Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:03, 08 Маусым 2022

Нұр-Сұлтанда «100 жасаған «Жас Алаш» атты салтанатты көрме өтті

None
None

Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Ұлттық музейінде «Жас Алаш» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай «100 жасаған «Жас Алаш» атты көрме өтті.

Көрмені Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастырды. 

Бұл көрмені өткізудегі мақсат – қаншама тарихи оқиғалардың куәсі болып, халқымызбен бірге жасап келе жатқан ең байырғы және беделді республикалық басылымның ғасырлық шежіресін көпшілікке насихаттау еді.   1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында негізі қаланған «Жас Алаш» республикалық жастар газетін Түркістан АССР комсомол ұйымы жетекшілерінің бірі Ғани Мұратбаев құрып, Ілияс  Жансүгіров жауапты редактор қызметін атқарғанын біз бұдан бұрын да жаздық.

Аталмыш көрмені Елордада өткізуді «Жас Алаш» газетінің ұжымы былтыр жоспарлаған болатын. Бірақ пандемияға байланысты бұл көрме кейінге шегеріліп биыл өткізіліп отыр. Көрмеге газеттің шығу кезеңінен бастап бүгінге дейінгі маңызды деректі мәліметтері мен тарихы, суреттері, «Жас Алаш» газетінде  еңбек етіп, қайраткерлік танытқан қарымды қаламгерлердің мақалалары мен кітаптары қойылды.

Көрмеге зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Кезінде  «Жас Алаштың» бас редакторлары болған Уалихан Қалижан, сенатор Нұртөре Жүсіп те шараға қатысып өз ойларын, жылы лебіздерін білдірді. 

Өз кезегінде «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қайрат Мәтіреков:

— «Жас Алаш» аға буынмен үндестікті жалғап келеді. Біздің басылымда қарымды да алымды, ұшқыр ойлы журналистер жұмыс істеп жатыр. «Жас Алаш» өз позициясынан айнымайтын әділдікті ту еткен басылым,-деді.

Көрмеге келген Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан:

— Бүгін Елордамыздағы Ұлттық музейде «Жас Алаш» газетінің ғасырлық тойына орай «100 жасаған „Жас Алаш“ атты көрме ғажайып көрме өтті. Айтулы шараға қала қонақтары, көрнекті тұлғалар, даңқты басылымда әр кезеңдерде қызмет еткен қаламгерлер, журналистер, газет оқырмандары және газеттің бүгінгі басшылары, қызметкерлері қатысты. Той құтты болсын! „Жас Алаш“ — баршамыздың космодромымыз! „Жас Алаш“ — адалдық пен әділеттіліктің байрағы!,-деп пікір білдірді.

Тегтер: