Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 22 Қыркүйек 2025

Аутизм қаупіне байланысты АҚШ-та жүкті әйелдерге парацетамолды қолдануға тыйым салынуы мүмкін

бала тілі
Фото: egemen.kz

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі «Тайленол» (парацетамол) дәрісін жүкті әйелдерге қолдануға тыйым салу жоспарын жарияламақ.

Себебі, бұл препаратты қолдану балада аутизм қаупін арттырады деген болжам айтылған.

АҚШ билігі парацетамолдың ықтимал қаупін тексерумен қатар, аутизмді емдеуде лейковорин препаратының қолданылу мүмкіндігін де зерттемек.

Алайда қазіргі медициналық ұсынымдар парацетамолдың жүкті әйелдер үшін қауіпсіз екенін алға тартады. Ондаған жылдар бойы жүргізілген зерттеулер бұл препараттың аутизмге әкелетінін дәлелдеген жоқ.

Даулы мәлімдемелер

АҚШ денсаулық сақтау министрі Роберт Ф. Кіші-Кеннеди бұған дейін парацетамол қабылдау мен аутизмнің даму ықтималдығы арасында байланыс болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, АҚШ қазір «экологиялық токсиндерден туындаған аутизм эпидемиясын» бастан өткеріп отыр.

Ғалымдар болса, аутизмнің нақты себептері әлі анықталмағанын, көбіне бұл диагноздың генетикамен және қоршаған ортаның ықпалымен байланысты екенін айтады.

Қыркүйек басында медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарман әрбір жүзінші баланың аутизммен дүниеге келетінін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-та әрбір 31–44 баланың бірінде аутизм анықталады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007 жылы 2 сәуірді Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні деп жариялаған болатын. Бұл бастама аутизмі бар адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына бағытталған. Қазақстанда кейінгі 4 жылда аутизм диагнозы қойылған балалар саны 3 есеге артты. Бірақ бұл – тек ресми статистика. Нақты көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Себебі кей ата-ана баласының диагнозын жасырады, ал шалғайдағы емханаларда маман да, ақпарат та жетіспейді.

Тегтер: