Нұрлан Мәсімов 13 жылға сотталуы мүмкін
Прокурор Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
3 тамыз күні өткен сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың прокуроры Азамат Ғарифолла Мәсімовтің Алакөлдің жағалауындағы үйін тәркілеп, 16 млн теңгені қайтаруды талап етті. Бұған қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетіп, «Айбын» орденінен айыруды ұсынды. Сотталушы өзі кінәсін мойындамады.
Айта кетейік, былтыр 17 қаңтарда Павлодар облысы ПД басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылған еді. Сол жылы маусым айында Мәсімовке іздеу жарияланды. Оған сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылып отыр. 2022 жылғы 13 шілдеде Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстады.