Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:42, 20 Наурыз 2021

Ол кезде халық пен әдебиет егіз еді

None
None

Халыққа ең жақын газеттердің бірі – «Жас Алаш» 100-ге толыпты. Бір ғасыр! Елі мен жерінің, тілі мен дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, намысы мен санасының, бүгіні мен болашағының, ғылымы мен тарихының шын жанашыры, шын жоқтаушысы, қорғаушысы әрі ақылманы, әрі айқайшысы боп келе жатқанына бір ғасыр толыпты.

Тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінің басынан  үйірілген қамшы кетпепті. Әсіресе тәуелсіздік алған соң. Билік оны отқа да тастады, суға да батырмақ болды, ол болса отқа да күймей, суға да батып кетпей, әупірім-тәңіріммен оқырмандарымен сырласып келе жатыр.

         Мәскеудің де, Қазақстанның да газеттерін топтап аламын. Сол топ газеттер келгенде ең алдымен «Жас Алашты» оқимын. Сонан соң «Комсомольская правда», «Литературная газета», «Литературная Россия», сонан соң барып өзге газеттерді қолға аламын. Еліміздегі ащы шындықты ашына жазатын – осы «Жас Алаш» қана. Елдің ең сүйікті, ауадай қажетті басылымға айналғаны билік басындағыларға, әрине, ұнамайды-ақ. Жер-жердегі әкімсымақтар бұл газетке жазылуға тыйым да салады екен. Әлі де солай. «Лениншіл жас» газетінің ерлік рухы «Жас Алашқа» ауысып, ол да ағысқа қарсы жүзіп, оққа кеудесін төсеп аман-есен келе жатыр.

         «Лениншіл жас» газеті де кезінде қалың қазақтың ең сүйіп оқитын газеттерінің бірі еді, бірегейі еді. Бүгінгі таңда жастары елуден асып, алпысқа таянған ақын-жазушылар мен журналистердің «Лениншіл жастың» табалдырығын аттамағандары жоқ шығар.

         Ол кезде, әсіресе 60-70 жылдары, жас ақын-жазушылар үшін алтын шаңырақ «Лениншіл жас» газеті болатын. Олай дейтін себебім – «Социалистік Қазақстан» әдебиетке көп көңіл бөле қоймайтын, бөле қалса да, коммунистік идеология тұрғысынан қарау басым болатын. «Қазақ әдебиеті» газеті төрт беттік көлеммен шығып тұрды да, жастарға «орын» тимейтін, ал «Жұлдыз» журналының классиктерден «қолы» босамайды. «Жетісу» газеті де партиялық облыстық газет, ендігі қалғаны «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдары. Өздерінің аттары айтып тұрғандай, олар да әдебиетке тиіп-қашып қана орын беретін. Барлық жастардың барар жері – «Лениншіл жас» газеті ғана еді. Сол кездің өзінде оның таралымы миллионға жуық болатын.

       «Лениншіл жас» газетінде бір өлеңі ғана жарияланған жас ақын сол сәттен бастап барша қауымға аты белгілі боп шыға келетін. Алпысыншы жылдардағы жас ақындар: Тұманбай Молдағалиев,  Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Сағи Жиенбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Мақсұт Неталиев, Шәміл Мұқамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Марат Отарәлиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Сабырхан Асанов, Жүсіп Қыдыров, Оразбек Сәрсенбаев т.б. бүгінгі таңда поэзиясүйер қауымға кеңінен таныс боп қалыптасқан ақындардың осы газет бетінде беріліп тұратын «Сәт сапар» деген айдармен берілетін топтама өлеңдері жарияланған күннен бастап баршаға есімдері аян ақындарға айналып еді. Аталған ақындардың көпшілігінің өлеңдері орталық комсомол комитетінің залында немесе комитет хатшысы Камал Смайыловтың кабинетінде талқыланып, өзінің органы – «Лениншіл жас» газетінде жариялануына ұсыныс жасалатын.

         Бұл – ақындар жағы. Ал прозаның жолы өлеңге қарағанда «ауырлау» болатын. Өйткені оның көлемі көп. Жастардың жарияланатын жалғыз газеті «Лениншіл жас» болғандықтан, мұнда әңгімелер мен повестен үзінділер тау-тау боп үйіліп жататын. Солардың арасынан таңдап-талғап, айына бір-екі әңгіме жарық көріп қалатын.

         Мен де осы жолдан өттім. Университеттің 4-курсында оқып жүрген кезім. «Шойынқұлақ» деген әңгіме жазып, тұңғыш рет жасқана басып газет редакциясына келдім. Әңгімем машинкаға да басылмаған, қолмен жазған күйінде алып келдім. Бір кабинетте үйме-жүйме боп көп адам отырады екен. Бөлмеге кірген бетте не айтарымды білмей, босаға жанында тұрып қалдым. Сол жақ қабырғаға таяу столда ұзын бойлы, көзі шүңірейген, мұрны қоңқиған, арықша келген бір жігіт отыр екен. Сол ғана қағаздан басын көтеріп, маған қарады да:

  • Кімге келдің? – деді дүңк етіп.
  • Білмеймін.
  • Білмесең мұнда нағып жүрсің?
  • Әңгіме… Әңгіме әкеліп едім.
  • Бізде әңгіме көп… міне, үйіліп жатыр.
  • Кете берейін бе?
  • Иә!

Босаға жанында селтиіп тұрып қалдым. Бар үмітім үзіліп, есікке бұрыла беріп едім, менің үмітсіз халімді көріп аяды ма, әлгі жігіт:

  • Студентсің бе? – дегені құдай беріп.
  • Иә...
  • Қашаннан бері әңгіме жазасың?
  • «Жолда» деген алғашқы әңгімем «Замандастар» деген жинаққа шыққан.

Жігіт бойын тіктеп, маған енді ғана шындап назар аударды.

  • Иә, білем. Фамилияң Исабеков қой?
  • Иә.
  • Онда әңгімеңді тастап кет.

Сондағы қуанғаным-ай. Алып-ұшып оның қасына жетіп барғанымды аңғармай қалдым. Қолым дірілдеп, әңгімемді алдына қойдым.

  • Машинкаға бастырмапсың ғой.
  • Иә,  бізде машинка жоқ.

Ол ойланып ұзақ отырды да:

  • Жарайды, қалдырып кет, – дегені. Сөйтті де, менімен ісі де болмай, алдындағы қағазына алаңсыз қайта үңіліп кетті.
  • Ағай, қашан хабарын алайын?
  • Кейін.

Ол «кейін» қанша уақытқа созылады, өзім келем бе, телефон соғам ба, еш нәрсені анықтай алмай, дүдәмал күйде есіктен шығып кеттім. Шығып бара жатып бір қызметкерден білдім, менің  қолжазбамды алып қалған жігіт – Жүсіп Қыдыров екен. Түрін танымасам да, бірді-екілі газет бетінде жарияланып жүрген өлеңдері арқылы сырттай білетін едім.

… Арада екі айдай уақыт өтті. Үміт пен күдіктің арасында күтумен өткен екі ай екі жылдай көрінді. Ақыры тәуекел деп редакцияға келдім. Жүсіп Қыдыров орнында отыр екен. Мені көріп, аздап жылы қабақ танытқан болды.

  • Ағай, мен… – деп, келген шаруамды айта бастап едім, ол сөзімді бөліп жіберді.
  • Әңгімеңді ежелеп отырып оқып, машинкаға бастырып, бастыққа бердім, – деді.
  • Қалай екен? – дедім пікірін білуге аптығып.
  • Жаман емес.
  • Жаман емес болғанда...
  • Айттым ғой, бастыққа ұсындым деп.

Бастықтың Шерхан Мұртазаев екенін білем. Жүрегім қопарылып кете жаздады. Ол кісінің талабы өте күшті екені баяғыдан белгілі.

Жүрегім асау аттай тулап, сыртқа шыққанымды білмей де қалдым.

Бір айдан соң «Шойынқұлақ» атты әңгімем «Лениншіл жас» газетінің үш нөмірінде жарияланды. Ешкімге белгісіз студенттің «Лениншіл жас» газетінің бетінде қатарынан үш нөмірде әңгімесінің жариялануы ол кезде айрықша уақиға еді.

Ол бір бақытты күндер еді. Студенттер арасында беделім асқақтап шыға келді. Жер-жерден хаттар жаңбырша жауды.

Ол кезде халық пен әдебиет егіз екен-ау!

                                                                        

Тегтер: