Алматыда ерекше балаға күш көрсетті деген тәрбиешіге қатысты полиция тексеріс бастады
Ерекше баланы ұрды деген тәрбиешіні орталық неге жұмыстан шығармаған?
Алматыдағы Golden Kids жеке коррекциялық орталығында тәрбиеленуші балаға күш көрсетілді деген ақпарат тарады. Қазір Бостандық аудандық полиция басқармасы орталық қызметкері мен басшылығының әрекетін тексеріп жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған видеода орталық қызметкерінің кішкентай баланың қолы мен бетінен дөрекі ұстап, оған айқайлағаны көрінеді.
Баланың анасының айтуынша, видеоны оған тәрбиешінің өзі кезекті сабақ есебі ретінде жіберген. Анасы қызметкер бұл әрекеті видеоға түсіп қалғанын байқамаған болуы мүмкін деп есептейді.
Әйелдің сөзінше, баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді шамамен бір ай бұрын байқай бастаған. Бала сөйлемейді, сондықтан үйге келіп, өзіне не болғанын айтып бере алмайды.
"Балам – ерекше бала. Ол сөйлей алмайды. Үйге келіп, анасына не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап, өзін қорғай алмайды. Біз балаларымызды мамандарға сеніп тапсырамыз. Бірақ баланың қауіпсіздігіне жауапты ересек адамның өзі оған зиян келтірсе, оны кім қорғайды?", – деп жазды анасы.
Оның айтуынша, балабақшада бейнебақылау камералары жоқ. Алайда орталық қызметкерлері ата-аналарға апта сайын сабақ барысы түсірілген видеоларды жіберіп отырған.
Анасы орталық басшылығынан қызметкерді жұмыстан шығаруды сұраған. Бірақ басшылық Нұргүл апайды зейнетке шығуына аз уақыт қалғанын айтып, жұмыстан босата алмайтынын жеткізген. Сондай-ақ әйелге орталықта бір ай тегін сабақ оқу ұсынылған. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етпек.
Алматы мен Астанада филиалдары бар Golden Kids коррекциялық орталығы әзірге жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Бостандық аудандық полиция басқармасы видеоны зерттеп, тәрбиеші мен орталық басшылығының әрекетіне тексеру жүргізіп жатыр.