Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:10, 18 Қаңтар 2023

Неке

None
None

Ежелгі тау қыстағының қысқы ұзақ сартаңы енді ғана пердесін сиырып барады. Қиыс арттағы Сәду сайының аузындағы таңғы жусаудан енді тұрған бір топ жылқы андыздан сонырқалап бытырай бастады.

Өздері мазасыз, жаңа жауған көбік қарлы өлі даланың із-тозсыз тың бетін шұбарлап астынғы сұр қарды сырты жылтыр сұршегір тұяқтарымен тарпып кеуектеп еркіне көнсе ұлан-ғайыр жер түгін жалмап тауысуға асық секілді.

Еңіске, сонау аққаптал жазыққа құлай аққан өзен мұртын, тоғай басын көкбөрік мұзсырғақ ұстаған. Орман ортасындағы ирелең арна бетінің әр жерінде, қазан аузындай қарауытқан ойдым тұсындағы сырмақтай ғана ашық су көрінген ақ моншақ шапшуыр жал толқын арасындағы сүп-сүйір, өн бойын мүк қына басқан сұрғылыт тас үстінде аламойнақ су торғай көрінеді. Ол да ұзыншақ әрі жіңішке солқылдақ сабау құйрығын сабалап, сабырсыз қалпында аяқастынан қадалады. Күндіз-түні суылдап ағып жатқан жер шіркіннің ұзын сілекейінен әлде нені дәметеді.

Өзен аңғарына иегін тірей құлаған биік текшеде, ықтасын көрген қой секілді, тастан жиған ығы-жығы үйлердің ұзынды-қысқалы моржасынан бұрқ еткен таңертеңгі түтінмен бірге, әзірше бөтен-бастан ыбыр-сыбырдан, ел шошырлық селебеден аулақ тұрған тап-таза, әрі сондай аңғал ауылды тосын туылған әлдебір сұмдық шарпи жөнелді.

— Қорлығайынды суға тоғытып жатыр. Кезінде, өзінше ұнасып та тұратын ауыл заңының дәл үстінен түскен, өзенге ертелеп ат суаруға барған әлдекімнің аузынан шыққан бұл сөз – аяғына шытыралы кебісін іле салып асығыс суға жөнелген жеңіл аяқты әйел арқылы орнынан тұра бастаған елге лезде тарады. Сол-ақ екен, табаны киіз, қонышы шүберек, қолдан сырылған етікше киген балалар, күресінге күл төге шыққан әйелдер тоғай ішінде болып жатқан шуылға тұра ұмтылысты. Өріске мал айдаған еркектер, ересектер су бойындағы еңісте, мұнар арасындағы қарпақ-құрпақ алысқан әлдекімдерге үнсіз ғана бас шайқап қарап қойысты.

Үстінде шолақ жең, етегі тізесін соққан сұр мәлескен камзол киген, былтыр ғана күйеуі қайтыс болған осы рудың уыздай жас, басы қаралы жесір әйелін, екі жігіт балтамен ойылған қалың мұз астындағы сұп-суық өзен суы өкірген иірімге, ызғарлы зәр ішіне, қос білезігі сылдырлаған білегін мықтап ұстап шімірікпестен тоғытып алады. Қызыл гүлді шыт көйлегінің кеңінен тігілген жалпақ әдіпті жеңін су жұлқып барып әйелдің кекіліктің еті секілді майда, әрі тып-тығыз қолтық еттері, қабығын аршыған піскен жұмыртқаша жарқ етеді.

«Шашты сайтан, аруақ атаған әруей, сенің жазаң осы!» – деп екі жігіт ызғарлана тіл қатады да, жарым метр қалыңдықтағы мұз үңгірінен суырып алып, иірімге қайта сүңгітеді. Судыраған бөртпе салысы суға кеткен әйелдің жарып тараған қалың шашы арасынан, киімінен, тіпті өзі тұншыққан болса керек, су астындағы аузы-мұрнынан отаулаған ақ көбік көрінді. Сөйтті де, бір мезет қазандай үңгір аузынан әлгінде бір жарқ етіп суға шөккен ұзын шашбауы ұшындағы қос сөлкебай спетті өңшең бір баянсыз ақ күмістер су бетіне секіріп шығып жатты.

Бір кезде, есеңгіреген әйелді қармақ қапқан шортанша тулатып су бетіне алып шықты. Қимылдауға шамасы да қалмаған секілді. Малмадан шыққан терідей өн бойынан су сарылдайды, тітіреген, қатты қалтыраған, неге болса да бекіген қайсар әйел сонда да тіл қатпады. Жылаған да, жалбарынған да жоқ. Тек көгерең тартқан сүп-сүйрек әжімсіз иегі сақылдап, сола бастаған тамақ астындағы үлпілдеген бұғақшасы бүлкілдеп жаны ашымаған, тас жүрек екі жігіттің қолынан мықтап ұстапты.

Дәл осы кезде, тағы бір қатыгез қол иесі, шуылдаған тағы бір топ, қарлы беткейді түйеше тарпытып, салақ аулы іш киімі бар, үстіне кең жағалы шапан киген қоңыр иек, сопақ бас кісіні – жастық атаулының күнәсіне тап болған тағы бір күнәһарды дедектетіп мұз үңгірдің аузына алып келді. Оның да көрген күні сол болды. Бөгде бір ашулы қимыл, етегі жер сызған оның әлгі кең жағалы қаптал шапанын мұз үстіне лақтырып жіберіп, оны да суық суға ұзақ шайқады.

Бір ғажабы, бәрі де үнсіз түнеріңкі. Қай-қайсысының аузынан алақашпақ боқтық сөз шыққан жоқ, жаза иелері қол жұмсаған да жоқ. Тек таңертеңгі ораза ашпаған тұста, аяз тұмшалаған ақбөрік тал арасындағы өзен үсті аз уақыт аттопыр болды. Қарпақ-құрпақ алысқан топтың, күресін тарпыған тауықша, сығырдың сұры қар үстін айғыздаған сойдағы мен жылтыр мұз бетін сызып түскен етік нәлісінің ізі қалды. Оқиға ұзаққа барған жоқ, құлын күнінен бір желіде күнқақты болған, кеберсіген таңдайын да бірге жібіткен, кісінесіп те, тістесіп те үйренген, оңайлыққа сыртқа таңын тартқызбайтын бір үйірдің жылқысы секілді дойыр топтың соңғы сарабы да айтылып болды.

Ата жолынан әлі ауа қоймаған мұқым ауылды жалғыз өзі жыланша ысқырып айдап салған жирен мұрт ұзынша ақсары кісі судан сүмірейіп шыққан екеуге тіл қатты:

— Бараншаның бір түтіні өшкелі он ай болды. Жылға толған жоқ, марқұмның жылын бермей жатып жылы қойын іздеген екеуіңнің сазайың осымен бітті… шариғаттан безгендердің күнә ғұсылы аққан сумен кетсін.

Ауыл ағасының соңғы сарабы ауыздан шығысымен уыздай үлбіреген Қорлығайынды манадан аңдып тұрған кекселеу келген, кемиек қара кемпір ала жөнелді. Сүрі қар үстінде, шүмекше сорғалаған судың, ісіне қалған күн кебістің балпиған ізі қалды. Қорлығайынды қолтықтаған қара кемпірдің аяқ алысы тым тез, мүмкін, ол дағы ақыл тоқтатпаған сонау желік қуған жас кезінде, сондай бір қысқа ләззаттың соңғы сор дәмін, сол сор дәмнен туған бақыт пен қайғыны кешкен болар.

Осыдан екі ай өткен соң күйеуі өліп тұл отырғанына ұзақ болмаған, бір күн болса да бақыты қайтқан жас әйелмен ауыл ниетінен, үлкендердің ұйғаруынан аттап ата заңын бұзған, басы қаралы жас жесірмен күні бұрын көңіл қосу үстінде үсталған, сол үшін жазасын да тартқан еркектің некесі оқылды.

Айнала толы сол ауыл иелері. Анадағы жаза кескен жирен мұрт төрде отыр. Жирен мұрт қара би ел-жұртымен ақылдаса келе: «Аяқтағы кебісті де албаты біреу кие бермейді. Қорлығайын басқаны былғамай-ақ сонысымен болсын, ол дағы өзіміздің бір түтін ғой!» деп бірін-бірі ұнатқан екеуге кісі салған, Қорлығайынның қасындағы, өзін судан шығарып әкеліп, үйіне келген соң киімін ауыстырып, бойын жылытқан қара кемпір, дұғасы оқылған соң ішіне күміс жүзік салынған тап-таза ақ кеседегі неке суын ерлі-зайыпты болған екеуі, онан соң өзінен бастап өзгелерге ұрттатып шықты.

***

Ей, ел-жұртым, есіл ауылым менің!

Мен кейде бір тұстағы әділ билігіңді, қадірі білінбей жүрген ата заңыңды, қарақылды қақ жарған турашыл сарайыңды еске аламын. Сол күндеріңнің теріскейінен тебін тауып, күнгейге көз салмайтындарды көрсем көңілім айниды. Мазам кетеді. Қиналам, тоқсан рет толғанам, төсек үстінде дөңбекшимін!

Тегтер: