Окоптан шындық, майданнан махаббат іздеген Ахтанов
Тахаң... Біз көргенде әлдеқашан есімдері аңызға айналып, шығармалары әлденеше рет басылып, өздері әдебиетіміздің ақсақалдарына айналған үлкендер ол кісіні осылай атайтын.
«Тахаң» дегенде даусыз адам болмысының ең бір нәзік, ең бір қатал, ең бір жүрек тебірентерлік қатпарларына үңіліп, нәпсі жетегінде кетудің апатқа апаратынын, әркім өз теңін таппаса, ойран болатынын, менмендіктің соңын мейірімсіздік күтіп тұрғанын, мақтанқұмарлықтың адамгершілікті тонайтынын жазған – Тахауи Ахтанов еске түсетін.
Туғанына мерейлі жүз жыл толғанда, аса көрнекті тұлғаларға арналған қосымшамызды дарынды қаламгердің құрметіне арнап отырмыз.
Драмалық тартыс кейіпкердің өз бойынан басталады
Нұрлан Қами
жазушы, драматург
Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Тахауи Ақтановтың драматургиясы туралы сөз қозғағанда алдымен оның жаңашылдығын айтқан жөн. Жазушының драматургия саласындағы тырнақалды туындысы алғаш рет 1962 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көріп, еліміздің көптеген театрларында қойылған «Сәуле» драмасын алайық. Шығарманың бас кейіпкері – ол кезде қазақ арасында сирек кездесетін басшы қызметтегі әйел, партия комитетінің хатшысы, бой жетіп қалған қызы бар тұрмыстағы от анасы. Адамзат қоғамында, соның ішінде қазақ халқының да арасында қалыптасқан түсінік бойынша ерлі-зайыптылардың адалдығы отбасылық өмірдің ең басты алғышарты; бәлкім, адам өміріндегі ең маңызды заңдардың бірі де осы шығар. Идеясы жақсы болғанымен, өмірге енгізілуі, орнығуы, дамуы, жалпы адамзат үшін қанды қырғын мен қайғы-қасірет әкелген социалистік қоғамда әйелге қойылатын талап өте қатал болатын – ол барлық жағынан мінсіз болуға тиіс. Ал біздің кейіпкеріміз жай ғана әйел емес, барлық жағынан өзгелерге үлгі көрсететін басшы қызметтегі адам. Драматургиялық шығарма тартысқа құрылуы керек деген қағиданы ескерсек, пьесадағы тартыс атаулының бәрі кейіпкердің өз бойынан, ішкі табиғатынан, адами қасиеттерінен, тіптен пенделік кемшіліктерінен бастау алатынын Ақтанов асқан шеберлікпен жеткізе білген. Автордың адам психологиясын, адам жанының құпия-сырларын терең түсінетін сұңғылалығына, біліктілігіне сүйсінесіз.
Сәуле – тұрмыстағы әйел, сөйте тұра өзге адамға ғашық. Бірақ ғашық екенмін деп жастай отасқан жарына опасыздық жасамайды, сезімін ақылға жеңдіріп, халқымыздың обал-сауап туралы қасиетті ұғымына кіршік түсірмейді, әйелдік абыройына кір келтірмейді. Ол – лауазымдық тәртіпке қатаң бағындырылған партиялық жүйенің қызметкері, бірақ өзінен жоғары тұрған басшы – Сырдақпен қақтығысқа түсуден тайсалмайды. Соны өзі үшін істемейді, бұл жерде жеке басының пайдасын ойлап тұрған жоқ, бар ойы, арман-мақсаты – халқына адал қызмет ету. Өйткені оның жұмысы сондай, ол – ел басқарып жүрген адам; бұларға осы да жетеді, осыған шүкіршілік етсін деп жүре бермей, жаманды жақсартсам, жақсыны одан да асырсам деп ұмтылған өршіл адам. Қазақша айтқанда, алдындағы нанын адалынан жеуді мұрат тұтқан абзал жан.
«Боран» пьесасының бас кейіпкері Қоспан – қарапайым көп қазақтың бірі, тұстастарынан оза шапқан ештеңесі жоқ, кейіпкерді кейде қаһарман деп жатамыз, сол кезде Кеңес Одағының, жалпы социалистік лагерьдің өнер әлемінде үстемдік құрып тұрған социалистік реализм әдісінің талабы бойынша қаһарман дегеніміз өзгелердің бәрі үлгі тұтуға лайықты болуға тиіс. Қоспан болса қаһармандық былай тұрсын, кешегі неміс-сәбет соғысында тұтқынға түскен, саяси сенімсіз адам. Ол кезде неміс тұтқынынан шыққандар елге қайтқан соң өзіміздің тұтқынға түсіп, итжеккенге айдалатын. «Неміске тұтқын болған, отанын сатқан опасыз» деген алапес айдар тағылып, ақ жүзіне қара таңба басылып, өзі ғана емес, бала-шағасы мен кейінгі ұрпағы да тағдырдың сол бір өкінішті кезеңінің құрбаны болып кете баратын, бар өмірі қудаланумен өтетін. Ал Тахауи Ахтанов сондай адамды көркем шығарманың бас кейіпкері етіп алды. Сол кездегі Кеңес Одағы жазушыларының арасында ондай тәуекелге барған қаламгер кемде-кем. Соның өзінде тоталитарлық қоғамның инквизиторлары Ақтановқа түк те істей алмады, жазушының қаламгерлік қабілеті олардың қатып қалған қасаң қағидаларының тас-талқанын шығарып, қарапайым адамның да бойында асыл қасиеттер болатынын, атаның қанымен, ананың сүтімен сіңген құндылықтар ешқашан арзандамайтынын, қандай қиындық та оларды мұқалта алмайтынын шығарманың кемеліне жеткен көркемдігі арқылы дәлелдеп берді. Қаламгердің суреткерлік шеберлігі азаматтық ерлігінен де асып түсті – пьесаның прозалық нұсқасы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болғаны соның айғағы.
Бұл пьесадағы тартыс та ең алдымен бас кейіпкер – Қоспанның ішкі дүниесінде жүріп жатады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасболат оның досы, соғыстағы командирі. Өмір мен өлім тайталасқа түсіп, адамның шынайы табиғаты барлық қырынан жарқырай көрінетін сын сағатта сыр алдырмаған Қасболат бейбіт өмірдің сынағынан өте алмапты – жалған құндылықтарға арбалып, мансап қуып, арам жолмен байымақ болып, адамдықтан айни бастапты. Қоспан соны көргісі келмейді, досының ішкі әлемі уланып біткенін, бұрынғы Қасболат емес, қуыскеуде біреуге айналып кеткенін мойындаудан тайсалады, өз тазалығы соның ластығымен былғанып жүргенін білсе де білмеуге тырысады. Өзін қиянатқа қиса да досын ақтап алмақ болады. Көзімен көргенін көңілімен қабылдағысы келмейді. Адам өз-өзімен күрескенде кім жеңеді екен? Осы жағын ойлаған адам бар ма өзі?
Қоспан өз-өзімен қалай күрессе, Қасболат та солай арпалысып жүр. Кім жеңді, кім жеңілді? Қай Қоспан қай Қоспаннан үстем түсті? Қасболаттың қайсысы кімнен жеңіліп тынды? Бұл жағын көрерменнің өзі шешеді. Шынайы драматургияның серті сол – көрермен сырттай бақылаушы емес, сахнада жүріп жатқан тартыстың, күрестің, тайталастың іштей қатысушысы, ақ пен қараны айырып беретін төрешісі, шығарма аяқталғаннан кейін соңғы нүктесін қоятын әділ қазысы.
«Әке мен бала» пьесасын қарастырайық. Онда да осы тартыс, осылай бір адамның екі жарылуы. Ортаның ыңғайына бағынып, досына араша түсуге жарамай, адалдыққа қарсы, адамдыққа қарсы жымын білдірмес жымысқы шабуыл жасалып жатқанда қасқайып қарсы тұра алмауы Оразды өз-өзімен күресуге әкеліп бір-ақ тірейді. Ораз – әке, ал баласы Асқар – болашақ. Әке мен баланың тартысы екеуінің арасындағы айтыс түрінде ғана өтіп қоймайды, оның рәміздік сипаты да бар. Әке – өзінің қазіргі шағы, ал болашақ – баласының еншісінде. Балаң кім болып барады болашаққа – шын мәнісіндегі толыққанды адам болып па, әлде жағдайға икемделгіш, бүгінгі дұрысын ертең-ақ теріске шығарып, күні үшін, қызметі үшін, мансабы үшін ешкіні – апа, текені – жезде деп жүре беретін сужұқпас бола ма? Болашақ – адалдыққа, ізгілікке, дұрыстыққа негізделсе ғана жарқын, әйтпесе, бұлыңғыр, тұманды, күңгірт. Жазушының шеберлігіне тағы да тәнті боламыз – сахнадан үнсіз сұрақ қойылады: баламызды кім қылып тәрбиелеп жатырмыз? Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған пьесаның көтерген тақырыбы, қоятын сауалдары қазір де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Шынайы өнер туындысының мәңгі жасай беретініне тағы бір рет көз жеткіземіз. Ең алдымен, бұл – жазушының таланты мен көрегендігінің, адам табиғатын, жан дүниесін терең білетіндігінің көрінісі, соның дәлелі.
«Күтпеген кездесу». Бұл пьесаның драматизмін, бірде-бір артық сөз, оғаш қимылы жоқ таңғажайып дәлдігін, адам жанының тұңғиығына бойлай беретін тереңдігін былай қойғанда, ондағы көтерілген мәселе көрерменнің өзін де екіұдай күйде қалдырады. Драматург пьесаны жазарда алдына сондай мақсат қойды ма екен? Қойса – орындалғаны. Ал егер ондайды ойламаған болса шын шебердің өзінен-өзі асып түсуі деген осы шығар. Бар-жоғы бес-ақ кейіпкер, бесеуінің бес түрлі шындығы бар. Кімдікі дұрыс? Кімді қостайсыз, кімді теріске шығарасыз? Солардың орнында өзіңіз болсаңыз қайтер едіңіз?.. Өз басым бұл сұрақтарға жауап бере алмас едім.
Тахауи Ақтановтың драмалық шығармаларының арасындағы ең үздігі «Ант» драмалық поэмасы деп есептеледі, бұл пікірді біз де қостаймыз. Ақ өлең түрінде жазылған шығарма ең алдымен кейіпкерлердің аузынан ағыл-тегіл ақтарылған экспрессиялық шумақтарымен оқырманды да, көрерменді де баурап алады. Кейбір тұстары ұлттық поэзиямыздың шырқау шыңы – жыраулар поэзиясымен үндесіп жатыр.
Қорыта келгенде айтарым – өмірі де, «өнер алды – қызыл тіл» деп, халқымыздың өзі есте жоқ ерте замандарда-ақ бағасын беріп кеткен әдебиет саласындағы еңбек жолы да қолына қалам ұстаған барша ұрпақтың өкілдеріне үлгі боларлық кемеңгер жазушы, адам жанына, психологиясына терең бойлай білген білікті драматург Тахауи Ақтановтың драмалық шығармалары қазақ оқырмандарымен бірге, көрермендерімен бірге мәңгі жасай береріне өз басым нық сенімдімін.
Тахауидың жанашыр сөзі
Бағашар Тұрсынбайұлы
Қазақтың сөз жәрмеңкесін қыздырған, қазақ әдебиетінің сылдырлаған келісіміне өзінше өрнек қосқан бір жан болса, ол – Тахауи Ахтанов. Соғыстан кейінгі қазақ әдеби өмірінің қайнаған тіршілігіне бар ықыласымен араласып, ыждаһатымен қызмет қылды. Көркем сөз өнерінің барлық жанрына ат салысып, жанашыр сөзін, жанпида әрекетін аяған жоқ. Ол кезеңдегі қазақ әдебиетінің қай «солдаты» да тура осындай іске даяр еді һәм көбі қолынан келгенше тартынып қалған жоқ. Бүгінгі сөз Тахауи турасында болғандықтан, айрықша атауымыздың жөні осылай.
Қазақ әдеби сыны дәл бүгінгідей енжарлықты, бойкүйездікті, немкеттілікті бұрын-соңды басынан өткеріп көрген жоқ. Рас, Тахауи айтпақшы, біздің сын кеш өсті, кеш дамыды. Әлі де жетіліп, жетіскен түрі жоқ. Алайда жалпақ мақтау мен жеңіл мадақ, талғамсыз талдау осы күнгідей шектен шықпағаны анық. Сонау 1975 жылы Ахтановтың: «Неге мына кітап – жаңа сөз, мына кітап екі күндік өмірі жоқ өлексе демейді» деп сыншыларға қинала қынжылатыны бар. Ол қынжылыс сынның сын ретінде өспей, барлық кітапқа бір ғана көзқарас – идеологиялық шеңберде қаралатынынан туған. Шығарманың тек тәрбиелік мәнін, кеңес адамының партиялық санасымен өлшейтін талғамына риза емес еді. «Басында мақтап, ортасында аздап сынап, соңында қорыта салатын» әдет ол уақыттағы сын мақалалардың көбіне тән еді. Ал дәл бүгін ондай талап, цензура, бақылау жоқ. Бірақ жалпақшешей болып алдық.
Тахауидың сынға қойған талабы – көркем әдебиетті көркемдік тұрғыда талдау, образ жасаудағы жазушы жетістігі мен осалдығын тану. Суреттеудегі тіл байлығы мен жұтаңдығын да өзі проза жазатын адам ретінде қатаң қарайды.
Ол сыншы қауымның сын жазған уақытта өткенге тереңдей бойлап, бұрынғыны зерттеп, дәл өз уақытындағы шығармаларға назар да аудармай қалатын әдетін жақтырмайды. Сын сынау үшін емес, талдау үшін керектігін де басты қағида ретінде ұсынады. 1956 жылы Қазақстан жазушылар одағының жиынында «Бүгіннен ертеңге» деген кең көлемді баяндамасында осы таразы жанрдың табиғатына тоқталыпты.
Демек, Ахтановтың сынға көзқарасы кейін, жүре қалыптасқан жоқ. Ол қазақ әдебиетінің сыны сын ретінде 1960 жылдары өсті деп топшылайды. Өзінен кейінгі Әбіш, Асқарлардың мақалаларына риза болады. Шын мәнінде кейінгі сыншыларға бүгінге дейін азық болып келе жатқан осы қаламгерлердің сын мақалалары. Өзі әдебиетті соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі әдебиет деп бөліп қарайтын Тахауи барынша әділ, жанашыр сөз айтуға тырысады.
70-жылдары «Жалын» журналы жазушыға: «Замандас бейнесі қандай болуы керек?» деген сауал жолдайды. Тахаң айтады – «Әртүрлі болуы керек». Бәрі бірдей кеңестік дәуірдің патриот азаматын, үлгілі қызды, озат шопанды, табысты жұмысшыны жазуы міндетті емес. Әдебиет адам өмірін жазады. Өмір әртүрлі пенделерден тұрады. Ал оны бәрін «міне, былай жазыңдар» деп, болмаса бәріңнің кейіпкерің осындай болсын деп қалай талап қоямыз дейді. Ахтановтың ойы дұрыс.
Жазушылар одағында жасаған сол әйгілі баяндамасында өндірістік шығармалар жазушыларды сынай келіп: «Осы күні «Қарағандының көмірін жазып жүр», «Балқашты жырлап жүр» деген сөздер пайда болды. Неге халық айтып жүретін бір образ әлі жоқ? Өйткені бәрі бірдей жұмысшыларды жазып кетті. Осы әдебиет пе?» деп кейи сөйлейді. Бұл – жазушылық түйсікпен, үлкен талғаммен айтылған сөз.
Тахауи Ахтанов сыншы емес, алдымен – жазушы. Бірақ алдыңғы толқын жазушылардың тек жазушымын, ақынмын деп жүргені сирек. «Жазушы жазушы туралы», «Ақын ақын туралы» деген ескі басылымдардағы айдарларды көрсеңіз, ол кезде қаламгерлер бірін-бірі туралы пікір айтып, сынап, жазып жататын. Тахауи осы жазушылық түйсік тұрғысынан келеді.
Қазір жас жазушылардың тіліне, сөз қолданысына үлкендердің тағар міні бар. Себебі жастардың тілі жұтаң, қарабайыр, сөзді орнымен қолдануды білмейді. Қазақтың небір сөзін жаттауы, білуі мүмкін. Бірақ оның әрқайсысын өз орнымен қолдану деген мәселе тағы бар емес пе?!
Тахауи қазақ әдеби тілі жайында сөз қозғайды. Қазақ тілінің жұтаң тартып бара жатқанына алаңдап, тіпті кей сөздердің орынсыз ұмытылып бара жатқанын айтады. «Тіпті шаруашылық, саяси жазбаларда, журналистикада ғана емес, жазушылардың өзі оңай сөзге жүгіре жөнеледі» дейді. Мұхтар Әуезов оқыған кітаптарынан өзі естімеген сөздерді ұшыратса, жазып алып, қызықтап, айтып отырады екен. Осы әдеттің көбінде жоғына налиды. Бұл ана тіліңе деген жанашырлық, әрбірден соң өз тіліңді ұмытпаудың бір құралы екенін есіңе салады.
Сөзді орынсыз қолданатындардан шығады, «осы уақытта би-шешендерін жұмысшы тап сияқты, жұмысшы табын би-шешендерше төгілтіп сөйлейтіп қоятын жазушылар бар» деп сөгеді. Бұл жаңағы айтқан тілді білу, әр сөзді орнымен қолдануға қатысты сөзі.
Мәселен, сіз бір сөзді білмеуіңіз мүмкін. Бірақ табиғи инстинк арқылы ана сөздің мағынасын шырамытып отырасыз. Ал жазушы соны дәл қолданса, ешқандай жатырқаусыз қабылдап, оңай түсінесіз. Тахауи өзінен бір мысал айтады. Мәселен, «күсу» деген сөз. «Ант» пьесасында: «Қолымды жіпсіз байлаған сен ғана едің, Бәтима. Сенен де күстім бір жола» дейді. Енді осы сөз жазушының қолданысында өте түсінікті. Өзі кәдімгідей мақтанышпен айтады. Бұл Абайда бар сөз: «Жалмауыздай жалаңдап, ар-ұяттан күсіппін» дейді ақын. Яғни күсу – безу. Жазушы қазақтың осындай қолданыстан шығып бара жатқан сөздерін прозашылардың түсініп, қолдануын құптайды.
Тахауидың «Жас қадамға жанашыр сөз» деген мақаласы бар. Сонда жас режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Бөлтірік бөрік астында» деген қойылымға сын жазады. Оған дейін Шәкен Аймановтың мақаласы шыққан екен. Сол мақалада жастарға ара түсіп, Аймановтың қатты сынына ара түседі. Өйткені пьесаны жазған жас драматург Қалтай Мұхамеджанов, композиторы Ғазиза Жұбанова еді. Актерлік құрам да кіл жастар. Тахауи кемшілігін де айтады. Реалистік арқаудың ажарын бұзып тұрған сөздер мен драматургиялық жүкке қызмет ете алмай тұрған эпизодтық образдарды талдап көрсетеді. Айманов пьесаны алып шыққан Марфуғаның рөлін ойнаған Ш.Жандарбекова депті. Одан өзге іліп алар ештеңе жоқ деген. Тахауи неге болмасын деп, жастардың өмірге сыни көзбен қарай алғандарын жоғары бағалапты.
Тахауи Ахтановтың сындарын айтқанда оның ең алдымен осы жанашыр қасиеті менмұндалап көрінеді. Прозаның ғана емес, сынның да осы бір сипатын үнемі есімізге салып тұратыны үшін де Ахтанов бізге жақын, ыстық.
Үзілмейтін үміт
Досхан Жылқыбай
Адам уақытқа шектен тыс артық жүк артатындай көрінеді. «Уақыт емші», «уақыт көрсетеді», «уақыт реттейді»... біз шешімі дұрыс болмаған бүкіл әрекетті уақытқа артып қоя саламыз. Бірақ ол көтереді. Белі қайыспай көтереді. Анығында адам ғой... адам ғой бәрін көтеретін.
Сальвадор Далидің «Уақыт тұрақтылығы» атты атақты картинасын білесіз. Абстрактілі кеңістікте еріген ірімшік секілді созыла жатқан сағаттар суреттелген туынды еді ғой. Асқар Сүлейменов сол сюреалистік картина туралы: «Ол сорғалаған су емес – уақыт. Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали, өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген», – дейді. Яғни уақытты сезіне алатын адам болса, «емші» де, «көрсететін де», «реттейтін де» және бастысы «бағалайтын да» адамның өзі болмай ма?
Адам дәл оқиға үстінде ойланып үлгермес. Араға біршама уақыт салып қана бағамдайды. Әсіресе соғыс жағдайында адамды инстинкттері басқарады. Соңыра сол инстинкттерге баға береді. Б.Момышұлы соғыс жылдарындағы жазушыларды айыптай келіп, «соғыс туралы нағыз шығарма соғыстан кейін жазылады» деген болатын. Расында солай болды. Қазақ әдебиетінде тап майдан даласы туралы жазылған шығармалар аз болған жоқ. Олардың көбі оқырманның үдесінен шыға алмады ма деп қорқамын. Өйткені бүгінгі оқырман қолынан көрінетіні санаулы. Солардың ішіндегі ең көркемі, жалпы екінші дүниежүзілік соғыстың бар қасіретін қазақтың көзімен көрсете білген бір роман болса, оның аты – «Шырағың сөнбесін». Авторы – Тахауи Ахтанов. Атауының өзі қазақ оқырманының жүрегіне жылы тиері сөзсіз.
Тахауи Ахтанов әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Оның өлеңдері соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген «Жастар дауысы» атты жинаққа енген болатын. Осы жинаққа алғысөз жазған Қасым Аманжолов Тахауи інісіне «жанрын ауыстыруға» кеңес береді. Сол аға сөзінен кейін Ахтановтың жазушылық жолы басталды. «Боран», «Қаһарлы күндер», «Дала сыры», «Күй аңызы» сынды атақты шығармаларынан кейін 1973 жылы дүниеге «Шырағың сөнбесін» романы келді. 1942 жылы Мәскеу түбінен бастап Берлинге дейін жеткен жазушы қаламгер бұл романда ерлікті жырламады. Көзсіз батырлық туралы айтқан жоқ. Жауға «уралап» шапқан әскерді суреттемеді. Қаламгер әйелдің нәзік жаны арқылы жау қолында қалған халық өмірін, қайғысын, соғыс сепкен қасіретті айтты. Қазақ оқырманына, анығында тұтас қазаққа тылдағы қазақ әйелінің зары етене таныс қой. Бірақ елден жырақ, орыс даласының бір пұшпағындағы орыс әйелінің де аз зардап шекпегенін жазушы шығармасынан байқаймыз.
Романда Нәзира есімді қазақ қызының өмірі суреттелетін. Ол – Қасымбек атты лейтенантпен аз уақыт бұрын тұрмыс құрған. Дәл соғыс қарсаңында оның аяғы ауыр болатын. Жолдасымен шекараға жақын әскери селолардың бірінде тұрады. Ауылдан ұзап шықпаған Нәзира осылай Ресейдің Батыс шекарасынан бір-ақ шыққан. «Қазақша да көп сөйлемейтін, орысшаға тіпті шорқақ» қыз шығарманың өн бойында екі жақты өмір кешетіндей. Ол әрбір әрекетті, әрбір оқиғаны қазақы көзбен бағамдайды. Қамқа әжесін есіне түсіріп, елден естіген әңгімелерімен орыс даласын салыстыра жүретін.
Жазушы осы контрастты психологиялық тұрғыда өте шебер пайдаланады. Күйеулері қызметтес Света атты келіншекпен құрбы. Жаудан қашқан кезде де екеуі қосақтасып бірге жүреді. Осы тұста да жазушы екі ұлттың әйелінің психологиясын салыстыра суреттейді. Көп жағдайда әйелдер психологиясы ұқсас келеді ғой. Оқыс әрекеттер, инстинкттер – бәрі-бәрі ұқсас екі келіншекте де. Тек уақыт өте келе бағамдауы әртүрлі.
Шығарма денінен жазушының адам психологиясын, әсіресе ауыр жағдайлар сәтіндегі психологиясын терең зерттегенін аңғарамыз. Автор шығармадағы параллель салыстырулар арқылы адам психикасының негізі, іргетасы бір екенін, ұлттық таным мен тәрбиенің психикаға әсерсізін көрсеткісі келетіндей. Яғни сезімдер ортақ. Қорқыныш, үрей, махаббат, қайғы да ортақ. Тек оны бағамдау әртүрлі.
Нәзираның көзінше ауыл адамдарын тіпті кішкентай балаларды да қырып салатын сюжет бар романда. Сонда Назира сол оқиғаларға құныққандай, көз алмай қарап тұратын.
«Мен сорлы неғып теріс айналмай, не көзімді жұмбай бақырайып, қатып қалғанымды білмеймін, қапы жібермей бәрін көріп тұрмын. Оқ тиген денелер сылқ етіп сайға құлап түсіп жатыр, кейбіреулері бері қарай құлайды. Бір әйел бұралып барып сайға құлады, құндақтағы баласы қолынан ұшып, бері қарай домалап кетті. Бөркі ұшып кеткен ақбас шал жыланша жиырылып, денесімен жер сабап, өле алмай аласұрады».
Нейробиолог ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, адам миы артық ақпаратты қабылдамауға өте шебер жаратылыс. Ол керек кезінде эмоцияларды өшіріп, тек камераның жады қызметін ғана атқарып қалатын кезі болады. Бұл мидың картинаны сақтау кезінде болатын құбылыс. Яғни ол тек осы сәтті сақтауға күш салып, эмоцияларды басады. Сол үшін де адам соншалық сұмдықтан көз алмай қарайды. Белгілі бір уақыттан кейін ғана ми қалыпты жұмысқа ауысып, адам көзін тайдырады. Ғалымдар мидың бұл ісін «қорғану» қабілеті деп те атайды. Өйткені мұншалық сұмдықты көтеруге адам төзбесе керек. Шығармада мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Дуня кемпірдің немересі Наташаның да шешесін атып тастағаны туралы әңгімені ешбір эмоциясыз айтуы мидың осы қабілетіне саяды.
Жазушы шығармасындағы тағы бір ұтымды тұс – немістердің келбеті. Ол жау әскерін соншалық жиіркенішті, сұрықсыз етіп суреттемеген. Барлығы адам. Тіпті осы бір «адамдық» Светаны есінен тандыратын еді. Ол немістер басып алған деревняға азық әкелуге кетіп, 2 күн кешігетін. «Қолға түсіп қалсам» деп алдын ала дайындалғанда Света «оларға қор болғанша өлгенім артық» дейтін. Және ол немістерді өзін қинайды, ұрады, қорлайды деп күтті. Бірақ неміс офицері оған мүлде басқа қарым-қатынас жасаған болатын. Белгілі бір деңгейде «болады деп күткен» үміттің ақталмауынан Света есінен айырыла жаздайды. Ол ешбір қорлықсыз, күштеусіз ақ жау офицерінің айтқанының бәріне көне берген еді. Жалпы, романның осындай сәттермен психикалық астары өте терең.
Дуня кемпірдің ауылын қырғынға салғанда неміс солдаттары арасында орыс сатқындары да жүретін. Солардың ішіндегі жас баланың күйі әсіресе аянышты суреттеледі. Ол өзін қоярға жер таппай, жынданып кетудің аз алдында қалады. Өз туыстарын, туғандарын жауға жығып бергені үшін жаны шыжғырылатын еді. Ал оны әккі Усачев «біз атпадық, тек адамдарды алдарына жинап бердік. Атқан, өлтірген немістер» деп жұбатып жатады. Сонда жас бала: «Егер партизандар немістерге тиісе бермегенде ауыл аман қалар еді» дейтін. Жазушы осылай партизандардың ерлігінен бөлек, жұрт көп біле бермейтін қасіретті жағына да жарық түсіргендей болады. Бұл кеңестік әдебиетте айтыла бермейтін шындық еді.
Тахауи Ахтанов кейіпкерінің кішкентай санасына үлкен саяси мәселелерді де өз деңгейінде сала білді. Әсіресе Нәзира Еңлік-Кебек оқиғасын есіне ала отырып, Найманның ұятын ойлайтын. «Бір азаматты өлтіргені үшін қалың найман ұятты болды. Ал немістер адамзатты қырып барады. Соғыстан кейінгі олардың ұяты қаншалық болмақ?»
Бұл ойлар арқылы жазушы неміс қоғамындағы соғыстан кейінгі өзгерістерге сілтеме жасайтын сияқты. Томас Манн, Карл Ясперс сынды философтар тұтас неміс халқын әлем алдындағы жауапкершілікке шақырған болатын және сол жауапкершілікке тартты да.
Романдағы қайсыбір ұлт өкілінің де өлгісі келмейді. Баласын тастағысы келмейді. Сондықтан романның атауын тек қазақ қызына ғана қатысты деп ұғуға болмас. Өйткені туындыдағы әрбір кейіпкер өмір үшін күресті. Жеңіс емес, өмір үшін. Аз сәтке болса да тірі қалу үшін барын салады олар.
Романдағы қазақы танымды, әже тәрбиесін, жалпылдап жанған шырақты, ол сыйлаған үмітті де сөз етіп, философиялық астарына үңілуге болар еді. Бірақ онсыз да көрер көзге көрініп тұрған нәрсені қазбалап қайтеміз?! Әрі романдағы психологизм оның пәлсапалық мәнін басып кеткендей.
Роман Нәзираның екі баласын көтеріп, елге жетуімен аяқталады. Осы сәтте ғана нәзік қыздың қайсар қалыпқа ауысқанын байқайсыз. Ол елге келгеніне қуанып, көзіне жас алмайды. Немесе терезеден көзіне таныс жерлерді бағамдап, еліне деген сағынышын ойлаған жоқ. Салқынқанды. «Елге де жеттік-ау, әйтеуір» дейді. Жәй ғана алыс жолдан шаршап келген, ертең қайта жолға шығатын адам сияқты. Иә, алыс жолдан шаршап келеді. Бірақ оның енді жүретін сапары, бағыты қайсы? Меніңше, Нәзираның тұтас тағдырының өмір деп аталатын бір-ақ бағыты болған. Ал өмір жалғаса береді.