Нұрқаділов VS Әлиев. Кімнің таңдауы дұрыс?

Қыркүйектің аяғында футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы өткен.
Содан бері елде футбол жайлы, «Қайрат» жайлы айтпаған адам қалмаған шығар. Тіпті тұтас Қазақстан футболмен тыныстап тұр десек, артық айтқанымыз емес. Бұл дүрмекке елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиев те қосыла кетті. Ол мұндай үлкен футбол мерекесін әкесі Рахат Әлиев сыйлағанын айтып жүр.
Алматыдағы тарихи матчта корольдік клуб «Қайратты» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан. Мұндай ірі есеп те лепірген жұрттың көңілін баса алмады. Көпшілік «Реал» сынды ірі клубтың Қазақстанға келгенінің өзін жеңіске балағаны анық. Бұл кездесуден кейін Алматы көшелеріне шыққан жанкүйер қауымның айғай-шуынан анық байқалды. Жеңіліп қалдық деп кіжінген көп ешкімді көрмедік.
Ең қызығы, осы ойыннан 5 күннен кейін өткен «Қайрат» – «Жетісу» матчында да Орталық стадион лық толды. Әдетте мұндай матчтарға әрі кетсе 5-10 мың жанкүйер жиналады. Әсіресе «Жетісу» сияқты аутсайдерлермен ойынға көп адам келмейтін. «Реал» жұлдыздарының әсерінен болар, бұл жолы бәрі керісінше болып отыр.
Енді Әлиевтің сөзіне оралайық. Ол «Реал» Алматыға әкемнің арқасында келді дегенді бекер айтып отырған жоқ. Оның әкесі, экс-президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев 2000-2007 жылдары Қазақстан футбол федерациясын басқарған. Сол кезде қазақ футболы Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, УЕФА құрамына қосылған. Нұрәли Әлиев өз жазбасында әкесінің шешімі дұрыс болғанын айтып, оны мақтан тұтатынын жазған.
Кәсіпкердің жазбасынан жанкүйерлердің қазіргі көңіл күйін пайдаланып, саяси ұпай жинау ниеті аңғарылады. Қаңтар оқиғасынан бері экс-президент отбасы қоғамнан оқшауланғандай көрінген. Жұрт арасында оларға деген қарсылық бәсеңдеген емес. Тіпті «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаевтың өзін осы отбасыға құда болғаны үшін халық аса жақтыра қоймайтын. Бірақ «Қайраттың» жетістігі белгілі мөлшерде оның оң имиджін қалыптастырғаны анық. Сол қатарда Әлиевтер де өз ұпайын түгендеп қалудан үмітті сияқты.
Қазақстан УЕФА-ға қалай өтті?
КСРО құлаған соң УЕФА одақ құрамында болған барлық елді өз қатарына қосылуға шақырған. Өйткені Кеңес одағы ежелден еуропалық ел саналады. Әзербайжан, Армения және Грузия сияқты азиялық мемлекеттер осы мүмкіндікті пайдаланып, УЕФА-ға қосылды. Ал Қазақстан футбол федерациясындағы шенділер бізге Азия футболы жақын деп шешіп, АФК-ға қосылды. Азияға қосылуды ҚФФ-ның сол кездегі президенті Заманбек Нұрқаділов қолдаған. Федерацияның атқару комитеті УЕФА мен АФК арасында таңдау жасағанда 10:3 дауыспен Нұрқаділов тобы жеңіп шығыпты. Білетіндердің айтуынша, комитет мүшелерінің көбі ҚФФ президентінің пікіріне қарсы шығудан жасқанған көрінеді.
Бірақ жұрт арасында УЕФА-ға қосылу жайлы әңгіме тоқтаған жоқ. Бұған Қазақстанның толық құқығы болды. Біріншіден, КСРО кезінде УЕФА құрамында болған. Екіншіден, ел территориясының 16 пайызы Еуропа аумағында жатыр. Салыстыру үшін айтсақ, әлем жұрты Еуропаның ажырамас бөлігі деп санайтын Ресей территориясының еуропалық бөлігі 23 пайыз ғана.
Азияда қалуды жақтайтындар бұл жақта халықаралық турнирлерде мүмкіндік көбірек болатынын алға тартты. Яғни, әлем чемпионаты мен құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігі Еуропамен салыстырғанда жоғарырақ. Шынымен, Қазақстан жастар құрамасы 1999 жылы Азия чемпионатында жартылай финалға жетіп, әлем чемпионатына жолдама алды. Бірақ ересектер құрамасы мұндай нәтиже көрсете алмады.
Ал УЕФА-ны жақтайтын топтың айтары көп еді. Біріншіден, Еуропа футболында бәсекелестік жоғары болғандықтан, ұлттық құрама мен клубтарымыздың деңгейі өсетінін алға тартты. Екіншіден, әлемде Еуропа футболының жанкүйері көп, УЕФА-ның қаржысы мол, құрамаға, клубтарға көп қаржы бөлінеді. Мысалы, 2022 жылы қостанайлық «Тобыл» Конференция лигасы (Еуропадағы 3-деңгейлі турнир) іріктеу кезеңінің 3-айналымына өткені үшін 830 мың еуро табыс тапты. Ал дәл сол жылы Азия Чемпиондар лигасының (Азиядағы деңгейі ең жоғары турнир) жартылай финалына жеткен команда ең көп болғанда 800 мың еуро алған. Сондай-ақ «Қайрат» биылдың өзінде 20 млн еуродан аса табыс тапқаны айтылып жүр. Осының өзі Азия мен Еуропа футболындағы алшақтықты көрсетеді.
Үшіншіден, Азияда турнирлер аймақтарға бөлініп өтетіндіктен, қарсыластардың географиясы тым тар болады. Мысалы, қазақстандық клубтар АФК құрамында болған 7 жылда небәрі 9 елдің командасымен кездескен (Орта Азиядағы 4 ел және Иран, Ирак, Сауд Арабиясы). Ал Еуропаға өткелі клубтарымыз 45 мемлекеттің командасымен күш сынасты. Биыл «Қайрат» 7 мың шақырым жол басып, Португалияда «Спортингпен» кездесті. Бұл Еуропа футболындағы рекорд болды.
Төртінші әрі ең маңыздысы, 1990 жылдары АФК Араб елдерінің бақылауында болды. Олардың әділетсіз шешімі мен төрешілердің бұра тартуы көп елге ұнамайтын. 1995 жылы семейлік «Елімай» үлкен қиянатқа ұшырады. Азия Чемпиондар лигасының екінші айналымында «Елімай» Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубымен кездескен. 13 қазанда Эр-Риядта өткен ойында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта матч 27 қазан күні Семейде өтуі керек еді. Бірақ арабтар Қазақстанға ұшқысы келмейді. Кейін кешігіп, ұшып келеді де қар басқан даланы көріп, алаңға шығудан бас тартады. Бұл кезде қалың жанкүйер стадионға келіп алып, ойыншыларды күтіп отырған.
Ақыры «Аль-Наср» алаңға шықпайды. Сол кездегі ережеге сай, мұндайда матчтан бас тартқан командаға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазылып, бір жылға дисквалификацияға ұшырайды және 10 000 доллар айыппұл төлейді. Бірақ АФК ешкім күтпеген шешім шығарды, араб клубы санкцияға ұшыраған жоқ, керісінше, матчты 0:0 есебімен тең аяқталды деп есептеп, «Аль-Насрды» келесі кезеңге өткізеді. Қазақстанның наразылығы қабылданбады. Мұндай әділетсіздікке Өзбекстан ұлттық құрамасы да ұшыраған. Ол жайлы бұған дейін жаздық.
Әлиев ҚФФ тізгінін ұстаған соң 2000 жылы 23 қараша мен 2001 жылы 21 қаңтарда Мәскеуде ФИФА мен УЕФА президенттері Леннарт Йоханссон және Йозеф Блаттермен кездеседі. Бұл кездесулерде екі президент Қазақстанның УЕФА-ға өтуіне қарсы болмай, АФК-ның ресми пікірін тыңдауды ұсынған. АФК 2001 жылы 10 мамырда ҚФФ-ға өз таңдауын жасауға рұқсат береді.
Сол жылы 15 мамырда Дортмундта (Германия) өткен баспасөз мәслихатында Йоханссон Қазақстанның бұрын КСРО құрамында болғанын ескеріп, Қазақстан УЕФА-ға қайта оралады деп мәлімдейді. Сол жылы кыркүйекте УЕФА-ның Атқарушы комитетінде ҚФФ вице-президенті Тілек Ақбаев он минуттық баяндама жасап, қазақ футболын таныстырды. Осыдан көп өтпей УЕФА вице-президенті Дезом Кейси (Ирландия) бастаған делегация Қазақстанға келіп, спорт инфрақұрылымымен танысты. 12 желтоқсанда УЕФА-ның Атқарушы комитеті дауыс беру арқылы, УЕФА Конгресіне ҚФФ-ны қабылдау жайында шешім шығарды. Ең қызығы, осы жиналыста Қазақстанға келіп кеткен Кейси бізге қарсы дауыс береді. 2002 жылы 25 сәуірде Швецияда (Стокгольм) өткен УЕФА Конгресінде ҚФФ ресми УЕФА құрамына қабылданды.
Еуропадағы азиялықтар
УЕФА құрамында Қазақстаннан бөлек, Израиль, Түркия, Кипр, Әзербайжан, Армения, Грузия қатарлы азиялық елдер бар. Соңғы үшеуі КСРО тараған тұста УЕФА-ға өткенін айттық. Ал Түркия мен Кипр 1962 жылдан бастап УЕФА құрамында. Кипр территориясы толықтай Азия құрлығында, ал Түркия жерінің 97 пайызы сары құрлық аумағында жатыр. Соған қарамастан, олар өздерін ешқашан азиялық мемлекет санаған емес. Менталитеті мен мәдениеті оларды Азиядан гөрі Еуропаға жақындатып тұр.
Ал Израильдің жағдайы мүлде бөлек. Израиль футбол қауымдастығы 1954 жылы АФК құрамына қабылданған. Тіпті бір мәрте Азия чемпионы атанған. Бірақ 1970 жылдардан бастап араб елдері Израильмен кездесуден бас тартып, байкот жариялай бастады. 1974 жылы Израиль АФК құрамынан шығып, «қаңғыбастың» күйін кешті. 1990 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіне Океания аймағынан қатысты. Ал 1994 жылы УЕФА-ға қосылды. Содан бері Еуропа туы астында бақ сынап келеді.
Қазақстан УЕФА құрамына қосылғаннан бері 23 жыл уақыт өтті. Бірақ Рахат Әлиев бастаған УЕФА-ны жақтаушылар уәде еткендей жетістікке жете алмадық. Қазақ футболы баяғы таз қалпағын әлі шешкен жоқ. УЕФА бөлетін мол қаржы да бізге көмектесе алмады. Салыстыру үшін айтсақ, кейінгі 20 жылда Қазақстанда небәрі 3 жаңа стадион салынды. Ал Азияда қалған Өзбекстан 10 стадион соғып тастады. Қысқасы, Еуропаға ауысып, керемет жетістікке жеттік дей алмаймыз.
Қуаныш Қаппас