Нығматулиндердің «Тұяқ серпуі»
Өзін екінші Назарбаев сияқты сезініп кеткен Нұрлан Нығматулинге тықыр таяпты. Нұрсұлтан Назарбаевтың сеніміне кіріп, мәжіліс спикері болған уақытында депутаттарға жекіп, ұрсып сөйлей алатын екінші адамның рөліне жақсы еніп еді.
Тіпті тұңғыш президентті арқаланғаны соншалық, биліктегі негізгі саяси кланның біріне айналып үлгерген-ді.
Ағайынды Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндер Қарағанды, Павлодар облыстарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағанын жұрт жақсы біледі. Тіпті бұлардың құрығы Жамбыл облысына дейін жеткенін ешкім жоққа шығармайды. Бұл бөлек әңгіме. Сонымен, экс-спикердің басына қандай қара бұлт үйірілді екен?
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, жалған іске шатылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков биыл жазда бостандыққа шыға салысымен, мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулинді сотқа берген. Неге? Нығматулин судан ақ, сүттен таза болса, жүрегінде түгі бар біреу болмаса, оны кім сотқа берсін? Жәбірленуші тараптың айтуынша, Сұлтанбековке жалған айып тағып, қылмыстық қудалауға түсірген, тапсырыс берген адам – Нұрлан Нығматулин көрінеді.
Ұзақ жыл қудаланып, сотталған Сұлтанбековтің адвокаты Мәулен Әлімбаев: «Көптен күткен күн де келіп жеткен сияқты. Енді Қуат Сұлтанбеков жалған тапаншаға қатысты алғашқы үкімнің күшін жоюды талап етпек. Осы жылдар бойы сотталушы өз кінәсін мойындамай, айыптары алынып тасталғанша түрмеде отырды», – дейді.
Түсінікті болу үшін айта кетейік. Балқаштық кәсіпкер мен Нұрлан Нығматулин арасындағы дау – Нығматулиндер тартып алған демалыс аймағынан басталған-ды. 2012 жылы Сұлтанбековке «заңсыз қару ұстады» деген айып тағылып, 3,5 жылға сотталады. Түрмеде оған тағы да тыныштық бермей, әртүрлі жалалар жабылып, 21 жылға кесіледі. Бірақ кәсіпкер сот процесінде бизнестегі серіктесі Нұрлан Нығматулинді айыптап, оны сотқа тапсырыс беруші деп көрсеткен. Нығматулиндердің ықпалы шығар, Сұлтанбеков бәрібір айыпты болып қала береді.
Аққа құдай жақ екен. Қаңтар оқиғасынан кейінгі өзгерістер Сұлтанбековтің де түрмеден босап шығуына түрткі болды. Жазықсыз сотталған кәсіпкер 10 жылын бостан-босқа түрмеде өткізіп, биыл бостандыққа шықты. Оған тағылған айыптардың бәрі алынып тасталды. Түрмеден босатарда сот одан кешірім сұрапты. Ондай кешірімнен не қайыр? 10 ай емес, бақандай 10 жыл! Есіл уақыттың орнын ақшамен де, басқамен де өтеу мүмкін емес, әрине! Текке кеткен жылдардың есесін Нығматулиндер қалай өтеп бермек? Бұл үлкен сұрақ. Мұндай қордаланған жауапсыз сауалдар Қазақстанда көп...
Айтпақшы, балқаштық кәсіпкер – Қаңтар оқиғасынан кейін ақталған үшінші адам. Оның алдында ғана әкелі-балалы журналистер Сейітқазы мен Әсет Матаевтар ақталған болатын.
«Исатайдың барында, екі тарлан бөрі едім» деп, ер Махамбет жырлағандай, Нұрсұлтанның барында Нығматулин де елді еңіреткен ер еді-ау! 2012-2014 жылдары мәжіліс спикері болды, 2016 жылдан 2022 жылдың ақпан айына дейін парламенттің төменгі палатасын басқарды. Экс-елбасының арқасында президент әкімшілігінің басшысы, Қарағанды облысының әкімі сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Ал Нұрланның егізінің сыңары Ерлан Нығматулин мәжілісте, сенатта төрағаның орынбасары сияқты қызметтерде болды, кейінгі жылдары ғана кәсіпкерлікке ауысқан-ды. Нұрлан Нығматулиннің бір ұлы Нұржан Нұрланов «Қазмұнайгаз-Аэро» бас директорлығынан босатылды биыл. Тағы бір ұлы Нұрхан Нұрланов басқаратын Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» зауытының басшылығы үстінен іс қозғалды. Міне, алағай да бұлағай заман деген осы. Дәулет те, билік те бүгін бар, ертең жоқ. Ал шындық түбі шығады, ақиқат жеңеді екен. Қазақ ертегілерінде айтылатын жақсылықтың жамандықты жеңетіні рас-ау! Мүмкін, бұл нығматулиндердің соңғы «тұяқ серпуі» шығар?