Олигархтар «Қазақстан халқына» қорын ұмытып кетті
Осыдан екі жыл бұрын жалпыхалықтық мәртебеге ие «Қазақстан халқына» қоры құрылды.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елдің зар-мұңына, түйдектелген мәселесіне осылай жауап қайтарғысы келген билік «халықтың жоқ-жітігін, кем-кетігін енді осы қор арқылы түгендейміз» деп уәде берді. Әу бастағы қойылған талап солай болғандықтан, кезінде Назарбаев билігінің тұсында байып алған өте табысты компаниялар мен олигархтар «Қазақстан халқына» қорына қомақты қаражат аудара бастады.
Алғаш қор құрылған кезде «қордың қызметі ашық болады, қоғамға есеп беріп отырады» деп те айтылды. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы ретінде бұрын қаржы министрі болған, Қазақстан даму банкін басқарған, елдегі бірнеше банктердің директорлар кеңесіне мүшесі Болат Жәмішев тағайындалды. Қор өз жұмысын бастағаннан кейін-ақ қорға 2022 жылдың қаңтарында 109 млрд теңге түссе, сол жылдың ақпан айында тағы 15 млрд теңге жиналды. Қорға ең үлкен жарнаны (30 млрд теңге) тау-кен және шикізат өндірісімен айналысатын «ERG» компаниясы – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын кәсіпкерлер – Александр Машкевич, Патох Шодиев пен марқұм Алиджан Ибрагимов құрған бизнес тобы салған. «KAZ Minerals», «Казцинк», «Kazakhmys» компаниялары 9,6-15 млрд теңге аралығында жарна жіберген. Қор шотына қазақстандық ірі компаниялардан барлығы 89,6 млрд теңге түскен. Бұдан бөлек, Тимур және Динара Құлыбаеваның қорынан – 12 млрд теңге, Болат Өтемұратов қорынан – 10 млрд теңге, Әсел Тасмағамбетова мен олигарх Кеңес Рақышев басқаратын қордан 1 млрд теңге бөлінген. Экс-президент Назарбаев қоры «Қазақстан халқына» қорына 500 млн теңге аударған. Осылайша, «байдың асы» халыққа бөліп берілуі үшін, елдің кем-кетігін түгендеп, жағдайын жасау үшін ортақ қазанға жинала бастағандай көрінген. Қазақстанның халқының жүрегінде бұл қорға деген үміт оты ояна бастаған.
Қордың бізге берген мәліметіне сүйенсек, қазір қорға 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың 30 мыңнан астамы қор құрылған алғашқы айда тіркелген. «Өтініштердің 40 пайызы – қаржылық көмек көрсету, баспанамен қамту және басқа да қажеттіліктерді өтеу сияқты «қор мақсатына сай келмейтін» өтініштер» дейді қор өкілдері. Қорға түскен өтініштер негізінде 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы іске қосылыпты.
Бүгінде халық «қордағы қаржы неге елді баспанамен, тағы басқа қажеттіліктерді өтеуге жұмсалмайды, қаржы неге баяу игеріліп жатыр?» деген сұрақтарды қоя бастады. Алайда қор өкілдерінің айтуынша, қор ақшаны тез әрі түсініксіз мақсаттарға жаратуды көздемейді.
Хош, қаражат мақсатсыз жұмсалмасын-ақ делік. Бірақ қордың капиталы қазір қай деңгейде тұр? Елдегі олигархтар биыл қорға қанша жарна салды?
Әттеген-айы, қазір қорға қаражат аударатын «атымтай жомарттар» азая бастапты. Сарапшылар «қордың жағдайы нашарлап барады» деседі. Мәселен, биылғы 9 айда қорға небәрі 8 млрд теңге қайырымдылық жарнасы түскен. 2022 жылы тек бір жылдың ішінде олигархтар 131 млрд теңге аударғанын ескерсек, 8 млрд теңгенің болар-болмашы қаражат екенін пайымдаймыз. Ең қызығы, биыл қор банк депозитінің есебінен өмір сүріпті. 9 айда қайырымдылықтан 8 миллиард теңге түссе, дәл осы кезде қорға банк депозиттерінің сыйақысы ретінде 12,5 миллиард теңге келген. Сонда барлық соманы есептегенде «Қазақстан халқына» қоры биыл жалпы алғанда 20,5 миллиард теңге түсім алған. Ал қордың шығыны 44,1 миллиард теңгеге жеткен. Сонда 2024 жылғы минусы 23,6 миллиард теңге болған.
Ірі кәсіпорындар, бизнесмендер мен мемлекеттік органдар қор құрылған 2022 жылы ғана белсенді болған. Олардың бәрі бірдей сол жылы алғашқы айларда ғана қаражат аударған. 2022 жылдың екінші жартысында олигархтардан қорға мүлде қаражат түспеген.
Бастапқыдай емес, елдегі бай-манаптардың «сараңдана» бастағанын байқады ма, 2023 жылы үкімет «Қазақстан халқына» қорына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да жыл сайын таза табысының 7 пайызын аударып отыруы керек деген шешім шығарды.
Экономика және Құқық институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызының пікірінше, былтыр қорды «Самұрық-Қазына» әл-ауқат құтқарған. Ал биыл су тасқыны кезінде елге көмек ретінде олигархтардың қаражаты қор есепшотына түскен.
«Биыл су тасқыны кезінде елдегі олигархтар 8 млрд теңгені қорға аударды. Қор оның үстіне өзіндегі капиталдан қаражат қосып, ақшаны су басқан аймақтардағы тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға жұмсады. Сөйтіп, зардап шеккен аудандарда баспана салуға қор тарапынан 10 млрд теңге бөлінді. Негізінде, осындай кезеңде бұл сомадан да көбірек қаражат бөлінуі керек еді. Шетелде мұндай төтенше жағдайлар кезінде бюджеттің қаражаты жұмсалмайды. Бюджеттің қаражаты үш жылға жоспарланып, жобаланып қойғаннан кейін барынша сол жоспардан ауытқымауға тырысу керек. Сол кезде ғана бюджетте тапшылық болмайды. Ал біз жоспарды жасап аламыз да, әлдеқандай төтенше жағдайлар бола қалса, тағы да бюджеттің қаржысына жармасамыз. Мысалы, әлемде Билл және Мелинда Гейтстер қоры деген қор бар. 1994 жылы АҚШ-та ерлі-зайыптылар құрған бұл қор қазір әлемдік денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға атсалысады. Кедей елдердегі аштықпен күресу, СПИД-ты емдеу, Үндістандағы және Африкадағы балаларға иммундық екпелер егу тәрізді жұмыстармен айналысады. Сол сияқты 90-шы жылдары Италияда құрылған жалпыхалықтық қорлар ел бюджетіне үлкен көмек көрсетіп отыр. Әлем бойынша экологиялық аймақтарда тұрып жатқан елдерге төлемақы ұсынатын арнайы халықтық қорлар бар. Үндістанда азып-тозған, жері резарвацияға түскен аймақтың халқына көмектесіп отыратын экологиялық қорлар бар. Жалпы, тоқсаныншы жылдары көптеген елдер қор құрып, қазір олардың жұмысын аяққа тұрғызып алды. Олар бүгінде сол қорлар арқылы халықтың жоқ-жітігін түгендеп, үкіметке салмақ салмай-ақ елдің жоғын көтерісіп отыр», – дейді Ж.Күнтуғанқызы.
Расымен де, деректерге жүгінсек, мұндай мысалдар көп. Мәселен, Түркия елінде де мұндай халықтық қорлар баршылық. Олардың жұмыстары да бірнеше сатыға бөлінеді. Сондай-ақ ондағы қорлардың жұмысын да бір емес, бірнеше орган қадағалайды. Біздің шенеуніктер жиі үлгі ететін Сингапурде де функциясы «Қазақстан халқы» қорына ұқсас қорлар жетіп-артылады. Олар дамымай қалған аймақтарда тұрған халқына тұрақты түрде өтемақы төлеп тұрады екен.
Ал біздің қор бірінші кезекте білім, денсаулық сақтау, сирек кездесетін аурулармен ауыратын балаларға көмек сияқты мәселелерді қамтиды. «Қазақстан халқына» қоры ауыл мектептерін жабдықтауға, білім гранттары мен атаулы әлеуметтік көмек беруге де қаржы бөледі.
Сондай-ақ қордың өзінің әкімшілік шығындары да бар. Ол шығындардың көлемі де ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, 2022 жылы 15 адамды жұмысқа алған қор 3,9 млн теңге жұмсаған. Ең үлкен әкімшілік шығын сол жылы қазанда тіркелген (40 млн теңге), оның 13,7 млн теңгесі жалақыға кеткен. Қазір қорда басқарма мүшелерін қоспағанда 32 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы кәсіби біліктілігіне байланысты бөлінген.
Экономист-сарапшы Ілияс Исаевтың пікірінше, болашақта бізге бұл қордың функциясын өзгерту керек. «Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып отырған – ел. Сондықтан мұндай жалпыхалықтық қорлардың болғаны дұрыс. Мысалы, қазір біздің теңгеміз құнсызданып, доллардың бағасы көтеріліп жатыр. Ұлттық банк енді теңгені тұрақтандыруға мықтап кірісуі керек. Күні кеше ғана Ұлттық банк басшысы теңгені тежеп ұстап тұру үшін 13 күнде 1 млрд доллар кеткенін мәлімдеді. Әрине, бұл қаражаттың барлығы алтын-валюта қорынан алынады. Бұл экономиканың нашарлауына, бюджетке түсетін түсімнің төмендеуіне апарады. Мұндайда үкімет халыққа берген уәдесін орындай алмай қалуы әбден мүмкін. Теңге құлдырап, экономика әлсіреп, резервтегі қордан қаражат алынып жатса, халықтың алдындағы орындалуы тиіс әлеуметтік жобалар да кейінге шегеріле береді. Міне, осындай сәтте «Қазақстан халқына» қорының функциялары іске қосылып, халықты қолдап, экономиканы құтқаруға сеп болса жөн болар еді. Қазір бізде елдің игілігіне жұмыс істейтін қорлар жоқ. Үкімет «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосты. Бірақ ондағы жыл сайын әр балаға жылына бір рет аударылатын 100 доллар «кейінгі ұрпақтың қажетін өтейді» деп айта алмаймын. Зейнетақы қорының, Ұлттық қордың қаражатын да қаншама салаларға салдық. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Ал енді «Қазақстан халқына» қорын басқарып отырған топ-менеджерлер осы қорды елдің игілігіне жұмыс істете алса оң болар еді» дейді Ілияс Исаев.
Жалпы, қордың қазіргі төрағасы өзі экономист әрі қаржы нарығын жетік білетін Болат Жәмішев мұндай ұсыныстарға қырын қарамауы керек. Сондай-ақ Жәмішев бірқатар ұйымның директорлар кеңесінің мүшесі. Былтыр ол «Самұрық-Қазына» кеңесінің отырысындаауылдардағы кейбір «Қазпошта» қызметкерлері айына 20 мың теңгеге жұмыс істейтінін айтып, бұл салаға басқа бір технология енгізіп, жұмысты басқаша ойластырған жөн екенін айтқан. Бірақ ауылдағы поштада әзірге өзгерген дым жоқ. Қазақстанда құрылғанына 30 жылдан астам уақыт болған қаншама сала қазір жиі сынға ұшырап жүр. Ал іске кіріскеніне екі жыл ғана болған «Қазақстан халқына» қоры қиын сәтте экономиканы құтқара қояр ма екен? Бұл әзірге басы ашық, жауапсыз сұрақ...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ