Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Желтоқсан 2025

«Нихон коку»: Алыстағы көрші қашан сенімді досқа айналады?

Әлиев, Жапаров, Тоқаев, Рахмон, Бердымухамедов, Мирзеев
Фото: Ақорда

Ақорда сыртқы саясаттағы аса қарбалас жүрісін жалғастыруда. Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күздің үш айында сегіз елге сапар шеккенін жазған едік.

Мұндай барыс-келіс желтоқсанда да тоқтаған жоқ. Мемлекет басшысы қыстың алғашқы айында Түркіменстан, Жапония және Ресейге барды. Біз бүгін Күншығыс елінде («Нихон Коку») өткен кездесулердің жайын тарқатамыз. 

Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асқанмен, саяси-экономикалық барыс-келісіміз аса көп емес. «Қазақстан президенті Токиоға барыпты» немесе «жапон премьер-министрі Астанаға келіпті» дегенді көп естімейміз. Нақтырақ айтқанда, бұған дейін Қазақстан президенті Жапонияға 5 мәрте сапар шексе, Жапония премьер-министрі біздің елге екі-ақ мәрте ат басын бұрған. Токио жайлы ең көп естіген кезіміз – бұрынғы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тұсы болса керек. Экс-министр «Астананың интернеті Токиодағыдан да жылдам» деп жұртты күлкіге қарық қылған. Көпшілік осы әңгімені көпке дейін ұмыта алмай, әзіл ретінде айтып жүрді.

Бірақ Жапония бізге жат ел емес. Қазіргі дипломатиялық байланыстардан бөлек, тарихи тұрғыда да Күншығыс елімен тоғысатын тұстарымыз бар. Біріншіден, Қазақстан мен Жапония ядролық жарылыстардан ауыр зардап шеккен ел ретінде белгілі. Қазақ даласы Семей ядролық полигонының улы зардабын әлі тартып келеді. Ал Жапонияның Хиросима және Нагасаки қаласы өткен ғасырда ядролық бомбадан қирап қалғанын жақсы білеміз. Қазақстан президенті Токио қаласындағы БҰҰ университетінде дәріс оқығанда осы мәселеге жеке тоқталып, «адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем» деді.

Екіншіден, ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары Жапонияны үлгі тұтып, соларға қарап бой түзеуге күш салған. Алаштанушы ғалымдардың еңбегіне сүйенсек, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар бастаған Алаш партиясы Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрмақ болғаны есте. Ал Мұхтар Әуезов 20 жасында «Жапония» атты мақала жазып, күншығыс елінің «Мэйдзи реформасын» талдаған.

Сондай-ақ тарихшы Марат Абсеметов бір сұхбатында Сәкен Сейфуллинге қатысты тың дерек айтқан. Оның сөзінше, 1923 жылы 1 қыркүйекте Токио және Иокагама қаласында жойқын зілзала болып, 140 мыңға жуық адам қаза тапқан. Сол кезде Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып отырған Сәкен Сейфуллин үндеу жасап, қор ашып, Жапония халқына қаржылай көмек жіберген көрінеді. 1938 жылы С.Сейфуллин «жапон шпионы» деген айыппен атылды. Әлихан Бөкейханұлына да осындай айып тағылғанын білеміз.

Үшіншіден, Жапония Қазақстанға ең көп инвестиция салған 10 елдің қатарына кіреді. Ресми дерек бойынша, жапон инвестиция ретінде біздің елге осы күнге дейін 8 млрд доллар қаржы құйған. Ал 2024 жылы Астана мен Токио арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жетті. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында сауда-саттық 1,3 млрд доллар болған. Мұның ішінде экспорт – 331,9 млн, импорт – 944,2 млн доллар. Демек қазақ-жапон қарым-қатынасы жұрт ойлағандай жұтаң емес.

«Орталық Азия – Жапония» саммиті қалай өтті?

Геосаясатқа назар салып жүрген ағайын кейінгі кезде Орталық Азияның 5 елін ортаға алып C5+1 форматында саммит өткізу дәстүрге айналғанын бірден байқайды. Биыл бір жылдың өзінде мұндай форматтағы бірнеше жиналыс өтті. Мысалы, сәуірде Самарқанда «Орталық Азия – Еуроодақ» саммиті, мамырда Астанада «Орталық Азия – Италия» саммиті, маусымда Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті, қазанда Душанбеде «Орталық Азия – Ресей» саммиті, қарашада Вашингтонда «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өтті. Сол қатарға енді «Орталық Азия – Жапония» саммиті қосылды.

Кейінгі кезде деп бекер айтып отырған жоқпыз. Бұрын C5+1 форматындағы жиындар министрлер деңгейінде ғана өтетін. Мемлекет басшылары қатысатын саммиттер кейінгі жылдары ғана басталды. Мысалы, президенттер деңгейіндегі «Орталық Азия – АҚШ», «Орталық Азия – Қытай», «Орталық Азия – Ресей» саммиті биыл екінші мәрте өтсе, «Орталық Азия – Италия» және «Орталық Азия – Жапония» саммиті алғаш рет өтіп отыр.

Осы тұста C5+1 форматының әу бастағы авторы Жапония екенін айта кеткен жөн. 2004 жылы Жапонияның сол кездегі сыртқы істер министрі Ерико Кавагути «Орталық Азия және Жапония» диалогы деген термин ұсынған. Бірақ бұл ұсынысқа сол кезде Орталық Азия мемлекеттері қызығушылық таныта қоймады. Мысалы, Астана үшін қиыр шығыстағы Токиодан гөрі Мәскеу мен Бейжің маңызды көрініп, ЕАЭО мен ШЫҰ-ға көбірек көңіл бөлді.

2004 жылдан бері «Орталық Азия – Жапония» диалогы 16 мәрте өтті, оған әр елдің сыртқы істер министрі немесе вице-министрі қатысып келді. Президенттер деңгейіндегі алғашқы саммит 2024 жылы тамызда Астанада өтуі тиіс еді, бірақ Кюсю аралындағы жер сілкінісіне байланысты Жапония премьер-министрі Фумио Кисида елордаға келе алмады да, саммит кейінге қалды. Сонымен, Токио төріндегі алғашқы жиында не айтылды?

Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысып, сөз сөйледі. Президенттер көлік инфрақұрылымын дамыту, декарбонизация және тәжірибе алмасу сияқты үш маңызды салада пікір алмасты. Жапония Орталық Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын сауда жолын дамытуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Ал Қазақстан президенті өз сөзінде Токио сияқты ірі мегаполисте маңызды форумға қатысу Астана үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін де айтулы оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Жапонияның ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқанын айта отырып, Қазақстан Токиомен бірлескен жобаларға толық қолдау білдіруге дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптайтынын айтты.

«Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ жиналыста президенттер инвестиция, технология және өндірістік кооперация бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады. Жалпы C5+1 форматындағы жиындардың жиілеуі біздің аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын білдіреді. Бұған аймақтың транзиттік әлеуетінен бөлек, сирек минералдар қорының молдығы да оң әсер етіп отыр. Технология дамыған сайын мұндай элементтердің маңызы артып келеді. Әскери қару-жарақ, цифрлы технология, электромобиль, медицина саласы осы жерасты қазбаларынан қол үзе алмайды. Ал Орталық Азия мұндай материалға өте бай аймақ саналады. Мысалы, биыл көктемде Қазақстан үкіметі ел аумағында 20 млн тоннадан асатын сирек металл бар деген болжамын жариялаған. Токиодағы саммитте де осы мәселе сөз болды. Тоқаев Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мол екенін айтып, Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне қызығушылық танытты. Су проблемасын Тоқаев халықаралық жиналыстардың бәрінде көтереді. Өйткені ел аумағындағы ірі өзендердің бәрі бастауын шетелден алады, яғни, трансшекаралық өзендер. Қазақстанда су тапшылығы туындау қаупі жоғары. Оның үстіне көктемде су тасып, қарғын судың астында қалатын әдетіміз тағы бар. «Су үнемдеудің озық технологиясын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болады. Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды», – деді Тоқаев.

20 желтоқсанда саммит қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды. Сарапшылар «бұл кездесу аймақ пен Жапония арасындағы экономикалық және стратегиялық байланыстарды күшейтеді» деп сеніп отыр. Айтпақшы, «Орталық Азия – Жапония» форматындағы төрағалық Қазақстан тарапына өтті. Келесі саммит Қазақстанда өтеді.

Қазақ-жапон қарым-қатынасы қандай?

Қазақстан президенті Жапонияға 18 желтоқсанда барған. Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Одан кейін Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Кездесу алдында әдеттегідей салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің әнұраны шырқалды. Тоқаев пен Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң премьер-министр офисінде қазақ-жапон келіссөзі өтті.

Қос тарап сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту мәселесін талқылады. Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Санаэ Такаичиге алғыс айтып, Жапонияны уақыт тезінен өткен сенімді серіктес санайтынын айтты. «Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде», – деді Тоқаев. Ал Жапония премьер-министрі Қазақстан президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Тоқаев пен Такаичи бірлескен мәлімдеме жасап, екі елдің ресми делегациясы 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан президенті Жапонияның бірқатар бизнес өкілімен жолықты. Атап айтқанда, Rakuten Group бас директоры Хироши Микитани, Sumitomo компаниясының басшысы Шинго Уэно, Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунага, Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огава және Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакимен кездесті.

Осы кездесулердің қорытындысы бойынша жалпы құны 3,72 млрд доллар болатын 60-тан астам құжатқа қол қойылды. Осы соманың өзі Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-саттық әлі аз екенін аңғартады. Салыстыру үшін айтсақ, қыркүйектегі ШЫҰ саммитінде Қазақстан Қытаймен құны 15 млрд доллардан асатын 70 коммерциялық құжатқа қол қойған, ал АҚШ-қа алғашқы сапарда – 4,2 млрд долларлық, екінші сапарда 17 млрд долларлық келісімшарт жасалған.

Жапония Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысатынын айттық. Одан бөлек Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру жайлы сөз болды. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Ал Жапония – атом технологиясы бойынша әлемдегі жетекші ел. Демек Қазақстанның шикізатын Жапонияның индустриясымен ұштастырудың сәті түсіп тұр. Токио геологиялық барлау, ауылшаруашылығы және жасанды интеллект саласында Астанамен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Сондай-ақ Тоқаев елімізде жапон университеттері мен білім орталықтарының бөлімшелерін ашуды ұсынды. Бұдан бөлек, туристік маршрут әзірлеу, виза рәсімдерін жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Жапония – қуатты индустриялық мемлекет. Токионың Орталық Азияға неге назар аударып отыр? Біріншіден, логистикалық кедергілерге байланысты бұл аймақтың транзиттік әлеуетін пайдалануға ниетті. Жапон тауарлары Транскаспий бағыты арқылы Еуропаға жол тартуы мүмкін.

Екіншіден, Токио Орталық Азиядан сирек кездесетін металдар мен уранды көптеп алып, осы саладағы Қытайға тәуелділіктен құтылғысы келеді. Жапонияның Орталық Азиядағы саяси және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді араласуы аймақтың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Алпауыт елдер өңірде транзит, ресурс және ықпал күші бойынша бәсекеге түсіп жатыр. Аймақтағы елдер осы геосаяси ойындар арасынан өз жолын тауып, ұпайын түгендей алса, ұтқаны. Ал әркімнің жетегінде кетіп, өзіндік даму бағытын қалыптастыра алмаса, алпауыттар бәсекеге түсетін саяси алаң күйінде қала бермек.

Ермахан ҚАЛМЫРЗАЕВ, саясаттанушы:  Жапония үшін ең маңыздысы табиғи ресурс емес

– Қазақстан бұрын сыртқы саясатта өзін «жауапсыздау» ел ретінде көрсетіп алғанын білеміз. Мысалы, Оңтүстік Кореямен, Жапониямен жүргізген бірқатар келіссөзден «секіріп» кеткеніміз бар. Оңтүстік Кореямен Балқашта атом станциясын саламыз деген келіссөз басталып, әңгіме біраз жерге барған, бірақ соңы сиырқұйымшақтанып, тоқтап қалды. Сондай-ақ Мұхтар Жәкішев кезінде Жапониямен уран саласында үлкен келіссөздер жүргенін айтады, кейін ол да аяқсыз қалды. «Ортаға Ресей түсті» деген ақпарат бар, шынымен солай ма, басқа себеп бар ма, белгісіз. Елде Оңтүстік Кореяның, Жапонияның автомобильдерін құрастырамыз деген де әңгімелер айтылды, олар да аяқсыз қалды. Соған байланысты біздің институционалдық құрылым әлсіз саналады, бір басшы алмасса, келіссөздер тоқтап қалады. Ал жапондар ондай емес, олар үшін келісім өмір мен өлім мәселесіндей маңызды, олар ұстанымға берік. Әріптестерінен де соны күтеді. Өкінішке қарай, бізде олай болмай тұр. Келіссөз үстеліне отырғанда жоғарыға жалтақтай береміз.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары оңайға соқпағанын болжап отырмын. Ол қателіктің бәрін реттеуге талпынып жүр. Бірақ біз бұл жолы келісімшарттар емес, тек меморандумдар алып қайттық. Яғни, олардың бізбен серіктес болуға ниетті екенін білдік. Сол ниетті іске асыру үшін біз өзгеруіміз керек.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанып, ірі державалармен тепе-тең қатынас орнатуға күш салды. Бұл – өз уақыты үшін дұрыс әрі қажетті таңдау еді. Бірақ осы жылдар ішінде біз бір маңызды нәрсені елеусіз қалдырдық. Мемлекет тағдырын шешетін маңызды кезеңде интеллектуалдық білімді билікке араластырмай, сыртта қалдырдық. Соның салдары ауыр болды.

Оңтүстік Корея мен Жапонияға қатысты салғырттық та осының бір көрінісі. Біз бұл елдермен өте ерте қарым-қатынас орнатқан едік, бірақ оны өркениетті серіктестік деңгейіне көтере алмадық. Бұл елдер – табиғи ресурсы аз болса да, интеллект, тәртіп, білім, ұзақ мерзімді жоспарлау арқылы әлемдік деңгейге шыққан мемлекеттер. Олар біз үшін шикізат тұтынушы емес, ұлттық жаңғырудың нақты үлгісі бола алар еді. Бірақ біз оларды көбіне инвестиция көзі немесе жекелеген технология жеткізуші ретінде ғана қабылдадық. Ұлтты қалай қысқа мерзімде индустрияландыруға болатынын, еңбек пен жауапкершілікті қалай ұлттық мінезге айналдыруға болатынын, мемлекетті басқаруда интеллектуалдың рөлі қандай болу керек екенін терең түсінбедік. Бұл олқылықтың түпкі себебі – бізде мемлекеттік құрылым интеллектуалды адамды емес, ыңғайлы адамды таңдауға бейімделіп алған. Туыстық, жақындық, «өзіміздікі» деген өлшем кәсібиліктен, ой тереңдігінен жоғары қойылды. Мұндай жүйе алғашқы кезде тұрақты болып көрінуі мүмкін, бірақ уақыт өте мемлекетті іштен әлсірете бастайды. Интеллектуал сыртта қалғанда, стратегиялық ой тоқтайды, ал стратегиялық ой тоқтаған жерде ел тек инерциямен өмір сүреді.

Кейінгі кезде АҚШ және Жапониямен келіссөздер жүрді, осы кезде кемшілігіміз анық көрініп қалды. Бұл елдер Өзбекстанға ұсынған келісімшарттардың ауқымы мен мазмұны Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда салмақты болып шықты. Мұның себебі ресурста да, географияда да емес. Серіктестер кіммен сөйлесіп отырғанын, шешімнің қаншалықты тұрақты екенін, артында интеллектуалдық база бар-жоғын анық сезініп отыр. Халықаралық ойыншылар декларацияға емес, институтқа, кадрға, сабақтастыққа сенеді. Өзбекстан кейінгі жылдары ойлайтын, реформалық көзқарасы бар кадрларды алға шығара бастады, ал бізде әлі күнге дейін қызметке тағайындау көбіне марапатқа немесе туыстыққа байланып тұр.

Бұл – мемлекет үшін ең қауіпті жол. Өйткені интеллектуалды адамды айналып өткен жүйе біртіндеп талантты жастарды сыртқа тебеді. Әділетсіздікке көнбеген ойлы ұрпақ елге емес, өз басының амандығына жұмыс істей бастайды. Сөйтіп, елдің интеллектуалдық қоры сарқылады. Бұл – көзге бірден көрінбейтін, бірақ ұлттың тамырына балта шабатын құбылыс. Туыс-туғанды қызметке орналастыру арқылы біз өз балаларымыздың болашағын құрбан етіп жатқанымызды түсінбей отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға бет бұруын осы тұрғыдан қарастырғанда ғана оның мәні ашылады. Бұл сапар бірреттік келісімдермен өлшенбейді. Бұл – өткен отыз жылдағы жіберілген олқылықты кеш болса да түзеуге жасалған талпыныс. Бірақ сыртқы саясаттағы дұрыс бағыт ішкі саясаттағы кадрлық, институционалдық өзгеріспен ұштаспаса, мұндай сапарлар витрина болып қала береді. Жапония мен Корея сияқты елдермен шынайы серіктестікке сана өзгергенде ғана қол жеткізуге болады.

Жапония Орталық Азияға келгісі келмей отырған жоқ, ол қай елмен ұзаққа баруға болатынын таңдап отыр. Ал ондай таңдауда байлық шешуші фактор болмайды. Жапонияны еңбек мәдениеті, тәртіп, тұрақтылық, уәдеге беріктік және кадрдың сапасы қызықтырады. Табиғи ресурс олар үшін әрқашан екінші орында тұрады.

Өзбекстанның бізден артықшылығы – байлығында емес, ішкі ұйымдасуында. Кейінгі жылдары олар мемлекет ішінде ең алдымен тәртіпті, есепті, жауапкершілікті алға шығарды. Реформа атаулыны декларациямен емес, күнделікті еңбекпен жүргізіп келеді. Жапония үшін бұл ең түсінікті тіл. Олар кіммен дұрыс жұмыс істеуге болатынын бірден байқайды.

Ал Қазақстанда ұзақ уақыт бойы қазба байлығына ғана сүйеніп үйреніп қалған. Мұнай мен металға сендік, ал адам капиталын екінші қатарға ысырып қойдық. Мұндай ортада жапон серіктесі өзін жайсыз сезінеді. Өйткені шешім бүгін бар, ертең өзгеріп кетуі мүмкін. Бүгін бір басшы отырса, ертең мүлде басқа біреу келіп, басталған іс аяқсыз қалуы ықтимал. Жапония мұндай тұрақсыздықты ұнатпайды. Орталық Азияға Жапонияның аяқ басқаны бізге ауадай қажет. Бірақ Жапония ешқашан «бай елге» емес, дайын елге келеді. Дайындық деген – жол, зауыт немесе келісім емес, адамның сапасы.

Қуаныш Қаппас