Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

“Не үшін?”: Ұлттық банк қазақстандықтардың барлық шоттары туралы мәлімет алады

Банк
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі мен «Қазпошта» АҚ Ұлттық банкке банктік шот иелері туралы тұрақты есеп беріп отыруға міндетті болады. 

Бұл талап Ұлттық банктің 2025 жылғы 22 мамырдағы №26 қаулысында көзделген.

Қандай есептер тапсырылады? Қаулыға сәйкес, қаржы ұйымдары Ұлттық банкке мынадай төрт түрлі есепті жолдауы керек:

  1. Банктік шот иесі туралы есеп;
  2. Банктік шот (салым) шарты туралы есеп;
  3. Банктік шот туралы есеп;
  4. Банктік шоттағы операциялар туралы есеп.

Алғашқы үш есеп банктік шот иесі, шарт немесе шот туралы жаңа мәліметтер алынған немесе өзгерген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тапсырылады. Ал операциялар туралы есеп ай сайын, есепті бір айдан кейінгі айдың 10 жұмыс күнінен кешіктірмей жолдануы тиіс.

Нақты қандай мәліметтер қамтылады?

  • Шот иесі туралы есепте оның жеке немесе заңды тұлға екені, туған жылы, жынысы, азаматтығы, тұрғылықты аймағы көрсетіледі.
  • Шот шарты бойынша есепте салым шартының барлық шарттары, мерзімі, мультивалюталық сипаты және басқа да мәліметтер жазылады.
  • Операциялар есебінде шоттағы барлық ақша қозғалысы, яғни түскен және шыққан қаражат көлемі, қалдық сома және басқа да ақпарат көрсетіледі.

Дербес деректер қалай қорғалады? Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер туралы ақпарат берілгенде дербес деректерді қорғау үшін:

  • ЖСН — арнайы деперсонализацияланған нөмірмен (ДИН) ауыстырылады;
  • Аты-жөні — банктік шот иесін сәйкестендіретін кодпен (АИН) алмастырылады.

Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сұраныс жіберген жағдайда, сәйкестендірілген деректер (шот иесінің нақты аты-жөні мен ЖСН) арнайы қорғалған арналар арқылы берілуі мүмкін.

Бұл не үшін қажет? Ұлттық банк аталған шараны қаржы ағынын бақылау, ақшаны заңдастырумен күресу және банк секторындағы ашықтықты арттыру мақсатында енгізіп отыр. Сонымен қатар бұл шешім қаржы мониторингін жетілдіру, салық тәртібін арттыру, және көлеңкелі экономиканы азайту шаралары аясында қабылданған.

Тегтер: