Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:09, 10 Қазан 2017

Нұрсұлтан Тұрсынов: Токиоға асығып жүрмін

– 2016 жыл күрес әлеміндегі Тұрсыновтар үшін сәтсіз жыл болды. Ағаңыз Мұхит «Қазақстан барысынан» шеттетілді, әкеңіз де… Ал сіз допинг дауына іліктіңіз.

Қаныңыздан мельдоний препаратының қалдықтары қай сәтте, қалай анықталды?

– Иә, 2016 жыл, шынында да, біз үшін сәтсіз кезең болды. Мельдоний 2016 жылдың қаңтарында Ыстамбұлдағы «Вехби Әміре және Хамит Каплан» турнирінде күміс алғаннан кейін анықталды.

— Сіздің шарықтайтын, биікке өрлейтін шағыңыз еді. Олимпиадаға, басқа да ірі жарыстарға жол түспегеніне өкінетін сәттеріңіз бола ма?

– Олимпиададан басқа барлық жарыстарда бақ сынаппын. Екі рет әлем чемпионатына, Азия ойындарына, чемпионатына қатыстым. Сол жарыстардың бәрінде жүлдеге бір ғана қадам жетпей аяқтап отырдым. Ішімде бір «әттеген-ай» бар. Медальсіз қайтуым – сол кездегі тәжірибенің аздығы. Өкінгенмен, бәрі өз уақытында болатынына көзім жетіп келеді.

– Дәл қазір соңғы қатысқан Қазақстандағы халықаралық жарысыңыз – Болат Тұрлыханов турнирі. 2015 жылы Семейде өткен турнирде чемпион атандыңыз. Осы турнирдің күрес әлеміндегі беделі қандай? Биыл жанкүйерлер қатарында болдыңыз, біздің балуандар қай тұста ширақ қимылдап, қай жерде сылбыр болды?

– Жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп келе жатқан турнир ғой. Бастапқы ұйымдастырған турнирлерге дәл осылай олимпиада, әлем чемпионатының жүлдегері мен жеңімпаздары сирек келетін. Қазір көзіңіз чемпиондардан сүрінеді. Көрдіңіз бе, 98 бен 130 келіден басқа салмақтағы балуандардың саны 30-дан асып жығылды. Демек, турнирдің өркендеп келе жатқанына нақты дәлел бар. Ал балуандарымыз жақсы күресті, әсіресе 66 келідегі оғландар көңілімнен шықты. Кім сылбыр, кім ширақ болғанын нақты айта алмаймын. Бірақ кей салмақтағы азаматтарымыз шаршаңқы болған сияқты.

– Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында олимпиадаға алты рет қатысса, 84-85 келідегі грек-рим күресінің балуандары үш рет барып, үш мәрте жолдама ала алмай қалды. Жүлде біреу – Даниял Гаджиев (Лондон–2012, қола). Кез келген спортшының мақсаты – олимпиада жүлдесі. Осы мақсат жолында қандай талпыныстарыңыз бар? Қазір жаттығу жасап жүрсіз бе? 2020 жылы тәуекелге бел байлап кілемге ораласыз ба? (Біріккен күрес әлемі Нұрсұлтан Тұрсыновты 2020 жылдың 3 наурызына дейін күрестен шеттеткен болатын – ред).

– Жаттығуларды үздіксіз, тұрақты жасап жүрмін. Бар мақсатым – 2020 жылғы Токио олимпиадасы. Мақсатымның жолында қолымнан келгенінің бәрін істеуге дайынмын. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына тұрақты түрде қатысып тұрамын. Солармен бірге жаттығамын. Ал басқа уақыттардағы жаттығуым Семейде жеке бапкерімнің қасында өтеді. «Үмітсіз – шайтан». Жаттығу залдарында тер төгіп жатырмын. Бұйыртса, бәрі жақсы болады.

– 85 келіде соңғы жылдары ұлттық құраманың көшбасшысы болып едіңіз. Қазір өз салмағыңыздағы жігіттерге көңіліңіз тола ма? Рио олимпиадасына іріктеу турнирлеріндегі Құстыбаевтың, Гаджиевтің нәтижелері ше? Жолдама алатын-ақ азаматтар еді...

– Иә, екеуі де осал балуан емес. Бұл спорт болғаннан кейін бәрін күтуге болады. Баппен қатар, бақтың да сынға түсетін сәті. Гаджиев та мықты, Құстыбаев та оңай қарсылас емес. Астанадағы Азия аймағы бойынша іріктеу турнирде Құстыбаев олимпиадаға жолдама алады деп сеніп едім. Өкінішке қарай, олай болмады.

– Бос уақытыңызда әр ұлттың дәстүрімен, тарихымен танысқанды ұнатады екенсіз. Есіңізде ерекше қалған ел мен олардың дәстүрі туралы айтыңызшы.

– Шыны керек, корей елінің мәдениеті мен дәстүрі қатты ұнады. Қазақтың мәдениетіне ұқсайды. Үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті басым.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: Нұрсұлтан Тұрсынов 1991 жылы 30 қаңтарда Семейде дүниеге келген. Қазақ күресімен – жеті жасынан, грек-рим күресімен 10 жасынан бастап айналысады. Жеке бапкері – Ерғазы Сағынаев. Нұрсұлтан Семейдегі  №11 және №17 орта мектептердің, Семей педагогикалық институтының, Алматыдағы Спорт және туризм академиясының түлегі. Әкесі Шыңғысбек Тұрсынов пен анасы Сайран Сейітқалиева үш ұл тәрбиелеп өсірді. Нұрсұлтан – ортаншысы. Нұрсұлтан Тұрсынов «Қазақстан президенті кубогы» халықаралық турнирінің екі дүркін қола (2012, 2013) және күміс (2015) жүлдегері. Азия чемпионы (2014). Испания Гран-приінің жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2015), Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015 жыл).

Әңгімелескен Серік Қантай

Тегтер: