Нұр-Сұлтан мен Алматыда көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтайды
30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматыда меншік иесіне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтайды.
Тек мемлекеттік органдар, әкімдік, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы ұйымдары, азық-түлік дүкендері, дәріхана, БАҚ қана жұмыс істейді. 27 наурызда төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.
Шараның мақсаты — коронавирустың таралуын тоқтату.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.
Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада — Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:
- Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
- Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
- Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
- Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
- Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.
28 наурыздан бастап Шымкентте темір жол вокзалы, әуежай жұмысы тоқтайды, қоғамдық көлік жұмысына шектеу қойылады.
Қазақстанда қазір 124 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда — 48 адам, Нұр-Сұлтанда — 61 адам, Қарағандыда — төрт адам, Жамбыл облысында — үш адам, Шымкентте — екі адам, Алматы облысында — бір адам, Ақтөбе облысында — бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында — бір адам, Атырау облысында үш адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.