар мен митингілер туралы заңдарға былтыр енгізілген түзетулер де елімізге пәлендей еш өзгеріс әкелмеді. Мұндай тірлікпен қоғамның либеральдануы мен партиялық құрылысты көрмейтін түріміз бар. 30 жылда не экономикамызда ауыз толтырып айтатындай жетістік жоқ, «алдымен – экономика, сосын – саясат» деп халыққа тықпалап келген саясаттары өтірік болып шықты. Ел байлығының жартысы бір топ адамның қолында кетті, бітпейтін уәделер мен жобалар сияқты мысалдар өте көп. Сондағы айтпағым, бұл референдум елдегі суперпрезиденттік билікті мықтап бекітіп қою үшін өткізілді, әрі бұл ел азаматтары бұл істе билікке өз қолымен көмектесіп жіберді. Бірақ суперпрезиденттік биліктің ақыры немен тынатынын біз жақсы білеміз, оны кеше ғана қаңтарда көріп едік, – дейді сарапшы.

Тегтер: