Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Ірі кәсіпорындардың шығысқа шоғырлануы еліміз үшін маңызды
Шығыс өңірдің табиғаты мен тарихын тілге тиек еткенде түркі әлемінің алтын бесігі атанған өр Алтай, көркіменен көз арбаған Қатонқарағай, суы шипалы Рахман қайнар бұлағы сияқты қазақ даласының аңызға айналған ерекшеліктері еске түседі.
Дегенмен соңғы жылдары облыс орталығы – Өскеменнің экологиялық ахуалы да жұрт назарындағы мәселеге айналып отырғаны шындық. Өңірдің экономикалық даму барысы, жаңадан ашылған аудандардың өркендеуі, өзге де тақырыптар төңірегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
***
– Нұрымбет Аманұлы, қазіргі күнде облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі – экологиялық ахуал. Әсіресе Өскемен қаласының ауа сапасына қатысты проблема үнемі айтылады. Әңгімені содан бастасақ. Мәселені шешу үшін қандай істер атқарылып жатыр?
– Облыс орталығының экологиясы – бұрыннан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Қала тұрғындары жел соқпай, қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері көшелерді түтін басып, ауа сапасының нашарлайтынына жиі шағымданатыны рас. Мұның денсаулыққа әсері қаншалықты екені мен айтпасам да белгілі. Бүгінде қала бойынша 134 000-нан астам автокөлік тіркелген. Оған пеш жағып отырған 36 мыңға жуық жер үйді қосыңыз. Мамандардың есебінше, көліктер түтіні Өскеменде бір жылда ауаға тарайтын барлық зиянды шығарындылардың 58,9 пайызына жетеді. Жылыту маусымында жер үйлердің тұрғындары 250 000 тоннадан астам көмір жағады. Бұдан тағы да 14 100 тонна зиянды қалдықтардың ауаға тарайды.
Бұл – барлық ірі қалаларға тән мәселе.
Ірі кәсіпорындарының осында шоғырлануының облыс үшін де, республикамыз үшін де маңызы зор. Сондықтан біз зауыттарды тоқтатып қоя алмаймыз. Бірақ былтырдан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай кездерінде өндіріс қуатын 20-50 пайызға дейін уақытша төмендетуге келісіп, меморандумға қол қойдық. Біздің экологтар еш кедергісіз зауыттар аумағына кіріп, тиісті есептеулерін жүргізе алады. Бұрын мұндай жағдай құқық қорғау органдарының өзіне оңайға түспейтін. Қазір бәрі ашық, жария түрде жүргізіліп отыр. Экологтар мен метеорологтар атмосфералық ауаның жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Тазарту жүйелері мен сүзгілердің жұмысы үнемі бақылауда. Қалада ауа сапасының жай-күйіне мониторинг жасау үшін «Қазгидромет» РМК-ға қарасты 10 бақылау бекеті бар. Экологияға қатысты соңғы ақпараттарды тұрғындар AirKZ мобильді қосымшасы және «Қазгидромет» интерактивті картасы арқылы біле алады. Мониторинг желісін кеңейту мақсатында атмосфералық ауаның сапасын бақылауға арналған 25 бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылды. Сонымен қатар Halyk Bank-тің қаржылай қолдауымен заманауи жабдықтармен қамтылған мобильді зертхана алдық. Бұл зертхана қаланың кез келген жеріне барып, ауа сапасын өлшей алады.
Тағы бір айтарлығы, 10 ірі кәсіпорында зиянды шығарындыларды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату жұмыстары толық аяқталды. Бұл жүйелерді енгізу қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз.
– Шығыс Қазақстан – Ресей және Қытаймен шектесетін ірі аймақ. Осындай бірегей географиялық орналасу өңір экономикасы үшін қандай артықшылықтар мен мүмкіндіктер әкеліп отыр?
– Шығыс Қазақстан облысының географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды артықшылыққа ие. Өңір Еуразияның ең ірі нарықтарының түйіскен тұсында. Бұл транзитті, сыртқы сауданы және өндірістік кооперацияны дамытуға жақсы мүмкіндіктер ашады. Облыстың сыртқы экономикалық байланыстары қарқынды даму үстінде. Нақты айтсақ, өңірдің сыртқы сауда айналымының 25 пайызы Ресейге тиесілі (1,3 млрд доллар), Қытайдың үлесі – 20 пайыз (1 млрд доллар). Осы екі мемлекетпен көршілес орналасуымыз логистиканы дамытып, экспорт пен транзиттің жаңа бағыттарын қалыптастырып, өңір экономикасына инвестиция тартуға да оң әсерін тигізеді. Ең алдымен, Қазақстанды осы екі елмен байланыстыратын логистикалық және көлік дәліздерін дамыту мәселесі өзекті болып отырғанын айта кеткен жөн.
Аймақтың дамуына мемлекет басшысының Бұқтырма су қоймасы арқылы елдегі ең ірі көпір салу жөніндегі шешімі зор серпін берді. Сонымен қатар Қатонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлар құрылысы жүріп жатыр. Шілде айында алғашқы рейстерді қабылдайды. Алдағы жоспарларда өңір ішіндегі байланыстарды күшейту және көршілес елдермен транзиттік ағынды арттыру мақсатында су көлігін қайта жандандыру көзделген. Ресей бағыты бойынша Шығыс өңірде негізінен сауда, логистика, шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар халықты жұмыспен қамтып, бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етіп, қосымша сервистік қызметтер ұсынады. Ал Қытай бизнесі өңірде капиталы қомақты әрі технологиялық күрделі салаларда шоғырланған. Соңғы бес жылда бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, Тұрғысын су электр станциясы салынды, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында Лу Бань шеберханасы ашылды. Ең ауқымды жобалардың бірі – Өскемен қаласында CGNPC компаниясымен бірлесіп іске қосылған «Үлбі-ТВС» зауыты. Кәсіпорын атом электр станцияларына арналған отын жинақтарын шығарады және кемінде 20 жыл бойы Қытай нарығына тұрақты өнім жеткізеді.
– Өңіраралық ішкі байланысты нығайтуда жол қатынасының маңызы қандай екені түсінікті. Жолдарды жақсарту бағытында қандай істер атқарылуда?
– Облыстағы автокөлік жолдарының жай-күйі жыл сайын жақсарып келеді. Алайда біздегі жол желісінің ұзындығын, жер бедерінің күрделілігі мен климаттық жағдайларды ескермеске болмайды. Соңғы жылдары жолдарды кезең-кезеңімен нормативтік талаптарға сәйкестендіруге басымдық беріліп, ең алдымен республикалық және облыстық маңызы бар негізгі бағыттар қамтылуда. Өңірдегі көлік жолдарының жалпы ұзындығы – шамамен 5,2 мың шақырым. Оның ішінде 1,2 мың шақырымы – республикалық, 1,6 мың шақырымы – облыстық, 2,5 мың шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Өткен жылы облыс бойынша шамамен 900 шақырым көлік жолы жөнделді. Бұл жұмыстарға жалпы сомасы 90 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталды. Нәтижесінде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» негізгі көлік дәліздерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары тасжолының Осинов асуы учаскесінде қайта жаңғырту, ал Өскемен қаласында жол-көлік айрығын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол инфрақұрылымын дамытуды биыл да жалғастырамыз. Ірі жобалардың қатарында Шемонаиха ауданындағы Үбі өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
– Шетелдік инвесторларды тарту жайы қалай?
– Инвестиция тарту – облыстың негізгі даму бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша облысымыз республикада Алматы қаласы мен Астана облысынан кейін үшінші орында тұр. Қазіргі таңда шетелдік капитал тартылған, жалпы құны 322 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба пысықталу үстінде. Бұл жобалар бойынша келісімдер өткен жылдың қыркүйек айында өткен «Алтай Invest» форумында жасалған. Аталған бастамалар өнеркәсіп және қайта өңдеу, жол құрылысы, агроөнеркәсіптік кешен мен құрылыс салаларын қамтиды.
– Облыста туризм саласын дамыту бағытында қандай жобалар бар?
– Туризм саласын төрт кластер бойынша дамыту көзделген. Атап айтқанда, Қатонқарағай ауданындағы уэлнесс-туризм, Марқакөлдегі экотуризм, Риддер қаласындағы тау шаңғысы туризмі, Өскемен қаласы мен оған іргелес Ұлан және Глубокое аудандарындағы демалыс күнгі туризм. Сондай-ақ Риддер қаласына жақын маңда жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» туристік кешенін салу жоспарланған. Бұл нысан тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналады. Биыл Өскемен, Риддер қалаларында, Қатонқарағай және Самар аудандарында орналастыру нысандарын салу мақсатында ірі жобаларды іске асыруды бастаймыз. Облыстың жер көлемінің ауқымын, көлік жолдарының ұзақтығын ескерсек, Қатонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлар құрылысын аяқтау маңызды қадам болмақ. Шалғайдағы және шекара шебіндегі аудандармен тікелей әуе қатынасының ашылуы олардың туристік әрі инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырады.
– Облыста жаңадан ашылғанымен Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай аудандарында халық саны азайып бара жатқаны жиі айтылып жүр. Сол елді мекендерге халық тарту мәселесі қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл аудандар облыстың шекара маңындағы стратегиялық маңызды аумақтары, сондықтан оларды демографиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан нығайту – өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Өткен жылы облыста қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау мәселесі жүйелі түрде іске асырылып, өңірге 794 адам еңбегі артық өңірлерден қоныстанды. Шекара маңындағы 3 ауданға 182 адам көшіп келді. Бұл халық саны азайып бара жатқан ауылдар үшін маңызды демографиялық қолдау. Атап айтқанда, Қатонқарағайға – 71, Марқакөлге – 35, Тарбағатайға 76 адам қоныстанып, тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау да нақты нәтижесін берді. Марқакөл, Қатонқарағай және Тарбағатай аудандарында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 32 адам мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды иеленді.
Ал биылдан бастап облыста шекара маңындағы аумақтарды кешенді дамытуға бағытталған «Шығыс шақырады» арнайы бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Самар аудандарын қамтиды және көші-қон, жұмыспен қамту, білім беру және тұрғын үй саясатын бір жүйеге біріктіреді. Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру, қоныс аударушылар мен қандастарды баспанамен қамтамасыз ету, ауыл жастарын қажетті кадрлар ретінде даярлау сияқты маңызды жайларға мән берілген.
Әңгімеңізге рақмет. Шығыс өңір өркендей берсін!
Сұхбаттасқан
Сәтжан Қасымжанұлы
Шығыс Қазақстан облысы