Оймақтай ойлар

Көп жасаудың сыры
Бірнеше ғасыр өмір сүрген тасбақадан бір тілші сұхбат алып, ұзақ жасаудың сырын сұрапты.
Сонда тасбақа: «Ақырын жүріп, анық бастым, Жаман су ішкен жоқпын, жаман жолға түскен жоқпын!» – деп жауап берген екен.
Сөзқұмарлық
Біреулер «Үлкен рақмет!» – деп жатады. Рақметтің үлкен, кішісі бола ма екен? «Көп рақмет!» дейді. Оның да азы, көбі бола ма?
Енді біреулер «Шексіз алғыс!» – дейді. Алғыстың шегі бар ма екен? «Мың алғыс!» дегенді де естідік. Жүз бе, мың ба, оны кім санапты.
Біздің қазақ, әйтеуір сөзді көбейтуге құмар.
Қайсың бар?!
Мансап пен байлықты тіршіліктің тұтқасы деп қабылдайтындар, бір күн жұмыс жасаса, он күн дамылдайтындар, елдің қабырғасы қайысса басы ауырмайтындар.
Осыларға қарсы шығып, елдің сөзін сөйлейтін қайсың бар?!
Емес...
Сотталғандардың барлығы бірдей жазықты емес. Ақталғандардың барлығы бірдей айыпсыз емес.
Оларды соттағандар да, ақтағандар да періште емес, пенде екенін ұмытпайық!
Мақталғандар да кір жұққанға дейін аппақ болып тұратын мақта емес.
Есебі түгел
Осы күнгі қызметі жоғары азаматтардың көпшілігі білімді. Әсіресе есеп-қисапқа аса жүйрік. Сондықтан да есебі түгел. Олар алуды жақсы біледі. Үкіметтен еңбекақы алады, халықтан пара алады, сыбайластарынан тағы алады. Қосуды да жақсы біледі. Үйін кеңейтеді, бөлмесіне бөлме қосады, көлігіне көлік қосады. Көбейтуді тіпті жақсы біледі. Жиған-тергенін көбейтеді, банктегі депозитін көбейтеді, оффшордағы қаржысын көбейтеді. Бөлгенді де теріс көрмейді. Туған-туысына, үрім-бұтағына, құда-жегжатына, көңілдесіне тапқан-таянғанынан бөліп береді. Бұлардың жанында математиктер жолда қалады.
Қалай?
Атқа да отыра алмайтын адам таққа қалай отырады? Ер үстінде ербеңдеген адам елге қалай жағады? Аттың тізгініне ие бола алмаған адам ел тізгінін қалай ұстайды? Ауыздық пен үзеңгінің не үшін қажет екенін білмейтін адам елді қалай басқарады? Шідерді пайдалануды білген адам қалай білімді болып есептеледі? Осы сауалдарыма кім жауап берер екен?
Кінәлайсың кімді?
Біздің қазақ көсемсеркенің артынан қой секілді ерді. Отаршылдар оларды ауыздықтап, жылқы секілді мінді. Қиналса да іс-әрекетіне түйе секілді көнді.
Сипағанға масайрап, сиыр секілді жүрді. Соның бәрін білмеді емес, білді.
Ендеше, кінәлайсың кімді?
Ескерткіштер
Болады екен тағдырдың да алуан түрлі сынағы. Совет-герман қабырғасы құлады. Сақалды және мұртты көсемдердің ескерткіші де мезгілі жеткенде құлады. Біреулерге ұнамады, біреулерге ұнады. Қимағандар жылады. Алып империяның символы болған Орақ пен Балға да құлады. Елбасының ескерткіші де мұрттай ұшып құлады.
Жақсысы бар, жаманы бар, сірә да, ескерткіштер мәңгібақи тұра ма?
Келешекте қайталанар бұл әлі...
Бірлігі бекем елді жау алмас
Атам екеуміз көк жәшікті қарап отыр едік. Бейнетаспадан құрғақта бірнеше арыстан қуып, суда қолтырауын ауыз салып, қылқындырған буйволдың аман-есен қалғанын көріп таңғалдым. Өмірге деген құштарлық оны құтқарды. Жараланған жануар арғы жағаға шыққанда да қауіп сейілген жоқ еді. Табынға қосылған буйволды сол табындағы жануарлар қаумалап, қорғап қалды. Оған аң патшасы арыстанның да, су жыртқышының да шамасы келмеді.
«Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген осы екен! – дейді атам.
БІР
Әр тараптан жиылды, таудай болып үйілді. Біреуі де құр қалмады. Оны бірігіп, жүз бола алмады. Жүзі бірігіп, мың бола алмады.
Көп кісі нөлді қатты құрметтейді. Бар санға нөлді қосу міндет дейді. Олардың басын қосу үшін бірақ тек қана Бір жетпейді.
Жүрегім соны ойласам тыз етеді. «Біргеміз!» деген сөзге не жетеді?!
Батыс та, Шығыс та бізден үлгі алсын!
Леонардо да Винчидің Мона Лизасынан қазақтың көптеген қыз-келіншегі әлдеқайда сұлу. Микеланджелоның мүсіндерінен қазақтың көптеген ер азаматы әлдеқайда мүсінді және сымбатты. Петрарканың Лаурасынан және Пушкиннің Татьянасынан біздің Қыз Жібек пен Құртқа әлдеқайда ақылды. Сонда, қазақтар, біз кімбіз? Батыс та, Шығыс та бізден үлгі алсын! Көргендер таңғалсын!
Үйлесім
Бір тілші мақтағанның жөні осы екен деп «Жолдауға қолдау деген екі сөз қандай жарасымды? Керемет ұйқасып тұр» – деп жазыпты. Алжыпты. Жолдауға қолдау ғана емес, алдау, арбау, қорлау, зорлау деген сөздер де ұйқасады. Ендеше, үйлесімді сыртқы түрден емес, ішкі мазмұннан іздеген дұрыс шығар.
Қайсысы маңызды?!
Құрық. Қармақ. Қалтқы. Осы үшеуінің балықшыға қайсысы маңызды? Менің ойымша үшеуі де аса маңызды тәрізді. Бірақ қармақ байланған жіп пен қармаққа ілінген жемді ұмытуға болмайды ғой. Белгілі бір кәсіп сағаттың механизмі секілді жұмыс істесін десеңіз, оған қажеттердің барлығын түгендеп алыңыз. Содан кейін ғана тәуекелге барыңыз!
Экспромт
Жеті жаста бала емеспін, жетпіс жаста шал емеспін. Жеті жастан өлең жазып, жетпіс кітап шығарыппын, әй, өзім де «маладеспін!»