Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 22 Шілде 2020

Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер биліктен көмек сұрады

None
None

22 шілдеде күндіз Нұр-Сұлтанда министрліктер үйінің алдына бала-шағасымен бірге келген екі әйел биліктен көмек сұрады.

Өздерін Ақбаян Жалмырзаева және Айнұр Құдайбергенова деп таныстырған екі ана карантин басталғалы бері отбасыларының жағдайы мүлде нашарлап кеткенін айтып, пәтерақыларын төлей алмағандықтан далада қалуы мүмкін екенін жеткізіп налыды.

— Карантинге байланысты күйеуім жұмыс істемейді. Не қоғамдық көлік жүріп жатқан жоқ, не жұмыс жоқ, не атаулы әлеуметтік көмектен хабар жоқ. Үкіметтен алатынымыз 42 500 теңге. Ол ештеңеге жетпейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Мойнымызда несиелеріміз бар. Өсімі жүріп жатыр. Бұған дейін биліктен ауызша да, жазбаша да көмек сұрадық. Бірақ нәтиже жоқ. Есесіне бұл жаққа келген сайын айыппұл салады. Өзімде жүз мыңдаған үш айыппұл жатыр. Банктегі есепшоттарымызды бұғаттап тастаған. Ешқандай амал қалмады. Енді қайда барамыз? Кімнен көмек сұраймыз? Өзіміз ауырып жаңадан тұрдық. Жедел жәрдем көлігін шақырсаң, келмейді..., — деді басындағы қиындықтарын айтып тауыса алмаған Ақбаян Жалмырзаева.

Төрт баланың анасы Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, жеке автопаркте жұмыс істеген күйеуі қазір жұмыссыз. Көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеуге тырысқанмен құжат мәселесіне байланысты ала алмаған. "Пәтерақыны үш ай төлемегендіктен ертең пәтерден шығарады, баратын жеріміз жоқ" дейді.

— Ертең төрт балам, күйеуіммен бірге далада қалайық деп отырмыз. Шенділер бір бөлмелі жатақхана табуға көмектессе. Мемлекеттен ешқашан азық-түлік көмегін алған емеспін. Азық-түліктен қатты қысылып отырмын. Өзім екі жасар балам болғандықтан жұмыс істей алмаймын. Қазір күйеуім де жұмыс істемейді. Үйде отыр. Несиеге алған көлігіміз бар еді. Ол кісі бір-екі мың теңге табады, таппаса ол да жоқ. Екі аптадан бері қала сыртында қарақат теріп сатып жүрмін. Бірақ одан пайда жоқ. 2 мың теңге қалтамда қалады, жол шығыны жеп қояды. Басымда несием көп, — дейді Айнұр Құдайбергенова.

Еңбек министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков биліктен көмек сұраған аналармен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл. /> Еңбек министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков биліктен көмек сұраған аналармен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл.

Екі әйел ақпарат құралдарына шағымдарын айтып тұрған кезде ғимарат маңында бірнеше арнайы жасақ өкілі мен полиция қызметкері бақылап тұрды.

Сәлден соң аналар алдына шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков есімді қызметкер бастапқыда аналардың мәселесінен "хабардар" екенін айтып, олардың жағдайын "бір күнде шешілмейтін мәселе" деп атап ішке кіріп кеткен еді. Кейіннен қайта шығып "әкімдікпен сөйлесіп жатырмыз, қазір әкімдік мәселелеріңізді қарастырып жатыр" деді.

(Жаңалық толықтырылады).

Тегтер: