Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:22, 30 Сәуір 2024

Нұрбектің сүйіншісіне күлеміз бе, жылаймыз ба?

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

24 сәуір күні Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Астанаға келіп, Оксфордта қазақ тілін оқыту туралы меморандумға қол қойылды.

 Соңғы ақпараттарға сүйенсек, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Til Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және Оксфорд университеті арасында Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша келісімдер жасалып жатыр. Бұл хабарды біреулер таңырқап қабылдаса, енді біреулер сын көзбен қарап жатыр.

Негізінен, Оксфордта қазақ тілін оқыту мәселесі бұрыннан қарастырылып жүрген. Тек онда оқытылатын тілдер тыңдаушылардың санына қарай ішінара қаржыландырылады. Бұл мәселенің қалай шешілгені белгісіз. Биыл меморандумнан меморандумға көз ілеспей кетті. Сондықтан болар, көпшілік Оксфорд неге ынта білдіре қалды деп, таңғалысып қалған. Бұл туралы философ Дамир Кәрімов былай дейді:

«Нақты практикалық пайдасын бермейтін, нақты ресурс әкелмейтін, өнім шығармайтын зерттеулердің барлығы сол зерттеуді жасаушылардың ұзақмерзімді пайдасы үшін жасалады. Соның ішінде тілді зерттеуді алар болсақ, сол тілде сөйлеушілердің сана-сезімін, әдет-ғұрпы мен нанымдарын, менталитетін, діни, мәдени, саяси көзқарастарын тереңінен, детальды түрде ажырата алатындай түсініп, алдағы трендтерді болжай алу үшін жүргізіледі. Өйткені тіл – ұлттың болмысын ашып түсіндіре алатын бірден-бір құрал. Осы сынды басқа да мәдени компоненттерді зерттеу де ұзақ мерзімді перспективада жүргізіледі.

Бірақ маңыздысы – зерттеушінің ниеті емес, зерттеудің өзі, оның жасалуы. Өзімізді өзіміз дұрыстап зерттей алмай жатқанымызды ескерсек, шетелдік, оксфордтық ғалымдардың материалдарын өз игілігімізге қолдануға болатынын ұмытпаған жөн. Бір жағынан, онда ғылым дамыған, технологиялары мен методикалары кең. Сондықтан зерттеудің нәтижесінен бұрын, өзі құнды. Біз ұлт ретінде емес, мемлекет ретінде ондай деңгейдегі зерттеулерді жүргізуге әлі қабілетсізбіз. Қазіргідей қазақ филологтары өз ішінде бір тоқтамға келе алмай жатқан кезде сырттай фундаменталды зерттеудің болуы жақсы-ақ».

Мейлі, өз ғалымдарымыз қатырмады, сондықтан шетелдік зерттеудің болғаны жақсы деген күннің өзінде, Оксфордқа барып, қазақ тілін үйретейін деп жатқан қазақстандық ғалымдар. Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова айтқан. Ол өз сөзінде Қазақстандағы лингвист-зерттеуші мамандар Оксфорд колледждерінің біріндегі шығыстану факультетіне барып, магистранттар мен докторанттарға тіл үйрететінін жеткізген еді. Оксфорд бұл орайда сабақ беруге келетін мамандардың тек оқытушы емес, зерттеуші болуы да ескерілгенін қалайды екен. Бірақ осы тұстан ақсап қалуымыз мүмкін. Бұл мәселе жайлы филология ғылымының докторы Айгүл Ісімақованың пікірін сұрадық.

«4 жыл бойы Оксфорд ағылшын-қазақ сөздігі әзірленіп, осы жылдың басында халықаралық таныстырылымы өтті. Оксфорд сөздігінің өзін ағылшын ғалымдары бір ғасыр бойы жасаған. Әр мемлекеттің ағылшыншасы әртүрлі екені белгілі. Осы себептен ондағы ғалымдар Британияда сақталып тұрған классикалық ағылшын тілінің етістік, зат есім, сын есімдерінің, диалектілерінің бәрін жинаған. Ел-жұртқа сұрау салып, өңір-өңірге хат жолдап, елді мекендерді аралап жүріп құрастырылған. «Сіздің өңірде мына сөздердің қайсысы дұрыс болып есептеледі, қайсысын қолданасыздар» деп, поштаға ауыл-қаладан келген жауаптарды сараптай отырып, классикалық жүйені жасады. Біздің елдегідей, кабинетке оншақты академик жиналып алып, өз бетінше жасау деген атымен жоқ. Дәл сол себептен, олардың сөздігі әлемдегі тілді зерттеу, сақтап қалу, қолдану үлгісі болып саналады. Кейіннен БҰҰ-ның барлық тілдеріндегі Оксфорд сөздігі шықты. Өз кезегінде қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі де жарық көрді. Ал оны шығарған соң, ережеге сәйкес, Оксфордта қазақ тілі туралы мағлұматтар болуы шарт. Талаптарға сәйкес, тілдің тарихы, сақталу заңдылықтары, өзге елдердегі диаспораның қазақ тілі мен ондағы ерекшеліктер қандай екені жүйеленіп, болжамдар жасалуы керек. Оның бәрі оқытылуы қажет. Қысқасы, қазақ тілінің оқытылуы – сөздік шыққаннан кейінгі ғылыми саты, заңдылық.

Бір жағынан мұндай мүмкіндік санаулы елдерге ғана берілетінін ұмытпау керек. Бірақ өкінішке қарай, бұл істің басы-қасында болуы керек А.Байтұрсынұлы атындағы институттың директоры орыс тілі филологиясын оқыған маман. Демек, ол маманның деңгейі мұндай жауапты іске жетпеуі мүмкін. Тағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да А.Байтұрсынұлы атындағы кафедра бар. Оны басқарып отырған мамандардың бәрі – ахметтанушылар... Осыдан соң, Оксфордта қазақ тілін кім оқытады, қазақ ғалымдары ма, әлде сол жақтың өз түркологтары ма деген сұрақ туындайды. Өйткені мұндай абыройлы іске ғалымдарымыздың жұмысы лайық болғаны жөн. Бұдан бөлек те, аталған мәселеге скептикалық көзқараста қарайтындар көп екені байқалып отыр. Мұның себебі де түсінікті, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ», – дейді филолог.

Бұнымен қоса, Оксфорд университетімен келісім жасасқан Ш.Шаяхметов атындағы «Til Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры – Мақпал Жұмабай ақын, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және телевизия» факультетін бітірген. Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова да тіл маманы емес. Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Империялық колледжінің (Ұлыбритания) және Quantic бизнес мектебінің (АҚШ) түлегі.

Иә, 60 мыңнан астам сөзді қамтитын 1300 беттік Oxford Qazaq Dictionary сөздігі жасалды. Енді әлемнің ең алпауыт университетінде қазақ тілі оқытылады деп мақтанға салынып жатырмыз. Бірақ жоғарыда айтылған идеологиялық және кадрлық мәселелер қалай шешілмек? «Меморандумшыл» министр Саясат Нұрбек осы жағын ойланды ма екен? Қазақстан халқының 80 пайызы қазақша сөйлейді деп мәз болып жүрген Саясат Нұрбектің тіл саясатын дамыту тұжырымдамасымен не істегені естен кете қойған жоқ. 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамадағы индикаторларға қол жеткізе алмаймын деді ме, кім білсін, оны қайта жасақтады. Бірақ 2023-2029 жылдарға шақталған жаңа құжаттың мәні де, сыны да сол баяғыша қалған...

Оксфордта қазақ тілін оқытуды қолға алған филолог емес мамандардың жұрттан сүйіншілеген келісімдері де дақпырт күйінде қалмаса игі.

Балауса Ділдәбек