Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:48

Нұртілеу АЭС-ті Лавровқа бөктеріп берді

Лавров пен Нұртілеу
Жас Алаш коллаж

Өткен аптаның аяғында Алматыға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров келді. Ол 10 сәуірде ҚР сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесіп, ертеңінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты. 

20 жылдан бері Кремльдің сыртқы саясатын басқарып отырған Лавров Батыс әлеміне аса сүйкімі жоқ тұлға. 2022 жылы ол Еуроодақтың «қара тізіміне» еніп, санкцияға ұшыраған. Бірақ Мәскеудің маңына ұйысқан Қазақстан сияқты елдер үшін ол қашан да құдайы қонақ. Лавров қашан келсе де күліп қарсы алып, қимай шығарып салу парызымыз сияқты. Бірақ әр сапарында «жаман үйді қонағы билейтінін» көрсетіп, өрекпи сөйлеп, өктем мінез танытып кететіні бар. Алыстан орағытпай, кейінгі екі сапарын еске алсақ та жетіп жатыр. Ресейдің бас дипломаты былтыр 6 қарашада Астанаға келген. Сол кезде ол Қазақстан мен Ресей тарихшыларының жұмыс тобы құрылатынын айтып, екі ел ортақ тарих жазады деген әңгімені бекемдей түскен. Сондай-ақ қазақ даласындағы алғашқы атом электр станциясын «Росатом» салса деген ойын айтқан. «Бұл мәселеде Ресей тек көмектесумен шектелмейді. Біздің ел өз ұсынысын жасап қойды» деп, біздің елде салынатын АЭС-ті меншіктей сөйлеген.

Сергей Лавровтың осы жолғы сапары көпшіліктің назарын аса аудара қойған жоқ. Отандық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары ресейлік дипломаттың АЭС жайлы айтқан сөзін ғана талқылап жатыр. Бірақ Лавровтың Нұртілеумен жеке кездесуі мен ТМД елдері СІМ басшыларының кеңесінде біршама мәселе сөз болды. Ресейліктер әдеттегідей «шаңыраққа қарамай», дипломатияны қайырып қойып, Батыс жұртын сыпыра сынады.

Лавров неге келді?

ҚР сыртқы істер министрлігі Лавровпен кездесуде екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар сөз болғанын хабарлады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын мерекелеу жайлы айтылған. Ал жұрт арасында талқыға түсіп жатқан АЭС жыры жайлы бір ауыз сөз жоқ. Лавровпен кездесуде өзін аса көңілді ұстап, тынбай сөйлеп жүрген Нұртілеу (министрлік таратқан видеодан байқадық) келіссөздегі басты тақырыпты неге жұрттан жасырып отырғаны белгісіз.

Лавров Нұртілеумен бірге Алматыны аралап, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Одан бөлек Вознесенский шіркеуіне барып, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың қолынан православие шіркеуінің «Бейбітшілік және келісім» орденін алды. Ал Лавровтың орынбасарлары – Михаил Галузин мен Александр Панкинге Мұрат Нұртілеу II дәрежелі «Достық» орденін тақты. Қысқасы, ресейлік дипломаттар сый-құрметтен бөлек, салпыншаққа да қарық болып қайтты.

Ресми органдар Лавровтың Алматыға ресми сапары екі ел арасындағы серіктестік, интеграция және қауіпсіздік мәселелеріне арналғанын хабарлады. Бірақ сарапшылар бұл мәселенің бергі беті ғана екенін айтады. Тереңірек үңілген адам Мәскеу билігі бізбен келіссөз жүргізу үшін емес, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты нұсқау беріп, «дос елдердің» достық пейілін бекемдей түсу үшін келгенін аңғарады.

Кремль ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО сияқты ұйымдарға мүше елдерді сырттай бақылап отыруға тырысады. Сансыз санкцияға ұшырап, әлеммен байланысы үзілген Мәскеу үшін «дос елдердің» адалдығы аса маңызды. Ресейдің алыс шетелмен экспорт-импортын ұйымдастыратын сұр схема осы мемлекеттер арқылы жүзеге асып жатқанын Батыс елдері жиі айтады. Демек Мәскеу мұндай «айналма жолдардың» жабылғанын қаламайды. Сондықтан оларға одақтас елдердің параллель импорт пен реэкспортқа бақылау жүргізбегені керек.

АЭС-ті Ресей салатын болды ма?

Ақпарат құралдары Лавровтың «АЭС – Қазақстан мен Ресейдің маңызды жобаларының бірі болады» деген сөзін жарыса жазып жатыр. Соған қарағанда дипломатиядан гөрі диктатураға бейім Ресей министрі әлі нақтыланбаған ақпаратты жариялап жібергендей әсер қалдырды. Бәлкім, жұрттың құлағы үйрене берсін дегені болар. 

Ал Қазақстан тарапы АЭС жайлы еш ақпарат бермеді. Бірақ ақпарат көздерінде екі жақты кездесуде Нұртілеудің АЭС құрылысына Ресейдің атсалысқанын қолдаған, тіпті салалық министрліктер тиісті жұмыс жүргізу керек деп айтқан видеосы тарады.

«Инвестициялық жобалар жайлы айтсақ, бізде ресейлік бизнеспен бірлескен ірі жобалар көп. Олардың саны 170-тен асады. Бұл жобалар стратегиялық маңызға ие, олар көлік-логистика, энергетика, металлургия, машина жасау, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласын қамтиды. Сондай-ақ АЭС құрылысы да маңызды жобалардың бірі. Салалық министрліктегі әріптестеріміз тиісті жұмысты жүргізеді деп үміттенемін», – дейді М.Нұртілеу.

Министрдің сөзін мәтіннің мағынасын өзгертпеу үшін толық бердік. Ол Ресеймен бірлескен жұмыстар жайлы айтып отырып, АЭС те маңызды жоба деп атап өткен. Осыған қарап министр Лавровтың уәжін қолдап, әлі шешілмеген АЭС-ті Мәскеуге бөктеріп бергендей көрінеді. Біз СІМ баспасөз қызметіне хабарласып, Нұртілеу неге бұлай айтты, АЭС-ті Ресей салғанын қолдай ма деп сұрағымыз келген. Бірақ телефонға ешкім жауап бермеді, жіберген хабарламамызға да жауап қайтармады. Амал жоқ, жолы ұзақ, жауабы мардымсыз келетін Е-Өтініш арқылы сауал жолдауға мәжбүр болдық.

Қазақ билігі АЭС саламыз дегелі көп болды. Астананың қолтығына су бүркіп, осыған үгіттеп жүрген Мәскеу екені де айтылып жүрген әңгіме. Ұзаққа созылған әңгімеге былтыр қазанда нүкте қойылып, референдум нәтижесінде елде АЭС салынатын болды. Бірақ кім салатыны жұмбақ күйінде қалған. Үкімет құрылысты ядролық энергия саласындағы компаниялардың халықаралық консорциумы жүргізетінін айтып жүр.

Ал биыл наурызда өткен Ұлттық құрылтайда елімізде Ядролық энергетика агенттігі құрылып, бір емес, үш атом электр станциясы салынатыны белгілі болды. Алғашқы АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылында бой көтермек. Бірақ бұл АЭС-ті кім салады деген сұраққа әлі жауап жоқ. Дипломаттардың Алматыдағы мәлімдемесіне қарасақ, «үкілеп» отырған тұңғышымызды Ресей иемденіп алғандай. Бірақ сарапшылар мен қарапайым халық мұндай маңызды жобаны Кремльге сеніп тапсыруға қарсы. Бұған дейінгі бірнеше жобасын толық аяқтай алмай жатқан «Росатомның» бұл жұмысты абыроймен атқаратынына көп ешкім сенбейді.

ТМД министрлері кездесуінде не айтылды?

Алматыдағы жиналысқа Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлері қатысты. ҚР СІМ бұл отырыстан да жұтаң ақпарат таратып, ТМД аумағында достық қарым-қатынасты күшейтетіні сөз болғанын хабарлады.

Ал Лавров «Мәскеу Зеленскийге орыс халқы бар территорияны ешқашан бермейді» деп, жиналыс көрігін қыздыра түсті. Ол Ресей Донбасс, Херсон және Запорожье облыстарымен шектелмейтінін айтты. Украина алған бетінен қайтпаса, не облыстарын Ресейге қосуды жалғастырамыз, не Киев режимін орысфобиялық саясат жүргізбейтін режиммен ауыстыруға ұмтыламыз деп, сес көрсетті.

Былтыр Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин ядролық қаруымен мақтанып, мұндай қарумен Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға соққы жасайтынын айтқан. Лавровтың мәлімдемесі Путиннің ойымен үндесіп жатқанын осыдан аңғаруға болады. Сондай-ақ ресейлік дипломат Еуроодақ пен Ұлыбритания Украинамен соғысқа дұрыс көзқарас ұстанбай отырғанын айтып, АҚШ билігі мәселенің мәніне терең үңіліп отырғанын мәлімдеді. Былтыр Путин де Дональд Трампты жер-көкке сыйғызбай мақтаған.

Лавровтың Орта Азия және ТМД елдерін жиып алып, Киев орыс әлеміне қарсы әрекет етіп жатыр, Мәскеу орыс халқы бар аумақты қорғайды дегенді бекер айтып отырған жоқ. Мұның астарында «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мән жатыр. Ресей бұрын өзіне тиесілі болған аумақта ықпалының әлсіреуінен қатты қорқады. Армениямен салқын қарым-қатынас, Әзербайжанның Анкараға арқа сүйеп кеткені Кремльдің арқасына аяздай батады. Сол үшін Украинаны сыбаған болып, өзге одақтастарын сынап отыр. Айтпақшы, былтыр өкпелеп, ҰҚШҰ саммитіне келмей қойған Ереван биылғы ТМД жиынына тып-тыныш келіп қатысып кетті.

Сондай-ақ Сергей Лавров 9 мамырда Мәскеуде өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа барлық дос елдің басшыларын шақырып, Путиннің сәлемін жеткізді. «ТМД елдері басшыларының бәрі Қызыл алаңда бізбен бірге болады деп үміттенеміз» деді Лавров. Алматыдағы жиынға қатысқан елдердің ешбірі Путиннің сөзін жерге тастай қоймас, бірі қалмай әскери шеруге баратын болар.

ТМД жиналысының видеожазбаларын қарап отырып, тағы бір қызық жайды көзіміз шалып қалды. Мемлекет туының алдында суретке түсу рәсімі аяқталған соң министрлер солға қарай біртіндеп шығуы керек болған. Осы сәтте ең шетте тұрған Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан өкілдері бөгеліп, Лавровқа жол бергендей болды. Протоколда алдымен Ресей министрі жүрсін деген талап болмаған шығар. Өйткені 10 адамның ортасында тұрған Лавров қалай бірінші жүреді? Бірақ Орта Азияның үш министрі көлеңкесінен қорықты ма, әлде Мәскеуге деген құрметі ме, Лавровтың алдына түсуден тартынды. Ал Кремльден келген қонақ қолқалап, Тәжікстан СІМ басшысы Сироджиддин Мухриддинді ақыры алға жіберді.

Қуаныш Қаппас