Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:27

Нұрай Серікбай ісі: полиция мәлімдеме жасады

Нұрай Серікбай
Фото: ашық дереккөз

21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты резонансты іс қоғамда  тағы да қызу талқыланып жатқан тұста полиция ресми түсініктеме берді. Бұған дейін марқұмның туыстары күдікті психикалық ауруханаға жатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірген еді.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдікті қазіргі уақытта Талғардағы арнайы психиатриялық мекемеде жатыр. Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай оның әрекеті әдейі жасалған болуы мүмкін екенін айтып, сараптамаларға күмән келтірген.

— Бұл процесс қашан аяқталатынын бір Құдай біледі. Мұндай мекемелерде 10–15 жыл, тіпті одан да көп уақыт жатып, кейін ғана сот басталуы мүмкін. Бұл адам жазадан құтылып кетуі ықтимал. Біз тек әділдік талап етеміз, - деді ол редакция тілшісіне берген сұхбатында.

Туыстарының мәліметінше, іс бойынша екі рет сот-психиатриялық сараптама жүргізілген – алдымен Шымкентте, кейін Алматыда. Екі жағдайда да күдіктіден психикалық ауытқулар анықталған. Алайда жәбірленуші тарап мұнымен келіспей, бұл әрекет жауапкершіліктен жалтару үшін қолдан жасалуы мүмкін деп есептейді.

Осыған байланысты Сұлтан Серікбай Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі жеке бақылауға алуды сұрады.

Полиция не дейді?

Құқық қорғау органдары бұл іске қатысты ресми мәлімдеме жасап, тергеу бірнеше бап бойынша жалғасып жатқанын хабарлады.

— Күдіктіге қатысты тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша жүргізілуде. Тергеу барысы бақылауда, — делінген полиция жауабында.

Полицияның мәліметінше, екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталған. Осыған байланысты ол мәжбүрлі емдеуге жіберілген.

— Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті қайтадан тергеу изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жалғасады, - дейді ведомство.

Сонымен қатар, тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыс орнатқанын мәлімдеді. Оларға қабылданған процессуалдық шешімдер түсіндіріліп, сараптама қорытындылары мен іс материалдары туралы ақпарат заң аясында жеткізіліп отыр.

Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Іс мән-жайы

Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Тергеу дерегінше, күдікті қызды ұзақ уақыт аңдып, кейін оған пышақпен шабуыл жасаған. Нұрай Серікбай алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Кейін белгілі болғандай, бұл шабуыл кездейсоқ емес. Туыстары күдікті бірнеше ай бойы қызды аңдығанын және «алып қашу» әрекеті болғанын айтқан.

Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы — «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бойынша қайта сараланған. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.