Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 11 Қазан 2022

Нұрбек Әділбеков: Домбыра жасау – өмірге бала әкелумен бірдей

None
None

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, қазақты қазақ қылып әлемге танытып жүрген жалғыз ұлттық аспабымыз бар.

Ал осындай ұлттық аспабымыздың түрін, үнін естіп, көргенімізбен, оның жасалу жолдарын біле бермейміз.  Домбыраны кез келген адам жасауы мүмкін, бірақ домбыраны әрі шертіп, әрі жасай алатын шеберлер өте аз. Сондай сирек шеберлердің бірі – ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Нұрбек Әділбеков. Атақты қолөнер шеберімен бүгінгі сұхбатымызда  домбыра қалай жасалынады, оның қанша түрі бар, ерекшеліктері қандай деген сұрақтардың төңірегінде сөйлескен едік.

— Ағаш ойып, аспап жасау оңай жұмыс емес екені белгілі. Домбыра жасау үшін адам шебер болуы керек пе, әлде күйші-домбырашы болу керек пе?

— Адам өзінің ішкі дүниесімен жасаған дүниесін үндестіре білмесе, бос нәрсе. Кейбіреулер домбыраның құлағын түзете де білмейді. Кезінде консерваторияның шеберханасында жұмыс істегенімде, домбыраны орыстар жасайтын. «Ит жоқта, шошқа үреді» демекші, олар домбыраның құлақ күйін келтіре алмай, әбігерге түсіп жататынын байқаушы едім. Осыдан-ақ қай аспапты жасау үшін де бірінші сол аспапты шерте білу керек екенін түсінуге болады. Ал өзім домбыра жасауды да, шертуді де білемін. Домбыра жасауды 9 жасымнан үйреніп, хоббиіме айналдырдым десем де болады. Оны маған Беделхан деген ағам үйреткен. Кейіннен домбыра жасауды тоқтатқан жоқпын, оқуға түскен соң, яғни 1986 жылы консерваторияның жанындағы шеберханадағы Мұса деген шеберге келіп, жұмыс жасағым келетінімді айтып едім, ол: «Ой, дәл келдің, онсыз да Қазақстанды қазақыландырайын деп жатыр едім. Сен керексің» деді. Осылайша, 1986 жылдан 2001 жылға дейін сол шеберханада домбыра жасадым. Артынша, Павлодарға Ерлан Арын шақырып, пәтер беріп, жұмыспен қамтамасыз етті. Бірақ бір жағдайлармен ұлым екеуміз қайтадан Алматы қаласына оралып, осында домбыра жасаумен айналысып жатқан жайымыз бар.  

Ал енді сұраққа қайта оралсақ, менен басқа аспап жасап, әрі шертетін жандар баршылық. Мәселен, Жолаушы Тұрдығұловтың өзі домбыра жасау үшін алдымен күйді үйренген. Ұстазы – Еділ Құсайынов. Міне, ол домбыраны жасаудан бұрын тарта да, үндестіре де біледі.

— Қазір кейбір шеберлер Африкадан «эбен» не «нигра»  деп аталатын ағаштарды алдырып, домбыра жасап жүр. Сонда жергілікті ағаштарымызда «Эбен» ағашының қасиеті жоқ па?

— Бізде клён ағаштары секілді ағаштар бар. Бірақ біздің климат ылғалды болғандықтан, ондай ағаштар көп емес. Енді мықты деген ағаштар Түркияда, Болгарияда, Африкада өседі. Өйткені ол жақтың климаттары құрғақ. Ал құрғақ жердің ағаштары аспап жасауға ыңғайлы. Негізінде бізде көбіне қайыңнан домбыра жасайды. Домбыраның ең негізгі бөлшегі бет тақтай болғандықтан, оған Қырғызстан мен Алатаудың ағаштарын пайдаланамыз. Одан басқа Шымкенттің жаңғағы мен тұт, өрік ағаштары да домбыра жасауға жақсы. Бірақ оның бәрін көп кесе беруге тағы да болмайды. Енді шетелдің ағаштары «сәнге» айналғандықтан, сұраныс көп болады деп ойлаймын.

— Домбыраның күмбірлеп тұруы ағашына қатысты ма, әлде шеберлікке байланысты ма?

— Домбыра жасау – өмірге бала әкелумен бірдей. Кейде домбыра дұрыс жасалынбай қалса, өмірге кемтар бала әкелгендей күй кешесің. Ал ойыңдағы домбыраны жасау үшін бет тақтайын үндестіре білу керек. Бетіне бет тақтайды дұрыстап жапсаң, дауысы сонда дұрыс шығады. Ал енді домбыра тарта алмайтын шеберлердің бәрінде бірдей сәтті домбыра шыға бермейді. Кейде домбыраны жасап алып, дауысы дұрыс шықпаса, қайта ашып-жауып, екі жұмыс болады. Сол себептен, бетін жаппастан бұрын нотасын дұрыс қоя алу қажет.

— Көбіне «екі ішекті», «үш ішекті» домбыра деп естіп жатамыз. Бұдан басқа «Абай домбыра», «Жамбыл домбыра» деген түрлері де бар көрінеді. Басқа қандай түрлері бар? Ерекшеліктері қандай? Одан бөлек, әр аймақтың домбырасы да әртүрлі болады екен. Осыларға тоқталсаңыз.

— Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте менің атымда музей бар. Онда Үш жүздің домбырасын жасап, көрмеге қойдым. Одан бөлек, Махамбеттің, Абайдың екі ішекті және үш ішекті домбыралары мен Жамбылдың да домбыралары бар. Батыстың да, Шығыстың да домбыраларын жасадым.  Енді әр аймақтың домбыраларын жасай жүріп, менің көзім жеткенін айтар болсам, олардың ерекшеліктері тек пішіндерінде. Мәселен, Махамбеттің домбырасы қозықұйрық пішіндес. Үні де ерекше шығады. Дәл сондай домбыраны ноғайлар да ұстайды екен. Былтыр ғана ноғайларға жасап бердім. Жамбылдың домбырасы сопақ діңке пішіндес болса, Абайдың домбырасы жалпақ келеді. Жоғарыда айтып кеткенімдей,  олардың ерекшеліктері тек түрінде ғана, ал дауысын бәрінен бірдей етіп шығаруға болады.  Пішіні әртүрлі болуы «әр жердің салты басқа, иті қара қасқа» деген секілді, өздерінің ыңғайына қарай жасап алғаны деп білемін.

— Сіз жасаған домбыралардың ішіндегі ең қымбаты қанша теңге болды? Кімдер сіздің домбыраңызды ұстап жүр?

— Ең қымбаты – 10 мың, 20 мың долларға дейін барады. Енді ол тапсырыс берушінің ұсынған бағасына орай жасалынады. Оның үстіне, шетелге де жақсы бағаға өтіп жатыр. Димаш Құдайбергеновтың арқасында домбырамыз шетелге танылып, ол жақтан да көп тапсырыс түсуде. Жақында ғана Америкадан бір қыз хабарласып: «Димаштың домбырасы секілді болса екен» деп тапсырыс берді. Осылай домбыраны шетелге танытатын адам болса, ұлттық аспабымызға бәрі қызығады екен. Өзімнің ұлым Ерасыл да Испанияға барып, ансамбльмен де, жеке де өнер көрсетіп, Гран При ұтып алды. Сол кезде концерт біткеннен кейін аппақ шашты, кәрі кісі: «Мынау қандай аспап? Қалай ойнайды?», – деген секілді сұрақтарын қойып, Ерасылға домбыраны қайта ойнатқызды. 1-2 күй тыңдап, көзінен жасы ыршып түсті. Онымен қосылып, біздің де көңіліміз босап кетті. Артынша, «аспапты маған бере аласыздар ма?» деп домбыраға жабыса қалды. Ұлыма арнап жасап берген домбырам болғаннан кейін тастауға қимадық.

Шүкір, қазір домбыраларым дүниежүзін шарлап жүр десем, артық айтқандық емес. Бірі – Америкада, Африкада, Сингапур секілді біраз қалаларда жүр. Ал өзімізде Төлеген Момбеков, Бақыт Басығараевтың қолында жүр. Кезінде әйгілі әнші Қатимолла Бердіғалиевке домбыра жасап берген едім. Ол сол домбыраны 31 жыл бойы қолынан тастамай ұстап жүр екен. Дәнеш ағаға, Айгүл Үлкенбаеваға, Салтанат Құдайбергенге, Нұржан Жанпейісовтерге және т.б. атақты әншілерге жасадым. Ардақ Балажанова да үш ішекті домбырамды ұстап жүр екен. Бұдан басқа тізе берсек, өте көп.

— Шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба? Жастардың бұл өнерді үйренуге деген ықыласы қандай?

— Әрине, шәкірттерім бар. Бірі ұлым – Ерасыл. Екіншісі – Әсет деген жігіт. Екеуі кезінде Астар деген ансамбльде бірге өнер көрсеткен, консерваторияны бітірген күйшілер.  Яғни, домбыра шертуден хабары бар жігіттер. Одан бөлек, Нарбек Оханов ең бірінші шәкіртім болды.  Ерасыл Айгүл Үлкенбаевадан білім алса, Әсет бас домбыраны бітірді. Әсет гитараны да шертеді. Бір сөзбен айтқанда, гитараның үні қандай, домбыраның үні қандай, жақсы айыра білетін жігіт. Жастардың ұлттық аспапқа деген қызығушылық танытқаны мені қуантады.

— Домбырадан бөлек, тағы қандай аспаптар жасайсыз?

— Домбыра жасаудан бөлек, қобыз жасаймын. Ара-тұра етке арналған астауларды да дайындайтын өнерім бар. Осы орайда, қобызды жасау тәсілімен бөліссем деймін. Қобызды жасау үшін оның терісін илей білу керек. Біріншіден, терісін ашытып, илеп, 10 күн суға салып қоямыз. Кейін кептіріп, тағы да илеп, суға саламыз. Әбден илеуі қанған соң, қайтадан кептіреміз. Осылайша, бірнеше процестен өтеді. Терінің илеуін білмесе, жай тері сөйлемейді. Ағаштың бет тақтайын да солай жасайды. Ағаштың адам сияқты басы, жотасы, іші болады. Тек оны айыра білу керек. Осы секілді өзге де құпияларым бар. Бірақ оны өзім және шәкірттерім ғана біледі.

— Кезінде ансамбльдерде ән айттыңыз. Жеке орындауыңыздағы әндеріңіз радиодан да көп беріледі. Қазір неге ән айтпай кеттіңіз?

— Өзім дәстүрлі әншімін.1980 жылдары «Сәби болғым келеді» әнін дүниежүзіне алғаш танытқанмын. 1980-83 жылдары Алматы қаласына келіп, «Отырар сазы» ансамблінде әнші болдым. Кейін бір жағдайлармен Талдықорған қаласына бардым. Сонда халық әртісі Дәнеш Рақышевтың жанында 3 жыл істедім. Негізі отбасымыз өнерлі отбасы. Анам ән айтқанда, дауысынан қабырғалар «дір» ететін. Халық әндерінің көбін сол анамнан үйрендім. Әсеттің «Мақпал» деген әнін Дәнеш аға бірінші болып радиоға ұсынып, халыққа тыңдатып қойғаннан кейін, мен де осы әнді радиоға ұсынғым келді. Сөйтіп, Дәнеш ағаның рұқсатын сұрап едім, ол кісі «ұсына бер, бірақ сенің әнің екінші түр болып кете берсін» деді. Кейіннен менің орындауымдағы, анамнан үйренген «Мақпал әні» бірінші нұсқасы екенін білдім. Одан кейін Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар, қош болыңдар!» әнін орындадым. Осылай ән айтып жүрген уақытымда, яғни 1985 жылы Семейдің Абралы деген жеріне концерт қоюға бардық. Сөйтіп, сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін концерт қойып, артынша бізді асханаға жіберді. Содан алдымызға екі қара нан, бір котлет, бір алюминий кружкамен спирт қойды да, «ішіңдер» деді.  Спирттің күштілігі соншалық, қасымыздағы жігіттер ішті де, бірден масайып қалды. Ал Дәнеш аға маған қарады да: «Өмірбек, (мені Нұрбек деп атамайтын) екеуміз ішпей-ақ қояйық. Қазір эстрада мүшелерін аяқтарынан сүйреп кіргізетін түріміз бар», – деді. Ағаның сөзін жерге тастамай, спирттен ұрттамадым. Ертесіне Дәнеш аға, бір цыган жігіті, жүргізуші төртеуміз 2 сағаттан аса концерт қойдық. Қалғандары спирттен соң қайта масайып қалған. Сонымен 2-3 күннен кейін менің тамағым қызарып, ісе бастады. Артынша шашым түгел түсіп қалды. Дәнеш аға да сол концерттен кейін қайтыс болып кетті. Сөйтсек, сол спиртті ішу керек екен. Сол концерттен кейінгі жағдай – осы. Екі рет инсульт алдым. Шашымның бәрі түсіп қалған соң, сахнаға шығып, ән айтуға бұл түрімнен ұялдым.

Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: