Нұрадан кәсіпкерді іздеген құтқарушылар әйел адамның денесін тауып алды

Нұра өзенінен көлігі табылған кәсіпкер Нұрлан Сүлейменов әлі табылған жоқ.
Нұра өзеніне көлігімен құлап кетті деп болжам жасалған кәсіпкер Нұрлан Сүлейменов әлі із-түссіз.
Еске сала кетсек, 8 сәуірде Кәрім Мыңбаев ауылынан көлігімен шыққан кәсіпкер жоғалып кеткен.
Туыстарының айтуынша, ол жолдан Тассуат ауылына соқпақшы болыпты. Осы Тассуат ауылындағы көпірді су басып қалған. «Кәсіпкер көлігімен өткенде көпірді көре алмай суға кетті» деген болжам жасалды. 11 сәуірде оның көлігі Нұра өзенінің түбінен табылған. Төтенше жағдайлар мамандары мен еріктілер Нұрлан Сүлейменовті әлі іздеу үстінде. Жақында суда құтқарушылар Нұра өзенінен әйел адамның денесін тауып алған.
«Кәсіпкерді іздеу жұмыстары әлі жалғасуда. Іздеу жұмыстары 29 сәуірге дейін жүргізіледі. Жақында мамандар өзеннен басқа бір әйел адамның денесін тауып алып оны полицияға тапсырды»,- деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Қажетті сараптамаларды тағайындаған Полиция департаменті әйел адамның жеке тұлғасын анықтау үшін жұмыстар жүргізуде.