Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:46, 07 Тамыз 2024

Олимпиада-2024: Он бірінші жарыс күнінің нәтижелері қандай?

в
Фото: gov.kz

Жазғы Олимпия ойындарының 6 тамыз, он бірінші жарыс күнінің нәтижелері жарияланды.

Бокс: Назым Қызайбай (50 кг) жартылай финалда қытайлық Ву Юдан жеңіліп, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Грек-рим күресі: Ұлттық құрама палуаны (77 кг) Демеу Жадыраев жартылай финалда Әзірбайжан өкілі Санан Сулеймановтан басым түсіп, финалға шықты.

Құзға өрмелеу: Әмір Маймұратов іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалға жолдама алды. Отандасымыз 4,89 секунд көрсеткішпен Олимпиада рекордын жаңартты.

Байдарка мен каноэде есу: Байдаркада 500 метрге жарыста Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий жұбы өз тобында мәреге бесінші жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:38.62 секунд.

Каноэде 500 метрге ескек есуде Мария Бровкова мен Руфина Искакова жұбы өз тобында 5-орын алды. Олардың уақыт көрсеткіші – 2:00.05 секунд.

Каноэде 500 метрге ескек есуде Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы іріктеуде өз тобында мәреге 5-ші жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:45.94 секунд.

Жеңіл атлетика: Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгірудің жұбаныш кезеңінде сөреден дұрыс шықпағаны үшін (фальстарт) жарыстан шеттетілді. Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында мәреге 9-шы болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 9:08.97 секунд.

Олимпиаданың онбірінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар.