Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:52, 03 Желтоқсан 2024

Нұрқаділовтің ескерткіші бюстке айналды, ашылуына Сұлтанғазиев келмеді

Заманбек Нұрқаділов
Фото: Алматы әкімдігі

2 желтоқсан күні Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюстің ашылу салтанаты өтті.

 Сонымен қатар Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. 

Ескерткіштің ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов қатысты.

Іс-шараның беташар сөзін сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Н.Құдайбергенов ескерткіш халықтың Нұрқаділовке деген шынайы құрметі екенін атап айтты. Әрі қоғам қайраткерінің ел егемендігі үшін өлшеусіз еңбек еткенін де жеткізді. Сондай-ақ биіктігі 4,5 метр болатын бюстің авторлары А.Бүркітбаев пен Т.Нұрмұхаметовке де алғысын білдірді.

Бұдан соң сөз алған Қайрат Нұрқаділов осы іске мұрындық болған Қ.Тоқаевқа алғысын білдірді. Әкесінің туған жерінде еңселі бюст ашылып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Естеріңізде болса, биыл 14 қаңтар күні президент Қ.Тоқаевтың З.Нұрқаділов туралы хаты жарияланды. Онда президент туғанына 80 жыл толған Нұрқаділовтің ел тәуелсіздігіне қосқан үлесін айта келіп: «...осы орайда Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын» деген еді.

Мұнда нақты бір нәрсені атап айта кетейік. Президенттің хатында Нұрқаділовке «ескерткіш орнатылсын» деп анық жазылған. Бірақ бүгін біз Кегенде қоғам қайраткеріне арнап бюст қойылғанын көріп отырмыз. Сонда бұл қалай, не себепті ескерткіш бюстке айналып кетті?

Негізі әу баста жұмыс қызу басталғандай көрінді. Ол кезде «ескерткіштің орнына бюст қойылады» деген де сөз айтылған жоқ. Тіпті Нұрқаділовке қойылатын ескерткіштің таңдамалы жобасына республикалық ашық конкурс жарияланды. Конкурстың ереже тәртібі Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінде жарияланды. Онда «байқау өтініштерін қабылдау 2024 жылдың 18 қаңтарында басталып, 18 ақпанында аяқталады» делінген. Сондай-ақ конкурстың ереже тәртібі егжей-тегжейлі айтылған. Конкурсты Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жариялаған.

Заманбек Нұрқаділов
Фото: Алматы әкімдігі

Осыдан соң көп өтпей әлеуметтік желілерде З.Нұрқаділовке ұқсайтын адамның еңселі мүсіні жарияланды. Желі қолданушылар мұны «Нұрқаділовтің Кегеннің кіреберісіне қойылатын ескерткіш» деп жарияланды. Кеудесі биік, мығым кейіпте тұрған ескерткішті жұрт жылы қабылдады. Содан болар, «Кегенде Нұрқаділовтің ескерткіші ашылады екен» деген сөз тарағанда халық әлгі әлеуметтік желіде тараған ескерткішті күтті. Бірақ олай болмады. Оның орнына қоғам қайраткерінің бюсті қойылды.

Ескерткіштің жағдайын қадағалап жазып жүрген журналист Мақпал Шадан ескерткіштің бюстке айналғаны туралы былай дейді: «Қазақтың нар тұлғалы азаматы Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші Кеген ауылынан бой көтереді деген кезде бөрігімізді көкке лақтыра қуанған едік. Ескерткіштің үздік жобасы таңдалып, даяр болған кезіндегі бейнежазбасы әлеуметтік желі бетінде тарады. Әне-міне дегенше елімізге еңбегі сіңген ел ағасының ескерткіші бюстке айналып кеткен екен. «Неліктен ауысты, оған кім мүдделі» деген сауалға жауап та жоқ. Бар гәп ескіге жалтақтап отырған Жаңа Қазақстанда-ау...».

Біз бұл сұрақтың жауабын білу үшін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиевке хабарласып көрдік. Данияр мырза сұрағымыздың Нұрқаділовтің бюстіне қатысты екенін білген соң, «Мұндайды телефонда сұрамайды, ресми хат жазыңыздар, ресми жауап береміз» деп қысқа қайырды.

Әуелде ескерткішке арналып даярланған орынға бюстің қойылғаны халықты бір таңғалдырса, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бұл салтанатты іс-шараға келмегені одан бетер таңғалдырды. Қат-қабат жұмысы бар десек те, қазасынан 19 жыл өткенде қойылып жатқан Нұрқаділовтің бұл бюстіне Сұлтанғазиевтің келетін-ақ жөні бар еді.

Бюстің ашылуы әуелде 25 қарашаға жоспарланған болатын. Алайда З.Нұрқаділовтің әйелі Нұрбике Нұрқаділованың қайтыс болуына байланысты 2 желтоқсанға шегерілген. Осындағы бір сәйкестік – бюстің ашылуының дүйсенбі күнге белгіленуі. Әдетте мұндай іс-шаралар аптаның ортасына немесе соңына қарай қойылады. Себебі апта басындағы қарбаластық саябырсып, шенділердің қолы босаған уақытқа тураланады. Ал бұл жолы екі ретте де дүйсенбіге қойылды. Аптаның басы қарбалас кез. Әсіресе облыс әкімдерінің бұл уақытта жиналыстан, басқа да кездесулерден қолы тимейді. Осындайда Сұлтанғазиев Нұрқаділовтің бюстінің ашылуына келмеудің әдісі ретінде іс-шараны әдейі дүйсенбіге қойдырып, оған орынбасарын жұмсап отыр ма деген де ой келеді. Кім біледі, бәрі мүмкін. Ескерткіш неге аяқасты бюстке ауысты, Сұлтанғазиев не себепті өзі тізгінін ұстап отырған облыста туып өскен Нұрқаділовтің бюстінің ашылуына келмеді? Бұл сұрақтар да Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі сияқты әзірше жауапсыз қала бермек.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ