Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 07 Наурыз 2024

Оқушыны киімінен, сиырды мүйізінен тарту. Ұлытаудағы шұңқырлар

Ұлытау
Фото: Жас Алаш

Ұлытау ауылындағы беті ашық шұңқырлар адам өміріне, әсіресе балаларға қауіп төндіріп тұр. Осы уақытқа дейін шұңқырға 3 бала түсіп кеткен. Соңғысы – 7 жастағы Айзере мектеп ауласындағы суға толы терең орға тұншығып, бір өлімнен қалған.

 Қазіргі күнде ауыл тұрғындарының басты мәселесінің бірі осы шұңқырлар болып отыр. Бетін қар басқан шұңқырларға балаларымыз түсіп кете ме деп алаңдаулы. Мектептегі оқыс оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалған. Ал беті ашық жатқан шұңқыр мәселесін аудан әкімдігі ауылға, ауыл әкімдігі құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне сілтеп әлек. «Жас Алаш» газетіне Айзеренің анасы Айзада Сансызбайқызы: «Біздің баламыздың орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін еді. Әкімдік мәселеге салғырт қарап отыр» деп хабарласты.

Айзада Сансызбайқызы әдеттегідей, қызын мектептен алуға кешкі уақытта келе жатқан. Мектепке жақындағанда «қызың суға түсіп кетті» деген хабар жеткен. Құстай ұшып жеткен ол су бетінде етпетінен жатқан баласын көрген.

«Сынып жетекшісі, тағы бір адам судан шығаруға әрекеттеніп жатты. Су жиналған шұңқыр үлкен. Қызымды алуға алғашында адамдардың қолы жетпеді. Әупірімдеп, киімінен тартып, алып шықты. Бір қарасам, балам тірі адам емес сияқты. Көкпеңбек, тіршілік белгісі білінбейді. Содан мектепке қарай жүгірдік. Жан-жақтан адамдар келе бастады. Мектептің бұрышына жеткенде Ғабитбек деген жігіт көмекке келді. Қызымды бірден еңкейттік. Көзі шығып кетердей болып үлкейіп кетіпті. Тістеніп алған. Екі жақтан жағын ашып, Ғабитбек тілін алға қарай тартып ұстап тұрған еді, балам айқайлап, жылай бастады. Сөйтіп, жедел жәрдем шақырып, емханаға алып кеттік. Қазір жағдайы жақсы. Тахикардия диагнозын қойды», – дейді қыздың анасы.

су
Айзере суға түсіп кеткен шұңқыр. Фото: А. Сансызбайқысы

Мектеп ауласында шұңқыр барын мұғалімдер де, оқушылар да білмеген. Сырты қоршалмапты. Балалар қарда ойнаған. Бұрын ол жерде мұз айдыны салынған екен. Айзаданың қызы алдымен тас лақтырып көрген. Мұз болып, ойылып түсіп кетем бе деп қауіптенген. Жер қазылып, құм қалып қойғасын су емес, құм деп ойлаған. Бірақ топырақ үстіне шыққанда ойылып түсіп кеткен. Алдымен өзі талпынып шығуға ұмтылған. Көмекке құрбысын шақырған. Бірақ бұл әрекетінен түк шықпаған. Құрбысының қолы жетпеген. Кейіннен құрбысы көмекке үлкендерді шақырған. Бұл уақытта басқа ата-аналар да балаларын мектептен алып кетуге келген екен. Содан бір баланың анасы көмекке жүгірген. Сөйтіп жүргенде 5-10 минут өтіп кеткен. Қыздың анасы 18:10-да келген. Мектеп бұл шұңқырды былтыр су мәселесіне байланысты қаздырған. Бірақ аузын жаппай кеткен.

Директордың айтуынша, шұңқырды жабу үшін жоғары жаққа қаншама хаттар жолдаған. Бірақ мәселе шешілмеген. Тіпті қоршамаған. Балаларға, ата-аналарға да ескертпеген. Айзада «менің балам аман қалды. Егер бір-екі минут кешіккенде тірі қалуы неғайбыл еді» дейді. Мектеп өкілдері оқиға болған кезде қыздың анасының қасында жүрген. Емханаға бірге барған. Директор мен білім басқармасының басшысы Сафура Түлекова ата-анадан кешірім сұраған. Ал әкімдік тарапынан ешкім келмеген. Тіпті қыздың жағдайын да сұрамаған. Қыздың анасы «күзден бері мектеп ауласындағы шұңқыр неге жабылмаған, жауапты мамандар неге қадағаламаған, директор хат жолдаған болса, неге әкімдік тарапынан шара қолданылмаған?» деп ашынып отыр.

Қазіргі күнде қыздың ата-анасы Ұлытау полициясына арыз жазған. Одан бөлек, президент әкімшілігіне, бас прокуратура, ТЖМ-ға шағым түсірген. Содан кейін қылмыстық іс ашылған. Ол кінәлілер әділ жазасын алатын шығар деп сеніп отыр. Ол бұл іске тек мектеп әкімшілігі кінәлі деп санамайды.

«Мектеп үстінен қадағалайтын мекемелер бар. Білім бөлімі қайда қарап отыр? Мектепте шұңқыр қазу жұмысына бір мекеме рұқсат беру керек қой. Кейін олар қадағалауы қажет еді. Неге қазылған орын бірнеше ай қараусыз қалады? Қандай жұмыс болсын, аудан басшылығымен қадағалануы керек деп ойлаймын. Бір мектепте емес, ауылда қаншама шұңқыр, қаншама құдықтар ашық жатыр. Қақпағы жоқ. Қазір балалар түгіл өзіміз қай жерді басып жүруді білмей қалдық. Кешегі жағдайдан кейін тіпті қорқамыз. Мектеп қазуға рұқсат алған болса, бұл іске әкімдік жауап беруі керек! Әкімдік бәрін жылы жауып қойғысы келіп отырған сияқты. Егер олай болмаса, тым болмаса қызымның жағдайын сұрауы керек еді ғой», – дейді А.Сансызбайқызы.

Ұлытаудағы шұңқырлар және мектептің мәселесімен Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековке хабарластық. Ол бірден мектеп қызметкерлерін кінәлай сөйледі. Сөз ауанынан ұққанымыз – оқыс оқиғаға әкімдіктің қатысы жоқ, кінәлі де емес.

 Аманжол Мырзабеков
Ұлытау ауданының әкімі – Аманжол Мырзабеков. Фото: gov.kz

«Құдай сақтап, баланы аман алып қалдық. Мұның барлығы мектеп әкімшілігінің жұмысқа салғырт қарағанынан болып отыр. Басқа да ашылып қалған құдықтардың беттерін жауып жатырмыз. Ал мектепке келетін болсақ, тікелей өздері кінәлі. Шұңқыр қазып, бетін жаппаған. Тіпті сыртқы қақпасына дейін ашық. Біздің кінәміз – ауыл әкімі оны бақыламапты. Бірақ мектеп аумағына басқалар кіре бермейді ғой. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер болмауы үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – деген әкім істің мән-жайын түсіндіреді деп орынбасарына сілтеді.

Содан кейін аудан әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Алмаз Қайырбекпен сөйлестік. Оның айтуынша, қылмыстық іс 141-бап бойынша полицияға тіркеліпті. Бұл оқиғадан кейін облыстық білім басқармасынан Сафура Сейдуалина келген. Полиция бөлімінің басшысы, аудан әкімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы және басқалармен аталған іс бойынша жиналыс өткізілген. Қазіргі таңда шұңқыр қоршалып, көміліпті.

«Оқыс оқиға мектеп аумағында болып отыр. Негізінде мектеп аумағындағы құбыр жарылған. Бұл мәселе бойынша директор ауыл әкіміне арызданған. Ауыл әкімі ауданға айтты. Кейіннен білім бөлімінің басшысы көмек сұрады. Сөйтіп шұңқыр қазылды. Бірақ құбыр шірігендіктен, жалғаған жерден бәрібір су кетті. Мектеп басшылығы өздері ұйымдастырып, тағы қаздырады. Бірақ бәрібір суды тоқтата алмаған. Сөйтіп, абыр-сабырда шұңқырды қазғандар жаппай кетеді. Мәселені шешу үшін мектеп әкімшілігі бізге жүгінді. Біз басқа жақтан су жалғап бердік. Қазір тергеу амалдары басталды. Мектеп ұжымы кінәлі. Облыстық білім басқармасының басшысы мектеп директорын жұмыстан шеттетті. Енді бала қаншалықты зардап шеккенін алдағы уақытта анықтап, содан кейін нақты шара қолданылатын болады», – дейді әкім орынбасары.

Жалпы, Ұлытау ауылында 2019 жылы кәріз құбыры тартылған. 2022 жылдан бері су құбырлары ауыстырылып жатыр екен. Биыл Ұлытауға қар қалың жауған. Кәріз құбыры мен су құбыры құдығының қақпағы пластик. Олар көлік өткенде сынып кете береді. Қақпақ неге пластиктен қойылды, құдықтардың аузы неге ашық жатқанын білу мақсатында ауыл әкімі Талғат Әбжаппаровқа хабарластық. Әкім бірден құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін құбырларға жауапты» деп, өзін ақтап сөйледі.

 Талғат Әбжаппаров
Ұлытау ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров. Фото: instagram

«26 ақпанда қар қалыңдығына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Қар тазалаушы көліктер кей құдықтың аузын ысырып, ашып кетеді. Кейбірін басып, сындырады. Енді құдық ауыздарын қайтадан жауып жатырмыз. Сынғандарын қайта жасайтын менде қаражат жоқ. Бірақ ауыл азаматтарына өтініш айтып, жаптық. Бетоннан қақпақ құйдырдық. Мердігерлер жазда қайта өздері жасар. Тапсырыс беруші мен мердігер арасында келісімшарт бар ғой. Оған билігім жүрмейді», – дейді.

Қысқасын айтқанда, ауыл әкімі өзін кінәлі санамайды. Мектеп аумағындағы іске қатысы жоқ екен. «Мектеп деген бір мекеме. Оның басшысы бар. Ішкі «кухнясына» араласа бермеймін ғой. Бұл мәселені ушықтырып отырған сырттан келгендер» деген шенеуніктің халықтың өзіне өкпесі барын аңғардық. Тіпті заңгерлермен сөйлесіп, әкімдікке «жала жапқан» ауыл адамдарын сотқа беремін деп қорқытқан. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың алматылықтарға қарата «мен президентке ғана есеп беремін. Президент ғана мені орнымнан алып тастайды» деген сөзі жұрт есінен шықпаған шығар. Ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров та Алматының «ұрысқақ» басшысынан үлгі алған болу керек: «Егер жұмысыма салғырт қарап жатсам, бастығым бар. Аудан әкімі жазасын қолданады. Қазір екінші мерзімге сайланып жатырмын. Дұрыс жұмыс істемесем, екінші рет сайламайтын еді» деп отыр.

Енді ауыл әкімі «кінәні құрылыс бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен іздеңдер» деген соң, құрылыс бөлімінің шұңқыр қазылғандағы басшысы Ғабит Дәуітбаевқа хабарластық. Ол бұл іске қатысым жоқ деп бізді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне сілтеді. Ал аталған мекеменің басшысы Батырлан Боранбайұлы телефон тұтқасын көтермеді, жазып жіберген хатымызды оқып тұрып, жауап бермеді.

Сонымен, аудан, ауыл басшыларының айтуымен Ұлытаудағы мектептегі келеңсіз оқиғаға тек мектеп қызметкерлері мен директоры кінәлі болып шықты. Бірақ біздің көкейімізде аудандағы кез келген іске аудан басшылығы жауап бермейтін бе еді. Заңда солай жазылған. Ендеше, неге мектептегі оқиғаға директор ғана жауап беруі керек деген күмәнді ойдың ұшқыны жылт ете қалды. «Бақсам, бақа екен» демекші, шын мәнінде істің бәрі аудандағы шенеуніктер айтқандай өрбіп жатқан жоқ. Иә, қылмыстық іс ашылған, бірақ тек мектеп директорының үстінен ғана емес. Оның ақ-қарасын жергілікті прокуратура анықтайды. Қалған сөзді жергілікті білім басқармасының басшысы Сафура Түлекова айтсын.

Сафура Түлекова
Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы – Сафура Түлекова. Фото: Jas Alash

Ал ол былай дейді: «Балаға онлайн оқуды ұйымдастырамыз. Қазір мектепке бармайтын шығар. Бәрібір қорқыныш қалып қойды. Бұл жерде қылмыстық іс тек мектепке қатысты емес, жалпы ашылды. Алдағы уақытта анықтайды. Мектеп директорының кінәсі, шұңқыр бола тұра сақтық белгісін орнатпағаны. Аудандық кінәні мектепке аударады. Ал мектептің суды жабатын құрылғысы, шұңқырды көметін техникасы жоқ. Мәселе тек мектепте емес. Одан басқа да ауылда шұңқырлар бар. Мысалы, 2022 жылы қараша айында тура сондай шұңқырға бір бала түсіп кетті. Одан кейін тағы бір бала түсіпті», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Жанар Төлегенова
Мектеп директоры Жанар Төлегенова. Фото: Жанар Төлегенова

Бұл істе аты көп аталып жатқан мектеп директорының уәжін де тыңдадық. Ол бізге аудан басшыларына қарама-қайшы деректер айтты. Мектеп директоры бірнеше рет жоғары жақтан шұңқырды жабуды өтініп, хат жолдаған. Атап айтсақ, былтыр қараша айында аудан әкіміне, биыл қаңтар және наурыз айында тұрғын үй инспекциясынан көмек сұраған. Бірақ ауыл әкімі де, ауданның жауапты мамандары да директордың арызына жауап қайтармаған. Тіпті аудан әкімдігі айтқандай, мектеп ауласындағы шұңқыр әлі көмілмеген. Ашық жатыр.

«Бала шұңқырға түсіп кеткен күні де «мұны мен өз күшіммен жаба алмаймын, сондықтан көмектесулеріңізді сұраймын» деп өтініш жолдағам. Оған да жауап бермеді. Шұңқыр әлі күнге дейін көмілмеді. Оқыс оқиғадан кейін мен суын арнайы техникамен сорғыздым. Бірақ су жолдың бойынан келіп жатқандықтан ертеңіне барып қарасам, шұңқыр қайта суға толып қалыпты. Суын сорып алғасын күл, топырақпен көмейін деп бір көлік күл апарып қойдым. Дүйсенбі күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері келді де, мен әкелген күлді суға төге салды. Қазір су мен күл араласып, батпаққа айналған», – дейді мектеп директоры.

Шұңқыр
Күл мен су араласып қазір шұңқыр батпаққа айналған.қазір Фото: Ж. Төлегенова

Директордың сөзінен ұққанымыз, шұңқыр әлі де қауіпті, су мектепке дейін жайылып жатыр. Суға түскен баланы құтқаруға болатын шығар, бірақ батпаққа батып кеткен баланы құтқаруды көз алдыңызға елестете беріңіз. Аудан әкімдігі мәселені шешу үшін қанша бала суға тұншығып, қанша бала аузы ашық шұңқырларға түсу керек? 

P.S. Біздің шенеуніктер мәселенің себебімен емес, салдарымен күреседі. Ұлытау ауылындағы жағдай да тура соның бір көрінісі. 7 жастағы қыз шұңқырға түсіп кеткеннен кейін көп өтпей ауылдағы тағы бір терең орға сиыр түсіп кетіпті. Оны ауыл тұрғындары шығарып алыпты. Енді аудан емес, Ұлытау облысы көлемінде жаппай шұңқырларды көму науқаны жүретін шығар… Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде шұңқырларды қолға түскен заттармен жауып қойған суреті тарады. Айтпақшы, Ұлытау облысының тұңғыш әкімі Берік Әбдіғалиұлы бұл жағдай туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Шоқанға хабарласып, «әкімнің жағдайдан хабардар» екенін білдік. Біле тұра үнсіз қалғанын кезінде өзі қысқа уақыт әкім болған, ескерткіш орнатумен аты қалған аудандағы жағдайды «ушықтырмайын, сыртқа шығып кетпесін, аудан деңгейінде әңгіме болып, шешіліп кетсін» деген болар деп түсіндік. Ал аудан бұл проблеманы ауыл, ауыл мектеп деңгейінде шешіп тастауға тырысып жатыр... 

Тұрсынбек Башар