Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 10 Сәуір 2024

Нұрғали Ораз: Күн сайын көңілімді толқытып, қалай бастарымды білмей жүрген бір жұмбақ шығарма бар сияқты

Нұрғали Ораз

Жазушы, драматург Нұрғали Ораздың есімі әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Жазушы әңгімелеріндегі қоғам келбеті, қайнаған өмір мен арпалысқан сезімдер оқырманды бей-жай қалдырған емес.

 Жазушы шығармашылығы хақында талай жақсы пікір айтылып та, жазылып та жүр. Халықаралық «Алаш» және М.Қашқари атындағы сыйлықтардың лауреаты сияқты марапаттарды да еншіледі. Десек те, автордың әдеби ортадан алыс жүретін қасиеті көпке белгілі. Бүгін біз жазушымен сұхбаттасып, оның шығармашылық лабораториясына мейлінше үңіліп көрдік.

– Әдебиет – бір орында тұрмайтын, үнемі дамып, жаңарып отыратын құбылыс. Тәуелсіздік орнағалы бері ұлттық әдебиетте жаңа тақырыптар мен тенденциялар пайда бола бастады. Әңгімеміздің басын қазіргі қазақ әдебиетінің, атап айтқанда, прозаның жағдайы туралы сұрақтан бастасақ? Бүгінгі әдебиеттің алдына қойған мақсаты қандай? Жастардың жазу деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Әрине, адамзат көші алға жылжыған сайын бұрын-соңды көрмеген, білмеген тың кеңістіктерге тап болады емес пе. Сондықтан да күрес тәсілі өзгеріп, халықаралық жағдайлар шиеленісіп, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы бұрынғыдан да күрделене түседі.

Ал әдебиет – адамзат көшінің өткені мен бүгініне, келешегіне деген жазушының жеке көзқарасы, шындығы, ақ қағазға көркем сөзбен кестелеген сыры, қиялы. Әйтсе де шындықтың бәрі бірдей ақиқат емес екенін ұмытпауымыз қажет. Бізге дейінгілердің «Шындық көп, Ақиқат жалғыз» деп тәмсілдеп кеткені де сондықтан. Әдебиетте ақиқатқа неғұрлым жақындаған жазушылар ғана классик атанады.

Классика – мәңгілік дүние. Оны ескі, жаңа деп бөлу қиянат. Ә деп бастағаннан-ақ тұңғиық тереңіне тартып ала жөнеледі. Дегенмен әр заман өз классикасын қалдырады.

Өз басым, әдебиеттегі жаңа тақырып, тенденция деген ұғымдарды құп көрмеймін. Өйткені жаңаның бәрі ескіреді. Ол – ақиқат. Ал әдебиеттің ең басты міндеті, қарапайым тілмен айтқанда, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу. Күні бүгінге дейін «адамзат баласының бойында жаңа бір адамгершілік қасиеттер пайда болыпты» дегенді естідіңіз бе? Ықылым заманалардан бері жақсылықтың аты – жақсылық, мейірімнің аты – мейірім, сұмдықтың аты – сұмдық, қылмыстың аты – қылмыс, ұрлықтың аты – ұрлық, т.б. Тек олардың түрлері, әдіс-амалдары ғана өсіп, өркендеп, дамып отырады. Қай заманда, қандай дәуірде болмасын, әдебиеттің ең басты нысаны – өмір. Кейіпкері – адам. Тіпті о дүние туралы жазған жазушының өзі де осы дүниедегі қиялының қанатымен ұшады.

Сондай-ақ «кешегі қазақ әдебиеті», «бүгінгі қазақ әдебиеті» деген ұғымдар да шартты түрде, айтылар ойды нақтылау үшін ғана қолданылатын сөз тіркестері деп ойлаймын.

Ақиқатқа жүгінсек, «Қазақ әдебиеті», «Қазақ өнері» деген ұғымдар да «Қазақ елі», «Қазақ ұлты» деген қастерлі ұғымдар секілді елді, ұлтты біріктіріп тұруға тиісті. Сондықтан да әлем әдебиеті және төл әдебиетіміз деген ұғымдар әлдеқайда жүрекке жақын.

Оқырман қауым ұнататын шығарманың қай ғасырда жазылғаны маңызды емес. Ал ұнатпаған шығарманы «Алтын ғасыр» деп айдар тақсаңыз да өткізе алмайсыз.

Жастардың жазу деңгейі дейсіз бе... Қиын сұрақ. Әр жазушының деңгейі әртүрлі болады емес пе. Оның үстіне бірте-бірте көтерілетін деңгейді де ескеруіміз қажет. Жалпы, «жас жазушы», «қарт жазушы» деп, жас шамасына қарай бөлудің өзі де ретсіз. Әдебиеттегі өлшем – талант.

– Жас кезінде қазақ әдебиетін құбылыс боп келген көзі тірі аға буынның қазіргі шығармалары бастапқы биігінен төмендеп, екпінін бәсеңдетіп алған сияқты. Кейбір қаламгерлер өз-өздерін қайталай бастады. Мүмкін, ондай жағдайда мүлде жазбаған дұрыс шығар. Сіздің ойыңызша, әдебиет жас таңдай ма?

– «Жақсыны – жақсы» деп бағалаудың өзі ғанибет. Жас кезінде құбылыс болып келсе, ол да бір биік, ол да бір мәртебе. Әлем әдебиетінде мұндай құбылыстар көп-ақ. Жазудан өз еркімен бас тартып, елден ерек оңаша өмір сүрген жазушылар да бар...

Жас кезіңізде жазсаңыз да, қартайған шақта жазсаңыз да, шағын әңгіме, новелла болсын, көлемді роман, эпопея болсын, рухани қазынамызға таза, мінсіз, асыл дүние қоссаңыз болды емес пе. Том-том кітап қалдырған қаламгерлердің шығармаларын да уақыт өзі елеп, екшеп, құндысын ғана қалдырып жатыр ғой.

– Байқауымша, әдеби ортада жиі көріне бермейсіз. Өзіңізді мейлінше бұйығы ұстайсыз, жарқ етіп шыға келгеніңізді де байқамадым. Бұның себебі неде?

– Иә, әдеби ортада жиі көріне бермейтінімді әріптестерім де ылғи есіме салып тұрады. Ағымнан жарылып айтар болсам, мен өзімнің емес, шығармаларымның жарқырап көрінгенін қалаймын. Әсіресе жастар оқып, баспасөз беттерінде пікір білдіріп жатқанда қатты қуанамын. Әңгіме, повестерімді ақ-адал көңілімен бағалап, қанатымды қатайтқан Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Оразбек Сәрсенбаев, Зейнолла Серікқалиев, Герольд Бельгер, Мархабат Байғұт секілді ағалардың аруағына бас иемін. Дулат ағама, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Дулат Исабековке Алла Тағала ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін. Ол кісі әрбір шығармамызды жіті қадағалап, әділ бағалап отыратын рухани ұстазымыз.

Қазіргі кезде күн сайын көңілімді толқытып, қай күні, қалай бастарымды білмей жүрген бір жұмбақ шығарма бар сияқты. Мен осындай пікірді алғаш рет Марат Қабанбаев, Болат Қанатбаев, Мейрам Асылғазин, Жұмабай Шаштайұлы секілді жазушы ағалардан естігенімде, «Неге жазбайсыздар?» деп таңғалған едім. Енді сол күй, сондай бір ой өз басыма да келген секілді. Бұл, бәлкім, жазушылардың мазасын ала беретін мәңгілік арман шығар...

– Жалпы әдеби орта қаламгерге қаншалықты ықпал етеді? Шығармашылық туралы кіммен жиі пікір алмасасыз?

– Әдеби орта дегенде, біздің көз алдымызға алдымен Жазушылар одағы елестейді. Кешегі кеңестік дәуірде «Қаламгер» кафесінде думандатып отырып әдебиет жайында әңгіме-дүкен құрған ақын-жазушыларды еске аламыз. Қазір заман өзгерді...

Шындығында, біздің көбіміз, әдебиеті мен өнері әлдеқайда қарыштап дамыған өркениетті мемлекеттерде Жазушылар одағы деген ұйымның мүлде жоқ екенін ел Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-ақ білдік.

«Сонда олардың әдеби ортасы қайда» деген сұрақ өзінен-өзі туады ғой. Бақсақ, олардың пікір алысатын ортасы негізінен әдеби баспалар мен әдеби журналдардың редакциясы екен. Жазушылар алғашқы пікірді баспаның директорынан, редактордан естиді. Себебі олар – оқырман сұранысын өте жақсы білетін әдеби менеджерлер. Ал оқырман – капитал. Ағылшын тілінде жазатын жазушының кітабы бір күнде миллион таралыммен таралып, баспаны да, қаламгерді де байытуы мүмкін. Ал біздегі баспалардың, журналдардың, жазушылардың, тіпті оқырман қауымның да жағдайы өзіңізге жақсы мәлім.

Шығармашылық туралы жас кезде өз замандастарымызбен пікір алысқанды жақсы көруші едік. Кейде тіпті, қызуқандылықпен айтысып-тартысып қалатын кездеріміз де болатын. Ал қазір өзгеден гөрі өз пікірімізді тиянақтап, ішкі дүниемізге көбірек үңілгенді қалаймыз.

– Осы тұста «Жазушының жалғыз досы бар. Ол – жалғыздығы» дейді. Әңгімелеріңізді оқып, қоғамның, әсіресе жазушының жалғыздығымен бетпе-бет келіп отырдым. Мысалы, «Түнгі жалғыздық» әңгімесінде «Көше кезіп, әркімнің жүзіне бір жаутаңдап қарап жүрген Жалғыздықты ол да танымады...» деп едіңіз. Дәл осы сарынды «Түндегі жетім тамшылар», «Оңаша арал», «Жылқының көз жасы», «Сақалды қыз» әңгімелерінен де байқауға болады. Осы тақырып турасында сөз қозғасаңыз…

– Адам өзінің айналасындағы тіршілікке мән беріп, ойланған сәтте үнемі жалғыз қалады ғой. Менің әңгімелерімдегі жалғыздық кейіпкерлерімнің сондай бір кездегі көңіл күйінен анық сезілетін болса керек. «Түндегі жетім тамшылардағы» Жаңбырбай жаз бойы адал еңбек етіп, ақыр-соңында әлдекімдердің кесірінен өз үлесінен қағылғанын білген күні амал жоқ ұрлық жасап, мұңға батады. «Оңаша аралдағы» әйел өзінің жалғыздығын бөліскен болып, уақытша сауық-сайран құруға келген «саяхатшылардың» өзімшілдігіне налиды.

Біз олардың жалғыздығына бірде мән береміз, бірде мән бермейміз. Адам жанына үңіліп, зерделеп қарасаңыз, бұл олардың жеке трагедиясы ғана емес, бүтіндей қоғамның жан жарасы екенін ұғасыз.

Иә, «Түнгі жалғыздық» та дәлме-дәл осы тақырыпқа арналған. Күндізгі қарбалас тіршілікте ешкім де жалғыздықты сезіне қоймайды. Әсіресе қалада. Содан да болар, жалғыздық атаулы мифтік бейне секілді түнде келіп, терезелерден сығалап, көңілінде мұң бар кісілерді аңдып жүре ме дейсің...

Ал жазушының жалғыздығы, ол – ой құрсауындағы, жазу үстіндегі бақытты жалғыздық. Шығармашылық дегеніміздің өзі де сол – жеке, оңаша отырып айналысатын тірлік қой.

– Бір сұхбатыңызда орыс әдебиетіндегі ең сүйікті жазушыңыз Чехов екенін алға тартып едіңіз. Сіздің қаламгерлік қабілетіңізге орыс және әлем әдебиеті қаншалықты әсер етті? Мысалы, «Қайыршының жұлдызы» әңгімесін Артур Конан Дойлдың «Жырық ерін» әңгімесіне қатты ұқсаттым.

– Иә, Чехов әңгіме жанрына жаңа бағыт әкелген жазушы. Оған дейінгі әңгіме жанрының шеберлері шым-шытырық, оқыс, тосын оқиғаларды іздеп, ойдан құрастырып, оқырман қауымды қызықтырудың ең ұтымды тәсілі осы екен деп ойлаған. Ал Чехов күнделікті өмірде кездесетін оқиғаларға ерікті, еріксіз түрде араласуға мәжбүр болатын қарапайым адамдардың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, көзқарасы туралы жазып-ақ қалың оқырман қауымды тәнті етті.

Әрине, шетел әдебиетінен Ги де Мопассанның, Э.Хемингуэйдің, У.С.Моэмнің, Р.Акутагаваның, Я.Кавабатаның, И.Иноуэнің шығармаларын біз сүйсініп оқыдық. Бірақ олардан қаншалықты үйренгеніміз, «шеберлік сабағын» алғанымыз туралы айту қиын.

Ал И.Буниннің, К.Паустовскийдің, В.Астафьевтің, В.Распутиннің, Ф.Искандердің шығармаларын аудармадан емес, түпнұсқадан оқығанымызға қуанамыз.

Сондай-ақ Ш.Айтматовтың, Ә.Несиннің, Н.Думбадзенің шығармалары әдебиетке деген құштарлығымызды еселеп арттыра түсті.

Ал енді, «Қайыршының жұлдызына» келетін болсақ, бұл әңгімедегі оқиға желісі де, айтылар ой да «Жырық ерін» әңгімесінен алшақ жатқан сияқты. Тек кейіпкерлердің қайыршы кейпіне енуі ғана болмаса...

Өз басым, А.Кристи, Артур Конан Дойл секілді детектив жанры шеберлерінің туындыларын экраннан тамашалағанды ұнатамын. Себебі олардың шығармаларында көркемдік өлшемдер екінші планда қалып, негізгі күш оқиғаны барынша шиеленістіруге жұмсалатын секілді.

Ағылшын жазушысы У.С.Моэм «Детективтің құлдырауы мен күйреуі» атты эссесінде: «Осыдан бірнеше жыл бұрын әңгімелер антологиясын құрастыру барысында мен Конан Дойлдың барлық әңгімелерін оқып шықтым. Ешқайсысына көңілім толмады» деп жазады.

Әйткенмен, Конан Дойлдың басты кейіпкерлері Шерлок Холмс пен дәрігер Ватсонның бүкіл әлемге әйгілі бейне болып тарауы – жазушы мәртебесін қыран самғайтындай биікке көтергені анық.

Ел есінде сақталып қалатындай кесек-кесек бейнелер сомдау нағыз хас шеберліктің белгісі. Қазақ әдебиетіндегі биік, дара шың Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясындағы Сүйеу қарттың, Кәленнің, Ақбаланың, Судыр Ахметтің образдарын еске алыңызшы. Ә дегеннен-ақ көз алдыңызға келіп тұра қалатын мәңгілік бейнелер емес пе. Олардың бірі – сүйекке сіңген тектіліктің, бірі – өршіл рухтың, бірі – сұлулық пен махаббаттың, енді бірі – судыраған өтірікші, өсекші, өз тіршілігі үшін айналасындағылардың бәрін сатып жіберуге дайын жағымпаздықтың символы.

– Әдебиетте көлемі шағын, қысқа болса да көтерер жүгі ауыр жанрдың бірі – әңгіме. Біздің назарымыз көбіне көлемді шығармалар роман, повесть жазатын авторларға немесе жазушылардың үлкен туындыларына назарымыз ауып кетеді де, әңгіме жанры негізгі нысанадан тыс қалатыны да жасырын емес. Сіздің дәл осы әңгіме жанрына қалам сілтеуіңізге себеп неде? Болашақта көлемді проза жазу жоспарыңызда бар ма?

– Түптің түбінде, бәлкім, әңгіме, новелла жанры алдыңғы қатарға шығатын шығар. Себебі ақпараттар ағыны күннен күнге қарқын алып келеді. Уақыт жылдам өтіп жатқан сияқты. Бәріне үлгеру керек.

Соңғы жылдары мен өзімнің қойын дәптеріме жазып жүрген этюдтерімді жинақтап, «Жұлдыз» журналына ұсынғанымда, қазір қысқа да нұсқа жанрды оқырман қауымның өте жылы қабылдайтынын анық сезіндім.

«Осылай да жазуға болады екен ғой!» деп бір ақ көңіл қаламгер ағамыз арқамнан қаққан сәтте төбем көкке жеткендей болды. Себебі әдебиетке деген бәз-баяғы ыстық ықылас, сүйіспеншілік бүгінде мүлде азайып барады. Әркім өз тіршілігімен әуре. Бәлкім, жетпіс жыл тежеп ұстаған жүйенің тізгіні босаған шақта қарапайым елдің ішінде бұғып жатқан талай жылғы арман-мақсаттары тасқын судай лақ етіп ақтарыла жөнелген болар...

Сұхбаттасқан  Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: