Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:10, 21 Ақпан 2023

Ойды оқу қалыптастырады

None
None

Оқу үдерісін жүйелі қалыптастыру қашанда маңызын жоғалтпайтын мәселелердің бірі.

Соған орай, елімізде оқу мәдениеттілігіне қатысты жұмыстар кеңінен атқарылып келеді.  Әсіресе еліміздің өңір-өңірлеріндегі мектептерде ұстаздардың ықпалымен оқу мәдениетін қалыптастырудағы жұмыстарды баса айтқанымыз жөн.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақыттарымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деп қазіргі таңда оқылуы тиіс деп санайтын санаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Сол себептен, бүгінгі күні барлық оқу орындарында «Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ел» жобасы іске асырылып келеді. Әдістемелік нұсқауларда көрсетілгендей білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыруды, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыруды көздейтін іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Осы орайда, әсіресе «Барлық білім –кітапта» акциясын ерекше атауға болады. Акцияның ерекшелігіне келсек, мектеп фойелерінде балалар әдебиеті мен мектеп әдебиетіне арналған кітап оқу үрдісінің барысын оқушылардың өз аузынан тыңдап, әрі оларға биыл аталып өтіп жатқан мерейтой иелері Шерхан Мұртаза, Ахмет Байтұрсынұлы, Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан, Мұхтар Әуезов және т.б. орыс және ағылшын жазушыларының шығармаларымен танысып жатқанын, сондай-ақ кітапты электронды форматта да оқуға жағдай жасалынғанын айта кеткен жөн.

Кітап оқу мәдениетіне қатысты еліміздегі белгілі тұлғалар мен жазушы-журналистер де көбірек атсалысып келеді. Яғни олар қазіргі таңда кітап оқуға ешқандай кедергі жоқтығын айтып түсіндіреді. Мәселен, жақында ғана Думан Анаш оқу мәдениетіне қатысты тамаша ойын білдірген екен. Оның ойынша, адам өмірінде күліп, ойнап, уайымсыз, қайғысыз жүруі үшін көп оқу керек. Әрі оқыған, тоқыған адам барлық істе судай жүзген балықтай әрі бауырын жаза шапқан бәйгедей болмақ» дейді. Шынында да ілім іздеп, көп оқыған адам қандай да істің шешімін тез таба алатындығы анық.

Кітапхана ісінің әдіскері Ақмарал Темірбаева оқу әдениетіне қатысты өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жалпы өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын арттыру, қоғамдағы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оның ішінде отбасылық оқудың да дәстүрін қайта жаңғыртып, қолға алынғаны тектен-тек емес. Яғни отбасында баланы балалар әдебиетімен таныстыру, оның қызығушылығын ояту маңызды іс саналады. Ата-ананың баласымен бірге кітап оқуы қоғамға оң ықпалын тигізетіні анық. Бірақ кез келген адам кітап оқуды дұрыс біле бермейді. Яғни оқу мәдениеттілігінің негізгі элементтерімен таныс емес. Оқудың қарапайым дағдылары кез келген сауатты адамға тән. Бірақ бұл дағдылар біз оқу ретінде түсінетін өте күрделі шығармашылық процестер үшін ғана негіз саналады. Тіпті кейбіреулер оқуды тек көңіл аулау деп түсінеді. Бұл дұрыс нәрсе емес. Себебі біз кітап оқу арқылы біріншіден, өзіміздің сауаттымызды арттырсақ, екіншіден, айналаға жоғары мәдениеттілігімізді таныта аламыз» дейді Ақмарал Темірбаева.

Иә, кітап оқу мәдениеттілігі жоғары, әрі жүйелі түрде елімізде қолға алынса, әрі оқушыларға оның тиімділігі, қажеттілігі кеңірек түсіндірілсе, келешекте кітап оқуға деген құлшыныстары артатыны сөзсіз. Сондай-ақ педагогтардың арасында да оқу құзыреттілігі мен оқу мәдениетін, оқуға деген белсенділігін арттыруды мақсат ету маңызды саналады.

Тегтер: