16:23, 14 Наурыз 2018
Норвегия және мұнай

Қазақстан қандай сабақ алуы тиіс? Адам өміріне туған жердің әсері елеулі. Бұл жай ғана долбар емес, статистикалық тұрғыдан дәлелденген кәдімгідей дерек.
Бірақ статистиканың өзі шытпақ дүние екені бесенеден белгілі. Американың атақты жазушысы, қоғам қайраткері Марк Твеннің «статистика өтіріктен де асып түседі» деуі тегін емес. Өйткені статистика тонын теріс айналдыра аласың. Бір жағынан, АҚШ-та дүниеге келу әлемдегі ең бай мемлекеттің азаматы болу деген сөз. Алайда, екінші жағынан қарағанда, АҚШ-та тусаң, балаларың оқитын мектепте атыс-шабыс болып қала ма деген үреймен өмір сүруің мүмкін. Ал Қазақстанда дүниеге келсеңіз, Данияда туған азаматтан бақыттырақсыз деген сөз. Себебі қазіргі билік пен оның саяси жүйесіне көңіліңіздің толатыны соншама – оны ширек ғасырдан астам қайта-қайта сайлап жүрген жайыңыз бар. Бірақ Даниямен салыстырғанда Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсау ықтималдығы анағұрлым жоғары. Дегенмен ешқандай шек келтіртпейтін статистикалық деректер де бар: әлемнің төрт құбыласын сүзіп шығып салыстырсаңыз, Скандинавиядағы адамдар әлдеқайда бақуатты өмір сүретіні шындық. Мұның бірнеше себебі бар: скандинавиялық мемлекеттердегі өмір сүру деңгейі өте жоғары, жемқорлық деген пәле жоқтың қасы және үкіметтері тұрақты. Скандинавиядағы төрт мемлекеттің ішіндегі Норвегия – Қазақстанға өте-мөте ұқсас ел. Қазақстан тәрізді Норвегия да мұнайға аса бай, қысы да біздікіндей ызғарлы. Алайда екі мемлекеттің ұқсастығы осымен бітетіндей. Шын мәнінде Норвегия – әлемдегі барлық мұнай өндіруші мемлекеттердің арасынан үлгі алуға тұрарлық бірден-бір һәм бірегей ел. Мұнайдың ірі қорын тапса да, бұл ел байлықтың буына мастанып, кланаралық соғысты бастап кеткен жоқ. Әділетті, демократиялық, ашық сайлау өткізуден таймады, ал мұнайдан түскен табыс Норвегия халқына(!) теңдей бөлініп келеді.Әлбетте, Норвегия мұндай өркендеуге оңай жетпеді. Норвегия да Қазақстан мен Әзірбайжанды күтіп алған қиындыққа кездесті, осы елдер жіберген қателіктерді өткерді. Десек те, бұл ел саяси ерік-жігері мен осы қателіктерді түзейміз деген ниетінің арқасында табиғи ресурстарды игерудің баламалы жолын тапты. Норвегия бұған қалай жеткенін түсіну үшін әуелі сол елдің соңғы ғасырдағы тарихына қысқаша үңіліп көрелік.Норвегия тарихына үңілсек1960 жылдардың басында мұнай компаниялары Ұлыбритания, Франция, Нидерланды және скандинавиялық елдер өзара шектесетін Солтүстік теңізге қызығушылық танытып, көз тіге бастады. Бұл теңізде мұнай ресурстарының бар екені белгілі еді, бірақ оның нақты көлемі мен өндіру құнын ешкім білмейтін. Сондықтан Phillips тәрізді компаниялардың британдық және норвегиялық үкіметтермен кездесулер өткізуі заңды еді. Себебі бұл уақытта екі елдің де экономикасы қиын-қыстау, қысылтаяң кезеңді бастан өткеріп жатқандықтан, Норвегияның да, Ұлыбританияның да теңіздегі мұнайды барлайтын және өндіретін технологиялары мен ресурстары болған жоқ. Алайда Phillips, Shell және BP тәрізді ірі трансұлттық корпорациялардың технологиялары мен ресурстары жетіп-артылатын. Бұл жағдай норвегиялық саясаткерлердің бас ауруына айналды. Совет Одағы құлап, экономикасы тығырыққа тірелгендіктен, мұнай келісімшарттарына қысқа мерзімде қол қоюға мәжбүр болған Қазақстан тәрізді Норвегия үкіметі де келісімшарттарға тез арада қол қойылуы тиіс деп есептеді. Өйткені, біріншіден, Норвегия үкіметі келіссөзге қатысып жатқан компаниялар Солтүстік теңіздің Ұлыбританияға қарасты аумағында мұнай қорын барлау жөнінде Ұлыбританиямен де келіссөз жүргізіп жатқанынан хабардар еді. Екіншіден, Норвегияда мұнай өндірудегі жергілікті сараптаманың жетіспейтін, есесіне шетелдік инвестицияға сұраныс жоғары болатын. Норвегия саясаткерлері бұл жайтты келіссөздегі өздерінің әлсіз жері деп білді. Осының кесірінен Норвегия шетелдік мұнай компанияларын тарту үшін оларға бірқатар жеңілдік жасады. Бұл жеңілдіктер шетелдік компанияларға аймақты емін-еркін билеп-төстеуге жол ашты: Теңіздің 81 бөлігі барлау мен өңдеуге берілсе, оның 21 бөлігіне ғана норвегиялық компаниялар қатыстырылды. Үкімет мұнай компаниялары өздерінің тәжірибесі және технологиясын бөлісер деген үмітпен салықты айтарлықтай төмендетті. Белгілі экономисі және мұнай өнеркәсібі кәсіподағының жетекшісі Хельге Риггвиктің жазуынша, көптеген мемлекеттер осындай қателіктер жасайды, себебі теңіздегі шекаралас екі немесе одан да көп ел теңізді бөліп пайдаланады. Сондықтан мұнай кен орны екі мемлекеттің шекара аумағында орналасқан болса, екі мемлекет те неғұрлым тезірек келісімшарт жасасуға тырысады. Ал бұдан өз кезегінде мұнай компаниялары ұтады. Риггвиктің айтуынша, мемлекет мұндай жағдайда асықпай, келіссөзді созып, артын күткені абзал. Осы күнге дейін мұнай оп-оңай өндіре салатын тауар болмағанын естен шығармаған дұрыс. Теңіздегі шекаралас екінші ел инвесторлармен келісімшартқа бұрынырақ қол қойса, әлгі инвестор көп ұзамай сіздің де бөлігіңізге көзі түсіп, қолға түсіргісі келеді. Мұнай компаниялары Солтүстік теңізді неғұрлым көп барлаған сайын соғұрлым мол мұнай қорын тапты. Алайда келіссөздерде аузы күйген Норвегияның америкалық компаниялардың Норвегия мұнайын тонналап өндіріп, шетелге жіберіп жатқанын сырттан бақылап тұрғаннан басқа амалы қалмады. Бұл Норвегия үшін жақсы сабақ болды.Әдетте қателік жібергендер кінәсін мойындауға құлықсыз келетіні тәрізді мұнай және энергетика министрлігі жасаған бюрократия да мұнай компанияларына барынша жеңілдік жасап, солардың айтқанына көнуден өзге жол болмады деп есептеді. Осылайша министрлік осы компаниялармен тікелей, қоғам бақылауынан тыс әрекет етіп, инвесторлармен «бармақ басты, көз қысты» келісімдер жасай бастады. Мұндай келісімдер мұнай компаниялары үшін Солтүстік теңіздегі кен орындарын барлау мен өндіруді айтарлықтай жеңілдетті. Бұл жемқорлық деуге келмейтін нәрсе, десек те, көп жылғы әріптестіктен кейін бәрінің жағдайы жайланып шыға келді. Олай болса, салықты 1-2 пайызға көтеріп, инвесторлармен арадағы достыққа сызат түсірудің қажеті не? 1971 жылы Норвегияның оңшыл үкіметі таратылып, орнына лейбористер үкіметі келді. Жаңа үкімет алдыңғы үкіметтің мұнай саласында тиімсіз келісімшарттарға қол қойғанын сынға алып, «бармақ басты, көз қысты» келісімдерден бас тартты. Сөйтіп, 100 пайызы мемлекетке тиесілі мұнай компаниясы құрылды. Ең бастысы, жаңа өнеркәсіп министрі Арве Джонсен мұнай кен орындарынан түсетін пайданы бақылау үшін көлік желілерін басқарудың маңызды екенін түсінді. Осылайша «Экофиск» мұнай кен орны (мұнай қоры 3,5 миллиард баррель) жайлы келіссөз жүргізудің сәті түскенде, үкімет бұған сақадай-сай дайын еді. Министр Джонсен мемлекет арнайы құрылған компания арқылы мұнай құбырының 50 пайызына иелік етіп, алдағы уақытта мұнай тасымалдау мемлекеттің толық бақылауына өтуі тиіс деді. Өнеркәсіп министрлігінде көпшілік мұны тым қатаң талап деп тапты. Сөйтіп, бұл жолы Philips компаниясы қыспақта қалды. Компанияға мұнай қатты қажет еді, бірақ үкімет өз дегенінде табандап тұрып алды. Нәтижесінде Philips үкіметтің талаптарына көніп, келісімге қол қоюға мәжбүр болды. Бұл Норвегия мен мұнай компаниялары арасындағы бетбұрысты өзгеріс еді. Үкімет Солтүстік теңізде барланып жатқан жаңа мұнай қорының 50 пайыз акциясына иелік ету құқығына қол жеткізді. Шетелдік компаниялар бұған риза бола қоймады, бірақ мұнайға сұраныс күйіп тұрғандықтан, әлгі талаптарға көнуге тура келді. Норвегиялықтар табандылық пен прагматизм арқасында келіссөзде жеңіске жеттік деп есептейді. Ал келіссөзде мәмілеге келуге шырай танытсаңыз, мұнай компаниялары мұны, керісінше, әлсіздік деп бағалауы мүмкін. Сонымен, үкімет бұл компанияларға сөзін қалай өткізе алды? Бұл компанияларға әсер етудің бірден-бір тетігі – білімдегі олқылықтың орнын толтыру. Сөйтіп, 1970 жылдары барлау, тасымалдау мен мұнай сатуды тереңірек түсіну үшін бірнеше сараптама орталығы мен комитет құрылды. 1970 жылдардың басында парламенттің көптеген мүшелері мұнай саласын жетік білетін сарапшылар еді, бұл өз кезегінде осы саладағы заңнаманы жақсартуға септігін тигізді. Парламенттегі қызу талқылаулар кезінде «ұлттық басқару мен бақылау» деген ең көп ауызға алынды. Үкіметтік Statoil компаниясы артынша Солтүстік теңіздегі ең ірі мұнай компаниясына айналды.Бірақ мұндай саясаттың кемшілігі – қандай компанияның келісімшартқа қол жеткізетінін, мұнай келісімдерінің шарттары қандай болатынын, қай мұнай қорлары бірінші барланатынын және мұнай табысы қалай жұмсалатынын шешетін үлкен бюрократиялық жүйенің құрылуы. Мұнай өнеркәсібіне «ұлттық» бақылау орнатуды көксеген норвегиялық саясаткерлер айдауға көнбейтін бюрократиялық жүйенің құрылуынан қорықты. Бірақ бұл мәселенің шешімі табылды. Ұзақ талқылаудан кейін парламент мұнай өнеркәсібін басқарылатын құрылымдар емес, сайланатын органдар басқаруы тиіс әрі бұдан былай мұнай өндіру орташа қарқынмен дамуы қажет деп шешті. Азия мен Африкадағы мұнайға бай елдердің құшқан кебі мен мұнайды оңды-солды жаппай өндірудің арты жемқорлық және дағдарысқа әкеп соқтыратынын ескерген норвегиялықтар мұнай қорын ұқыптап, құнттап пайдалануға бел буды. Мұндағы мақсат – ағыл-тегіл мұнайды барынша көп немесе соңғы тамшысы қалғанша түгелдей тауысып өндіру емес, мұнай өндіру арқылы әр тұрғынның өмір сүру деңгейін жақстару. Яғни бұл жерде мұнай аясы тар мақсат ретінде емес, әрбір норвегиялықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға жол ашатын құрал ретінде қарастырылды. Айта кететіні, мұнай өндіруді бақылау жөніндегі мәмілеге Норвегиядағы ең негізгі екі партия қол жеткізді: олардың бірі кәсіподақтар сайлаған солшыл бағыттағы социал-демократиялық партия болса, екіншісі – кәсіпорындар мен өнеркәсіптің мүддесін қорғайтын консерваторлық прогресс партиясы. Бұл Норвегияның саяси тарихындағы үлкен саяси жетістік болғаны сөзсіз. Өйткені бұл екі тараптың қандай да бір мәселе бойынша мәмілеге келуі өте сирек еді. Кәсіподақтар да, кәсіпорындар да жылдам қарқынмен өндірілетін, арзан мұнайдың ішкі нарықты басып алуы тауарлар бағасын көкке ұшыратынын жақсы түсінетін. Сөйтіп, бұлар инфляция бақылаудан шығып кете ме деп қорықты. Бұл – бір. Екіншіден, мұнай компаниялары елдегі саяси процеске араласа ма деп қауіптенді. Сол себепті бұл күштер парламент депутаттарына қысым жасап, мұнай өндіру қарқынын төмендетуге көндірді.1978 жылға қарай Норвегия шетел компаниялары өндіретін мұнайға салынатын салықты 80 пайызға дейін өсірді. Бұл әлемнің түкпір-түкпіріндегі сән-салтанатты кеңселерде орналасқан мұнай компанияларының төбе шашын тік тұрғызды. Мұнай компаниялары қарап қалмай, наразылық хаттарын үсті-үстіне жолдады. Бірақ жеме-жемге келгенде Phillips пен BP бұл шарттарға мойынсұнуға мәжбүр болды. Өйткені соңғы бес жыл ішінде Норвегия мемлекеттік Statoil компаниясын аяғынан тік тұрғызып дамытқаны сонша – шетелдік компаниялар мұнай өндіруден бас тартқан күннің өзінде, ұлттық компания олардың орнын толық баса алатын еді. Оның үстіне бұл уақытта бірнеше мұнай кен орны тек қана норвегиялық компаниялардың қатысуымен барланып жатқан болатын. Бұдан бөлек, мұнай жобасының төңірегінде тұтас бір индустрия құрылып, норвегиялық мердігерлерге басымдық берілді. Әрине, бұл басымдық олар мойнына жүктелген міндетті атқара алған жағдайда ғана берілетін. Осылайша көптеген шетелдік әріптестермен жұмыс істеу арқылы білім мен білік жиған норвегиялық фирмалардың табысы өсіп, бұл технологиялық серпіліске әкелді. Норвегиялық мердігерлерді пайдаланбайтын кез келген халықаралық компания алдағы мұнай келісімшарттарынан қағылды. «Бармақ басты, көз қысты» келісімшарттардың дәурені келмеске кетті, «текетірес» қолданыстағы негізгі сөзге айналды. Біздің мұнайға қол жеткізгіңіз келе ме? Онда өзіміз белгілеген ойын ережесіне бағынуыңыз керек.Сонымен, Норвегия мысалынан қандай сабақ алуға болады? Норвегиялықтар мұнай ықпалды шетелдік құрылымдар аса жоғары бағалайтын стратегиялық ресурс екенін тез түсінді. Мұнай қадіріне жеткенін бұл ел сөзбен емес, іспен көрсетті: кімде-кім Норвегияға қарасты теңіз аймағын барлаймын десе, ел бюджетіне жоғары салық төлеп, өз технологияларымен бөлісуге міндеттелді. Десек те, мұны ауызға алудан гөрі іске асыру әлдеқайда қиын. Риггвик айтпақшы, норвегиялық тәжірибені саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар және үкіметтегі технократтардың текетіресі деп қарастыруға болады. Осы текетірестің нәтижесінде қол жеткізілген мәміле ұлтты шикізат қарғысынан құтқара алды.Біздің үкімет ұлтаралық араздық пен әртүрлі қақтығыстан ада қоғам құра алғанын мақтанышпен ауызға алады. Өз басым ұлтаралық келісімге басымдық берілуі тиіс дегенмен келіссем де, бұл бос айқай-шуға қосылмаймын. Үкімет шиеленіс пен қақтығысты түп-тамырымен жойып тастауға тырысып жатыр. Бізде бәрін нұрлы аспанның астына жинаған бір партия мен сол нұрлы аспанның астында жарқын өмір сүріп жатқанымызды қайта-қайта еске салатын бірсарынды телеарна мен баспасөз бар. Басқа білінер-білінбес партияларды ауызға алудың қажеті де жоқ. Өкінішке қарай, ой-пікірдің бір жерден шығуы заңнамалық мақсат бола алмайды, бұл – утопия.Мұны жер реформасына қарсы митингілер кезінде анық көрдік. Халық наразылығы билік әспеттейтін қақтығыссыз қоғам бейнесінің күл-талқанын шығарды.Бұл ретте Карл Маркстың «саясат – бұл қақтығыс» деген сөзінің растығына көз жетеді. Басқа қоғам тәрізді біздің қоғамда да мүдделері әртүрлі топтар бар, осы топтар өзара келіспейтін тұстарды талқылап, бір-бірімен мәмілеге келуі қажет. Нағыз демократияның түпкі мәні осы. Жоғарыдан ұсынылған жаңа саяси реформалар парламент өкілеттілігін кеңейтеді. Бірақ бір идеология ұстанатын, бір-бірінен айырмасы жоқ партиялар жиналған парламенттен не пайда? 2000 жылдардағы саяси серпіліс кезінде үкімет «Отан» партиясын оңшыл және солшыл бағыттарға бөліп, бір-бірімен бәсеке болуға мүмкіндік беруі керек еді. 2001 жыл және Қазақстанның Демократиялық таңдау партиясы ымырашыл оппозицияны біріктіріп, саяси процесті жаңғырта алатын мүмкіндіктердің бірі еді. Бұл үлкен тәуекел еді, сондықтан мемлекет ондай тәуекелге барудан қорықты. Алайда партиялар, расында да, ірі бизнес, жұмысшылар, фермерлер тәрізді қоғамдағы әртүрлі топтың мүддесін қорғай алған жағдайда қандай да бір мәмілеге келудің айтарлықтай салмағы, маңызы болар еді. Жоғарыдан қабылданатын шешімге қарағанда талқылау, пікірталас арқылы мәмілеге жетудің мәні әлдеқайда маңызды. Бұл үкіметті ширатып, мықты жасар еді. Сондай-ақ бұл мұнайға қатысты келіссөздерді бақылауды билік кландарының қолынан алып, парламентке беруге септесер еді. Ал бұл өз кезегінде біздің мұнай компанияларымен келіссөздердегі ұстанымымызды жақсарта алар еді.Мұнай компаниялары мұнайлы қоғамдардың ең осал тұсын біледі: авторитарлық елдердегі шешімдерді сатылатын, ықпалға түскіш немесе алдап түсіруге болатын азғантай топ қабылдайды.Алайда мұнайға бай елдердің арасындағы мұнайлы компаниялардың айтқанына жүрмеген жалғыз демократиялық ел – Норвегия.Норвегияда бәрі басқаша екенін, басқа елдердегі қулық-сұмдық бұл елде жүрмейтінін мұнай компаниялары жақсы түсінді. Бұдан біздің үкіметтің қандай сабақ алатыны айдан анық. Демократия жоқ жерде өркендеу де жоқ.
Бекжан Сәрсенбай
Фото: dailyscandinavian.com