Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:36, 10 Қаңтар 2023

Нұрғали Нүсіпжановтың мерейтойы неге атаусыз қалды?

None
None

Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері сексен бес жастың сеңгірінен асты Нұрғали Нүсіпжанов.

Нұрғиса Тілендиевтің таңдаулы туындыларының тұсауын кесіп, тыңдаушысына тұңғыш жеткізген, Шәмшінің әндерін де көрерменнің көңіліне қондырған, ән әлемінде тыңдаушысын 65 жылдан бері баурап келе жатқан қазақтың Нұрғали Нүсіпжановы еді ғой.

Былтыр 5 қаңтарда 85 жасқа толғанда елімізде қаңтар қасіреті тұтанды. Жаназа үнінен бозаң дала боздап, қалың ел күңіренген кезде мерейтойым еді деп кеуделеген жоқ. Демейтін де еді, болмыс-бітімі жағымпазданып жағынуды, қолында билігі бардың білегінен ұстауды меңгермеген, кісілігі биік Нұрғали Нүсіпжановтың 85 жылдың мерейтойы осылай жыл он екі ай атаусыз өте шықты. Ешбір қалада, тіпті аймақтарда еленген жоқ. 65 жылдан бері сахнада тек ана тілінде ән шырқап, жанды дауыста көрерменін қуантып келе жатқан қазақтың Нұрғалиі күнде сексен бес жастың биігіне шыға бермейді. «Өлгеннен соң құр жылар, тірісінде кім жетер азаматтың бағасына» дейді әйгілі Қапез Байғабылұлы.

Қазақ әнін өткеннен бүгінге жалғап келе жатқан, әлі де аттан түспей, сахнада тек жанды дауыста ән шырқау қажет болса шамырқанып, ширығып шыға келетін Нұраға бабында. Ал біздің кейбір беті қалың басшылар мерейлі мерекелерден, жіліктің майлы басы тартылатын жерлердегі жиын-тойлардан бұл кісіні сызып тастауға, қағып жіберуге құлшынып, тұмылдырықтап ұстауға ұмтылады.

Нұрғали Нүсіпжановтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі Қазақстанның Еңбек Ері атағына әбден лайық. Тек өзінің ана тілінде ән шырқап, әлемнің бірнеше елінде қазақ өнерін насихаттағаны, «Жазира» ансамблін құрып, ұзақ жыл жетекшілік еткен үшін, «Қазақ радиосының» музыкалық редакциясын басқарған тұста талантты жастардың томағасын сыпырып, үлкен өнерге өріс ашқаны үшін, ұстаздық етуден жалықпай талантты шәкірттер шоғырын  түлеткені үшін де «Алтын жұлдыз» кеудесінде жарқырауы тиіс.

Нұрғали Нүсіпжановтың осыдан 76 жыл бұрын еккен алма ағашы әлі бар. Тіпті жайқала өсіп, төгіле жемісін де береді. Биыл да түйінін молынан салып, жел қиған кейбір алмасы үзіліп түсіп жатыр.

Жуырда халық артисі өмірге келген Доланалы ауылына сапарлаудың сәті түсті күзге салым. Жолбастаушы – Нұрғаш ағаның өзі.

Бұл ауыл жаңа отауын сайлаған Жетісу облысының Кербұлақ ауданы Жайнақ батыр ауылдық округіне қарайды. Доланалы десе дегендей, Матай тауларының етегін еңсере қоныс тепкен, алпыстың о жақ-бұ жағындағы ғана түтіні бар көркем ауылда осы бір жеміс қаулап өседі.

«Әлі есімде, ол кезде он жасқа енді аяқ басқан шағым еді, әкем Нүсіпжан атының артына міңгестіріп тауға алып барды. Жабайы өскен алма ағаштары самсап тұр. Шынтағымнан ортан терегімді барынша жазғанымдай болатын ұзындықтағы ағаш көшетін қазып алдым. Үйге әкеліп, осы жерге ектім, қаулап өсіп шықты. 76 жылға ауып барады екен, зымыраған қайран уақыт», – дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Айтпақшы, бұл ауылдың тұрғындары да, көршілес қоңсы ауылдың адамдары да Доланалы дегеннен гөрі Нұрғали Нүсіпжановтың ауылы дегенді үлкен әсерге бөлеп,  жиі айтатынын аңғардық. Дейтіндей де жөні бар екен, туған ауылынан оқу қуып, қазақ ән өнерін зау биікке көтеруге талпынған албырт шағында алыстап кеткенімен, ағаның өзі салған қара шаңырағы әлі де орнында тұр. Тек ішінде кісі қонбай, қазан асылмай, есігінде құлпы ілінгені болмаса, қабырғасы бүтін, есік-терезесі сол қалпы екен. Бірақ тозбайтын, бүлінбейтін дүние бар ма.  Жаңбыр мен қар суы кеміріп, жел мүжіген іргетасының бұрышы кетіле-кетіле опырылуға айналғанын да көрдік.  Нұрғали аға бұл қара шаңырағының құрылысын 1-курсты тәмамдаған жылы бастапты. Ең алдымен, білегін түрініп қойып, саз балшықтан қыш кесек құюды қолға алады да, қабырғасын қалап қояды. Екінші жылы әкесінің бір сиырын сатып, шатырына қажетті ағашы мен шиферін жеткізеді. Бұл қай кез? 1954-1956 жылдардың бедері. Студент құрылысшының қолынан шыққан шағын ғана үйдің сәулеті де құрылымына сай. Сыртқы есіктен енген бөлмеде пеш, оның арғы бөлмесі – жатын орын. Қабырғаның қалыңдығы қарыс құлаш. «Біздің жақта таңның аңғары болған соң ба, қыста айтарлықтай аяз жүреді, үйіміз салқын болмасын, ата-анам жасы келгенде жаурамасын деп қабырғасын қалың етіп, өруде ештеңеден аянғам жоқ», – дейді  жолбастаушымыз Нұрғали аға.

Біздің көңілімізді өсірген, көзімізді тоят таптырған ерекше әсер туралы айтайық енді. Доланалы ауылының күн шығысына қарай таудың етегін бөктерлей шыққанда алып бақтың қоршауына барып тірелесіз. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп Нұрғали аға ауданның ақ жағалыларына кіріп жүріп, «туған ауылымда шырқаған әнім күнде естілмесе де, еккен ағашым жайқалып, жемісін жас ұрпақ жақсылығына жаратсын» деген ниетке ұйып алма, алмұрт, долана, ақ қайың, терек сынды ағаш көшеттерін сатып әкеліп еккізіпті. Қолында тіпті картасы да бар, қай қатарға қандай алма сорты егілді, неше түп алмұрт бар, ақ қайыңның неше көшетін өсірді, бәрін-бәрін жіпке өткізген моншақтай етіп картасына түсіріп, жазып қойыпты.

Былтырғы қуаңшылықта баудағы ағаштарының қалай тамыры қурап қиылып кетпей, аман қалғанына таңданған біздің ойымызды сезген халық артисі, «ана таудың аңғарында өзен ағып жатыр, сол өзен суынан ауылға бақшасын, мал-жанына қажетті су тартуды сұрап облыстан бастап ауданға дейінгі әкімдіктегілердің есігін тоздырдым, бәрінің айтатыны – шығарып салма сөз бен арқадан қағу ғана. Ауылға арықпен болмаса, құбырмен сарқырап тіршілік көзі жетіп тұрса, жер емген диқанға да орасан олжасына демеу емес пе?» – Бәріміз бас изестік.  Бұл ауылға «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тартылған екен, бірақ шілденің шіліңгір ми қайнатар ыстығында су құбыры суалып қалатын мезетке де ауыл елі бой үйрете бастапты. Әйтпесе, табиғаты қоңыр салқын, жері құнарлы ауылға ендігі өсіп-өнер Нұрғалилар да шыбық қадаса, жайқалып, мәуелі бәйтерекке айналардай-ақ құтты қоныс.

Нұрғали Нүсіпжанов осыдан 65 жыл бұрын студент шағында жазғы демалыс уағын пайдаланып, ауылына келе жатқанда, қалақтай арық қара баласының сұлбасын сондайдан көрген анасы жаулығының ұшымен жанарының алмасын жуған жасын сүртіп тастап «құлынымдап» құшағын жая қарсы жүгіреді екен. Бала күнін, әкесінің қолтығында, анасының құшағында өскен албырт балауса кезі есіне түсіп, көзіне жас алған халық артисі терең күрсінді. Осынау бейдауа дүниеге қызықпағанын, атағын салып, арынан аттап жалпақшешейлікпен жуандардың алдында жүзін құбылтып, өнер көрсетіп, өзгелер секілді өлермендікпен ұмтылу болмысына бөтен, жүрегіне жат болып қалыптасқан әншінің артында қалатыны мынау ғана – әндері мен біз көрген  алма ағашы өсіп тұрған қара шаңырағы мен ауылының шетіндегі алма бағы ғана. Алмасы мәуелі ағашқа айналып әлі де жемісін төгіп жатыр, ал Нұрағаң ат үстінде, қазақ әнін қалықтатып келеді.

Тегтер: