Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 05 Шілде 2024

Нұрғали ОРАЗ. Ұят та болса, айтайын!..(Әңгіме)

1

«Адам баласы ар-ұяттың арқасында ғана адам болып қалыптасады». Шыңғыс Айтматов

Баяғыда-а, біздің ауылдың ана-ау бір шетінде балшық дуалмен қоршалған қырман болушы еді. Жаз мезгілінде егін сарғайып піскен күннен бастап жер бетіне алғашқы қар түскенге дейін әлгі қырманның ішіндегі жұмыс қыз-қыз қайнап жататын.

Бет-аузын орамалмен тұмшалап алған қыз-келіншектер күні бойы астық тазалайтын аппараттарға ағаш күрекпен бидай лақтырып, қас қарайғанша тыным таппайтын. Ал қырманның кіреберісіндегі жап-жалпақ көпір секілді үлкен таразының жанындағы түйетауықтың күркесіндей соп-сопақ бөдкеде екі ер кісі отырушы еді. Олардың бірі – жас шамасы елуге таяп қалған, орта бойлы, дөңгелек жүзді, қараторы өңді таразышы – Жалғасбек те, екіншісі – сырықтай жіңішке, ұзынтұра, ақ сары жігіт – есепші Ахметжан.

Күндіз-түні бұрқырап жататын қызыл қырманның шаңы тұтып қалғандай боп-боз боп көрінетін зеңгір аспанның қақ төріне шығып алып, ағаш бөдкені өртеп жіберердей шақшиып тұратын күннің аптап ыстығына күйіп, терлеп-тепшіп отыратын олар екі жақ қабырғадағы екі кішкентай терезені шалқайтып ашып тастайды.

Күн сайын түс әлетінде Жидегүлдің осында бір соғып кететін әдеті. Табалдырықтан аттай бере: «Жалғасбек аға-а-ай, – дейді даусын әндете созып. – Шай ішеміз бе?!» Сөйтеді де «У-уһ, мына күн бәрімізді бас-сирақ сияқты үйтіп жібере ме, кәйтеді?!» деп, онсыз да қайнап тұрған бұрыштағы тоқ шәугімді ызылдатып тоққа қосады. Сонсоң Жалғасбек екеуі әжің-күжің әңгімелесіп отырып, қара шайды ұзақ сораптайды.

Алғашында Ахметжан олардың мұнысына іштей таңғалып: «Апыр-ай, аспан айналып жерге түсердей күннің аптабында ыстық шайды қалай-қалай ішеді екен-ей?!» деуші еді. Сөйтсе-е, шай дегеніңіз – нағыз шілдеде ішетін сусын екен ғой!

Шекең жіпсіп, тер сорғалаған сайын рақатқа батасың. Содан бастап ол да Жидегүлге еміне қарап: «Маған да бір кесе құйып жіберіңізші», дейтінді шығарды. Және де өзі сұраған шайды өзі есепке алғандай, есепшотын сырт еткізіп, бір қағып қоятынын қайтерсің.

Қырмандағы басқа қыз-келіншектерге қарағанда Жидегүлдің мұнда емін-еркін кіріп шығатындай жөні де бар. Осыдан біраз жыл бұрын Жалғасбек алғаш аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп келген кезде ауылдағы онжылдық мектептің жоғарғы класс оқушыларына «Еңбекке баулу» сабағынан дәріс оқып, трактор, комбайн жүргізуді үйреткен болатын.

Міне, сол жылдары Жидегүл жап-жас оқытушы жігіттің бір айтқанын екі етпей, қағып ала қоятын ең ынталы оқушы еді. Басқа сабақтардан қалай екенін кім білсін, Жалғасбектің сабағына келгенде ол үнемі алдыңғы партадан табылатын. Және мұғалімнің әрбір сөзін тыңдап қана қоймай, әрбір қимылын қалт жібермей бақылап отырушы еді.

«Ағай, кәстөміңіздің жеңіне бор жұғып қалыпты!», «Ағай, тақта жазуға толып кетті ғой. Жоғарғы жағын сүртіп жіберейін бе?!» деп, Жалғасбекке жанашыр боп, танадай көзі мөлдіреп, қарайтын да отыратын. Жалғасбек болса, алғашында бұл қыздың мұнысы несі, ылғи да жақсы баға алғысы кеп, жағымпаздана бере ме, немене, деп ойлаған. Сөйтіп, бір күні оған бағаны әдейі төмендетіп қойғаны да бар.

Жо-о-оқ. Бақса, қыздың ойы бағада емес екен. Оны тіпті елең қылмады. Баз баяғысынша жадырап, мұғалімге күлімсірей қарап жүре берді.

Әйткенмен, оқушы қыздың ойы бағада болмаса да, басқада екенін Жалғасбек ағай білді ме, жоқ па, ол жағы бізге жұмбақ. Жидегүлге назар аудармаған күйі келер жылы өзімен бір мектепте, бір класта оқыған Күләйша деген қызға үйленіп кете барды...

Жалғасбек аға-ай!

Міне, бүгін де түс әлетінде Жидегүлдің әндете созған даусы естілді.

– Шай ішеміз бе?!

О-о, Жидегүл, айналайын! Кел, кел... Ішеміз.

Жалғасбек қаупалақтап, үстел үстіндегі қобырап жатқан қағаздарын жинастыруға кірісті.

Ахметжан жымың ете қалды. Сөйтті де:

– Жидегүл әпке, сіз тек Жалғасбек ағайды ғана ойлайсыз ба?! Маған да бір рет: «Ахметжан, айналайын, шай ішеміз бе?» деп айта салсаңыз қайтеді, – деді өз жайына қарап отырмай.

И-и, күнім-ай, үйреніп қалған ауыз да, – деді Жидегүл самбырлап. – Әйтпесе, сенен шайды аяп отыр ғой дейсің бе?

Ахметжан қарсы сөз айтқан жоқ. Әйтсе де оның мұнда шай ішуге ғана келмейтінін іштей сезеді. Жидегүлдің көңіліндегі сол баяғы мүғаліміне деген балаң махаббаттың шоғы әлі де сөне қоймағандай. Қайта Жалғасбек ағайын көрген сайын маздап, лап ете қалуға себеп таппай, тамызық іздейтін тәрізді.

Ал жақсы, мен кеттім, – деді Жидегүл әбден шайға қанып алған соң.

Сосын буын-буыны сықырлап, орнынан тұра берді де, Жалғасбекті жаңа көргендей тесіле қарап:

– Жалғасбек ағай, жағаңыз кірлеп кетіпті ғой, – деді біртүрлі жанашыр үнмен. – Күләйша жеңешем сіздің үсті-басыңызға қарамайтын болған ба. Әттең... маған берсеңіз ғой, тап-таза қып жуып әкелер ем.

Ә-ә, бұ әшейін, жұмысқа киетін болған соң... – деп Жалғасбек аяқастынан сасқалақтап, не айтарын білмей күмілжіп қалды.

Ал әйтпесе!.. Ахметжан ол екеуінің әрбір қимыл-қозғалысын көзінің астымен бағып: «Мәс-саған, мына шайқор Қыз Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген махаббатын қара!» деп күлкісін әзер тиып отыр.

Жидегүл шығып кеткен соң, көп өтпей-ақ Жалғасбек әжетханаға қарай жүгіреді. Жаңа ғана ішкен ыстық шай шамасы, қуығын шыдатпайды. Ал әжетхана дегеніңіз, аумағы ат шаптырымдай қырманның ана-а-ау бір түкпірінде.

Жалғасбек онда барып келгенше Ахметжан астық тиеген машиналарды өзі қабылдап, өзі есептей береді.

–Тү-у, осы обарнайды соншама алысқа апарып қойғандары несі екен, –дейді қозыкөш жерден оралған Жалғасбек қолын жуып жатып. –Жақындау бір жерге орната салса қайтеді?!

– Екеумізге арнап па?! – дейді қу тілді Ахметжан.

– Е-е, неге екеумізге... Басқалар да бар емес пе.

– Мәселен, Жидегүл әпкеміз...

– Әй, әй... қой, бала! Қой! Әйелдер жағын қозғама, ұят болады.

– Өй, несі бар? – дейді Ахметжан өп-өтірік аңқаусып. – Олар да адам баласы ғой.

Қой, бала, қой..

Осыдан кейін арада екі-үш күн өткенде бұлар күтпеген бір қызық оқиға болды. Әдеттегідей түс әлетінде Жидегүл келіп, үшеуі шайға әбден қанып алған кезде қырманға бірінің артынан бірі тізіліп, бес-алты машина қатар келе қалды. Олар әкелген астықты өлшеп, журналға тіркеп болғанша Жалғасбектен маза қашты.

Әрі-беріден соң тіпті әжетханаға жетуінің өзі мұң боп қалды. «Басқа түссе – баспақшыл» деген, бір кезде амал жоқ, бүгежектеп, бөдкенің сыртына қарай айнала берді. Абырой болғанда, балшық дуалдың бөдкемен түйісетін жерінде қашан, кім әкеліп еккені белгісіз бір түп тал өсіп тұратын-ды. Жалғасбек сол талдың түбіне келіп, шалбарының бауын ағыта бастаған...

Оның бұл тірлігін іште отырып-ақ сезіп қойған Ахметжанның ойына осы сәтте бір қулық сап ете қалды. Таң атқаннан күн батқанға дейін тынбай сыртылдатып отыратын есепшотын былай қоя салып, лып етіп түрегелді де, қабырғадағы кішкентай терезеден басын қылтитып:

Жалғасбек аға-а-ай! – деді Жидегүлдің даусын айнытпай салып.

Бұрышқа қарап шаптырып тұрған Жалғасбек селк ете қалды. Ахметжан терезеден басын тартып ала қойды. Сөйтті де, жүгіріп келіп, өз орнына қонжия кетті.

Тап осы кезде таразыға келіп тоқтаған тағы бір машина «Әй, сендер қайдасыңдар?!» дегендей бипылдатып, сигнал бере бастады.

Жалғасбек жақын арада келе қоймаған соң, оның орнына Ахметжан атып шықты. Содан соң бір машина және бір машина іркес-тіркес келіп жатты. Комбайншылар бүгін сар даладағы егіннің ең бір шүйгін жеріне түскен болса керек, сірә..

Жалғасбек со бойы үшті-күйлі жоқ. Ары-беріден соң Ахметжанның өзі де алаңдап, әрі екі кісінің жұмысын бір өзі атқарып, әбден сілесі қатты.

Күн кешкіріп, қырманға келіп жатқан машиналардың легі сиреген уақта Жалғасбекті іздеп, бидай суырып жатқан қыз-келіншектер жаққа барды.

Содан соң, олардан:

– Бағана-а-а, анау қойма жаққа қарай жүгіріп бара жатқан!

– Іші ауырған ба, немене, екі бүктеліп қапты ғой!

Жүрісі де біртүрлі, – деген жауап естіп, қақпасына екі машина қатар сыйып кететін үлкен қоймаға қарай тартты.

Ал енді, бұл қойманың ішінен іздеген адамыңды тауып көр. Қашан кірсең де іші бұлыңғыр, шаң аралас алакөлеңке. Әйтсе де Ахметжан осында қыбырлап жұмыс істеп жатқан кісілерден сұрастыра жүріп, бір бұрышта, күзетші шалдың қасында бүрісіп отырған Жалғасбектің үстінен түсті.

– Оу, Жәке, мұныңыз қалай?

– А-а... Ахметжан, айналайын, бұл сен бе? – деді Жалғасбек өзінен-өзі қуыстанып. – Қа... қалай, ана жақта тыныштық па?

– Тыныштық. Бірақ сізді іздеп, таппай қалдық қой.

– Е-е, бір... жағдай болып...

– О не жағдай? Бүгін мәшинелер бірінен кейін бірі келіп, есті шығарды ғой тіпті.

Ахметжан-ау, айналайын... О жаққа қалай барам?..

Жалғасбек сүйретіліп орнынан тұрды да, Ахметжанды оңашалау жерге алып шығып:

Мынаны қарашы... – деді көзін төмен салып.

Ахметжан оның ауына көз салды да, қарқылдап күліп жібере жаздады. Жалғабектің сұр шалбарының алды су-су боп, әлі кеуіп үлгермеген екен.

– Сізге не болған-н? – деді Ахметжан өзін-өзі әрең тежеп. –Қырмандағы келіншектер ойнап, су шашып жіберген бе?

Жоғ-ә...

Жалғасбек енді оның құлағына аузын тақап, сөзінің соңын күбір-сыбырмен бітірді.

Ахметжанды күлкі қыстап, іші бүлкілдеп барады. Ойында еш қулық жоқ Жалғасбек оған бағанағы болған жәйтті бүге-шігесіне шейін қалдырмай айта келіп:

Содан нетіп, бірден тоқтата алмай... сасқалақтап шалбарымды бүлдіріп алдым ғой, – деді өзінен-өзі жиіркенгендей бет-аузын тыржитып.

– Ойпыр-ай, енді Жидегүлге қарайтын бет жоқ. Қарауылдан бір шәугім су сұрап алып, ары жудым, бері жудым. Кетпейді. Не кеппейді бұл нағылет... Қарашы, әлі иісі шығып тұр ма... Ахметжан, айналайын, бүгін өзің бірдеңе қып жұмысты атқара бер. Мына ағаңды ел-жұртқа масқара қыла көрме...

***

Сол күннен бастап Жидегүлдің төбесі көрінген жерден Жалғасбек тұра қашатын болды. Әдеттегі шай ішетін уақыт жақындаған сайын терезеден қайта-қайта сығалап қарап, қойма жақта бір асығыс жұмысы бардай жорта жөнеледі.

Сәлден соң есік ашылып:

Жалғасбек аға-а-ай! – деген таныс дауыс естіледі.

Ал Ахметжан болса, қырманға келіп жатқан астықтың есебін шығарып үлгере алмай жатқандай есепшотын сартылдатып, көзін төмен сала береді.

Мына кісі қайда кеткен-ей! – дейді Жидегүл оған сұраулы жүзбен қарап.

Ахметжан есеп-қисаптың ішіне біржола кіріп кеткендей бірден жауап қата қоймайды.

– Немене, жұмыстарың көбейіп кеткен бе? – дейді Жидегүл енді даусын бәсейтіп.

– Бастан асады, – дейді Ахметжан шекесін тыржитып.

– Шай ішеміз бе?..

– А-а-а... Иә-ә, ішеміз ғой.

– Тоқ шәугімді қоса берейін бе?

Иә, қоса беріңіз.

Тоқ шәугім әс-сәтте бұрқ-сарқ қайнайды. Жалғасбек ағай келе қоймаған соң, Жидегүл шайды үн-түнсіз демдейді. Күндегідей ашық-жарқын әңгіме айтып, сықылықтап күле де алмайды. Есік жаққа қарап, Жалғасбек ағайын күтіп, алаңдай береді.

Арада екі-үш күн өткенде Ахметжан шыдай алмай:

Осы сіз Жалғасбек ағайды шынымен-ақ жақсы көресіз-ау дейім, – деп қалды одан сыр тартып.

Жидегүл болса, ойда-жоқта ішіндегі бір құпиясы ашылып қалғандай аңтарылып, оған тесіле қарады.

– Не... байқалып тұр ма? – деді содан соң ақырын үн қатып.

Енді... былай, сұрағаным ғой.

Ахметжан Жидегүлдің өткір жанарына тура қарай алмай, күмілжіп қалды.

– Шынымды айтсам бар ғой, – деді Жидегүл кенеттен ағынан жарылып. – Жалғасбек ағайды көрген жерде өзімді-өзім ұстай алмай қалам. Қасына жүгіріп барғым келеді де тұрады...

Ойпыр-ай!.. – Ахметжан өз даусының қалай шығып кеткенін байқамай да қалды. – Тура кинодағыдай ғашық екенсіз ғой!

Жидегүл бір сәт ой тұңғиығына батып кеткендей, екі көзі мөлдіреп, үнсіз қалды да, артынша басын шайқап, қинала езу тартты.

Білмеймін, Ахметжан. Осы ағаңның бір магниті мені өзіне қарай тартады да тұрады! Баяғы-ы сол... мектепке алғаш келген кездегі Жалғасбек ағай көз алдымнан кетпейді. Жап-жас. Үстінде жап-жаңа кәстөм-шалбар. Қап-қара шашын артына қарай жатқыза тарап қойған...

Кенет Ахметжан оның орнынан қалай атып тұрып, бөдкеден шыға жөнелгенін тіпті аңдамай да қалды. Тек есіктің сарт етіп қатты жабылғанын ғана естіді.

«Мәссаға-а-ан, Жалғасбек ағай қандай бақытты кісі, – деген ой келді Ахметжанға. – Бізді де бір келіншек осылай жақсы көріп жүрсе, мына кеудеміз шелектей боп кетер ед-ау, ә!.. Ә-әй, бірақ... мұндай бақ кез келген жанға бұйыра бермес... бұйыра бермес!..» Кенет оның көз алдына Жидегүлдің күйеуі елестей қалды. Теміржолдың арғы бетіндегі ферма жақта сиыр бағатын можантомпай, қой аузынан шөп алмайтын жуас жігіт Ахметжанға қарап: «Иә-ә, солай... Біреуге бақ, біреуге сор» деп, көзімен жер шұқып, мұңайып тұрғандай көрінді.

Біраздан соң қоймаға емес, жау тылына барлауға барып қайтқандай ентігіп келіп, Жалғасбек өз орнына жайғаса кетті.

«Япыр-ай, сіз кімнен жасырынып жүрсіз?» дегендей Ахметжан оған қызыға қарады. Содан соң күнбе-күн көз алдында болып жатқан осы бір әурелеңге өзі кінәлі екенін есіне алып, өзін-өзі жазғырғандай басын шайқап қойды.

Жалғасбек болса, алдындағы қағаздарды реттеген болып отырып, тоқ шәугімге қарап еріксіз бір жұтынып қалды.

Есепшотты тырс-тырс қағып, ойға шомып кеткен Ахметжан кенет:

Жалғасбек аға-а-ай! – деді Жидегүлдің даусын айнытпай салып.

Қапелімде Жалғасбек тоқ ұрғандай селк ете қалды. Тіпті орнынан атып тұрып, қаша жөнелуге оқталғандай есік жаққа қарай ұмтыла берді де, Ахметжанға аңтарыла қарап:

Әй, бала... – деді көзі шарасынан шыға жаздап. – Бала...

Даусы дірілдеп, орнына қайта отырды. Ахметжан енді не де болса өзімнен көрдім дегендей желкесін қасып:

Жалғасбек ағай, кешіріңізші, – деді басын салбыратып. – Өткенде мен ойнап, ұят та болса, айтайын... сіз нетіп жатқанда... терезеден сығалап, Жидегүлдің даусын сала қойып ем...

Қапырық бөдкенің ішін жым-жырт тыныштық басты. Жалғасбек жақтан бір оқыс қимыл күткендей Ахметжан қол-аяғын бауырына жиып, аңшының алдынан шыға келген қояндай зыта жөнелуге әзір.

Ал Жалғасбек болса, біраз күннен бері өне бойын дуылдатып жүрген өрттің аяқастынан жалп етіп сөне қалғанына сенерін де, сенбесін де білмей, «у-уһ» деп, ішінен бір ыстық леп шығарды.

– Әй, рас па? – деді сәлден соң даусы қырылдап.

Рас...

Жалғасбек ақырын орнынан тұрды. Ахметжан да түрегелді.

– Мына бөдкенің ішінде күні бойы екеуден екеу отырған соң, ішім пысып, әзілдей салып ем. Кешіріңізші...

О-о, айналайын!..

Жалғасбектің ішіндегі ыстық леп енді біржола сыртқа шығып, адыраспанмен аластаған үйдей тазарып қалыпты.

Сен екеніңді білгенде той жасайтын ем ғой, шырағым-ау! Келші бері!.. Жалғасбек бір-екі аттап келіп, Ахметжанды құшақтай алды.

Тап осы сәтте есік сарт ашылып, ішке Жидегүлдің кіріп келмесі бар ма. Әуелде мұнда не болып жатқанын түсінбей, құшақтасып тұрған екі еркекке таңдана қарап:

– Мен... мен.. жаңа... осында орамалымды ұмытып кетіппін, – дей берді біртүрлі ақталғандай болып.

– Жидегүл әпке, – деді Ахметжан аяқастынан сөз тауып кетіп. – Енді ешқайда кетіп қалмаңыз деп, Жалғасбек ағайды әдейі құшағыма қысып ұстап тұрмын. Үшеуміз бүгін бір рақаттанып отырып шай ішейікші!

– Ә-ә, сөйтсек сөйтейік, – деді Жалғасбек те қуанып.

– Түскі үзіліс бітіп қалды ғой, – деді Жидегүл абдырап.

Ә-әй, жұмыс қайда қашар дейсің! – Жалғасбектің даусы ашық-жарқын шықты. – Өмір бақи істеп келе жатқан жұмысымыз ғой!

Аздан соң үшеуі тоқ шәугімді ортаға алып, ойнап-күліп отырып шай ішуге кірісті.

***

Иә-ә!.. Күндіз-түні бір тоқтамай, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші. Кешегі көрген дүниең бүгін көзден бұл-бұл ұшып, қалайша ғайып болып жатқанын тіпті байқамай да қаласың.

Бұл күнде әлгі балшық дуалмен қоршалған қырманның орны да жоқ.

Қырманды айтасыз-ау, баяғы біздің Жалғасбек ағай да, Жидегүл де бұ дүниеден көшіп, о дүниелік боп кеткен...

Тегтер: