Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:26, 06 Мамыр 2022

Несіпбек Айтұлының алтынды жыр сарайы

None
None
  1. Эпиграф – дегдар сөз

Эпиграфқа асқан құмарлық кітапқа деген бала сүйіспеншілігімнен басталған.

Ол онжылдықтар аунаған сайын балауса уыз әсері жойылып, өшудің орнына ұлғайып өсіп барады! Есейген соң ақын-жазушылардың шығармашылық қуатын, әдебиеттегі шынайы тегеурінін эпиграфтармен өлшейтін күйге ұшырадым. Әлемдік классика өз алдына. Қазақ классиктері эпиграф қорының сарқылмас молдығымен қайран қалдырды. Жыраулар тегіс, Абай, Мұхтар, Мағжан, Ілияс… Шын да­рын атаулының жан сарайынан арайланып шыққан тірі сөз эпиграф болуға татиды. Эпиграфқа мадақты «Мұнара» атты романымның екінші бөлімінде жазған екенмін: «Эпиграфтарға өлгенше мән беруді мен Эдгардан үйрендім, әлде Вальтер Скотт, мүмкін Стендальдан ба екен, дәл есімде жоқ. Бірақ басқалардан гөрі, Эдгар Поның әңгімелерінің шекесіндегі әрбір шамшырақ-эпиграфқа мейлінше ұзақ үңіліп, терең ойға ба­татын ғадеттен ешқашан арылған жоқпын. Ол қарызға алған эпиграфтардың құпия құдіреті маған таңғажайып көркем һәм естен тандырарлықтай данышпан сезілетін. Оның әсерін суреттеуге тілім жетпейді, мүмкін ол аңызға оранған асқан сұлу бейнелерге тең болып, жүрегімді жаулаған болар. Эдгар По әңгімелері мен өлеңдеріне көркем әдебиеттен таңдап алған эпиграфтардың әрқайсысы мен үшін қазына аралына ұқсады. Неткен құдіретті таңдау! Шынтуайтында, бір ав­тор екінші авторға ай мен күн тәрізді үздіге қарауы бұл! Эпиграф әсері осы ұғымға тең. Кейіннен жазушылыққа құлай берілген сайын өзім де эпиграфтарға құштарлықтан арыла алмадым.

… Оның һаріптері емес, ішкі қуаты мен сөздің жалыны шырқ үйіріп ала жөнелетін. Мен сонда ғой шамға ұшқан көбелек едім», (А. Кемелбаева, «Мұнара. Соңғы жолбарыс», 2003 жыл).

Эпиграф (гр. epigraphё – жазу) – 1) ежелгі гректерде – бір заттың бетіндегі жазу; жазба; 2) туындының алдында қойылатын сөз, сөз орамы (көбіне цитата), мұнда автор өз шығармасының немесе оның жеке бөлігінің түпкі ойын, идеясын түсіндіреді. Эпиграф – сөздің кені, алтын-күмісі сияқты, жарқырап тұрмағы соның үшін.

Несіпбек Айтұлының жыр патшалығында эпиграф алуға бек лайық өлең жолдары мол ұшырасуы керемет құбылыс. Шынтуайтында, ерекше құпия белгі, таңдаулылардың өз еншісі. Қазақ сөз өнерінің бекзат қазынасы бұйырған ақын Несіпбек Айтұлы дегенді анық білдіреді. Әйтпесе шын талант­тар саусақпен санаулы болады. Ат төбеліндей таңдаулы топқа ену – қаламға жармасқан көп жазушының бақ-аңсары, өмірлік асқақ мұраты. Мұның тылсым сырын Жаратушы иеміз белгілейтін уақыт әмірші анықтайды. Ақынның құдіретті интерпретацияға лайық жаралған бір өлеңі ерекше баурады. Атауы – «Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас».

Ұясынан ұшқанынша жан тынбас,

Рахатың бейнетіңнен артылмас.

Қыр соңымнан қалар емес туғалы

Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас.

Қайдан ұқсын қайран жақын-жұратым,

Тағдырымды жылан арбап тұратын.

Жүрегімнің құйтақандай шөлмегін

Түбінде сол сарқып ішіп, тынатын…

Классикалық Шығыс әдебиетінің ежелгі еуропалық ба­тыс прозасы дамуына нәр беріп, сәулесін төккен мың бір түн ертегілік-поэтикалық сарын, мифологиялық құдірет, жалғаннан ешқашан арылмас дуалистік түбір, ажалға амалсыз мойынсұнған «Көр іші – қара қобыз» (6-том, 14-бет) қорқытшыл сарын, экзистенциалистік дағдарыс, бақсылық кие қат-қабат тұтасып сөз сиқырын күшейте түседі.

Адами сананың қос жарылуы туралы небір айтулы прозаның (Оноре де Бальзак, «Шегірен былғары», Эдгар Аллан По, «Вильям Вильсон», Роберт Луис Стивенсон, «Доктор Дже­киль және мистер Хайдтың қызық оқиғасы», Оскар Оскар Уайльд, «Дориан Грейдің портреті», т.б.) асыл өзегін қазақ ақыны қос шумаққа сыйдырып жіберген. Жылан жылы туғанмын, маған «Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас» – рубаяттың құпия қуат-әсері тым тылсым көрінгені әбден рас. Көлемі қарға адым қысқа өлеңде Несіпбек Айтұлы поэти­касында жиі қолданатын риторикалық сауал философиялық жауаппен жігі айырылмай, көкжиегі қабыса ұштасып кетуі қайран қалдырды.

Адам жанының құпия құбылысын, ғазиз жүрекке әзәзіл түсірер салмақты қос шумақ өлеңге сыйғызу классикке тән артықшылық деп танимын. Абай жан сырын ашық жазады ғой: «Әділетті жүректің, Ғаділетін бұзыппын».

Мынау өлеңге ақын түйсігі нәресте жөргегін сатып, сақа Шекспир риза болар ма еді деп ойлаймын. Бұл қосарлы рубаятты оқыса басқа шайырлар экстазға ұрынып, найзағай түскен кебір бұтақтай тұтанып жыр жазып кетеді. Қазақ жырында мұндай өлеңнің басқа нұсқасы, қарызға алған импровизациялық варианты кездеспеуі әсте мүмкін емес! Философия, дін, өмір мен өлімнің құдіреті («Өмір екі келмейді ерге, Өлім бар­да қаскүнем» (143-бет), дүниетанымның небір «измге» толы шарпысқан шалқуы бұл өлеңде жасырын тұр. Сонау ықылым замандардан бергі адамзат бастан кешкен құбылыстар бұл екі шумаққа сыйып кететіні ғажап! Бұл тек ақындықтың шалығы емес, үкім, жазмыш, символ, таңба, құса, үміт.

Бұл ақындық жаратылыс жыры мен ақ адал сыры болар. «Бір ғаламат ғұмыр кешіп» атты өлеңнен ақын жүрегі пір тұтқан сопылық эйфорияны ұғарсыз.

Арманымды сеземісің, аяулым,

Аққан судай күндіз-түні ояумын.

Бір ғаламат ғұмыр кешіп жүремін,

Арасында мың құбылған бояудың.

Бір ғажайып бал жұтамын түнімен,

Бұлбұл құстың тамылжыған тілінен.

Бір керемет жоқты іздеумен мен жүрем,

Сағымдардың сүзгісінен жүз өткен,

Мен бір сәуле аспан астын күзеткен.

Жаратқанға жалшы болып жүремін,

Аруақтарға есік ашып ізетпен.

Рухының рахатына бөлеген,

Ғұмыр, шіркін, қызық еді не деген!

Таң сарғайса, сорғалаған жұлдыздай,

Саған қарай салып ұрып жөнелем.

Ойларымды арқалаумен мың батпан,

Әйтеуір мен келе жатам бір жақтан.

Кер құла атты Кендебайдай мұңайып,

Алтын құйрық құлындарын ұрлатқан.

Таң алдында талығып мен қайтамын,

Оның бәрін саған несін айтамын.

Ептеп келіп сені ғана оятам,

Тәтті ұйқысын бұзбасын деп Байтағым!..

Несіпбек Айтұлы жан дауасын таппай қиналса өзін қаңбаққа теңейді: «Сырына қанып өстім бұл дәуірдің, Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім» («Өзімді таныстыру», 3-том, 16-бет); «Жаппар ием, жабыққанда жалғызыңа бол тірек, Жел айдаған жетім қаңбақ қайда бармас тентіреп?» («Сөнбей қалған қоламта іздеп...», 3-том, 20-бет); «Омырауды шаң қаппасын, Жолға шықсам, медет бер. Қалбаңдаған қаңбақ-басым, Енді қайда де­дектер?» («Көңіл түбі қараңғы», 3-том, 167-бет). Ақын сопылық күйге түсінде шомады. Қожанасыр әулиені пір тұту – суфийлік даналықтың қасиетін дөп тану. «Түсімде ылғи қаңғып жүрем» атты өлеңде (3-том, 84-бет) ақын жады үшін әулие иесіне адал Қожекеңнің есегі кей жұрттан артық. Қас жақсының астына мінген есегі де өшпес образға айналған: Иса пайғамбар Иеру­салимге мініп кірген есек, Мұхаммед пайғамбар мінген Дүлдүл атты қашыр, Дон Кихоттың серігі Санчо Пансаның есегі, Қожанасырдың есегі.

Адамзаттың жадындағы жануарға сыйлауға,

Түсімде ылғи қаңғып жүрем, күміс ноқта таба алмай.

Бұл, шынтуайтында, бейкүнә жануар есекті дәріптеу емес, аңыздық қисын мен аңыз-әңгімелерде көк бастаулардан ағар саф таза судай тұнған биік рух, асыл зерде, адамшылық, иман қағидаларын пір тұту.

2. «Қайдасың, қара қобыз – кәрі жырау»

Несіпбек Айтұлының поэзиясында туа бітті жыраулардан қалған қас үлгі – толғау, арнау, терме, ел айбынын асыратын небір айтулы тұлғаға ода-мадақ жыры мол.

Кеңес Одағы ыдыраған соңғы дәуірде қазақ халқын елдік табиғатынан біржола ажыратуға, аздыруға аса мүдделі сыртқы жойқын күштер қаржы құюда. Жолайырықта таңдау түсіп, қатерлі кезең қазақ басына төнді. Ата дін, ұлттық асыл салт-дәстүр, ғұрып-рәсімді құбыжық, жат қылып көрсету арқылы тектік нышан, ұлы қорғаныштан айыру, мәңгүрттікке итерудің қып-қызыл саудасы жүріп жатыр. Несіпбек Айтұлы жаңа дәуірде ескілікті ерен көркем құндылықтар ұмыт бол­маса деп рух шақырудың, аруақты ұмытпаудың киесін біледі. Сөздің магиясын ақынға құдай берген. Ескі сөзде қазақ бар, халықтың таңғажайып жады мен дегдар жаны бар.

Қара саба қаңсыса тұралаймын,

Қара тұтып қалайша жыламаймын?

Тірлігімнің жанары ағып түсер,

Құзғын ойған көзіндей құралайдың.

(«Елестейді көзіме», 3-том, 99-бет)

Ұлттық дүниені дәріптеуден бұрын, өткір образ салу ойдың құнын асыра түседі.

Шал Құлекеұлының (1748-1819) жыраулық дәстүрге сай ерен дүниетаным астарын, қазақтың ұлттық қасиетін, этникалық мінез-құлқын зергерлік нақышпен анық ашқан ше­девр өлеңі бар. Бағзы қазақ шыққан бабаларымыздың болмы­сы, нағыз гимн:

Арқадан қашқан қоянды

Арғымақ қуып жетпесе,

Ақберенімді оқтаман.

Басымды менің қорласа,

Бір туғанымды жоқтаман.

Жақсылардан кем көрсе,

Жамандармен тең көрсе,

Кеңірдегімнен келгенше,

Алтынға малсын, тоқтаман!

Жыраулардың тұяғы Мұрат Мөңкеұлының (1843-1906) жы­рында да нақ осы қазақылық сарын:

Арғымақ сайлап не керек,

Артынан жабы жеткен соң.

Ағайын-туыс не керек,

Аңдысып күні өткен соң.

Жолдас сайлап не керек,

Тірідей көңіл қалған соң.

Жорға сайлап не керек,

Кілегей мұздан тайған соң.

Айт дейтұғын сіз қайда,

Айтатұғын біз қайда?

Бір төбенің басында,

Мұнар болып қалған соң.

Шығыс Қазақстан облысында Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрғанда Өскемен қаласында жыл сайын өтетін «Шығыс шынары» атты жыр фестивалінде ақын Көпен Әмірбектің: «Осы екі өлең менің темірқазығым, пірім, осы екі өлең үшін өмір сүріп жатырмын», – деп айтқанын ұмытпаймын. Ұлттық табиғатын жоғалтқан әрбір халық жер жаһаннан ізі құрып жоғалады, ассимиляцияға ұшырап, қожырайды, теңіз көбігіндей тез тарқап кетеді. Сондықтан Несіпбек аға ұлы ба­балар рухын жыр әлемі арқылы ұлықтаудан жалыққан емес. Қазақ халқының бақыты үшін қан майданға түскен әзиз аруақтарды ешқашан ұмытпауы, ұлы тұлғаларды ардақтауы, ес-жадынан өшірмеу қасиеті Несіпбек Айтұлының ұлттық ақын екенін тасқа таңба басқандай айғақтай береді. Ол бес дастан – хамса жанрында тарихи деректі көркем поэмаларды молынан жазып келеді. Тарихи тұлғадан сом портрет жасап, тектілік пен ірілікті, мәрттікті ту еткен кейіпкерлері кілең ел қорғаған батырлар, тіл қазыналы ақындар, ішінде еш осалы жоқ.

Қайдасың, қара қобыз – кәрі жырау,

Алыстан сарыныңды таныдым-ау!

(«Ақмола шайқасы», 3-том, 351-бет).

Тектік негізде жыраулар сөзінің рөлі орасан зор. Жыраулар поэзиясы уақыт озған сайын жанданатын жаһандану үрдісінде біздің елдің тамырын, отаншыл рухын, этностық ерекшелігін бүлінуден, бүлдіргіден бүтін сақтайды. Оның тарихи рөлі қазақ халқы үшін семит халықтарына көктен түскен киелі кітаптардан еш кем болған жоқ деген оң қисын концепцияны көзі тірісінде Әуезхан Қодар жазды.

Аруақ сыйлаудың киесін қазақ халқы біледі. Тарих – өлі мен тіріге ортақ шеру.

Анда-санда өткендер кірмесе егер түсіме,

Жұмыртқалап кетпей ме жылан кіріп ішіме?!

Қызыр қонып басына, нұры жаусын Алланың,

Аруақтардың рухын ардақтаған кісіге!

(«Аруақтарды ұмытпай», 3-том, 202-бет)

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» – қазақ менталитеті осы. Өткенін ұмытудың түбі тозуға бастайды. Жер бетінде мұндай зәбір жоқ демеңіз.

Сорлы құлдың шыбын жаннан басқаға жоқ таласы,

Туды, өлді – болды ғайып, көрінбейді қарасы.

(«Кер заманда», 3-том, 95-бет)

Несіпбек Айтұлы «Шәкірге соңғы сауал» атты толғауында (6-том, 26-29-бет) ғасырлар тоғысында қазақтың ұлттық сана­сына түскен ауыр салмақты, азаматтық уайымын рух жаршы­сы болған соң күдіктен сескеніп, құса-мұңмен таңбалайды. 407

Армысың, асыл киелім,

Өзегі алтын жүйелім.

Еңкейе бермес өзгеге

Басымды саған иемін.

Ағытсаң жырдың тиегін,

Арынды, ақпа күй едің.

Тілеген жерден табылған,

Табиғат тартқан сый едің.

… Бұдыры болат бедерлім,

Бағасы қымбат беделдім.

Қарасы өшсе төбеңнің,

Көзімнің жасын төгермін.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ақ батасын берген Шәкір Әбеновке арналған тілек-толғау. Қазақтың келешекке үміт артқан керуен көші жоғалмаса, ежелгі бабалардан қалған ұлттық ірілік қасиеттер, ел мен жер бүтін сақталса деген мүдде, ұлттық идеологияны толғау арқылы таныту. Жыраулар салтында талапты жасқа бата беру, өсиет қалдыру бар.

Сен де бір кезбе диуана,

Дәм-тұзын тапқан көп елдің.

Үкідей ұштың үлпілдеп,

Үстінен сансыз белеңнің.

Атамды айтып қайтейін,

Батаңды алып көгердім.

Ақиқат жолын нұсқашы,

Оғындай түзу береннің,

Жымына тұяқ ілдірмей,

Жоғары менен төменнің,

Дулат пен Ақтамбердінің

Кенішін тауып кенелдің.

Бұлауға түскен тобандай,

Бейнет пен сорға кенелдің.

Заманың сиқын танытты

Меңіреу, мылқау, кереңнің.

Ноғайлы дәуірінің ақиығы Қазтуған жыраудың мақамына салғаны айдай анық дәстүршілдік. Ұлы дәстүрге берік ал­тын шырақты өшірмей, Ақтамберді жырау мен Дулат Бабатайұлының жыр қазынасын архивке тапсырған Шәкір атамыз болатын.

… Сен жұтқан удың жұғынын

Мен-дағы жұтып өлермін.

Тізгінін тұлдыр пәнидің

Артқыға мен де берермін.

Керегем кедей – басқұр жоқ,

Өнегем өгей – дәстүр жоқ.

Қорадан тартар қойымды

Аңдыған дүлей қасқыр көп.

Амалын айтып кетпесең,

Көлденең тұр ғой кедергім.

Соңыңнан жетсем жұрдай боп,

Мақшарда саған не дермін?..

Қазақтығымызды дұрыс сақтамасақ, азат басқа қоршылық төнер, асқақ рухты жоғалтудың құса, шері, нала, соры ақырзаманнан несі кем?! Бұл бақиға аттанған Шәкір шалға сауал емес, тұтас бір ұлт қазаққа, фәнидегі тіріге сауал.

Жыраулық текті мұра – өлең сөзге көзсіз ғашықтық Несіпбек Айтұлының далалық табиғатында, қазақ қанында жалын­дап тұр.

Аш өзегін жарып шыққан жапан түздің төл құсы –

Бозторғайдың жағы талмас таң бозынан жырлаған.

(«Бозторғайдың жағы талмас

таң бозынан жырлаған», 3-том, 18-бет).

Оның «Жүрегімнің жыл құсы», «Жұлдыздың жұмыртқасындай» сияқты теңеулері космос, ғарыштық көңіл шалқуын білдіреді. Даланың еркін өскен баласы бесігінде-ақ түндігі ашылған киіз үйде көкке көз тігеді. Дала салтында ернінен ана сүті кеппей-ақ аламан бәйгеге шабады, ат арқасында өсіп жетіледі.

Жылқы культі Несіпбек ақынның күллі поэзиясында қанық. «Сол жолы Аягөз өзенінің бойында өткен бәйгеде Нарқызылға мен мініп шапқан едім. Ол 1964 жылдың жазы еді»; «Менің Шәкір Әбеновке арнаған толғауымда: «Өледі екен қас тұлпар, ернеуге сүйеп иегін», – деп жүргенім содан алған әсер», (7-том, 432-433-бб.).

Кербесті, білем, әлі бөлек орның,

Бір мінсем бұлдырық боп жөнелермін.

Құйғытшы, жүрегіне жалын тастап,

Күліктің күні бітті деген елдің…

(«Кербесті», 2-том, 144-бет)

Несіпбек Айтұлы Абай әлеміне сағынышпен жиі орала­ды. Абай мен Оразбай арасындағы күшті тартыс Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясында терең су­реттелген. Ақынның «Оразбай басында» атты өлеңі (2-том, 120-бет) Оразбайдың озбырлығын, Абаймен бекер алысқан бақталастығын толғайды: «Абай өнер қуғанда – Оразбай бұл жер түбіне жылқымен жетем деген». Абай елінің шежірешісі Бекен Исабаевтың айтуынша, Абай мен Оразбай кейін өзара татуласқан, мәмілеге келіп, төс түйістіріп, құдандаласқан. Атам қазақ айтқандай, ер шекіспей, бекіспейді. Соның арқасында 99 жыл бұрын қазақ сахарасында драматургия жанры туған. 20 жастағы жас Мұхтардың 1917 жылдың жа­зында Ойқұдықта қазақ сахнасын ашқан «Еңлік-Кебек» атты трагедиясына келер жазда 100 жыл толады. Бұл пъеса алғаш рет Абайдың Ақылбайынан туған немере қызы Ақылияны Оразбайдың ұлы Медеуден туған немересі Саниязға ұзату тойында киіз үйде қойылды.

Ел мен жер тарихы келер ұрпаққа өсиет үшін айтылары даусыз. Үлкендерден ұрпаққа жеткен сөз киелі. «Археолог» атты әңгімемде эпизодтық Оразбай бейнесі бар: «Шұнай тауының күнбатысында Қараша деген бай үш мың жылқы ұстаған, арғы бетінде Есболат руынан Аққұлдың Оразбайына үш мың жылқы біткен. «Оразбай 1923 жылы өлген, басына кенже ба­ласы Медеу қызыл гранит тас қойған. Қазаннан, ағайынды Кәрімовтар баспасынан көне һаріппен арабша тас жаздырып әкелген. Оразбай ұры-қары болмаған, қажылыққа барған. Оразбайдың кенжесі дөң басында ойнап отырады екен. Ұзақ қарғалар келіп қонса, бала әкесінен үш мәрте сұрапты. «Ой, қарағым, бұл ұзақ қарға ғой, қыс хабаршысы», – депті әкесі. Оразбай бүй депті: «Балам, құдайдың қарғысы тигендей қыңыр сөйлейсің, сен мектеп сал, әйтпесе атың да қалмайды. Белес кетер, бел қалар, беглер кетер, ел қалар» (А. Кемелбаева, «Археолог», 2015 жыл).

Несіпбек Айтұлының 1980 жылы жазылған «Балқаштың соңғы жолбарысы» атты өлеңі (1-том, 149-бет) көзіме оттай ба­сылды.

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,

Қандай қиын соңғының долданғаны.

Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей,

Қалың қопа кешегі болған бағы.

Біле алмайды – өңі ме, түсі ме бұл?

Жатыр сұлқ –

Келе алмай күшіне бір.

Ызыңдай ма қапалы қалың қамыс,

Қыңсылай ма, немене, күшік-өмір?

Сұр қамыстан сыңсыған үн шығады:

«Текті болсаң, – дегендей, – кектене біл!».

Жаман-жәутік тексіздер көбейгендей,

Азайғалы тұқымы жолбарыстың.

Сапырылып жер менен көкте дауыл,

Суырылып барады өкпе-бауыр.

Соңғы болып көз жұму қандай сұмдық,

Соңғы жүкті көтеру неткен ауыр!

Аза. Реквием. Этностық жоқтау болған соң жырға кесектік дарыған. Могиканның соңғы тұяғы сияқты этникалық жоғалтудан шошыну. Тұран жолбарысы биологиялық түр ретінде 1954 жылы жер бетінен жойылды. Мен «Мұнара» атты шағын романымның «Соңғы жолбарыс» атты екінші бөлімін жазып, 2003 жылы жарияладым. Рухани үндестік заңы таңғалдырды.

Мақал-мәтелге лайық, афоризм мен эпиграфқа сұранып тұрған текті сөз ақын жырына ерекше тән, түп негізінде, бар­шасы қазақы сарыннан туған.

Мынау төрт жол әдебиеттен ешқашан арылмас дарынсыз­дарды әшкере, келеке қылғандай сезілгені рас:

Ала жылан болып шығып белдеудегі ала арқан,

Ақ орданы сықырлатса, шымырлайды жон арқаң.

Қиқы-жиқы, ойқы-шойқы, қыңыр-қисық көбейсе,

Екі көзі түзулерге қыли біткен болар таң.

(«Кер заманда», 3-том, 95-бет)

Несіпбек ақынның Кемпірбай ақын туралы «Көкала үйрек» атты поэмасында қазақ ұғымы бойынша өлең-жыр көктен беріліп, бір құдайдың таңдау, қалауымен кеудеге құстай ұя са­лады. Оның эпиграфына «Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты» делінген Кемпірбай өлеңі алынған. «Көкала үйрек» символы жыр несібені тұспалдайды.

Астана, Алматыға алаңдамай,

Ат басын бұрдым, Семей, саған қарай.

Қайдасың, көкала үйрек – сөз киесі,

Өзіңді бұл жалғаннан табам қалай?

Кім білсін көктесің бе, жердесің бе,

Сәулең жүр ақындардың зердесінде.

Бұлбұлдай ұзақ таңға сайраушы едің,

Бір кезде Кемпірбайдың кеудесінде.

Шығыс Түркістан, бөтенде қалған туған жер, өскен өлкені жоғалту зары, аңырау, ұлттық қайғы табы Несіпбек Айтұлында кесек тұр. Ол бөлек зерттеудің жүгі болары анық.

3. Науаи

Несіпбек аға Шығыс классикалық әдебиетінің озық үлгісін қазақ топырағына сіңірген арқалы ақындардың мәртебелі көшінде тұр.

Несіпбек Айтұлының «Пірілерім, жебеңдер» атты өлеңінде былай деп жазады:

Жебеңдер, пірілерім, жетіміңді,

Шешейін дәрия көрсем етігімді.

Өлермін қаңғып жүріп соңдарыңда,

Кеспесе не басымды, не тілімді.

Күншілдік теріс пиғылдан шамырқану, талантсыз біреулердің қарадай бақталастық қылуына наразылық өкпесі бар.

Қайғы деген – бір қанішер,

Өзі жұтар өз басын.

Сені іздеумен мұңлы Әлішер

Сорғалатты көз жасын.

(«Жаратқанға жылағанмын», 3-том, 143-бет)

«Жас Абайдың Шығыстың ұлы шайырларына сиынғаны сияқты: «Физули, Шәмси, Сәйхали, Хожа Хафиз бұ хаммәси… Медет бер я шағыри фәрияд!». 13 жасар бала ақын классиктерді жүрегі қалап, тез тани қойғаны керемет. Әдебиеттің жараты­лысы бұл, оның бүркемесіз жүзі.

Өз басым Низамидың «Хамсасын» көп іздеп таппай, ақыры букинистен сатып алғаным бар. Бес жыл тостым! Не дүкеннен, не кітапханадан таппадым. Әдебиет өзіне ғашық жардай ынтыққанды, тақа мәжнүндікті сүйеді» (А. Кемелбаева, «Мұнара» роман).

Өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» атты дастаны мен бір топ ғазалдарын ана тіліне шебер аударған Несіпбек Айтұлының жеке-дара жыр еншісінде Науаидың рухы мен сарыны кездесуі заңды құбылыс.

Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар,

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.

Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей,

Жеті түнде ұлиды кеп бөрідей.

Тірлігіме сонда қатты налимын,

Иттің тісі жырымдаған терідей.

(«Ұлы қайғы», 4-том, 58-бет)

Даңқты Науаи есімін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы жыр патшасы санап, даралап тұрмағы аян.

Атағы Самарқанның әлемге аян,

Дүрілдеп билік құрған небір ноян.

Сайраған бақшасында бұлбұл құстай,

Низами, Науаи, Хафиз, Омар Һайям.

(«Жалаңтөс», 4-том)

Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер,

Асыл сөздің әулиесі, сен де маған медет бер!

Қысылғанда жалбарынып, аруағыңды шақырдым,

Сен болмасаң, көні кепкен қу медиен тақырмын.

Көз жіберсем, қалың нөпір – ұлы көштің жоқ ұшы,

Оң мен солым ала шапқын – ақ пен қара соғысы.

Сырты сұлу толып кетті, періштеден жаралғыш,

Іштерінде қара шұбар жылан жатыр жан алғыш.

Қаламыңа сүйен, ақын, өлмесіңді көздесең,

Жұтыларсың айдаһардың арбағанын сезбесең.

Таң қалмаймын қан базарда түскеніне құнымның,

Ей, әулием, өзің жар бол, өле-өлгенше құлыңмын!

(«Шерлі Науаи, өзің жар бол!»,

6-том, 5-бет)

Парсы тілі классикалық поэзияның һәм сарай тілі болып аспандап тұрған орта ғасырда туған елінің руханиятын асы­рып, түрік халқы үшін хамса жазып, ана тілін ұлықтаған өзбектің ұлы шайыры Әлішер Науаи (1441-1501) болатын.

«Ескендір қорғаны» атты дастанында Науаи досы Жәмиді жиі айтады. Ұлы ақындардың бір-бірін тануы, пір тұтуы, артқыға мызғымас достығын өсиет етпегі ұлы дәстүр. Ақыл-ойдың кеніші биік парасат тұғырында алтын тәжі жарқыраған бекзат жыр иелерін ардақтауды бертінде Абай жалғады, бұл қасиет Абайдан соңғы ақындарға жыр аманат болып қалды. Науаи дастанында ұстазын пір тұту дәстүрі анық.

Алдансаң адастырар жалған үміт,

Алдымен Жәмиге бар жалбарынып.

Бата сөзге зәрулік – түрік халықтарында ескіден қалған ата-дәстүр. Ол нәрестенің тұсауын кескендей ақындарды биік дүниеге талпындырар асқан құдірет.

Түлеген Жәмидей де дана пірің,

Астында Низамидің қанатының.

Сонан соң Жәмиге айтты: «Батаңды бер,

Сүйікті шәкіртіңе қатар жүрер.

Әулетім осы менің – игі арманым,

Секілді соңғы егіннен жиған дәнім.

Ізіңе ұрпақ барда із қосылар,

Жалғайтын болашаққа бізді осылар.

Ұстаздың шәкіртте ғой бар мұраты,

Жақсының ұмытылмас мәңгіге аты!».

Несіпбек Айтұлының жыр әлемі бір көш керуенге сыймай­тын дегдар қазынаға толы. Әркім ол қазынадан керегін таңдап алары айдай анық.

P.S. Қазіргі қазақ әдебиетіне баға беруде бәлду-бәлду артық сөз, дырду даңғаза басым. Самопал сыншылар, графомандық құбылыстың кесірі интернетте тасадан тас лақтыруға тәсілденген бықсық қауым арқылы өрши түсті. Әдебиет өкілдерінің шын бағасын көбі жете білмейді. Жабу жапқыш, ат қойғыш, құр мақтағыш, кіжіне даттағыш көбейді. Құр бос кеуек сөз, көк езулеу жын атады. Тұлпарды жабыға теңгеруден еш ұялмайды. Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, сөз көйітсе бітті, та­лант дей салу қанға сіңді. Несімен талант?! Айырып айтар түк айғақ жоқ. Мұның қисынын ақтап отыруға ми жетпейді. Көбік сөзді сапыру ғана. Бездарьдарынсызды ақтап, шын талантты даттау оңайға айналды. Шын дарын жалпақ өлшемге сыймай­ды. Міне, Науаи өсиеті:

Жарандар, еске ұстаңдар сөз анығын:

Ең байлық – рухани тазалығың.

Тегтер: