Оқырман хаты. Аспан мен жердегі көзге көрінбейтін кедергілер
Еліміз тек қана Орталық Азия мемлекеттері арасында ғана емес, Азия құрлығындағы мемлекеттер арасында да көшбасшы болуға лайық және оған күш-қуаты мен әлеуеті жетіп-артылады.
Алайда еліміздің қарыштап дамуына кедергі күштер де жетерлік. Қай саланы алсақ та, бюрократизм ғана емес, дамуды кенжелететін көріністерді күнде көріп жүрміз. Мысалдар да жетерлік.
Еліміздегі интернеттің баяу жылдамдығы туралы аз айтылып жүрген жоқ, бірақ одан ғаламтордың жылдамдығы ұлғайып жатқандығы шамалы. Бұл жағдай еліміздің тезірек дамуына кері әсер етіп отыр. Алматы халықаралық әуежайына түрік инвесторлары келгенде де күткеніміз көп еді. Алайда олар салған әуежай ғимараты мен әуежайдың қызмет ету жүйесі Алматы әуежайының дағдарысын шеше алмады. Әуежай маңындағы көлік кептелісі азаматтардың ұшақтарға кешігіп жетуіне алып келіп, үлкен кедергі тудыруда. Осындай қызметпен жолаушылар тасымалдау көрсеткіші бойынша аймақтағы көшбасшы – Алматы әуежайы бұл мәртебесінен жақын арада айырылып қалу қаупі бар. Әуежай тек Алматы қаласын ғана емес, Қазақстанды артқа тартып отырғанын сезінер ме екен?
Халықаралық шекаралық кеден бекеттері, олардың ішінде әсіресе Қытаймен шекарадағы Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы тауарлар мен көліктерді өткізуде еліміздің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Олардың қызметі ұзын-сонар кептелістерді тудырып, адамдардың, тауарлардың және көліктердің шекара арқылы кіріп-шығуын баяулатып отыр. Бұл туралы да аз айтылып жүрген жоқ.
Мұндай мысалдарды тізе берсек, жетіп-артылады. Енді нағыз фактілер туралы. Қызылорда облысына автокөлікпен барған іссапар барысында байқағанымыз, ірі елді мекендер мен қалаларға кіреберістегі Мемлекеттік автоинспекция бекеттеріне жақындаған сайын жылдамдықты азайта беріп, ол ақырында сағатына 20 шақырымға дейін төмендетіліп, ал МАИ бекетінің тұсында STOP жол белгісіне сай көлігіңді мүлдем тоқтатуың керек екен. Көліктердің қай түрі болсын, бұл заңға бағынуы тиіс. Жаңақорған елді мекенінде, Қызылорда қаласына кіреберістегі МАИ бекеттері осы тәртіппен барлық автомашиналарды тоқтатып қоюы қандай нормативті актіге негізделгені түсініксіз. Бұл тәртіп әсіресе жүк тиелген көліктерге қиындық туғызатыны даусыз. Неліктен мемлекеттік автоинспекция бизнес процесінің тоқтаусыз дамуына кедергі болуы тиіс? Ешқандай негізсіз МАИ қалайша барлық көліктерді тоқтатуы тиіс? МАИ еліміздің дамуына кедергі жасап отыр.
Халықты тұрғын-үймен қамтамасыз ету майданындағы еліміздегі көшбасшы банк – «Отбасы» банкінің салымшылары мен клиенттері аталмыш банкінің қызметін пайдалану үшін өз өмірлерінің күнделікті кемі 2-3 сағатын кезекте өткізумен әуре. Банк қызметін алу үшін нөмір алып, кезекке тұрғаннан кейін, банк менеджеріне жету үшін 2-4 сағатыңызды сарп етуіңіз керек, Алматы қаласындағы Жетісу-1 ықшамауданында орналасқан нөмірі 2-ші қызмет көрсету орталығында бұл қалыпты жағдай. Адамдар тұрғын-үй алу үшін «Отбасы» банкінің бұл сынағына мойынсұнған және көндіккен. Неге азаматтар ХХІ ғасырда 2-4 сағат кезекте тұруы тиіс? Демек, банктің менеджменті дұрыстап жұмыс жүргізе алмай отыр.
Қандай салада болмасын, осындай фактілер қосыла келе еліміздің қарыштап дамуына өздерінің теріс үлестерін қосып, тежегіш қызметін атқаруда. Билік – мемлекетіміздің дамуына кедергі жасап отырған осындай мекемелердің басшылығынан тез арада оларды түзетіп, бюрократизмнің азаюына және ұзын-сонар кезектер мен кептелістерді тарқатып, олардың орын алуына мүмкіндік бермеуін талап етіп, әрқашан өз азаматтарын мұндай келеңсіздіктерден қорғауы тиіс.
Нұрлан Әли
Алматы қаласы